Менің атам –майдангер

ImakЖеңіс күні – біздің отбасымыз үшін тағылымы мол ерекше  мейрам.  Себебі,  менің  сүйікті  атам Имақ  Жанғалиев Ұлы Отан соғысына қатысып, елдің тыныштығы мен Жеңіс үшін күрескен жан.

Имақ Жанғалиұлы 1915 жылы Қостанай облысына қарасты Демьянов ауданының Ақбалық ауылында дүниеге келген. Атамның жастық шағы өзінің тұстастары сияқты Ұлы Отан соғысының отты жылдарында  майдан  шебінде  өтті.  1939  жылы     24 жасында әскер қатарына алынған. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жүріп, туған үйіне оралуды армандаған. Алайда, атамның арманы бірден орындала қойған жоқ. Әскери борышын аяқтаған соң алғашқылардың бірі  болып  майдан даласына аттанады. Ол кісі елін неміс басқыншыларынан азат етуде ерік-жігерін аяған емес.

Соғыстың жаңа басталған кезі. Жас жауынгерлер әскери оқ-дәрі таситын эшелонның құрамына алынады. Бұл жұмыс та оңайға соқпаса керек. Мықты қарулан-ған неміс басқыншылары қалалар мен темір жолдарды бомбаның астына алады. Атамыз 1942 жылы Конев басқаратын екінші Украина майданына алынады. Сөйтіп ол кісінің взводы Сталин-град бағытына жіберіледі. Атамыз көзі тірісінде отты жылдардың естелігін былайша баяндап берген еді:

– Таңғы мезгіл болатын. Окоптың ішінде ұйықтап жатып, кенеттен шошып ояндым. Ысылдаған жылан көзіме оттай басылды. Шамасы,  жылан  менің дене қы-зуыма жылынып түні бойы окоп ішінде болған сияқты. Сол сәтте алда күтіп тұрған үлкен шайқастан гөрі жыланның ысылынан қатты қорыққаным әлі есімде. Бірақ ұрыс алдындағы қорқыныш тез ұмытылып кетті.

Таң ата ұрыс басталды. Мен сол аяғымнан жараланып, Саратов қаласындағы госпитальға түстім. Бір ай бойы емделгеніммен, аяғым толық жазылмады. Соған қарамастан майдан даласына қайта аттандым. Жол бойы поезда ұйықтап келе жатып тағы да түс көрдім. Туған жердегі өз үйімде екенмін деймін. Біздің үйдің жанында киіз үй тігулі тұр. Бір кезде жаңағы киіз үй лапылдап жана бастады. Әкем екеуміз лаулаған отты сөндіріп үлгірдік. Көрген түсімді жолдастарымның біріне жорытқанымда, алдағы шайқастан аман қаласың, сені әкеңнің рухы қорғап жүр деп еді.

Расында да солай болды. Орлов-Курск бағытындағы шайқаста сол жақ жанбастан жараланып, бір өлімнен аман қалдым. Бойдағы жарақат жазылған соң Қарпат тауына келдік. Сол жерде партия қатарына қабылдандым. Коммунист ретінде аға сержант дәрежесіне көтеріліп, 850-ші атқыштар полкінің барлаушы командирі болып сайландым. Соғыстың алғашқы жылдарында қару-жарақ аз болды. Солдаттар мен командирлер тәжірибесіз. Осының бәрі Жеңіске жетуде кері әсерін тигізді. Басқа түскен қиындықтарға қарамастан фашистердің шабуылына тойтарыс бердік, – деп атам Имақ соғыс уақытын жиі еске алатын.

Атамның тәжірибелі барлаушы ретінде алған төрт әскери наградасы бар. Екі фашисті қолға түсіргені үшін екі мәрте «За отвагу» медалі  және төрт рет тіл жеткізгені үшін «Даңқ» орденімен марапатталған. Сондай-ақ, Минск, Польша, Австрия жерлерін жаудан азат етуде қосқан үлесі аз емес. Ерен ерліктің куәсі ретінде атамның омырауында «Қызыл жұлдыз» ордені жарқырайтын. Ол кісі Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысқан. Мәскеуде «За победу над Германией» медаліне ие болды.

Соғыс аяқталған соң Имақ  Жанғалиұлы елге аман-есен оралады. Соғыстан кейінгі елдің жағдайы тым ауыр болған. Ішерге ас, киерге киім жоқ. Осының бәрі майданнан Жеңіспен оралған жауынгерлерге оңай болмады. От пен оқтың ортасынан аман келген солдаттар отбасын асырау үшін еңбекке араласты.

Имақ Жанғалиұлы 1945 жылы колхозда малшы, ал 1954 жылдан бастап «Целинный» совхозында ұзақ жылдар механизатор болып жұмыс істеген. Кейін көп жылғы еңбегі бағаланып, медальмен наградталды.  Менің атам ақылына көркі сай әжемізге үйленіп, отау құрады. Өмірінің жалғасы Есімхан атты ұлын оқытып, тәрбиелі етіп өсірген. Әке-шешенің ақылын тыңдап өскен Есімхан 28 жыл бойы мектеп директоры болып қызмет етті.

Майдангер атам осыдан он алты жыл бұрын қайтыс болған. Ол кісі балаларын аяқтандырып, немересінің алдын көрді. Атам Имақ Жанғалиев соңғы демі таусылғанша ұрпағының тыныш заманда өмір сүргенін тілеген еді.

Роза ЖАНҒАЛИЕВА,

соғыс ардагерінің немересі.

Қостанай қаласы.

Суретте: ҰОС-ның ардагері Имақ Жанғалиев.

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓