Құнды мұра – киіз үй

Ертай қажының мұрағаты туған жеріне табысталды
 
"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Науырзым ауданында халқымыздың құнды мұрасы – киіз үйдің шаңырағы көтеріліп, уығы қадалып, керегесі керілді. Бұл жай киіз үй емес. Тарихы мен болмысы бөлек құнды жәдігер. Оның иесі өлкемізге танымал, марқұм Ертай қажы Балахмет. Қажының баласы Әлішер асыл мұраны туған жеріне беріп, аудан басшылығы музей ретінде қабылдап алды.
 Киіз үйдің іші көздің жауын алардай әсем. Барлық зат арнайы тапсырыспен жасалып, жылдар бойы тірнектеп жиналып, әр заты талғаммен алынған. Әрбір ұлттық нақыштағы қол өнер заттарының өзіндік тарихы бар көне дүниелер. Осындай тамаша дүниенің тарихы да, жалпы құндылығы да салмақты. Ол жайында Ертай қажының баласы Әлішер әңгімелеген еді.DSCN4928
Әкеміз ұлтжанды, қазақы дәстүрді жақсы көретін азаматтардың бірі еді. Тіпті әкеміздің киімдері, барлық болмысы осы қазақы салт-дәстүрмен байланысып, үндесіп тұратын. Қазақтың ұлттық мерекелерінде не болмаса имам болған соң тұсау кестіріп жатса, одан қалды азан шақыртып сәбидің атын қойдыртып жатқанда барған жеріне қазақы нақыштағы киімін киіп жүретін. Әкемнің қандай азамат болғанын көзкөрген қалың жұртшылықтың бәрі біледі деп ойлаймын.DSCN4939
            Бұл киіз үй де әкемнің осы мінезінен пайда болған еді. Мен әкемнің тұңғышымын. Үйдің үлкенімін, артымнан ерген інім мен үш қарындасым бар. Мен 13-14 жас шамасында Заречный ауылына жер үйге көшіп келдік. Мұндағы ойы балалар шаруашылыққа жақын болсын деген еді. Шынымен де біз сол үйде тұрып біраз нәрсені үйрендік. Мал жайлау, қар тазалау болсын жалпы еңбекке баулып өстік Өзімнің ең алғашқы ұстазым да әкем еді. Әкем араб әліппесін үйретті. Одан қалды Бақытжан имам, Әуезхан қажы ұстаздық етті. Осы жер үйге көшкен соң әкем бір ауыздан әжеммен, анаммен ақылдаса отырып киіз аламын деп шешті. Әкемнің айтқаны біздер үшін заң болатын. Осылайша біздер киіз үйдің не екенін суреттен ғана көрмей, шән мәнісінде сонда тұрып, танып өстік.DSCN4934
            Ол киіз үйді Қарақалпақстаннан алып келді. Шаңырағын, уығын, керегесін былайша айтқанда негізін алдырды. Ал киіз үйдің ішіндегі ши болсын, тұс кілемдері, тұс киіздері болсын оның барлығын Қарақалпақстанда дүниеге келген, қазіргі кезде Рудный қаласында тұратын Қаламқас Досымқызы әжемізге арнайы тапсырыспен тіктіртті. Киіз үй сегіз қанатты. Әкем ерінбей облыс көлеміндегі ауылды жерлерді аралай жүріп, үлкен кісілерден қалған көне заттарды жинастыра бастады. Мысалы, төсағашының өзінің тарихы әріде жатыр. Ол төсағаш жарты ғасыр бұрын жасалған. Қоржындар, сандықтар барлығы да ел-елді аралай жүріп, сатып алып жинақталған дүниелер.
            Бұл киіз үйдің тағы бір ерекшелігі сырмақтары мен кілемдерін Алматы қаласынан алдырттық. Тағы бір айта кетерлігі ішіндегі әбзелдер тек Қазақстан аумағынан ғана емес, Моңғолия, Қарақалпақстан жерінен де алынған. Оның киізінің өзі арнайы тапсырыспен аппақ етіп жасалған. Оның сыртында қаншама құнды аң терілері бар. Ақ түлкі сирек кездесетін аң, сілеусін, өзге де құнды аң терілері үйдің ішіне сән беріп тұр. Әсия Беркенова апамыздың сыйға тартқан домбырасы да осында ілулі. Ол домбыраны апамыз әкем 40 жасқа толғанда сыйға тартқан екен. Одан қалды сырт мемлекеттерден келген қонақтардың сыйға тартқан сыйлықтар да бар. Мысалы, күміс белбеуді Мадияр руының азаматтары сыйлаған еді.
            Әкем «бұл кезіндегі хан, билер отырған киіз үй» деп үнемі айтып отыратын. Сегіз қанатты болса да іші сондай жайнап тұр, қазақтың ұлттық нақышта жасалған көне заттарымен бай. Жаздың қанша ыстық күндері болса да іші бір ысымайтын. Әкем осы үйде қаншама сыйлы кісілерді қарсы алып, күтті. «Сонда барлығы кірген кезде бірден маған емес, тамсанып шаңыраққа қарайтын» деп әкем күліп айтып отыратын. Үйдің кереметтілігін айтып отырғаны.
Бірде Қайрат Нұртас қала күніне келіп, менің Ғабит деген ағам екеуі дос екен. Қайрат Нұртас жас болса да көпті көрген азамат қой. Ғабит ағам әншіні осы киіз үйге қарсы алып, қонақасын берсем қалай деп рұқсат сұрады. Сөйтіп дастарқан жайып, қонақ еттік. Өзінің бағдарламасы бойынша жарты сағатқа келуі тиісті еді. Бірақ ол көсіліп екі жарым сағат отырып, ризашылығын білдіріп, бұл үйдің ерекше екенін айтып, риза болды.  Өлеңдерін арнап, осындай тамаша асыл мұраны анасына да сыйлағысы келетінін айтқан еді.DSCN4932
            Енді бұл үйде біраз игі жақсылар болды, тамсанды. Әкем дүниеден өткен соң бұл киіз үй алты жыл болды менің қарауымда. Әкемнің асыл мұрасы болғандықтан, көзімнің қарашығындай күтіп, сақтадым. Жылда құрып, үлкендердің басын қосып, әкемізге құран бағыштап отырдық. Бірақ киіз үйге ерекше күтім қажет. Бірде Алматы қаласының бір кәсіпкері киіз үйді көріп, менен сатуымды өтінді. Бірден келісе алмадым, әкеден қалған мұра болғандықтан жақындарыммен ақылдастым. Бәрі де «әкеңнің көзі, өзіңде тұрсын» дегендей ой айтты. Бірақ Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің хаддисінде «өзгемен ақылдас, бірақ соңында өзіңнің жүрегіңді тыңда, шешімді өзің қабылда» деп айтады. Осылайша ойлана келе мен ол кісіге ойлануға уақыт беріңіз деп сұрадым. Осы уақытта Аманкелді ауданының әкімі Әмірхан ағамыз бізге туыс әрі әкемнің досы болып келеді. Сол кісі киіз үйдің сатылып жатқанын естіпті. Және де Науырзым ауданының бас имамы болған, қазір Әулиекөлге келіп жатқан Нұрлан Сыздықов ағамыз да естіп, екеуі маған телефон шалды. «Бұл киіз үй Алматыға кеткені дұрыс емес, Ертай қажының туған жері Науырзым ауданының талай жігіттері неліктен алып қалмайды. Бұл біздің мұрамыз» деп, маған түсіндірді. «Науырзым жерінде мұражай ашамыз, сол мұражайға осы киіз үйді алып қалуымыз керек» деп шешті. Тіпті өзіме таңдау да бермей, бірден кесіп айтты. Шынымды айтсам мұндай шешімге іштей қуандым. Бұл дегеніміз әкемнің ісін, оның мұрасын бағалағаны ғой. Осылайша бұл әңгіме тәмамдалып, күні кеше киіз үйді Науырзым ауданына табыстадық.
            Табыстау барысында осы киіз үйдің бірінші иесі болған Қаламқас Досымқызы әжемізді шақырып, жинадық. Бұл киіз үйдің түпкі қыр-сырын тек бір-ақ кісі біледі. Ол Қаламқас Досымқызы әжеміз. Сол себепті әжемізді жинап, құру үшін арнайы шақырттық. Оның өзі үлкен еңбек екенін мен осы жолы ғана түсіндім. Нұрлан имам келіп, әжеміз бар үйді бұзып, тізімін жасап Нұрлан қажының бақылауымен Науырзым ауданына жібердік. Ол үйді құруға да екі күн уақыт кетті. Анам арнайы өзі барып, әр заттың орнын көрсетіп, аманаттап келді. Барлық туған-туыс ризашылығын білдіруде. Әкеміздің киіз үйі асыл қазынасы осылай орынды орнын тапты.DSCN4931
Осы киіз үйден азғантай затты өзіме алып қалдым. Олар әкемізге жеке сыйға тартқан заттар еді. Ол – әкеміздің тымағы, күміс белбеуі және үш қызына қалдырға үш сандық. Әкем: «киіз үй – сенікі, өзіміз тұрып жатқан шаңырақ – кіші інімдікі, қыздарға үш сандық енші, аманат» деп айтып отыратын. Сол заттарды алып қалдым. Ал қалған заттар қалай тұрды солай түгелімен табысталды. Ол кісілер өз бағасын айтып, мен келісіп, сол қаражатқа сатылды. Бірақ бұл жәдігердің құны әлдеқайда жоғары деп ойлаймын. Әу бастан киіз үйді сұраушылар аз болмады. Тіптен бизнес ретінде қымызхана етіп, орталыққа құрып, қолданғысы келгендер де болды. Бірақ ондайға бере алмадым. Ендігі жерде бұл жәдегір Науырзым ауданының еншісінде. Ол кісілер аманаттап алған дүниені бағалап, сол қалпы сақтап, ұрпақтан ұрпаққа түгелімен сақтайды деп сенемін.
Міне, осындай құнды жәдігер Науырзым жерінде сақтаулы. Осындайда жұмыла бірігіп, қажетті қаражатты тауып, асыл мұраны көпшілік көрсін деп елде алып қалған Науырзым ауданының әкімі Талғат Карбозов пен ел азаматтарының еңбегі көп екенін де айтпай кетпесе болмас. Ендеше елде теңдесі жоқ дүниені көргіңіз келсе, Науырзымға жол тартыңыз.
 
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Науырзым ауданы

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓