Тындырымды тірлік көп

Адам өмірін жақсарту мен жайлы ету – «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасының басты міндеттерінің бірі. Еліміздің түгелдей дерлік аудан-қалаларын қамтыған тындырымды істер мен тиянақты нәтижелер Рудныйды да айналып өтпеді.DSC_0862
 
stepen-gotovnosti-1Кеншілер қаласында алғашқы тұрғын үйлер мен тас жолдар өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында салынып, тәуелсіздік алған жылдарға дейін қарқынды жалғасты. Яғни небары 30 жылда бүгінгі Рудныйдың негізгі тұрғын үй қоры қалыптасты. Одан кейінгі 1990-2010 жылдары бірен-саран жұмыстар жүргізілгенімен көзге көрінерлік істер 2011 жылы осы саладағы мемлекеттік бағдарламаның қабылдануымен байланысты қолға алынды.
Атап айтсақ, құрылысы тоқтап, қаңырап бос тұрған Ленин, Сандригайло көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлер қайта қалпына келтіріліп, баспана кезегінде тұрған азаматтарға үлестірілді. Ал Строительная, Горький, Тобольская көшесіндегі ескі үйлердің қасбеті, шатыры мен подъезді қайта жаңартылып, жылу есептегіш құралдар жаппай орнатыла бастады. 2014-2015 жылдары басты көшелердегі жолдарды күрделі жөндеуге кезек беріліп, абаттандыру мен жарықтандыруға айрықша көңіл бөлінді.Новинки для спорта и отдыха (3)
2017-2018 жылдар да ерекше оқиғалармен есте қалды. Өйткені, қалада бұрынғыдай қайта қалпына келтіру емес, «нөлден» бастап жаңа көпқабатты үйлердің құрылысы жанданды. Мәселен, әкімдік Восточная көшесіндегң қос үйдң пайдалануға берсе, «ССКӨБ» АҚ-ның жас кеншілері Сандригайло және Қашар көшесінде қоныс тойын тойлады.
Биыл ТКШ жаңғырту саласында жұмыстарды үш негізгі бағыт бойынша қарастырып көруге болады. Біріншісі – халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған.
Бүгінде тұрғындар «МЖК» деп атап кеткен жастар тұрғын үй кешеніндегі Восточная көшесінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 50 пәтерлі екі ғимарат бой көтеруде. Оның біреуі жоспар бойынша Тәуелсіздік мерекесіне дейін, екіншісі келесі жылы пайдалануға берілмек. Мұндағы 10 бір бөлмелі, 20 екі бөлмелі және 20 үш бөлмелі пәтердің аудандары тиісінше 38, 55 және 67 шаршы метрді құрайды. Баспаналар кезек бойынша әлеуметтік аз қорғалған отбасыларға үлестірілмек.
Бас мердігер «Соколоврудстрой» АҚ құрылысқа қажетті материалды пайдалануда жергілікті компанияларға басымдық бергені қуантады. Мысалға, кірпіш «Стройпромгрупп-2030» пен «БК-Стройпромның» өнімі болса, цемент жаңадан ашылған Рудныйлық цемент зауытынан сатып алынған.
Биыл аяқталуы тиіс тұрғын үй құрылысының құны 460 млн теңгені құрайды. Оның негізгі бөлігі – 413 млн теңгесі республикалық бюджеттен бөлініп отыр.
Екінші бағыт – аулаішілік жолдарды жөндеу.iniciativa-1-768x510
Бүгінде қаланың ескі бөлігі мен жеке сектордың тұрғындары көптен күткен игілікке қол жеткізіп отыр. Мұндағы көп көшелер пайда болғалы, яғни «атам заманнан бері» асфальт көрмеген.
Жасыратыны жоқ, осы уақытқа дейін жергілікті биліктің басты назары орталық көшелерде болды. «Жылы асфальт» технологиясы, заманауи балалардың ойын алаңы, ақылды жарық сияқты жаңалықтардың барлығы ескі қаланың тұрғындары үшін арман еді. Енді сең қозғалған сияқты. Бас мердігер «АБЗ Плюс» ЖШС мамандары Володарская, Горняков, Свердлов, Топорков, Пионерская көшелерінің ауласында жұмыс істеп жатыр.stepen-gotovnosti-2-768x510
«Жылы асфальттың» басты артықшылығы – энергияны 25 пайызға, ал жол құрылысына жұмсалатын шығынды 5 пайызға үнемдеуге болады. Сондай-ақ ол технология атмосфераға тарайтын зиянды түтін мен газдың мөлшерін барынша азайтып, еңбек жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
– Төсеніш сапалы шығу үшін тек жаңбырсыз күндері жұмыс істеп келеміз. Әзірге белгіленген жоспардың 80 пайызын орындадық. Жұмыс күші мен техника жеткілікті. Кепілдік үш жылға беріледі. Осы уақыт ішінде кез келген кемшілікті өз қаражатымызбен жөндеуді мойынымызға аламыз, – дейді серіктестік директорының орынбасары Игорь Пак.DSC_0868
Еске сала кетейік, биыл жолдарды орташа жөндеуге қазынадан 900 млн теңге бөлінді. Оның 700 млн теңгесі Рудныйға тиесілі болса, қалған қаражат Қашар кентіне жұмсалмақ. Осылайша биылдың өзінде қаладағы 395 ауланың 80 пайызы игілікті іспен қамтылды.
Үшінші бағыт – балаларға арналған ойын алаңдарын жаппай салу.
Бала – елдің болашағы. Олардың бақытты да, тыныш өмірі – жарқын болашақтың кепілі. Соңғы жылдары Рудный халқының санымен қоса, сапалық құрамы, яғни балалардың үлес салмағы арта түсті. Бұл өте қуантарлық жәйт. Енді олардың өсіп-өнуіне қолайлы жағдай жасауға мемлекеттік бағдарлама септесіп отыр.
Бүгінде көптеген аулаларда ойын алаңдары әбден ескірген. Қаланың ескі бөлігінде тіпті жоқтың қасы. Олқылықтың орнын толтыру үшін былтыр әкімдік тұрғын үй аулаларында бес бірдей жаңа спорттық-ойын алаңын салып берсе, биыл тағы 15 алаң бүлдіршіндердің қуанышына айналды.
Ойын алаңдары түрлі әткеншектермен, үйшіктермен және дене шынықтыруға арналған тренажерлермен жабдықталып, жерге тартан жабындысы төселген. Бұл, ең алдымен, балаларды жарақаттанудан сақтау үшін жасалған қадам. Осындай алаңдардың бірі жуырда Корчагин көшесі, 100-102-104 үйлердің ауласында да орнатылды.
– Өткен жылдан бері жер-жерлерде осындай тамаша ойын алаңдары салынып жатқанын көріп, «біздің жаққа да біреуі бұйырса екен» деп іштей тілеп жүрдім. Енді тілегім орындалып, көзді ашып-жұмғанша сол алаң пайда болды. Бүгінде айналадағы үйлердің балалары осы жерге келіп, мәре-сәре болуда. Біздің де қуанышымызда шек жоқ, тек тұрғындар қолда бардың қадірін білсе екен, – дейді ұлы мен қызын ойнатуға әкелген осы көшенің тұрғыны Еркін Калимбердиев.
Жергілікті биліктен бөлек бастамаға қаланың бірнеше кәсіпорындары үлес қосып жатыр. Мәселен «Сана» корпорациясының құрамындағы «Хорошое дело» басылымы «Қайырымды істердің жинақ сандықшасы» жобасын қолға алған. Нәтижесінде былтыр үш аулаға экологиялық таза финдік TALO фирмасы жасап шығарған ойын алаңшалары орнатылды. Ал танымал «Обжоркин» дүкенінің басшылығы болса 10 млн теңгеге бұрын-соңды болмаған тамаша үлгідегі спорттық ойын алаңын Комсомол көшесіндегі 37-ші үйдің ауласына салып берді.
Тізбектеп айта берсек, осы салада үш емес, одан да көп бағытта ауыз толтырып айтарлық жұмыстардың атқарылып жатқанын байқауға болады. Біз негізгілеріне ғана қысқаша шолу жасадық.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓