Қордайдан алар сабақ

Шыны  керек, Қордайдағы болған жағдай  кез келген замандасымызды ойландырып тастағаны анық.  Әсіресе, қандастарымыздың нәзік жанына ауыр тиді. Сүттей  ұйып отырмыз, ортақ жер, ортақ ел, ортақ болашақ деп тастүйін бірлігіміз бар, ырысты тірлігіміз бар деп жүргенде адам қаны төгілді.139789
Бір өңірде жер басып, атар таңда күліп оянып, тіршіліктің қазанында қайнап жүре беретін арда жұртқа не болды? Қылмыстың ең ауырына қалай ғана барды? Қаншама шаңырақ қасіретке ұшырады, кім кінәлі?  Күн өткен сайын сұрақ көбейіп тұр. Тән жарасы жазылар-ау, жан жарасы ше?..
Қазақ "Айтқанның аузы жаман, жылағанның көзі жаман" дейді. Әйтсе де, шымбайға батса да шындықты айтпай бұл жаралы көңілдің зардабын жоя алмаймыз. Ол үшін қақтығысқан екі жақ та бар шындықты айтып, қолымен істегенін мойнымен көтеріп, ортақ мәмілеге келуі керек. Қарияға қиянат жасау – көргенсіздіктің белгісі. Полиция қызметкерлерін соққыға жығу, оқ ату  –  бұзақылық, заңды, билікті сыйламағандық. Тіл мен дәстүрді менсінбей, жүре қарау – надандық.
Біржақты шешім жасауға жол берілмесе екен. Аз ұлт қой демей, диаспорадан шыққан да, басқа да қылмыскерлер қатаң  жазасын алу керек. Сымбатында сын жоқ, ішкі сарайында дым жоқ  куыскеуде арандатушылардан сақ болған жөн. Бұл – қорқақтық емес, сақтық. Қазақ та, басқа да ашынбасын. Көлденең кісі көңілге қарамайды. Бірақ қоңсыңды ондайға қимайсың. Ұзақ жыл қазақтың жерін еміп, ырыздығын теріп жеп, бақытын тапқан, тең құқылы ел азаматы. Ағайынның көңіліне қарау керек еді. Сыйлау керек еді. Қазақ – сыйлағанның құлы.
"Өкінішке қарай, бұл оқиға жастар тәрбиесіне бей-жай қарағанымызды көрсетті. Бұрын ауылымыз аралас, қойымыз қоралас мамыражай күн кешкен едік. Менің жас кезімде мұндай кикілжің болған емес. Мерекелерімізді бірге тойлап, тату-тәтті күн кештік. Алайда қазір жастар әлеуметтік желіден бұрыс нәрсе оқып, соның жетегінде кеткен сыңайлы", – деп мойындады, "Дүнгендердің қазақстандық қоғамы" қоғамдық ұйымының төрағасы Әбубәкір Войнце ("EQ"11.02.20) Меніңше, Әбубәкір мырзаның дұрысы – жастар тәрбиесін бетімен жібергендігі, бірақ бар мәселе әлеуметтік желіде емес. Мәселе қазақ тілі мен дәстүрін білмеу немесе білгісі келмейтін құлықта жатыр. Ондай құлық дүниеқоңыздық пен жемқорлықтың салдары. Астамшылық, үлкенді де, билікті де сыйламау, менсінбеу осының көрінісі. Неге ауыл арасында сөзі уәлі, аузы дуалы адамдар жоқ?  Беделді тұлғалар қайда?  Бар болса неге қақтығысты ушықтырмай  ара түспеді?  Неге әлі де БАҚ-тан сол ауылдардың жүректі азаматтары (қай ұлт болса да бәрібір) аталы сөзін айтып, сабырға шақырғандар жоқтың қасы? Жаны қорланғанда шықпайтын жан қалмағаны ма? Асылы Осман, Герольд Бельгерлердей шынайы отаншыл өңір азаматтарының табылмауы неліктен? Қамсыздық, бос даңғаза-дақпырт апатқа ұшыратты. "Бұл ахуалды арандатушылар өз мақсатына пайдаланды", – деп Президентіміз Қ.Тоқаев дәл басып айтты. Енді болар іс болды, жағдай тұрақталды. Зардап шеккендердің шаңырағы да қалпына келер. Бірақ Қордайдағы  қақтығыстан алар сабақ аз емес. Ең басты сабақ – жер басып қатар жүрген пенделер пендешілігін емес, шынайы Татулықты жүрекпен сезіп, көздің қарашығындай сақтауды үйрену керек. Иә, қайталап айтамыз  – Татулықты үйренуіміз керек. Құдай-ау, сонда ғана емес пе байлық, береке, бақыт дегеніңіз!
 
Сурет интернеттен алынды
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓