Өнерге зор қолдау болған фестиваль

Қазақстан ұлттық (этникалық) театрларының республикалық фестивалі еліміз бойынша дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан ауқымды өнер мерекесі. Алғаш бұл фестиваль 2011 жылы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен елордада өткен болатын. Бұған дейін астанада екі мәрте, Қарағанды, Шымкент қалаларында ұйымдастырылған екен. Биылғы бесінші басқосудың біздің өңірімізде өткізілуі бекер емес – қазақ кино және театр өнерінің саңлағы, Қазақ КСР Халық әртісі, даңқты жерлесіміз Елубай Өмірзақовтың 120 жылдық мерейтойы қарсаңымен тұспа-тұс келіп отыр. Өңіріміздегі өнер мерекесі қарсаңында қазылар алқасының құрамы аймақтық коммуникация қызметінде тілшілермен жүздесіп, сұрақтарына жауап берді.
IMG_20190821_103438
Шарт бойынша отанынан жырақта жүрген этникалық ұлыстардың өнер ұжымдары мен ұйымдастырушы өңірдің қазақ және орыс театрлары міндетті түрде қатысады. Биыл Тобыл жеріне басқа аймақтардан Шымкент қалалық өзбек драма театры,  Мемлекеттік республикалық академиялық корей музыкалық комедия театры, Құдыс Қожамияров атындағы  республикалық мемлекеттік академиялық  ұйғыр музыкалық комедия театры және біздің аймағымыздан І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры, облыстық орыс драма театры қатысуда.
— Еліміздегі неміс, корей, ұйғыр, өзбек театрларының болғанын мақтанышпен айтуға болады. Бұрынғы кеңестік елдердің бірде-біреуінде мемлекеттік деңгейде қаржыландырылатын мұндай этникалық өнер ұжымдары жоқ. Неміс театрының тарихы 30, корей, ұйғыр театрларының тарихы 80 жылдан асып кетті. Ал өзбек театрының құрылғанына 15 жыл болды. Фестиваль аясында аталған театрлар Қостанай жеріне алғаш рет аяқ басып отыр. Өңірдегі 17 этникалық мәдени бірлестік өкілдері де өнер ұжымдарының қойылымдарын тамашалауға зор мүмкіндік алды, — ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бас сарапшысы Гүлнафис Мырзашева.
DSC_1878
Қазақстанда жылына түрлі тақырыптардағы бес-алты театр фестивалі өтеді екен. Әрбір жиналған қалада қойылымдар ұсынылып, жеңімпаздар марапатталып қана кетпейді, сахна өнерінің түйткілі, репертуарларды жаңарту, режиссура, драматургия саласы мен техникалық қамтылу қатарлы сүйекті мәселелер көтеріледі.
DSC_1890
— Бізге осындай фестивальдер әр өңірден келген түрлі өнер ұжымдарының қойылымдарын тамашалап, артынан толық сараптама жасауға зор мүмкіндік береді. Қазір бір қуантарлығы, талапты жас актерлермен бірге дарынды режиссерлер буыны өсіп келе жатыр. Олар сахнадағы ертеден келе жатқан дәстүрлі стильді «бұзып», жаңаша формат енгізуде. Қазақстанда 60-қа жуық кәсіби театр бар. Ал осы театрлар фестивальдері арқылы көп проблеманы шешіп келеміз. Алдағы уақытта Семейде, Жезқазғанда Ә.Өмірзақова, Ж.Хаджиевтің мерейтойларына арналған театр фестивальдері жоспарланған. Оның сыртанда Нұр-Сұлтанда жыл сайын халықаралық театр фестивалі өтіп тұрады. Онда шетелден әріптестер келеді, олармен тәжірибе алмасамыз, — деді қазылар алқасының мүшесі, драматург, сыншы, өнертану ғылымдарының кандидаты Еркін Жуасбек.  
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓