Таң атса болды, «Қостанай таңын» іздеймін

есет мусагуловЕс білгелі десем артық болар, бірақ оң-солымды танып, еңбекке араласып, өмір қазанында қайнағаннан бері осы "Қостанай таңы" газетін оқып келемін. Бұл басылымды "Большевиктік жол", "Коммунизм жолы", "Коммунизм таңы" аталған тұста да жаздырып алдым.
Бертін келе партия, Кеңес органдарында басшылық қызмет атқарғанда қызмет бабында да, жалпы көзі ашық адам ретінде де осы басылымның белсенді насихатшыларының бірі болдым. Меңдіқара ауданы "Қаратал" кеңшарында істегенде сол ұжымда үш жүз адам газет алатын еді, Орджоникидзе аудандық партия комитетінің хатшысы, Ленин (Ұзынкөл) аудандық атқару комитетінің төрағасы бола жүріп, "Қостанай таңын" барынша көп таратуды өзімнің бір борышым санадым. Ал кейін кәсіпкерлікке аралас-қан тұста Қостан батыр ауылы – Теңіздегі бүкіл ардагерлер мен зейнеткерлерге арнайы қаражат бөліп, жаздырып берген едім. Сонда қасымда редакция қызметкері Мнауара Қабдырахметова қарындасым болған.
Ол кез Кеңес Одағының ыдырап, бұрынғы қалыптасқан экономикалық байланыстар үзіліп, халықтың тығырыққа тірелген кезі еді ғой…
Ал қазір заман басқа. Құдайға шүкір, еліміз серпінді даму жолына түсті. Еңбекақы, зейнетақы уақытылы төленеді және оның мөлшері жылма-жыл артып та келеді. Осындай жағдайда бір жылға 3800 теңгесін шығарып, басылымға жазылуды үлкеннің де, кішінің де қалтасы көтереді.
Ең басты резерв – ведомстволық жазылымды жандандыру, яғни кәсіпорындар, мекеме мен ұйымдар көпшіліктің  пайдалануы үшін ең болмаса бір газет алуы керек қой. Редакция алқасы да мұны ерекше назарға ал-ғаны дұрыс.
Бір ғана облыс орталығы – Қостанай қаласында жүздеген, тіпті мыңдаған кәсіпорын, ұйым, мекеме бар ғой. Солардың бәрінде де еңбек ететін қазақтар аз емес. Ал, тіпті, егер Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл –  қазақ тілі десек, облыстық қазақ газетін ұлтына қарамай осындағы үлкенді-кішілі басшылардың бәрі де кеңсесіне жаздырып алуға тиіс және міндетті де, өйткені "Қостанай таңы" мемлекеттік, ресми газет ретінде атқарушы биліктің, өкілетті биліктің, саяси партиялардың әркім де білуге тиісті құжаттарын да  жариялайды.
Газеттің 16 қыркүйектегі санында Бас редактордың орынбасары Сәлім Меңдібай інімнің "Өзге емес, өзіміз айтайықшы" атты мақаласын оқып, облысымызда қазақтардың саны көбейіп келе жатқанына  қуандым. Мысалы, Қостанай қаласында 78757 қандасымыз бар екен. Солардың көпшілігі лауазымды қызмет істейтін іні-қарындастарым, ұстаздар, студенттер. Зейнеткерлер де аз емес, олардың дені көпті көрген, көп жәйтты көңілге түйген, бұрын талай беделді қызметтің тұтқасын ұстаған тәжірибелі жандар. Бірақ осы сексен мыңға тарта қазағы бар Қостанайдың бар болғаны 1300 газет алатыны өкінішті-ақ.
Рас, кімді болса да зорлап, мәжбүрлеп газетке жаздыра алмайсың. Мәселе – әрбір жанның рухани сұранысы мен талғамында. Газет қызметкерлері осындай биік талғам үдесінен шығып жатса, құба құп. Редакцияның бүгінгі ізденісі көңілге қонады, мен соған ризамын.
Есет Мұсағұлов,
 еңбек ардагері
 
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓