Кіл жүйрікте кім жүйрік?

"Құтты мекен – Қостанай" республикалық ашық жазба айтысының үшінші кезеңін де аяқтадық. Бұл айналымда сегіз ақын айтысқан болатын. Жыр-жарысты әрі қарай жалғастыруға тең жартысы ғана мүмкіндік алып отыр. Қалыптасқан дәстүріміз бойынша, қазылар алқасының шешімдерін жариялап, ортақ тұжырымдарына қысқа да нұсқа тоқталып өтпекпіз.айтыс
Үшінші айналымға өткен ақындардың осалы жоқ. Осы уақытқа дейін өздерінің шын мықты екендерін дәлелдеп келді. Тиісінше, қазылар үшін де ақындарды бағалау қиындай түсті. Кейбір жұптардың айқын басымын бір қарағанда тап басу оңай емес. Дегенмен, төрешілер ақындардың мүмкіндіктерін талқыға тартып, салмақтап, әдебиеттің әртүрлі критерийлері бойынша бағалады.
Сонымен, 3-айналымда Тоба Өтепбаев пен Алтынай Қанапия, Абылай Мауданов-Дания Сәтбек, Аслан Қанғожин-Таңжарық Ержан, Батырлан Сағынтаев-Алмат Кенжебеков жұптары өнер көрсетті. "Мықтыны мықты жығар алысқанданың" нақ мысалына куә болдық. Ал енді жұптар айтысына жекелей қысқаша тоқталып өтейік.
Айтысты Тоба Өтепбаев пен Алтынай Қанапия бастады. Сөз сайысқа бір төреші тең деген ұпай берді. Қалған қазылар Тобаны басым деп есептейді. Ол айтыстың идеясын құруға ұмтылу, бірінші болып ой бастау, сауал тастау, тақырып қозғау жөнінен алда. Алтынай айтыс бойы Тобаның "салған ізімен" ғана еріп отырған. Оқушы-қарсыластан Абай туралы емтихан алған, сынақ жүргізген Тобаның доминанттығы анық көрінді. Ағасын "апайым" деп қалуы да Алтынайға абырой әперген сөз болған жоқ.
Абылай мен Данияның айтысына да бас төрешіміз Айбек Қалиев тең ұпай беріпті. Басқа қазылар бұл сында Абылайдың өлеңін әлдеқайда көркемірек, астарлырақ деп тапты. Бір жағынан, қарсылас талғамай, өзінің бір қағары барын, аңғарымпаздығын көрсетіп, бәсекелесін ұрымтал тұстан ұстап састыруға шебер Дания осы жолы Абылайдан ә дегеннен-ақ аяғын тартып айтысқан секілді. Бәлкім, қыр-сырына қанық болған шығар, қарсыласына оп-оңай беріле салғандай. Тек айтыс аяқталар кезде ғана еркінірек жазған. Жазба айтыстың негізгі құндылығына сай, Абылайда есте қаларлық теңеулер, тың тіркестер, тақырыптық соны деректер бар. Сондықтан қазылар басымдықты Данияның ағасына берді.
Аслан мен Таңжарықтың айтысында астарлы мән де, тартымды рең де бар. Әсіресе, Аслан айтысты бастан-аяқ ассонанс-аллитерациямен өріп шыққан. Яғни әр бөлек өлеңі 1-ақ әріптен (не дауысты, не дауыссыз) басталып отырады. Ал бұл – жазба айтыстың визуалды әсерін асырып, сәнін, ырғағын келістіре түсетін тәсіл. Бұлай жазуға бекінген ақын өлеңнің сыйымдылығын тарылтып, ондағы ойды таяздатып алуы мүмкін. Бірақ мұндай нюанстарды байқатпауға Асланның бар күшін салғаны көрінеді. Оқырманға жақсы қырымен танылып үлгерген Таңжарық та жаман айтыспаған. Бірақ "Ініңнің құлақ етін сен кемірдің" деп айтысының ең басында-ақ қателесуі "қап" дегізді. Жазба айтысқа құлақтың қандай қатысы бар? Осыған ұқсас логикалық кемшіліктер жоқ емес. Бұл – тағы да сол сахналық образда отырып өлең құраудың салдары. Бірақ, бір елеп өту керек тұсы, Таңжарық тақырыпты жақсы жырлаған. Әйткенмен, жазбалық эксклюзив тұрғысынан қазылар ұпайларын Асланның қоржынына салды.
Батырлан мен Алматтың жекпе-жегі де олқы емес. Алмат осы кезге дейін осал ақындармен айтысқан жоқ. Көбіне қазылар шешімімен тең түсіп келді. Бірақ, деңгей жағынан Батырлан Алматтан әлдеқайда басым. Арналы, кең тынысты ақын екенін тағы бір дәлелдеп беріпті. Әрине, төрешілер әуелгі кезекте жазбалық тұрғыдан баға береді ғой. Батырланның өлеңдері анағұрлым құнарлы, қолыңызға қалам алып түртіп шығамын десеңіз, әдеби троптардың неше түрін (теңеу, әсірелеу, құлдырату, шендестіру, т.б.) кезіктіре аласыз. Жеңіс бірауыздан Батырланға берілді.
Келесі кезеңге өткен жеңімпаз ақындар төмендегіше жұпталды:
1.Абылай Мауданов — Аслан Қанғожин
2.Батырлан Сағынтаев — Тоба Өтепбаев.
Естеріңізге сала кетейік, жазба айтыс Қостанай қаласының, халық ақыны Омар Шипиннің 140, Алаш ардақтысы Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына орай өткізіліп жатыр.

Читайте также:

комментария 2

  1. Аноним:

    Алтынай мен Тобаның айтысына әділ баға берілмеді. Айтысты жігіт бастаған соң, идеясын тастау да соның еншісінде. Егер бағалау идеясын құру мен айтысты бастауға тірелген болса, бұрыннан келе жатқан дәстүрді бұзып, мықтының мықтылығын дәлелдеу үшін жасы кіші болсада, қыз болса да Алтынайға бастату керек еді.Байқасам Тоба тақырыпқа аса ойыса қойған жоқ. Ал "Апайым" деген сөзге келер болсақ, бұл соншалықты сөзұғарлықты талап етеді деп ойламаппын. Алтынай Тобаға апайым деген жоқ, мектептегі апайлар сияқты жақсы түсіндіреді деді.Тегінде "сөз түсінбейтіндерден күнде жеңілемін" деп Хәкім Абай да бекер айтпаған ғой. Алтынайға алдағы уақытта тек сәттілік тілеймін !

    • Qostanaı tańy:

      Бұл – төрешілердің синтезді пікірі. «Детальді талдауларын емес, қысқа-нұсқа пікірлерін ұсынамыз» деп жазған ғой. Сөз жоқ, ақындар орта деңгейлі айтыс көрсеткен. Бірақ талдауды жазушының және сіздің айтып отырған параметрлерді есепке алмағанның өзінде, қай ракурстан қарасақ та бәрібір Тоба бір мойын алда. Жалғыз ғана айтарымыз, төрешілер жоба бойы ақындардың өзіне емес, сөзіне ғана баға беріп келеді. Дегенмен, айтыстан кейінгі «айтыстың» сіздікіндей қарсылықтарсыз болмайтынын да жақсы түсінеміз. Бәріміз де оқушы да болса осы кезеңге дейін сүрінбей келген Алтынайдың келешегінен үлкен үміт күтіп, биік белестерді бағындыруын тілейміз!

       

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓