Несиелеу жергілікті жерде шешілсе игі

Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңіріміздегі банк секторы көрсеткіштерінің өсуі байқалады. Бұл экономика саласындағы дамудың банк қызметтеріне сұраныстың көбейуімен сабақтас. Қаржы ұйымдарындағы депозит базасы, экономиканы несиелеу, электронды төлем, мерзім шегі асып кеткен қарыздардың азаюы оң нәтижесін беруде. Ал банктердегі қолма-қол ақша айналымы 2018 жылға қарағанда 5%-ке ғана өскен. Яғни, айналымдағы ақшаның шығарылғанынан гөрі қайтарылуы кері көрсеткішке ие болып отыр. Бірақ екінші деңгейлі банктердегі қолма-қолсыз ақша айналымының қарқыны күшейіп келеді – заңды және жеке тұлғалардың есебіндегі қаржылық айналым 8,3 трлн теңгені көрсетіп, 2018 жылға қарағанда 25%-ке артқан.
Аймағымыздың осы және қаржы нарығындағы ахуал жөнінде Қазақстан Ұлттық банкінің Қостанай облыстық филиалы директоры Жомарт Қажрахимов өңір әкімдігінде өткен жиында мәлім етті. Айуынша, төлем карталарын қолдану динамикасы өсіп, 1 млн данадан асып жығылады.
— Қолма-қолсыз төлем былтыр 2,7 есеге, транзакция 2,3 есеге артты. POS-терминалдар 24%-ке өсіп, 9879-ға жетсе, кәсіпорындардың орнатқандарының саны 6237-ні құрап, 20%-ке көбейіп отыр. Осы көрсеткіш жағынан Қарағанды облысы ғана алдымызда келеді. Бұл тәсіл бизнестің неғұрлым ашық дамуына әрі көлеңкелі экономика көрсеткішінің төмендеуіне әсер етпек, — деді филиал төрағасы.
IMG_4306
Биылғы жыл басындағы есеп бойынша өңірдегі депозит көлемі 3%-ке өсіп, 425 млрд теңгеге жетіпті. Қостанай облысының еліміз бойынша депозиттік үлес жағынан Алматы мен Нұр-Сұлтаннан кейінгі үшінші орында. Халықтың қаржы ұйымдарына салған қаражаты 326 млрд теңгені құрап, 7%-ке өскені байқалады. Тұрғындар арасында долларлай сақтау көрсеткіші 29-дан 27%-ке дейін азайды (республика бойынша 45%).
— Бір жылда 309 млрд теңгені несиесі берілді. Бұл 2018 жылға қарағанда 16%-ке артық. Шағын және орта бизнестің кредиттік портфелі жыл басында 40 млрд теңгені құрасы, жаңадан 47 млрд теңге несие беріліп отыр. Бұл республика бойынша төртінші көрсеткіш. Ал өндірістік кәсіпорындар 52 млрд, ауыл шаруашылығы 21 млрд (43%-ке жоғары), құрылыс 12 млрд (екі есе көп), көлік 3,5 млрд (41%-ке артық), сауда 76 млрд (40%-ке көп) теңге несие алды. Банктерге мерзімі өткен берешек 23-тен 16 млрд теңгеге төмендеді, — деді Ж.Қажрахимов.
Соңғы екі жылда ипотека несиелеудің ең жылдам өсімі бар саласына айналды. Бір жылда ипотекалық портфель 56 млрд теңгені құрап отыр. Былтыр 25 млрд теңгенің кредиті берілген. Мұның басты драйвері – «Нұрлы Жер» және «7-20-25» бағдарламасы. 23 қаңтардағы жағдай бойынша тек «7-20-25» бойынша банктерге 8 млрд теңгенің 1049 өтінімі түссе, оның 690 өтінімі немесе 5,3 млрд теңге мақұлданып отыр. Айта кету керек, ипотекалық қарыз беруді қайта қаржыландыру бағдарламасының мерзімі жыл аяғына дейін жалғасатын болады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірімізде жекелеген топтарға жататын 14,7 мың адамның бір реткі қарызы кешіріліпті. Ал жылдың басынан төменгі күнкөріс деңгейіндегі табысы (31183 теңге) барларға қарыз беру тоқтатылды.
IMG_4313
Сондай-ақ, Ел Президентінің тапсырмасымен биылғы 1 қаңтардан бастап барлық қарыз беруші заңды тұлғалардың қызметін реттеу және қадағалау заңнамасына өзгеріс енгізілген болатын. Қазір аймағымызда 113 ломбард пен 22 несие ұйымы бар. Олар 1 шілдеге дейін қаржы нарығын реттеу және дамыту органдарында есептік тіркеуден өту қажет.
1 ақпаннан бастап Қазақстанда теміржол вокзалдары, казино, аэровокзалдар, әуежайлар мен шекарадағы автокөлік өткізу мекемелерінен басқа барлық ақша айырбастау пунктерінің жұмыс тәртібі 9.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейтін болады. 500 мыңға дейін ақша айырбастайтындар жеке куәлігін, ал 500 мың теңгеден көп ақша айырбастайтындар жеке куәлігімен қоса, заңды мекенжайын көрсетуі шарт.
Аймақ басшысы былтырғы қуаңшылықтың ауыл шаруашылығы саласына, соның салдарынан қаржылық жағдайға кері әсер еткені болмаса, экономикадағы өсімнің жоғары екенін айтты.
— Айрықша назар аударарлық жайт, бүгінгі жиынға екінші деңгейлі банк жетекшілері шақырылып отыр. Сіздер шағын және орта кәсіпкерлерге несие беруді облыстық деңгейде шешуді қолға алу керек. Көп жағдайда несиелік құжаттар жоғары жаққа барады да, ұзақ уақыт жатып қалады. Әйтпесе, бизнес басшыларымен кездескен кезде олар осы мәселе жөнінде шағымданып жатады, — деді Архимед Мұхамбетов.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓