ЖАЗБА АЙТЫС: Тоба мен Бауыржан

Облыстық баспасөз қарашаңырағының ерек жобасы – республикалық жазба айтыс одан әрі жалғасады. Өлең сайысына түсетін кезекті жұп – отырарлық от ауызды ақын Бауыржан Ерман және Тобыл-Торғай өңірінің өрелі өнерпазы Тоба Өтепбаев. Бауыржан
WhatsApp Image 2019-06-03 at 09.49.27Екеуі де оқырмандарымызға қарым-қабілеттерін танытып үлгерген дарын иелері. Ендеше, жырсүйер жұрттың сүйікті ақындарынан осы жолы да сүйекті сөз, сүбелі ойлар дәметеміз! Жүйріктердің шабысын жаза жібермей бақылап, қай мықтысын бірге анықтайық, ағайын!
 
Бауыржан:
Ассалаумағалейкум, ар ма, қазақ?
Саумысың, Тобадайын арда қазақ?
Бүгінде алшаң басып жүрмісіздер,
Бастан кетіп "сарылар" салған азап.
Намысым бір соқтықпай жібермейді,
Десем де: "Өткен күнді талдама, жақ!"
Оянса деген ниет руxтары
Кейбіреудің жанында қалған аз-ақ.
Найқала көшкен жұртым көгерсе екен
Тағдырдың езгісінен қалған азат.
Қуанар ем мен шексіз, қол жеткізсе
Қараша-таңға, Тобам — жарға ғажап!
 
Елден ерек бір есім тиген ақын,
Айтысты жан-тәнімен сүйген ақын.
Ақынның асаба боп кеткеніне
Қынжылып, жан-жүйесі күйген ақын.
Бабалардың қалдырған білім нәрін
Балалардың басына үйген ақын.
Інісімен айтысу бұйырғасын
"Шабу керек" деген ой түйген ақын.
Олай болса, бастайық.
Мен боламын 
Саф сөзден алмас семсер иген ақын.
 
Жырлайын қызыл тілдің оты барда,
Ұлыңмын, елім, туған Отырарда.
Бүгін үшін Арыстан баб, Ясауидей
Алғыс айтам ғұлама, сопыларға.
"Вальстің королі" деп бағаланған
Шәмші атам қолданбаған нота(ы) бар ма?
Шаxанов – Қаратаудай қарт алыбым
Қасында біз ұқсаймыз шоқыларға.
Бекарыс аламанның бөрісі еді
Шештірген жүректегі сотын арға.
Солармен мақтанған біз бақыттымыз,
Себеп жоқ сәл де болсын тоқырарға!
 
Кең болған соң шалқыған жайлауымыз,
Тар жерде қалады іште қайнауымыз.
Көрген оны жүйенің адамдары
Шешілмей қап жатады байлауымыз.
Нұр-Сұлтанда ұстаздық жолындасыз
Ел сыйы — жарқын жүзбен жайнауыңыз.
Әртүрлі ой келеді қу басыма
Жақындап келген сайын сайлауымыз.
Жүйе ме, әлде xалық жеңеді ме?
Елбасы болады екен қай "дәуіміз"?
 
Тоба:
Алдыңа шықты, жұртым, нар ұлдарың,
Көрсетіп қаламының қарымдарын.
Ассалаумағалейкүм, армысыздар,
Қазағым, қалың елім, қабырғалым. 
Уағалейкүмассалам, Бауыржаным,
"Кездессін, — депсің, — Тоба, тәуір жарың".
Қол жайып, қабыл болсын оразада,
Жолдаған тілегіңді қабылдадым.
 
"Тобаға жақсы есім тиген" депсің,
Ныспымды қойған жанға сый бермексің.
«Бабалардың қалдырған білім нәрін,
Балалардың басына үйген» депсің.
"Шөп үю", "тезек үю" деген бар ед,
Сондықтан нысанаға тиген жоқсың.
Білім деген зат емес басыңа үйер,
Олай тіпті айтуға именбепсің.
Тағы да бір жерінде ағат кетіп,
«Саф сөзден Алмас семсер иген», — депсің.
Алмас семсер иілмей морт сынады,
Әр сөзге мән беруді үйренбепсің.
Батырдың атын алған Бауыржаным,
Батырдай сөз сөйлеуді игермепсің.
 
Отырар ол ежелгі қоныс еді,
Тарихтың әспеттейді өзі сені.
6 ай бойы Шынғысхан ала алмаған,
Жан беріп, жан алысқан соғыс еді.
Ол жердің кереметін өзің де айттың,
Сөзіңе бұл ағаң да келіседі.
Тұлғаларын тізбектеу жөн болғанмен,
Мына теңеу тағы да теріс еді.
Айтыстың арыстанын деймісің сен,
«Бекарыс аламанның бөрісі еді».
Аламан бәйге деген – жүйрікке тән,
Ол жерде бөрінің жоқ жеп-ішері.

«Әр түрлі ой келеді деп қу басыма»,
Лайықты сөйлемедің бұл жасыңа.
"Қу бас" сөзі – тұқымсыз деген ұғым,
Жақсы сөз бола қоймас бұл да, сірә.
Сені құдай сақтасын ол сынақтан,
Жетерлік бақыт берсін бір басыңа.
Сөз қадірін деп білсең өз қадірім,
Шығарсың шешендіктің шың басына.

Сайлауда дейсің кімді ел қолдайды,
Ел үшін тумаған ұл ер болмайды.
Алдын-ала білетін қасиетім жоқ,
Көріпкелдік танытқан жөн болмайды.
Бір Аллаға тапсырдым ел тағдырын,
"Құдай" деген құр қалып қор болмайды.
Бұйрықтан бұрын сөйлеп не қылайын,
Қоймайтын жан екенсің сен де ондайды.
Алдында Дәниямен айтысқанда,
Айтпа деп ескертіп еді енді ол жайлы.
Ұлт үшін құлдай қызмет қылған адам,
Жұрт үшін патшасынан кем болмайды.
 
Бауыржан:
"Жасыңа лайық бол" дейді кеп бір ақын,
Кез келді оған қарай бет бұратын.
Әр сөзге дәлел жазып ақталмаймын,
Ақиқат туын тігу – тек мұратым,
Тобылдың көгіндегі қырандайсыз,
Дейді ел сізді әспеттеп "өткір ақын".
Сөзімнен мін тауыпсыз өзіңізше,
Мен емес одан қорқып шеп құратын.
Әдебиеттің биігі болып тұрған
"Өзіңнен баста бәрін", — депті xәкім.
 
Емессіз түсінбеуден құр қалатын,
Үркіді сізден тыныш тұрған атым.
Айтқан сөзді тікелей түсініпсіз,
Ақын деп жүрсем сізді тыңдалатын.
Ағатай, арнауыңды еліңе арна,
Әйтпесе, өшіп кетер құмдағы атың.
Бағамды xалық берсін!
Жан емеспін
біреумен салғыласып күн бағатын.
Болғым келген тұғырлы тұлғалардай
Артында ұлағатты үн қалатын.
Не көрінді, о, Тоба, мына сізге
Айтысқа келген кезде шыңдалатын?
Қостанайдың көгінде қисық ұштың
Қыран құстай оқ тескен бір қанатын!
 
Тұрпатың, аға, көптен ерек екен,
Ойлауың бәрінен де бөлек екен.
Ұстаздар ұлтын сүйген шәкірттерін,
Керек болса, біліммен көмеді екен.
Шынымен сөздің парқын білмейсіз бе?!
"Адамдар еңбек етсе, емеді" екен.
Мағауин жазған "Алмас қылыштайын"
Алмас семсер астары терең екен.
Дұрыс бағыт көрсетер данышпанға
Үміт артқан адамдар ереді екен.
Сайлауды да Аллаға тапсырыпсыз,
Ал, Алла іс еткенге береді екен!
 
Жаратқан, жалқауларды қолдасын ба?
Әрекетсіз адамды оңдасын ба?!
Ақтық мәре жақта тұр бір аяғың,
Айналуы бек мүмкін ол да шынға.
Бұл өмірде барлығы болады екен,
Көңіліңнің гүлдері солмасын ба?
Жүйе адамы ақиқат ашқыш емес,
Жеткенде өзі ойлаған зорға шыңға.
Қарсыласқа сылбырлау қарадыңыз,
"Тойxананың" адамы болғасын ба?..
 
Тоба:
Қанат қағып ұшқасын  қияға біз,
Шүкір деген сөзді еске жиі аламыз.
Сен мені қыран депсің Тобылдағы,
Ұятпен тәрбиелендік ұяда біз.
Сондықтан артық мақтап жібердің-ау,
Ондай сөзді естуге ұяламыз.
Құс патшасы қыранның биіктігін,
Лайықты жанға ғана қия аламыз.
Мен әлі ол биікте қалқымадым,
Ол үшін болу керек дуалы ауыз.
Сондықтан бұлттан биік ұшқан құсқа,
Бір адам тең келеді дей аламыз.
Ол кісі – Алашымның Арыс ұлы,
Алтын  қыран секілді Би-ағамыз!
 
Тұғыры бөлек тұлға сол емес пе?
Қыран деп оған айту жөн емес пе?
Би-ағаның биігін теңер едім,
Тау болса көк тіреген Эверестке.
Қаһарынан қаймықпай «Қаншеңгелдің»,
Әділ жолдан таймаған ер емес пе?
Қыранда желге қарсы қанат қағар,
Осындайда Би-аға келеді еске.
Боранды күн таймайтын бағытынан,
Қыранның қасиеті мол емес пе?
Ақ жолынан таймаған ақиқаттың,
Бейімбет Майлин соның өзі емес пе?
 
Жел сөзден желік қуып, дес бермедің,
Бірталайын көргенмін бөскендердің.
Сөзіңе ісің сай болса, қуанам ғой,
Мен сенің кем тұсыңды ескергенмін.
Одан бірақ қорытынды шығармадың,
Семсеріңді сілтедің, көп сермедің.
Тағы да байқаттың-ау кеңістігін
Біліммен толмай қалған бос кеудеңнің.
«Алмас қылышты» Мағауин жазған дейсің,
Ол кітапты оқысаң, өстер ме едің?
«Алмас қылыш» – Ілияс Есенберлин
Жазып кеткен тарихы көшпенді елдің!
 
Баратын жеріңді біл, жүрмей тұрып,
Мына бейбіт заманда күндей тынық.
"Сайлау" деп, "ақиқат" деп айқайлайсың,
Оның не екендігін түсінбей тұрып.
Өзіңнің тарихыңды оқымапсың,
Бұл қоғамнан әділет іздей тұрып.
Тарих жайлы қозғайсың ой мен сөзді,
Оны кім жазғандығын білмей тұрып.

Кемдікке кетем қалай көңіл бөлмей,
Тұрған жоқ санам сезбей, көзім көрмей.
Бірінші кезегіңде мына маған,
Бағаңыз басқашалау берілгендей.
«Ақынның асаба боп кеткеніне
Жаны күйген ақын» деп көрінгендей.
Енді келіп "Тойхана адамы" деп,
Тұрақсыз болып кетті-ау сөзің желдей.
Негізі, той қазақтың қазынасы еді,
Қазынам көрінгенге желінгендей.
Тіл бұзар, дәстүр бұзар, өңкей шоумен,
Өз-өздерін сал-сері сезінгендей.
Кітап оқып, іздену былай тұрсын,
Тарихын білуге де ерінгендей.
"Көшпенділер" романың оқымасаң,
Жұртқа ақыл айтасың өзің нендей?
Тарихын танымаған талай адам,
Тойхананың толып жүр төрін бермей.

Бір жүйеге бағынған қоғам жайлы,
Деймісің олай халық оңалмайды.
Ол рас біздің елде көп басшылар,
Жоғарыға жағынып жоғарлайды.
Мысалы, әкімшілік ішіндегі,
Айтатын болсам талай маман жайлы.
Халыққа емес, әкімге жақпай ма деп,
Істеп жүрген ісіне алаңдайды.
Әкімдер Елбасының көңілің тапса,
Барады қызметке одан жайлы.
"Бұл жүйе өзгермесе өспейміз" деп,
Жасаудың қажеті жоқ одан қайғы.
Бұл елдің болашағы мына біздер,
Саналы жастар қазір соны ойлайды.
Біз кешегі Бейімбет, Ахметтердей
Жасайтын болсақ егер адал бәйгі.
Түбі озып шығамыз ол жүйеден,
Деме қазақ бақытты бола алмайды.
Болашақтың барына сеніп кеткен
Арыстар сөзі естен жоғалмайды.
Санаңа  жетер болса сәулелі сөз,
Бар талай маған бәйгі, саған бәйгі.
Одан әрі жалғай бер, ал, не дейсің
От ауыз, орақ тілді Омар жайлы?
 
Бауыржан:
Жырласақ жөн болады бүгінгіні,
Қорғасақ нұр құйылар бұрымдыны.
Мен қазақтың қамы деп қамшы бастым,
Жеткізе алмады ма жырым мұны?
Қыран деп теңеуімнен қашпа, ағасы,
Бейнелейсіз мен үшін тұлымдыны.
Қазақтың қаны бар әр бауырларым
Қыран деп сүйсе деймін бірін-бірі.
"Мағауин жазып кеткен "Алмас қылыш" — 
Бекерге айтпады ғой тілім бұны.
Көп айтса, көніп кетер кей замандас
Шындық деп түсінетін бұрын мұны.
Өз тариxын білмейтін жас көп еді,
Сол емес пе заманның зұлымдығы.
Жеребеге разымын осы айтыста
Қарсылас қып жіберген білімдіні!
 
Көріп жүрміз тоймайтын көз құлқынын,
Ақиқат деп таппасын сөз бір тыным.
Қазақтың қаймақтарын ыдыратқан
Көрмейсіз бе тағдырдың озбыр қырын.
Би-аға – Алашымның ардақты ұлы,
Сойылын соғып кеткен өз жұртының!
 
Әттең, мына айтыстың келте шегі,
Неге кезіктірмегем ерте сені?
Біз шапқан айтыс – көкпар додасындай
Айтылатын сөзіміз – серкесі еді,
Балуандар қапияда жығылғанда
Жасыл шөп – қара жердің көрпесі еді.
"Тойxана" – сол тартысқа арқау болған
Қостанай, мол астықтың өлкесі еді.
 
Бәйгенің тобын өзің жардың дара,
Қалиевтен тәп-тәуір алдың баға.
Айтыста талай жүлде иеленіп,
Таппай тұрсың қалауын қардың ғана.
Зәу көкте самғап ұшқан Самұрық құс
Қона алмай жүр басына талдың да ана.
"Бұл елдің болашағы мына біздер"
Деп бір сөзді ортаға салдың жаңа.
Ел тағдырын Аллаға тапсырып ең,
Қайтадан өз қолыңа алдың ба, аға?
 
Сусындаған Айбектің бұлағымен,
Жан тербеген тамаша жыр-әнімен.
Менде де ес жоқ астық аймағының
Айтысқан ұлағатты ұланымен.
Сөзімді ары қарай өрбітейін
Ағамның соңғы қойған сұрағымен.
Омар баба ерлердің ірісі еді
Халқына жарық шашқан шырағымен.
Азаттықтың жолында жанын қиған
Ол қазаққа тым биік шың — арымен.
Халықтың ақынына айналған ол
Қара сөзге бітірген құнарымен.
Өз ұлты бейбіт күнге жету үшін
Күрескен "Тәуелсіздік" ұранымен!
 
Тақпақ жазған жандардан озық аға,
Неге біздің санамыз тозық, аға?
Қаржыларды қасқырлар жұлып жеуде,
"Жастар жылы" деген жәй сөзі ғана.
Қолдауды табу үшін жүреміз бе
Жанымызға бір-екі "көзір" ала?
Бұл – жастардың көкейін тескен сұрақ,
Бір керемет көрді ме көзің, аға?
Ұрылар қанша заман жүрер екен
Өз бөлгенін ас етіп өзі ғана?!
 
 Тоба:
Сөзіңе енді ағаң сене ме екен,
Ініні жөнге салу керек екен.
Қыран деп, білімді деп бұл Тобаны,
Мақтауға мәймөңкелеп шебер екен.
Сөзіне қарап тұрсам, талайларға
Сендіріп жалған ақпар береді екен.
"Алмас қылышты" Мағауин жазды десе,
Шындық деп оған көбі сенеді екен.
Көп айтса көніп қалар мен емеспін,
Тұлымды бала мені деме, көкем.
"Аңқау елге арамза молдалардың"
Бұл күнде көбеюуі неден екен?
Қолыңнан жалған сөйлеу ғана емес,
Өтірік мақтай салу да келеді екен.
 
Жалған сөз жалған сөйлеу өрге апармас,
Жол беріп оған Тоба тек жата алмас.
"Билікті өз қолыңа алдың ба?" деп,
Адам бұлай айтпаса, пенде атанбас.
Дегенменен жаны бар бұл сөзіңнің,
Осыны дұрыс айттың сен де, отандас.
Мақтау менен мадақтан басы айналып,
Талайлар адасты ғой мен қатарлас.
Билікке жетсе, ұмытып Жаратқанды,
Тайғанап төрт аяғын тең баса алмас.
Жалған мақтау кімді де жарға жығар,
Ол бізді абыройлы жерге апармас.
Мақтау, мадақ лайықты тек Аллаға,
Адамның бәрі бірдей ел қатарлас.
 
Қатты айтсам, болып жүрме тым назалы,
Жаныңда жоқ демеймін жыр ғазалы.
Өйткені Отырардың тумасы едің,
Қазақтың шыққан қаймақ кіл ғажабы.
Түркістан ер түріктің бесігі ғой,
Құдайдың түсіп оған тұр назары.
Торғайда қызмет қылған Түркістанның,
Өзбекәлі Жәнібектей тұлға адамы.
Шаханов пен Шәмшінің елге мәлім,
"Арқалықтың ақ таңы" деп жырлағаны.
Екі елде тарихи үндестік бар,
Оны біз жырламасақ кім жазады?
Осыменен айтысты аяқтайық,
Бітпесін өлең-сөздің бұл базары.
Торғай мен Түркістанның жасай берсін,
Бойына ерлік қонған дүр қазағы.
 
Бауыржан:
Тариxқа ерлер жайлы кіріпті аңыз,
Ер Тоба, сөз асылын сұрыптаңыз.
Жүрекке арам ойлар түнемесін,
Есігін зор иманмен құлыптаңыз.
Батыр болып, қолыңа домбыра алып,
Айтысқа "xалтураны" жуытпаңыз.
Жұлқыласып жүлдеге таласқанмен,
Қарсыласпен араны суытпаңыз.
Ең бастысы, қазақты қазақ қана
Мақтайтынын, ағатай, ұмытпаңыз!
 
Өзі туған Отаннан безініп пе ер?
Өз ұлын жардан жыққан кезігіп пе ел?
Күні-түні кезесің кең өлкемді,
Келер болсаң, жол бойы көз іліп кел.
Жерімнің қай бұрышы қандай әсер
Сыйларын бәрің барып, сезініп көр.
Біздің қазақ дейтұғын киелі елді
Мейірімін төгетін мезі қып па ер?!
 
Демеймін Дариямын, Есіл едім,
Біреуге тағады екем несіне мін?
Айналамның барлығы проблема,
Қай жағдайыма қарап есіремін?
Бетінен қақпайықшы, қайран жұртым,
Басымызға бұйырған несібенің.
Мың түрлі әлди айтқан әлем-ана,
Қазақ елі, тербеткен бесік едің.
Алланың қалауымен еңбек етіп,
Мерейіңді мың мәрте өсіремін.
Ақылы көп ағама алғыс айтам,
Алда талай бәйгеде көсілемін.
Мұңыңды жырлау үшін туған ұлдың
Жіберген кем-кетігін кешір, елім.

Читайте также:

1 комментарий

  1. Нұрқанат Омарұлы:

     Демегіш, дес бергіш, дәмелі іш, дегіштер қайда осы жерде?))))

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓