Ермекбай Хасенов: «Қалам ұстағанның бәрі журналист емес»

Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ардагер журналист, Әулиекөл ауданның құрметті азаматы Ермекбай Хасенов биыл 70 жасқа толады. Мерей иесінің есімі "Қостанай таңы" газетінің оқырмандарына таңсық емес. Редакцияда көп жыл еңбек етті. Осы уақытқа дейін бірнеше деректі, әдеби кітап жазған қаламгер. Әлі күнге қолынан қаламы түспеген Ермекбай Қайыпұлымен өмір жолы, шығармашылығы туралы сұқбаттасқан едік.11009112_1401894506791334_6838167657251875478_n
-Ермекбай аға, әңгімені бірден журналистік қызметіңізден бастасақ дейміз. Тілші болу бала күніңізден бергі арманыңыз ба еді, әлде бұл салаға келуіңіз кездейсоқтық болды ма?
-Әңгімені әріректен бастайын. Мен Әулиекөл ауданының қазіргі Диев, бұрынғы Мырзакөл ауылында дүниеге келгенмін. Рас айтасың, жазу-сызуға деген құштарлық жас күнімнен бойымда бар болатын. Мектепті аяқтасымен журналистикаға барамын деп ойлап жүрдім. Әйткенмен, ол кезде орта білімнен кейін бұл ммандыққа бірден қабылдамайтын еді. Бірер жыл жұмыс істеу міндетті екен. Содан жоғары білім алуға Орал қаласына жол түрдім. Ол жақта Әдебиет факультетіне тапсырдым. Оқуды "4" пен "5"-ке тәмамдап шықтық. Жан-жақты белсенді студент едім. Спортқа да бейім болдым. Жеңіл атлетикадан үздіктер қатарынан көрінетінмін. Кейін еркін күреске қатысып, облыстық чемпионаттарда жүлдегер болғаным бар. Сол кездің өзінде-ақ жазушылық машығым да аңғарылған болатын. 1-курста оқып жүргенімде Лениннің социализм туралы еңбегі бойынша көлемі бір қалың дәптер болатын баяндама жазып шықтым. Араға ай салып, тарих пәнінен беретін ағайымыз, қателеспесем, аты-жөні Жанжігіт Орамақов, қолында менің дәптерім бар, "Хасенов қайда? Ортаға шықсын!" демесі бар ма. Мен "шатпағыңды алып кет" деп айта ма деп іштей толқып, қасына барып едім, қолымды алып: "Айналайын, мына еңбегің бірінші орын алды. Ертең Алматыға барасың", — деді мейірлене қарап. Сөйтіп, Алматыдағы үлкен конференцияға қатысып келгенім бар. Міне, бұл маған қанат берген, талпыныс сыйлаған оқиға болды. Әйткенмен, еңбек жолым алған мамандығым бойынша басталды.  Ауылға келіп, Мырзакөл орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен орыс сыныптарына сабақ бердім. Бір күні Салық Молдахметов деген кісі (кейін "Қостанай таңы" газетінде редактор болды) қоңырау шалып, мені аудандық "Жеңіс туы" газетіне қызметке шақырды. Шыны керек, қуандым. Дегенмен, аудандық оқу бөлімі мені жібергісі келмеді. Сол кездегі басшысы Виталий Стовбур деген азамат менің жақсы маман екенімді айтып, бөлім қызметкері қылып жұмысқа орналастырды. Одан соң жастығыма қарамастан жұмысшы жастардың кешкі мектебіне директор етіп тағайындалдым. Жұмысты жақсы атқардым. Бір күні тілшілік қызметке тағы шақырту келді. Бұл жолы Бақытжан Жангисин деген журналист ағамыз қолқа салды. Бұл уақыттарда мен ауыл шаруашылығы, мәдениет, спорт салаларында мақалалар жазып тұратынмын. Білім бөліміне тағы барып едім, бұл жолы мені Аққұдық негізгі мектебіне директор етіп тағайындалатынымды айтып, тағы алып қалды. Сөйтіп, аралас мектепті бірер жыл басқардым. Сөйтіп жүргенімде Б.Жангисин қайтадан газетке шақырды. Білім бөліміне кеңес сұрауға тағы бардым. Ол кезде басшылық тізгінін Ахаңның ұрпағы Қазымбек Спанов ұстап отырған-тын. "Жазғаныңды оқып жүрміз, тәжірибеден өтсең, жақсы журналист боларыңа күмән жоқ. Таланыңды сынға салып көр", — деді арқамнан қағып. "Жазу қолымнан келмей қойса ше?" — деп едім әзіл-шынды қылып. "Қайтып келерсің. Бір мектепке директор етерміз", — деді езу тартып. Содан, тәуекел деп, 1975 жылы тамыз айында "Коммунизм таңы" газетіне (қазіргі "Қостанай таңы" газеті – авт.) орналастым. Мұнда 10 жыл абыройыл қызмет еттім. 1985 жылы Алматыға телевидениеге бардым. Мұнда Қазақ энциколпедиясының бас редакторының бірінші орынбасары Сапабек Әсіповтің нұсқауымен орналасуға барған едім. Әлі есімде, әңгімелесіп отырғанымызда сыптай киінген сымбатты кісі кіріп келді. Камал Смайылов екен. Тұрып сәлем беріп, бұйымтайымды айттым. 10 жылдық еңбек өтілім барын айтып, келіп отырған жағдайымды түсіндіріп едім, ол мені Шалахметов деген орынбасарға ертіп апарып, "мына жігітті қызметке алайық, бізге Қостанайдан келетін журналистер сирек" деп, қызметке алдырды. Сол кезде Қытайға хабар тарататын "Алатау" редакциясы енді құрылып жатқан. Бұл жерде 5 жылдай жұмыс істеп, бөлім басшысы лауазымына дейін көтерілдім. Кәсіподағын басқардым. Бұл кезде жұбайым Қалимаш ҚазМУ-дің аспирантурасында оқитын еді. Ол кандидаттығын қорғағаннан кейін, ата-анам ауылға шақыртты. Сөйтіп, "Коммунизм таңы" газетіне қайтадан орналастым. Жалпы, журналистика саласында 41 жыл жұмыс істеппін. Осы жылдар бедерінде КСРО Журналистер Одағына ендім, Қазақстан Журналистер Одағының, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстанның Мәдениет қайраткері атандым.  Одақтар және министрліктер табыстаған көптеген марапат иегері болдым. Әулиекөл ауданының құрметті азаматымын.
— Сіз үшін журналистика деген не? Журналистің негізгі миссиясы қандай? Қырық жыл еңбек еткен тілші ретіндегі көзқарасыңызды білгіміз келеді.
— Журналистика деген – өз алдына жеке ғылым. Нағыз маман боламын деген талапкер соның қыр-сырын меңгеруге ұмтылуы керек. Ол жазушы болу деген ғана сөз емес. Естуім бойынша, ҚазМУ-дың журналистика факультетіне түсуге барып, "әңгіме жазамын" десең, "Бара ғой, әдебиет факультетіне түс" деп, құжатыңды қайтып береді екен. Қалам ұстап ұмтылғанның бәрі жақсы журналист болып кете алмайды. Орта деңгейлі тішлі болып жүре беруі мүмкін. Себебі осал тілшілер естіп, көргенін жазады да, аналитикалық тұрғыдан талдау мақалаларға тіс батыра алмайды. Ал сараптама жазу көп ізденісті қажет етеді. Мәселен, ауыл шаруашылығы, экономика, саясат деген секілді кең ауқымды салалардан хабарың мол болуы керек. Үнемі білім толықтырып отыру шарт. Сондай-ақ, аз қормен, мардымсыз даярлықпен аналитикаға ауыз салып, "қол көтермес шоқпарды белге байлауға" тағы болмайды. Мен, мәселен, тілшілікті бастағанда суреттеме жазуға құлшындым. Талдамалы материалдарға бірте-бірте ауыстым. Корреспондениция жазу күрделі нәрсе.IMG_23861
— Сіз тілші болған уақытта көпшілік ықыласпен қабылдап, қоғамдық пікір тудырған, ауыз толтырып айтарлық қандай сүйекті мақалаларыңызды немесе бейнесюжеттеріңізді есіңізге түсіре аласыз?
— Ондай еңбектер аз болған жоқ. Қайсыбірін айтайын? Кезінде біздің газетке шағым жазғандар болды. Соларды зерттедім. Мәселен, Қостанай маңындағы Қазақстан совхозына Торғайдан отбасымен көшіп келген бір жігіттің мәселесіне араласқаным бар. Ол үйді әлдебір орыстан сатып алатын көрінеді. Ақшасын береді де, қандай да бір себеппен құжатын алмайды. Содан, әлгі орыс 4-5 жылдан кейін "Кет! Үйімді босат!" депті. "Қалай бұл? Ақшаңды толық бердім ғой" дейді байғұс. Ақыры араша сұрап редакцияға келген ғой. Осы мәселе бойынша мен барып, біраз іздендім. Әкімдікпен, куәгерлермен, көршілерімен сөйлестім. Әлгі орыс өзі қашады, әйелі жолатқысы келмейді. Не керек, мақала газетке жарық көрмей жатып, мәселе ушықпай тұрып, орыстардың беті бері қайтып, кінәларын толық мойындағаны бар. Сөйтсе, әйелі қайрап салған болып шықты. Егжей-тегжейін газетке жаздым. Алматыда телеарнада жүрген кезімде Социалистік Еңбек ерлері туралы деректі фильмдер жасадым. "Отбасылық альбом" атты тақырыпта да деректі фильмдерім жарық көріп тұрды. Мұның бәрі де көрермендер ықыласына бөленіп еді. Аудан-ауылдарды аралап, талай рет жылқышылар, шопандар туралы материалдар дайындадым. Газетте экономика, ауыл шаруашылығы, спорт тақырыбында көп жаздым. Әсіресе, соңғы жылдары футбол жайындағы мақалаларым жиі шығып жүрді. Айтпақшы, "Тобыл" футбол командасына 50" атты кітабым бар. Бұл жарты ғасырлық зерттеуімнің жемісі еді.
— Кітап дегеніңізден шығады: сіздің проза жанрында қалам сілтеген жазушылығыңыз тағы бар. Осы күнге дейін қандай әдеби шығармалар жаздыңыз?
— Менің алғашқы да салмақты еңбегім – "Батыр Сұлтан" деректі повесі. Қаһарман жерлесіміз Сұлтан Баймағамбетов туралы кітап жазуды жас күнімнен армандап, Оралда институтта оқып жүрген кезден материал жинай бастадым. Сұлтанның туған қарындасы Зейнеп апай біздің Мырзакөлде тұрушы еді. Сатушы болып жұмыс істеді. Сол кісіден көп мәлімет алдым. Батырдың туған жері Қояндыағаш ауылында тұратын, оның көзін көрген қариялар да көп мағлұмат берді. Ізденіспен жүріп, 1978 жылы Ленинград қаласына бардым. Ол жақтан Петр Соколов деген кісіні тауып алдым. Ленинград маңындағы Пушкин деген қалада тұрады екен. Ол Сұлтан соғысқан батальонның штабын басқарыпты. Тек ол бұл лауазымға Сұлтан қаза тапқасын келіпті. Сол кісі жерлесіміз туралы көп дерек біледі екен. Одан кейін Выборг қаласынан Петренко деген көзкөрген майдандасын іздеп таптым. Ол да қолыма біраз дерек ұстатты. 1983 жылы Ленинградқа тағы барып, аз олжамен оралмадым. Содан, айналамдағы жігіттерге қолжазбамды оқытып көрмек болып едім, Қайсар Әлім, Сәлім Меңдібаев сынды қаламдастарым: "Сапабек аға Әсіповке жібергенің жөндірек болады", — деп ақыл айтты. Айтқандарындай, қолжазбамды сол кісіге салып жібердім. Сапабек ағамыздан үш ай хабар болмады, төртінші ай өтті дегенде өзім қоңыру шалдым. "Әй, мына шалдыр-шатпағың не пәле?" деп айтып сала ма деп, демімді ішіме тартып, аздап қобалжыдым. "Кімсің?" деді тұтқаның арғы жағынан. Жөнімді айтғаным сол еді: "Ой, айналайын, батыр екенсің!" — деп лебізін білдірді. "Неге?" — деппін сасқанымнан. "Қостанайда, өңкей орыстар ортасында жүріп, Сұлтан батыр туралы кітап жазып жүрген батыр екенсің. Сенің қолжазбаңды "Жалын" баспасына апарып тапсырдым", — деді. Төбем көкке екі елі жетпей қалды. Жақсылап тұрып қосымша кепілдеме жазып беріпті. Осылайша, повесім 1987 жылы 10 мың данаменен басылып шықты. Сол кезде қомақты қаламақы алдым. 500 сом. Бұл дегенің ол кезде көп ақша ғой. Алғашқы кітабым сол тұстағы "Кітап палатасы" дейтін мекеме арқылы жан-жаққа тарады, облыстың қала-аудандарындағы кітап дүкендеріне қойылды.
Одан кейін Социалистік Еңбек ері Қабидолла Тұрғынбаев  туралы "Өнегелі ғұмыр" деген хикаят жаздым. Кейінірек "Көгілдір орамал" атты повесть дүниеге келді. Бұл әдеби шығармам махаббат туралы еді. "Қостанай таңы" газетінде де басылды. Мұның сыртында, "Ноғай батыр" деген аңыз әңгіме жазып шықтым. "Мырза-Сұлу" деген повесімді жақында аяқтадым, әзірге жарыққа шыққан жоқ. Құдайға тәуба, қаламым қолымнан әлі түскен жоқ. Қазіргі таңда туған жерім туралы "Мыркөл" атты повесть жазумен шұғылданып жатырмын. Болашақта "Мырза-Сұлу" атты туындымды орыс тіліне аудартып басу жоспарда бар.IMG_2387
— Өзіңіз ұзақ жыл қызмет еткен "Қостанай таңы" газетінің бүгіні, қазіргі ізбасарларыңыз туралы пікіріңізді білсек…
— Республикалық, облыстық басылымдарды үнемі оқып отыратын оқырман ретінде айтарым, салыстырмалы түрде, жаныма жақын "Қостанай таңы" газетінің беделі бар, мәнді, мазмұнды. Сырттай қарағанда бәрі айқын көрінеді ғой. Әлібек, Нұрқанат, Қасқырбай сынды дарынды жігіттер, Айтолқын, Қарлығаш, Шұға сынды төселген, тәжірибелі қыздар редакция жұмысын абыройлы атқарып келеді. "Әттеген-ай" дегізер тұстар да жоқ емес сияқты. Меніңше, газетте аналитикалық мақалалар кемшін. Кейбір ірі тақырыптарды ақпараттық сарында беру, сипай қамшылау басым тәрізді. "500 сиыр бар, бәлен бұзауы, түген сауыншы бар" дегеннен жақсы мақала шықпайды. Қазіргі жеделдік, интернет заманының әсері ме екен? Объектіні зерттеу, талдау аз кездеседі. Білмеймін, тілшілердің іссапарға шығуы сиреп кеткенге де ұқсайтындай. Біздің кезімізде "ауылға бармаған, ауылдың тіршілігімен тыныстап, иіс-қоңысын сезініп көрмеген журналист – журналист емес" деп саналатын. Ресми жаңалықтармен бірге, қарапайым еңбек адамдары, түйткілді мәселелер көбірек жазылса, оқылымы арта түсер ме еді деп ойлаймын. Ал, жалпы алғанда, басылымның қазіргі бет-бейнесі, қадамы көңіл көншітеді.
— Кейінгі буын тілшілерге, оқырмандарға газеттің ардагер журналисі ғана емес, бір отбасының ұйытқысына айналған ардақты әке, аяуыл ата ретіндегі ақжарма тілегіңізді айтсаңыз.
— Біз, жұбайым Қалимаш екеуміз терең тамыр жайған әулетке айналдық. Зайыбым ҚазМУ-дің Химия факультетін аяқтап, оқытушылық қызметті таңдады. Қазір Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры. Екеуміз бір ұл, бір қыз сүйдік. Алты немере, екі шөбере көрдік. Лайым, әр қазақ баласы мәуелі, мәртебелі отбасыға айналсын. Ел үшін еңбек етіп, жемісін көрсін. Баспасөз қарашаңырағы – "Қостанай таңы" газетінің ғұмыры ұзақ болсын. Редакциядан түгел ел танитын дарынды ұл-қыздар түлеп ұша берсін дегім келеді.
-Әумин. Әңгімеңізге рахмет!

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓