ЖАЗБА АЙТЫС: Еркеғали мен Дания

"Құтты мекен – Қостанай!" республикалық жазба айтысының кезекті жұбы – нұрсұлтандық ақын Еркеғали Бейсенов пен Қостанайдың намысын қорғайтын Дания Сәтбек. Екі үміткер де өткен айналымда жақсы өнер көрсетіп, төрешілердің оң бағасын алған еді. Бүгінгі жыр-жарыста да Алла ауыздарына сәтті сөз салып, қырағы қазылар мен патша көңілді оқырмандарымыздың разылығына бөлесін деп тілейміз қос ақынға. 
Естеріңізге сала кетейік, республикалық жазба айтыс Қостанай қаласының және халық ақыны Омар Шипиннің 140 жылдығына, көрнекті жазушы Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына арналып отыр. Еркегали-Дания
 
Еркеғали:
Көз тігіп жазба айтысқа отырған мың,
Ассалаумағалейкум, оқырманым!
Ақындар алдарыңда таба білді
Замана толғауының дөп ырғағын.
«Қостанай таңын» сосын парақтауда,
Парықтап көңілге ой тоқуды әркім.
Уа, халқым, елдік істе еңселендің,
Қасымай ешкім жеке "қотырларын"!
Биікті бағалаған Бейімбеттей
Жүректе біліп едім отың барын.
Төріңде Омардың да озып даңқы,
Ескердік отар елде опынғанын.
Алыстан менмұндалап тұрады ғой,
Қалса да құрсауында шоқы қардың…
 
Ақтаңдақ ақиқат пен жаттап аңыз,
Біз өткен ұлылармен мақтанамыз.
Ал қазір ұлықтайтын ұл танылмай,
Хаққа емес, бергендер жүр таққа маңыз.
Салмақты көрінсек те қорғасындай,
Қалыпқа билік құйған шақ қанамыз.
Шығатын қаймақ таппай сүт бетіне,
Іріген іркіт қана боп барамыз.
Сондықтан әркімге бір сенген халық,
Деп әлек "әйтеуір бір бақ табамыз".
Ел солай әрі-сәрі күйде жүрсе,
Тойында бүлдіруде «мақтаған қыз».
Орыстың зымыранын тағы ойлады,
Лайық деп тек Жангелдин жаққа нағыз.
 
Армысың, Шығыс қызы Торғайдағы!
Ашылған зымыранға жол қайдағы?..
Бұрыннан еліміздің, әй, осы бір
Мұң-зардан арылмайтын болды аймағы!
Аһ ұрдым қырылғанда киік, балық,
Татырдың табаны да сорға айналды.
Сонымен, өзендерін улаған кім?
Жоқ еді тұрғындардың ондайлары…
Билікке сес көрсетіп қойса нетті,
Қомданып Құнанбайша шоң байлары?!
Қанатын ауырсынып қалған ба әлде,
Қиядан үн қаттырмай қоң майлауы?
Әу дейтін ақсақалдар қалды ма өзі?
Тозбасын үнсіздіктен бордай бәрі!
Ахмет, Ыбырайлар көзін ашқан
Сонда ғой білімнің де мол қайнары.
Мысалы, сен оқисың Арқалықта,
Ал, айтшы, бұлай неге сор қайнады?
Шырайлы Шығыстың да өзің шыққан
Басынан ұшып еді қонбай бағы.
Жаралы жүрегімен қарт даламыз,
Зардабын полигонның толғайды әрі.
Қос мұңлық – Семей, Торғай жайын айтшы!
Тіл бар ғой, болғанменен қол байлаулы.
 
Дания:
Сүйемін "халық" атты анамды ерек,
Сенімі мойынға артқан маған көмек.
Армысың, айтыс сүйер арда ағайын,
Ақтауға үмітіңді шамам келед.
Бақытты бір қызыңа айналармын,
Жырыменен тұрса егер ағам демеп.
Батырларды ұлықтау бізге міндет,
Орын алсын әр ісі санаңда ерек.
Бейімбеттің орыны ойсырап тұр,
Десек те жағдай бөлек, заман бөлек.
Омардың ерліктерін бұл күндері
Жырлаудан бұрын жасар адам керек.
 
Армысың, Еркеғали ақын ағам,
Құр сөзбен көңілдерге екпес егін.
Өлеңіңді өрілтіп, ағатайым,
Жүректе айтылмаған көп пе шерің?
Бұл айтыста ағыңнан ақтарылып,
Дейсің-ау шындықпенен беттесемін.
Азаматтар көп болса Бейімбеттей,
Азапты күн белгілі шекпес елім.
Торғайда туған ұлдың бірі едің ғой,
Елің де арта қоймас текке сенім.
Торғайды толғай келіп, қарындастың
Қолымен келіп тұр-ау от көсегің.
 
Көңіліңде жауапсыз сұрақ жүрсе,
Жүрегің еліңді ойлап жылап жүрсе,
Қазақтың қайсарлығы шығар бәлкім,
Қиындыққа мойымай шыдап жүрсе.
Елдің жайы оңар ма, елім дейтін
Ерлері жақын келмей, жырақ жүрсе?
Әлеуметтік желіден әрі аса алмай,
Жағдайын қыз-қырқыннан сұрап жүрсе…
 
"Елім" деп, аға, бойды тіктедің бе?
Кінәні өзгелерге жүктедің бе?
Туған жерге ту тігер азаматсың,
Үлгі болар ісің ғой күткенім де.
Құнанбайдай батылдық қылу үшін
Күтеміз бе байлықтың біткенін де?
"Әу дейтін ақсақалдар жоқ па?" дейсің,
Намысты солай жасқа жіктедің бе?
Елім деп еміреніп шығу үшін
Шығуын сақалыңның күткенің бе?
 
Еркеғали:
Омардай ер керек деп бұл ғасырға,
Қарындас, шығармадың жырды асыға.
Сол сөзің ой салса игі менің әрбір
Замандас, жерлес, бауыр, құрдасыма.
Иә, рас, Би-ағаңдай бола алмай жүр,
Мың жерден мақтасақ та кімді асыра.
Алайда, мені дұрыс түсінбедің,
Қолыма қалам алған мұңдасуға.
Ел жайын сұрап едім елегізіп,
Қағып бір өр намыспен сынға сына.
Деп ойлап «қыз қолымен от көсейді»,
Көп мінді үйіп-төктің бір басыма.
Саған жай қыз-қырқын деп қарамадым
Желіде желігіспей, сырласуда.
Несі айып, етек жақта екіленбей,
Ойлассақ шығып алып шың басына?!
Жырақта қарап жүрмей, сол еліме
Кім кепіл бір жақсылық қылмасыма?
Айтысқа шумақ етсек халық сөзін,
Перзенттік парыз болар бұл да, сірә…
 
Алғандай тәрбиенің көп үлесін,
Қарындас, көргенді қыз көрінесің.
Ағалап тұрғаныңнан айналайын!
Бұны жұрт сыйластықтың жөні десін.
Мен азу батырмаймын ондай жанға,
Бұл ретте жасырайын оның несін?
Сауатты жастармен, рас, санасамын,
Демеймін "кішкентайсың, не білесің?"
Тұтас бір мемлекет қой Дания деген,
Қойылған, демек, саған көрім есім.
Айтыста әлі талай жарқырарсың,
Жайғасып сахнаның төріне шын.
Көңілге шумақтардан шуақ сыйлап,
Өмірде өлең болып өрілерсің.
Алты Алаш аузын баққан дана қыз бол,
Ешқашан абыройың төгілмесін!
Өзіңдей өрелілер кеңейтетін
Іргеміз бүтін болсын, сөгілмесін!
 
Шындықтан алшақтамас ақын дәйім,
Онымен елге берер хақым дайын.
Күйбеңін күйттемей тек жеке бастың,
Тілеймін шекпегенін халқым уайым.
Қойып ем сол әдетпен саған сұрақ,
Деп ойлап оңды уәжін мақұлдайын…
Жарайды, қиын болса жауап беру,
Басыңды мәселемен қатырмайын.
Сақтаған қыз жанында мәдениетті,
Саяси пікірімді тақымдайын.
Анықтап бағытымды осылайша,
Тұрмыстық тақырыпқа жақындайын.
 
Жүйенің төзген ауыр сынағына
Арқалық қалай, жалпы, ұнады ма?
Оқудың тез бітуін күтпей, қалқам,
Жүрмісің шырай беріп шыдамыңа?
Келін боп қаламысың, алам десе,
Бір інім сырға салып құлағыңа?
 
Дания:
Ағажан, өлеңіңмен дара тұрдың,
Ішінен суырылып сан ақынның.
Өзіңді жат көрмеймін, қарындас деп
Астына алар болсаң қанатыңның.
Дедің бе "келін болып қаласың ба?"
Өткені осы екен ғой бала күннің.
Жар болу бір серіге – парызымдай,
О баста мен сол үшін жаратылдым.
 
Арқалықтың елім дер ері болса,
Ерім деп қолдайтұғын елі болса,
Бейімбет пен Омардай батыр шыққан
Бас тартам ба баурыңның тегі болса.
Иманы жүрегінің емі болса,
Демеспін атақ-даңқы, шені болса.
Хандай көріп өтермін қарсы келмей,
Қара басы ақылдың кені болса.
Серігіме балармын ойланбай-ақ,
Сертіне берік, адал сері болса.
Сырға түгіл көзінде салдырмаспын,
Осы айтқан талабыма кері болса.
 
Тілегіңе қалғандай жан жылып та,
Отырсың тәтті өлеңмен таң қылып та.
Бір елдің атын алған ару дедің,
Жырың қалар жүректе жаңғырып та.
Нұр-сұлтанда тұратын адамдарға
Атқа аса мән беру заңдылық па?
 
Бар жақсыны еліме қалап тұрғам,
Бір пайдам тисе екен деп талап қылғам.
Әңгімесін үлгі етіп Бейімбеттің,
Әр сөзін қазынаға балап тұрғам.
Отау жайын өзің де сөз еттің ғой,
Жөн болмас жалғай алмай қарап тұрған.
Айдарбек пен Зейнептің қысқа күнін
Би-ағам өзгелерге сабақ қылған.
Бүгінгі отау құрған жастарымның
Тәтті өмірін етуде шарап құрбан.
Ыдыс-аяқ сылдыры естілгенде
Зейнептер жоқ бұл күні тағат қылған,
Айдарбектер ойланбай талақ қылған.
Ортада тірі жетім пайда болып,
Жарасынан жүректің қан ақтырған.
 
Еркеғали:
Тарқатып қандай талап қылмағыңды,
Дания-ау, көрсетсеңші тың қарымды!
Байқаймын, отырсың сен сәл тайсақтап,
Жалғаудан әрі аса алмай жырларымды.
Айтыста айтарыңды айт дегенде,
Әрине, ілмейміз тек сынға мінді.
Түр жасап алып сосын тым жасанды,
Сабақтау шарт та емес мұңға мұңды.
 
Сенсең де ақылы мен текке мейлі,
Серінің жүрісін ол реттемейді.
Бойынан бір жігіттің бәрін күтер,
Тілегің Жаратқаннан неткен игі?!
Ойланбай серігіңе балайтындай,
Шын сері қызға берік серт бермейді.
Себебі, аты бар ғой «сері» деген,
Сүюмен жалғыз сені шектелмейді.
 
Көргендей көлеңкесін кемді күннің,
Екі ойлы екеніңді енді білдім.
Өткенде Бауыржанға деген едің
«Шығыста шәй беретін тең құрбыңмын».
Демек, сен студент боп келгеннен-ақ,
Қалуға туған жерде белді будың.
Ал маған келін болмақ рай таныттың,
Талаптың биігі етіп ердің құнын.
 
Не айтсам, дей бермей сен соған мақұл,
Орнықты ойыңды тіз орамға тұл!
Айтыстың тақырыбы – қос мерейтой,
Ретімен қоса отыр оған да ақыл.
Дұрыстап ұлықтайық, анда-санда
Дей салмай «Бейімбет – ақын, Омар – батыр»!
Екеуін тек айтысқа арқау етсек,
Мәнісі мәселенің қоғамда тұр.
 
Тұлпарын тәуекелдің ерттеп мініп,
Танытам елдік істе тек тектілік.
Сондықтан Майлин жайлы айтарым көп,
Көрген соң атындағы мектепті құт.
Пиғылды әшкерелеп шовинистік,
Сол үшін билік оны шеттетті нық.
Танытты бірақ Тоқтар Бейісқұлов,
70-тен асқан шақта зерттеп біліп.
Сеп болған кандидаттық жұмысына
Мол мұра, қайраткерлік, ептеп білік.
 
Алсақ біз кішірейтіп алып басын,
Тұлғасын танымауы – халыққа сын.
Мырқымбай, Жолаушы һәм Малай, сосын
Балықшы деген атқа анық қансын!
Бір айтыс жасай салып туған жері,
Мемлекет үнсіз қалып танытпасын!
Атына музей ашсақ Қостанайдан,
Одан түк салмақ түспес нарыққа шын.
Дүркіреп 125 жылдығы өтіп,
Зор даңқы шартарапта шарықтасын!
 
Қарындас, табар болсаң демде қисын,
Әр жүрек түкпіріне дендегейсің!
Бейімбет Майлинді мен мысқалдадым,
Ал Омар Шипин жайлы сен не дейсің?
 
Дания:
Ағажан, ақыл ойға кемел едің,
Ойыңды өлеңменен шегеледің.
"Байқаймын, екі ойлы жан екен" деп,
Асығыс байлам еттің, көрегенім.
Бауыржанға шәй берем десем елде,
Ол менің достығыммен демегенім.
Қонақ етер үйім жоқ Арқалықта,
Айтқызбай түсіне алар деген едім.
Бұл жақта қаларыма сенім де жоқ,
Інілерің көрсетпесе төбелерін.
Ер таңдап жүрсем-дағы, жер таңдаман,
Қазақтың бар жерінде көгеремін.
Қалуға дайынмын деп соны айттым,
Жөн болар түпкі ойымды елегенің.
Тек шығысқа байлану ойымда жоқ,
Кеңейгені бізге артық керегенің.
 
Қарындасың жақсы жар, бақ қалайды,
Сенімсіз болса, босаға аттамайды.
"Серілер сұлуларға серт бермейді, —
Дейсің бе, — сезімін де сақтамайды?"
Иманды жүрек болса, болар бәрі,
Сеніміңді арлы жан таптамайды.
Адамдыққа адалдық егіз болсын,
Сатқындықты серілік ақтамайды.
 
Біздерді көрінді деп тым жасанды,
Ағамыз айтар ойын жырға салды.
Ел жайын айтқанымыз айып па екен,
Жасады дейсің неге түр жасанды?
Бірақ та өзің жеке басты жырлап,
Келінге келтірер деп сырға сәнді.
Айтсаңыз елдің емес, келін жайын,
Кім шырмап, тұзақ кұрып, шырға салды?
Осыдан көрініп-ақ тұрған жоқ па,
Ағасы, кім шынайы, кім жасанды?..
 
Омарды жырла депсің анық маған,
Ойымды енді айтайын парықтаған.
Елі үшін от кешкен ердің бірі,
Биікте қырандайын қалықтаған.
Еліне үлгі болар жырлар жазып,
Жақсылыққа шақырудан жалықпаған.
Елім деп туған нағыз батыр еді,
Бағытын адалдықпен анықтаған.
Ақынға ең керегі батыл жүрек,
Жандар қанша әлі күн соны ұқпаған?!
Бұл күні ақындар көп ел ішінде,
Бойына батырлықты дарытпаған.
 
Ел ішінде атанған «Сарбаз ақын»,
Жырлары да көп еді жанға жақын.
Амангелді батырға серік болып,
Ерлігімен жеткізген ханға датын.
Батырым ете жүріп Елбегілік,
Ертеңі үшін елінің қамданатын.
Жұмыс жайлы үгітін жырмен айтып,
Іс қылатын әр кезде таңданатын.
Ұстаздық қызмет те еткен елге,
Тәкаппарлық жоқ еді паңданатын.
Омар батыр қай іске кіріссе де,
Сол орта қан жүгіріп, жанданатын.
 
Шетте жүру өзіңе дегенде мін,
Бір пайдам тиеріне сенем дедің.
Омар жайын жырла деп мына маған,
Елі білсін дедің-ау ер еңбегін.
Кенесары батырды жырға қосқан
Омарды жырлай алсаң көрем дедің.
Әлімнің жеткенінше жырға қосып,
Ағаның айтқанына көнем дедім.
Төлек атты рудан шыққан ұлсың,
Жөн көрмен дәстүрімнің көнергенін.
Кенесары батырға серік болған
Жәуке батыр білерсің мол еңбегін?
Төлектен шыққан батыр бабам еді,
Біледі көзді салса тереңге кім.
200 жылдығы да келіп қалды,
Көрмедік әлі күнге еленгенін.
Ал, ағатай, ісіңмен көрсеткейсің,
Соңынан текті ұрпақтың сен ергенін!
 
Еркеғали:
Табыла кеткендей боп тез керегің,
Сөзімді бұрмаладың лезде менің.
«Жасанды түр – сенікі» дегенім жоқ,
Нысана емес қой бұл көздегенің.
Сөйтпей де айтысуға болады деп,
Бағыттан жаңылмауды меңзеп едім…
 
Аттаған хан Кенемен қырқаны мың,
Ол рас, ер Жәукенің ұрпағымын.
Ес тұттың сен осы бір еркін ұшқан
Торғайдың балақбаусыз сұңқар ұлын.
Шартпа-шұрт сайысқа бір тартылмай-ақ,
Сақтадың сыпайылап жыр қадірін.
 
Иә, жөн бұл айтқаны дара қыздың,
Кеп қалды мерейтойы бабамыздың.
175 жылдығын жасағанбыз,
Үлкені сол екен іс-шарамыздың.
Екідің ауылында өткен ол той,
Тәрізді парызымыз ғана біздің.
Мемлекет тарапынан қолдау таппай,
Шашылдық жеткенінше шамамыздың.
Торғайдың жігіттері бірдеңе қып,
200 жылдығын да жабамыз, күн!
Әзірге еленбеуін уайымдамай,
Сене бер артарына бағамыздың!
 
Мерейін үстем етсек Қостанайдың,
Тұрады екеумізді қостамай кім?!
Ақындық борыштың бір өтелгені,
Қыла алсақ көңілдерін хош талайдың!
Атынан Астананың шығып едім,
Қасыңда нұрсұлтандық боп қарайдым.
Әйтеуір, Ерке-Ғали деп жазылмас
Ағаңмын айбынына қосқан айбын.
Торғайлық жұбым болған қос қарлығаш –
Злиха екеуіңді дос санаймын!
Финалға қазы кімді өткізсе де,
Ренжімей жолыққанша қош бол, ай-күн!
 
Дания:
Туған ел өзі болып жанашырың,
Өзіңдей ардақтасын Алаш ұлын!
Бабасын ұлықтауды ұмытпаса,
Ұрпағының барлығы санасының.
Тойында шашылса егер бабасының,
Ол-дағы бір ерлігі баласының.
Тіледік мемлекет көңіл бөліп,
Астына алса екен деп қанатының.
Елін қорғап өткенде батыр Жәуке,
Қорғағандай көзінің қарашығын.
Елеусіз боп қалмасын есіл ерім,
Елімен бір көтерген дала туын.
Ер есімі жаңғырсын деген тілек,
Көңілдерде болмасын ағат ұғым.
Қарындасқа қараған қамқорлықпен,
Ағажан, өзің болдың дара шыңым.
Тілегіміз бір болып елім деген,
Жырымыз да тапқандай жарасымын.
Астананы қимайтын асыл ағам,
Екі дүние тіледім бар асылын!

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓