Ауылға ауыз су келді
Елімізде тұрғындар үшін аса маңызды болып отырған ауыз су мәселесі жыл өткен сайын оңтайлы шешімін табуда. Күрмеуі қиын мәселе мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асып жатыр. Жітіқара ауданында да ауылдарға сапалы ауыз су құбырын тарту жылдан жылға артып келеді. Тұңғыш Президент күні қарсаңында ауданға қарасты Забеловка ауылында ауыз су жүйесі пайдалануға берілді. Ауыз судың салтанатты ашылуына қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғ.Нұрмұхамедов ауыл тұрғындарын облыс әкімінің атынан мерекемен құттықтап, жергілікті биліктің елді таза ауыз сумен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп отырғандығын және ел игілігі үшін мұндай шаралардың әлі де жалғаса беретіндігін жеткізді.





Ауыл тұрғындары да ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесінің шешілгеніне дән риза. Сапалы судың шапағатын көріп отырғандардың бірі Жүнісовтер әулеті.
-Бұл ауылға Ресейден көшіп келгенімізге отыз жылдан асты. Ауылдың жағдайы жаман емес. Бүгінде ауылдың тең жарымы газбен қамтылған. Бірақ, алдағы уақытта барлығына бірдей газ берілсе, тіпті жақсы болар еді. Ең бастысы, ауылға ауыз су келіп қуанып жатырмыз. Бұрын кірді қолмен жуатын едім, енді судың арқасында қолым ұзарып жатыр. Әжетхана да үйде, жуынатын душ та орнатып алдық. Қаладағыдан еш кем өмір сүріп жатқан жоқпыз. Таза әрі сапалы тіршілік нәріне қол жеткізу тұрғындардың арманы еді. Міне, мемлекет қамқорлығының арқасында бұл қиындықтар артта қалды, – дейді көпбалалы ана Б.Жүнісова.
Жалпы, Жітіқара ауданының аумағында 18 ауылдық елді мекен бар, оның ішінде Забеловка ауылын қоса есептегенде, 15 ауыл, яғни 83,3 пайызы орталықтандырылған сумен жабдықталған. Алдағы жылдары Тургенов ауылындағы сумен жабдықтау желілерін ағымдағы жөндеу, Пригородное және Приречное ауылдарындағы су құбырларын қайта құру, Чайковское ауылында сумен жабдықтау желілерін салу, сондай-ақ Жітіқара қаласының оң жағалауында жұмыстар жүргізу жоспарлануда.
Суреттерді түсірген Б.КӨРКЕМБАЕВ