Еңбекторы

Жас күнінде қолына алған кетпені қарттығында қаламға айналған ақсақал бар. Ол – Ауыл шаруашылығы саласының білгір маманы, Еңбек ардагері Мырзағали Құрманов. Қос-қос орден-медальдің, қаламынан туған бірнеше кітаптың иесі. "Қостанай таңы" газетіне жиі жазған авторлардың бірі. Қазынакеуде қария бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Осыған орай, мерей иесімен аз-кем әңгіме құрдық._DSC3437
— Газетіміздің көзі қарақты оқырмандары сізді көп жылдан бергі тұрақты автор ретінде тануы мүмкін. Алайда, негізгі мамандығыңыздан хабары бар жандар аз шығар. Сондықтан, сұқбатты өзіңіз туралы сөзден бастасаңыз.
— Мен Жітіқара ауданы Милютин кеңшарының Үлкен Қопа  деген ауылында 1940 жылы 7 ақпанда дүниеге келдім. Балалық шағым сол аттас ну қамысты көлдің жағасында және іргелес Қақпақ ауылында өтті. Бүгінде бұл қоныстар жоқ. Орындары Степной ауылының аумағында қалды. Мектеп табалдырығын Қақпақта аттап, Жітіқара қаласындағы №2 орта тәмамдап шықтым. Еңбек жолымды механизатор болып бастап, қыс қораларда, жаз егін алқаптарында қара жұмыстың алуан түрін істедім. Бұл тың игеру жылдарының алғашқы жылдары еді. Осылдайша, тыңгерлермен бірге ауыл шаруашылығы саласының қыр-сырын меңгердім. Сол кездегі талап бойынша, жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде екі жыл өндірісте жұмыс істеу керек-тін. Мақсатыма жету үшін үш жыл бел жазбай еңбектенуге тура келді. Содан кейін ғана Мәскеудің Тимирязев атындағы Ауыл шаруашылығы  академиясының зоотехника факультетіне оқуға түстім. Сөйтіп, мамандығым бойынша еңбек етуге Қостанай ауданының Силантьев шаруашылығына келіп, бас зоотехник болып жұмыс бастадым. Бас-аяғы, тоғыз жыл осы кеңшарда мал шаруашылығында тер төгіппін. Кейін 1978-1981 жылдар аралығында Қарабалық аудандық партия  комитетінің екінші хатшысы,1992 жылға дейін облыстық Ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподақ комитетінің жауапты хатшысы, сол басқарманың жоспарлау бөлімінде совхоздарды реформалау бойынша жауапты маман, облыстық Аграрлық одақ және колхоздар кеңесінің төрағасы лауазымында болдым. Зейнеткерлікке шығар алдында, 1998-2004 жылдары Қостанай ауданы әкімдігінде  аудармашы қызметін атқардым. Бүгінде құрметті демалысқа шыққаныма табаны күректей 16 жыл өтіпті.
— Былайша, мамандығыңыз шығармашылықтан мүлдем алыс сияқты. Жазу машығына қалай келдіңіз? Оның үстіне, қаламыңызды қос тілде жүйткітеді екенсіз…
Негізі, шығармашылықпен айналысуыма аудармашылық қызметім түрткі болған сыңайлы. Көрген-білген, көкейге түйген жайттарды қағазға түсіруге, қоғам, қоршаған орта туралы ой толғап, сөз қозғауға көңілім бұрады да тұрады. "Махаббат болмай талап жоқ" деп Абай айтқандай, қай іске де сүйіспеншілік керек қой. Ертеректерде, 70-80 жылдардың өзінде-ақ жергілікті баспаларға арагідік түрлі тақырыпта мақалалар жазып жүруші едім. Меніңше, сөздің басын құрап жазудың өзіне құдай берген аздаған қабілет қажет. Оны оқу-ізденіспен ғана толықтыра түсуге болады. Мінекей, менің бойыма шығармашылық дағдысының ұшқыны дарыған ба деп ойлаймын. "Бәлендей-бәштуәндай болмасақ та, баяғы ән салушы ек бір баладай" дегендей, бір кісідей жазу-сызуға ниет қойған жайымыз бар. "Ат төбеліндей" еңбектерімді мен, өзің айтпақшы, екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде жаздым. Тың еңбеккерлері туралы дүниелерім аудандық, облыстық және республикалық газеттерде жарияланып жүрді. Әрине, оның қатарында "Қостанай таңы" да бар. Осы күнге дейін шағын таралымды алты кітап шығардым. Олар "Өмір белестері", "Қостанай ауданы – киелі жер", "Көңіл – айтса тазарады", "Ұрпаққа үндеу", "Кемел шағымның көкжиегі" және "Аудармалар" деп аталады. Айта кету керек, Қостанай ауданының мен қызмет еткен кездегі әкімі Геннадий Тюркиннің ұсынысымен ҚР Журналистер одағының мүшесіне де алынған едім. Белсенділігім әлі бәсеңдеген жоқ дей аламын. Зейнеткерлікке шығар алдында компьютер тілін меңгергенім жақсы болды, заманауи технология қолымды ұзарта түсті. Құдайға шүкір, әзірше, таңым күліп атуда, жаныма батқан сырқат жоқ – айтар-жазарым әлі бар деп сенемін.
— Сіздің елде болып жатқан маңызды оқиғаларға қатысты басылымдар, телеарналар арқылы пікір қосып отыратыныңызды білеміз. Сұрайын дегенім, жалпы, қазіргі таңда сізді қоғамдағы қандай мәселелер алаңдатады?
Проблемасыз қоғам болмайтын шығар. "Әттеген-ай" дегізетін жайттар көп қой. Дегенмен, етек-жеңін жиған жас тәуелсіз мемлекетіміздің даму қарқынына қарап сүйсінбеуге де болмайды. Әуелі, "Не түзелді? Қандай игілікке, еркіндікке қолымыз жетті?" деген сұрақтарға жауап іздесек, қалған кем-кетігіміздің жүре-келе түзелерінен күдер үзбеуімізге болады. Жай ғана мысал ретінде журналистиканы алайықшы. Бұрынғы мен бүгінгіні салыстыруға келмейді. Қазіргі тілшілерде мүмкіндік көп, еркіндік бар, кеңес кезіндегідей кезеріп қалған цензура жоқ. Қазір плюрализм, толеранттылық деген бар. Әр салада – өз журналисі. Әрқайсысы өз пікірін білдіруге құқылы. Ал 60 жылдары партияның сойылын ғана соғып келіп едік қой. Тәуелсіздіктің бізге берген жемісі – айтуға тыйым салынған, тұңғиықта кісендеулі жатқан қаншама шындық жарыққа шықты. Салт-санамыз, діл-рухымыз сілкіне бастады.
Бірақ, аяққа шырмау болып жатқан кесір мен кесел аз емес. "Жауырды жаба тоқуға" болмайды. Айталық, білім саласында былапыт көп. Өткен бір жолы танысым қолқа салды. "Мына баланы оқуға түсіру керек еді. Қандай да бір көмегіңіз тие ме?" — дейді (Менің қолымда не тұр?). Бұл ненің көрінісі? Бұл – қазір жастардың барлығы бірдей жоғарғы оқу орындарына өз білімдерімен түспейді деген сөз. Ақшасы болса, қалаған мамандығына барады. Ақы төлеп отырған соң оған оқытушылар білімсіздігі үшін "екілік" қоя алмайды. Жалған бағамен алған дипломы бар "маман" қызметке кедергісіз орналасқанымен, не көгертеді? Ондай талапкерлер жемқорлықтың "иісін" оқушы кезінен сезіп өседі дегендей, айта берсең, бұл осылай сабақталып кете беретін түйткіл… Мәселен, мен Мәскеу академиясына өз біліміммен тегін түстім. Ол кездің бір жақсысы – білімің жетіп тұрса, соны дәлелдеп берсең, оқуға ықылас-ынтаң болса, еш кедергі кезікпеуші еді. Қазіргіге күдігім бар. Қазір көп құндылықтың жемқорлық тасасында қалып отырғаны жасырын емес. Онымен белсенді күрес жүріп те жатыр. Бірақ, әзірге, бір басын кессең, орнына екі бас өсіп шығатын айдаһарша бой берер емес.
— Онымен қалай күресуімізге болады?
Жемқорлық ұятсыздық қой. Ұятсыздықпен жалпыхалықтық күрес жүруі керек. Рухани тәрбие-тәртіп қажет. Биыл ұлы Абайдың 175 жылдығын бекер атап өткелі жатқан жоқпыз. Президент ұлы данышпанды рухани темірқазық етіп ұстану керектігі туралы дұрыс айтты. Өйткені, Абай атап-түстеп кеткен  кемшіліктер ұлтпен бірге әлі өмір сүріп келеді. Біз керек кезінде ғана Абайды жатқа соққанды білеміз. Ол еңбектерінде не айтты, кім үшін айтты? Оның еңбектерінің мазмұнына жүгіну, іс жүзінде тұтынып, "ұқсап бағу" жоқ. Адалдық, имандылық, елге деген сүйіспеншілік қасиеттерін әр жеке тұлға жадында ұстаса, жұртқа сілтемесе, қоғам бірте-бірте "тазарыну" халін бастан кешіре бастар ма еді. Асылында, қоғам тәрбиеші күшке айнауы керек. Абайды да тәрибелейтін қоғам болған. Айтқандай, өткен жылы ғана "Егемен Қазақстан" газетіне "Абайды еске алайық" атты мақалам шықты. Сол материалда осы ойларды тарқатыңқырап жазған едім.
Жалпы, менің түсінігімде, бұл заман дәл бүгінгі сарында кете беруі мүмкін емес, ұлттық құндылықтарымыздың түбінде алдыңғы қатарға шығары сөзсіз. Бұны заңды құбылысқа да балар едім. Ол үшін "барыпкел, көріпкел" әулиеліктің қажеті жоқ. Оған кешегі кеңес дәуіріндегідей құрғақ ұран емес, орындау механизмдері мен мерзімдері нақтыланған, қаражатпен толық қамсыздандырылған кешенді шаралардың қолға алынғаны айғақ бола алады.
— Елдің келешегін қалай елестетесіз?
Заман – жастардікі. Ол қай кезде де солай болған. Бірақ, біздің жастықпен салыстырғанда, бүгінгі жағдайда бәрі басқаша. Өз алдына тәуелсіз мемлекетте азат ойлы, жұпар саналы, еркін ұрпақ өсіп-жетіліп келеді. Керегі – соларға дұрыс бағыт-бағдар беру, жақсы өнеге көрсету ғана. Жас өркен алдыңғы толқынның ағат басқан қадамдарынан сабақ алса, "ғылым таппай мақтанудан" ада болса, Қазақстанның болашағы жарқын болады деп сенемін. Қазіргі қолға алынып жатқан "Рухани жаңғыру" бағдарламасы, латын қарпіне көшу жобасы секілді көптеген игі істер – елдің тұтқасын ұстайтын сол келешек ұрпақтың қамы үшін жасалып жатқан дүниелер. Лайым өнер мен білімнің бәсекесіне түсетін жастар көп болса деп тілеймін!

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓