ДЕРТКЕ ДАУА ЖОҚ!

Қытайда емі жоқ вирус пайда болды
Қытайда сырқат белгілері тұмауға ұқсас, бірақ одан да қатты вирустың белгісіз түрі пайда болды. Қазіргі таңда инфекцияның 600 адамға жұққанын ресми билік растап отыр. Син-хуа ақпарат агенттігінің мәліметтеріне сүйенер болсақ, Қытайдың Ухань қаласынан таралған сырқат күніге 100 адамға жұғып жатқан көрінеді.Короновирус
Коронавирус белгілері  Жапония, Таиланд, Оңтүстік Корея, Тайвань және АҚШ-та тіркелген. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ профессоры Сәкен Әміреевтің айтуынша, айтулы кесел қазақстандықтарға да қауіп төндіруде. Tengrinews.kz ақпарат порталына берген сұқбатында профессор вирус мутациясының қауіптілігіне баса назар аударыпты.
«Вирус қазіргі жағдайға қатты бейімделген. Жойылып кетпес үшін адам ағзасына сіңісетіндей, қарсы қолданылар дәрі-дәрмектің барлық түріне тосқауыл болар мүмкіндігін мықтаған. Сырқат адамға ауа тамшылары арқылы жұғады. Бұл өте қауіпті. Әлемнің бірқатар елдерінде осы кеселге ұқсас сырқаттар анықталып жатыр. Бұл кесел Қытаймен шекаралас елдерге, әсіресе бізге үлкен қауіп төндіруде. Күндердің күнінде бізге де жетуі ықтимал», — дейді Сәкен Әміреев.
Әзірге бұл дертке дауа жоқ. Осыны ескерген профессор тым құрығанда, қарапайым қауіпсіздік қағидаларын сақтану керектігін айтады.
«Әлемде осы кеселді жеңетіндей дәрі ойлап табылған жоқ. Тұмау дертіне ұқсас келетін кеселден емделу, әзірге, мүмкін емес. Одан тек қорғана аласыз. Ол үшін бетперде тағып, оксолин майын жағып отыруыңыз керек. Қазақстандықтардың қарапайым қауіпсіздік шараларына немқұрайлы қарайтыны қынжылтады. Бетперде тағынғанда тек ауыздарын тұмшалап, мұрындарын ашып қояды. Вирустың танау қуысы арқылы да енетінін естен шығармағаныңыз жөн. Бетпердені де жиі ауыстырып, қолданылғанын отқа жағып, болмаса басқа жолмен залалсыздандырып отыру қажет», — деді ол.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусқа "nCoV"  атауын беріп, дерт ошағы Уханьға зертханалық талдау жүргізу мақсатында мамандарын жіберіпті. Қауіпке қарамастан, әзірге, ДДСҰ Қытайға сапар шегуге  шектеу қойған жоқ.  Десек те  ҚХР-ға шекаралас елдер сақтық шараларын мықтап қолға алғаны белгілі болыр отыр.
Осы бағытта біздің елімізде де ауқымды істер қолға алынған. Атап айтқанда,  Алматы және Нұр-Сұлтан халықаралық әуежайларында Қытайдан келген жолаушылар арнайы құрылғылармен тексерілуде. Темір жол бекеттерінде де осы шаралар қолға алынған. Күншығыс еліне сапарлайтын әуе, темір жол, автокөлік қызметкерлері мен жолсеріктері арнайы оқытудан өтіп, кесел анықталған жағдайда не істеу керектігі әбден пысықталған.
Ішкі қауіпсіздікті мықтау мақсатында, Қытай билігі жаңа коронавирус тудырған пневмонияның өршуіне байланысты Ухань тұрғындарының қаладан шығуына уақытша тыйым салғаны белгілі болып отыр. Аталған аймаққа қатынайтын әуе рейстері, автобустар мен пойыздар уақытша тоқтатылған. Тыйым салу мерзімі әзір белгісіз.
Соңғы мәліметтерге жүгінер болсақ, вирус Қытайдың 25 провинциясына таралған. «Сырқат белгісі 571 адамнан анықталды, 95 адамның жағдайы ауыр, 17 адам қайтыс болды», — деп хабарлады Қытайдың мемлекеттік денсаулық сақтау комитетіне сілтеме жасаған Ресейдің "РИА Новости" ақпарат агенттігі. Қазіргі уақытта науқастармен тығыз байланыста болған 4 928 адам медициналық бақылауға алыныпты.
Жұматай КӘКІМЖАНОВ

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓