Жарқын елдің шамшырағы

Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы – Нұр-Сұлтан жиырма жылдан астам уақыт ішінде әлемнің заманауи әрі таңғажайып мегаполисіне айналды. Мұнда ең жоғары халықаралық деңгейде мәртебелі ұйымдардың, әлемдік көшбасшылар мен саяси сарапшылардың бас қосулары өткізіліп келеді. Сонымен қатар, ел астанасынан озық ойлы жастар тәрбие алып, елдің түкпір-түкпірінде жемісті жұмыс істеп жүр. Солардың бірі – Бағдат Жәкенова.
IMG-20190702-WA0016 (1)
Бағдат Ғарыпжанқызы – Қостанай облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының бас маманы. Оның сөзінше, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы келісім мен бітімгершіліктің орталығы ретінде әлемге танылды. Бас қаламыз керемет сәулетті көрінісімен, жыл сайын дамыған қала өмірімен ел тұрғындарымен қатар, шетелдіктерді де таң қалдырып келеді.
— Әрбір қазақстандықтың өмірінде Елорданың орны ерекше екені сөзсіз. Мен үшін Нұр-Сұлтан қаласы сапалы білім алу мен жан-жақты дамудың кең мүмкіндіктеріне жол ашты. 2012 жылы «Алтын белгі» иегері атанып, еліміздің үздік оқу орнының бірі –  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетіне түстім. Бұл оқу ордасы әлемнің мықты 400 ЖОО қатарына кіреді. Университеттің 25-тен астам ғылыми-зерттеу институты бар, ал оқытушылар құрамында біліктілігі жоғары әрі әлемге танымал ғалымдар, Нобель сыйлығының лауреаттары, беделді саясаткерлер мен елшілер дәріс оқып, қызмет етеді, — дейді Бағдат Жәкенова.
Бағдат Ғарыпжанқызы аты аталған Университетте мемлекеттік грант бойынша халықаралық қатынастар мамандығында оқыды. Әлем халықтарының тарихы, мәдениетіне қызығушылығы мол болғандықтан, ағылшын тілімен қатар, Университет жанындағы Конфуций Институтында қытай тілін меңгерген. Бұл дегеніңіз, арамызда заман талаптарына жауап бере алатын маман жүр. Ал,  Конфуций Институты туралы не білеміз?
43YJluxrdUA
— Негізі, әлемнің 120-дан астам елінде 500 жуық, соның ішінде Қазақстанның Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе және Қарағанды қалаларында Конфуций Институттары жұмыс істейді. Мұнда тілді меңгере отырып, «аспан асты» елінің сан-салалы мәдениеті, өнері мен тарихынан бірталай мағлұмат аласың. Конфуций Институты студенттері Қауымдастығының белсенді мүшесі болып, Халықаралық шәй фестивалі, Институттың 10 жылдығына орай салтанатты мерекеге, бірқатар іс-шараларға қатысқаным бар. Осылайша қызыққа толы институттағы өмірім мен қытайлық Ли Сы Чан, Фэн Хуа және басқа да лаошылардың (ұстаздардың) берген білімі арқасында тілді меңгеруім жоғары деңгейге жетті, — деді ол.
 Бағдат Жәкенованың білікті маман болып қалыптасуына ҚР Дипломатиясына еңбегі сіңген қайраткер Сайлау Батыршаұлы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметов секілді жоғары дәрежелі оқытушылардың дәрістері мен еңбектері, әлем мемлекеттерінің елшілері қатысқан сұхбат алаңдары зор әсер еткен.  Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов атап өткендей, «білімді болуға оқу керек, осы керектің жолында жұмыс істеу керек». Бұл – кейіпкеріміздің басты ұстанымдарының бірі. ҚР Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаментінде тәжірибеден өтудің арқасында ол одан әрі кәсіби тұрғыда шыңдалды.
HsC0VeMHCRM
— Бұл мекемеде жиналған білім мен жұмыс дағдылары халық мүддесін алға қояр, өз ісіне адал мемлекеттік қызметші болуымның негізі еді. Қазіргі таңда кіші Отаныма оралып, облыстық ішкі саясат басқармасында өңірімнің көркейіп, дамуы үшін қызмет етіп келемін. Елорданың даму ырғағы білімді әрі жалынды жастардың болашаққа талпынысына серпін беретіні айқын. Сондықтан, жастардың еліне деген сүйіспеншілігі, бәсекеге қабілеттілігі, білім мен ізденіске құштарлығы алдағы уақытта бас қаламыз бен Қазақстанның өсіп-өркендеуінің тірегі деп білемін, — деп түйді Бағдат Ғарыпжанқызы.
tIsCtLy4jeM
Жас маман жұмысына жауапкершілікпен қарайды, өте ұқыпты. Басшыларының айтуынша, тапсырылған жұмыстарды дер кезінде орындауға дағдыланған. Басқарманың өрелі істеріне бел шеше араласады. Ендеше, еңбек майданына араласқан Бағдат Жәкенованың туған жерінің гүлденуіне өз үлесін қоса беретініне сенімдіміз.
 
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓