ЖАЗБА АЙТЫС: Аслан мен Алмат

"Құтты мекен – Қостанай" республикалық жазба айтысының 2-айналымында 2-жұп өнер көрсеткелі отыр. Олар – қостанайлық дарын Аслан Қанғожин мен Сырдың сыршыл ақыны Алмат Кенжебеков.миниАқындардың мәре ауылы таяған сайын шабыттарына қамшы батыра түсері белгілі. Сондықтан, біз қос ақынның арыны мен дарынын жіті тани түсіп, тамаша айтысқа куә боламыз деген зор сенімдеміз! Сіз де, құрметті оқырман, алған әсер, түйген ой-пікіріңізбен бөлісіп, бүйрегіңіз бұрған ақынды қолпаштап отырыңыз! Сөзді ақындарға берелік:
 
Аслан:
Кешсе де қанша дәуір құты көшкен,
Шықпаған бабалар-ай шүкірі естен.
Күніне тоқсан түрлі бәле көрсе,
Құдайдың қайыры бар ісі дескен.
Жалауы желбіресе ар-намыстың,
Жауларың інін іздеп, зытып, өшкен.
Болмысың өткен күнге қатталуда,
Бүгінгі заманға қай кісі ілескен!..
Қауыштым қайта айналып ағайынмен,
Жылқыдай шұрқырасып, кісінескен.
Баршаға басымды иіп сәлем бердім,
Қостанай бидайындай бітік өскен.
 
Бірліксіз босағаңнан бақ енді ме?!
Ынтымақ, ырыс қашса – қатер, міне.
"Оңбайды бірлік болмай тірлігіміз", —
Деп кеткен жақсылардың хаты өлді ме?!
Алматжан, сен алдыңғы айтысыңда
Осы ойға көндіріпсің Мәкеңді де.
Жүргендер алауыздық тудырам деп,
Қиқымдай пайда жұртқа әкелді ме?
Шүкірлік шекарасын көрсетсеңіз,
Теңейді әжуалап әпендіге.
Желіде отырып ап желіктірген,
Байбалам елге абырой әперді ме?
Айқайға аттан қосып, шаба беру –
Арандау емей оның заты енді не?!
 
Шындықтың жүзі өткір қай заманнан,
Қылпылдақ ұстарадай қайрап алған.
Кеседі не басыңды, не шашыңды,
Абайлап жөн болады пайдаланған.
Көрінген ақпаратқа сеніп жүрміз,
Айырмай ақиқатты байбаламнан.
Отыңды ешкім келіп көсемейді,
Сүйеніп тіл мен жаққа сайрағаннан.
Өз елінде тұрғанда Әбіләзіп,
Көсегесін көгертсе қайда қалған?
Айырма жоқ, қарасаң, тірлігінде
Жер жаңғыртып бес ешкі айдағаннан.
 
Бабамыз Сырды қыстап, қыр жайлаған,
Болыпты бұрындары мұндай заман.
Ежелден Сыр мен Торғай туыстас ел,
Қайдағы емес едім бір қайманаң.
Қос елге ортақ ұлдар өткен екен,
Қойнауы тұнып тұрған сыр ғой далам.
Досбол би Балғожадан бата алыпты,
Өткенге өнегелі бір бойлағам.
Шәкір, Жәуке батырмен бір майданда,
Бұқарбай найзасына қыл байлаған.
Тамыры Әбділданың Торғай жақта,
Туыпты Сыр бойында Сырбай бабам.
Айтыста теңі көрген Әбділданы,
Нұрханның жүрегінде жыр қайнаған.
Бабалардың дәстүрін біз жалғайық,
Отырғайсың бөтендік қылмай маған.
 
Бүгінгі ұрпақ үшін шын керек дер,
Ал енді сен де маған тың дерек бер.
«Айтысты өзің баста» деп қаштың ғой,
Қиынын сөз бастаудың білген «епті» ер.
«Ауылға байланыс жоқ кетем» дедің,
Десем мен «күлігіңді мін де реттел».
Қой баққан кәсіпкерге қызық па екен,
Ой баққан ақын айтқан бұл деректер?
 
Алмат:
Сабырмен жеңе білген жан ашуын,
Əз халқым, тек өзіңсің бар асылым.
Бұйырды бүгінгі күн жыр жолдау сəт,
Тағы да топқа түстім, жанашырым.
Армысың, Асылан дос қостанайлық,
Жырына елдің жазған сан асылын.
Өзіңмен айтыспақпыз, арқасында
Қазының бізге берген бағасының.
Ұлттан төмен, ал бұлттан биік болып,
Ендеше сөзін айт тек Алашыңның.
 
Жырыңды сен жолдапсың төкпелетіп,
Төбеңіз бір қалғандай көкке жетіп.
Мəкеңді шақырдым, рас, мен бірлікке,
Қалмады сондағы сөз текке кетіп.
Сəндімен қайны болып сайысқанда,
Айтысың шын тарады көпке кетіп.
"Ұйқасы шала, — дей ме, — бала",- дей ме,
Жеңгеңді сен неге алдың өкпелетіп?!
 
Бəйгеден көздегендей пайданы анық,
Жан болып көрініпсің жайға қанық.
"Ой баққан ақынмын" деп көп мақтанбай,
Жоқ қойды тіркес қылмай, ойлан анық.
Тарихи тұлғаларды тізіп келіп,
Отырсың жөнсіз сөзбен майдаланып.
Өзің айтқан Бұқарбай, Жəукелердей,
"Ойлы" ақын, бірлік жайын ойға алалық.
Достығы қос аймақтың жалғассын деп,
Қазылар жұптап бізді қойғаны анық.
 
Достықтың, Асылан-ау, аш қамалын,
Жақсы істің көре бермей басқа жағын.
Қашқам жоқ қиындықтан, дұрыс түсін,
Ойыңды осал сөзбен ластамағын.
Қостанай ұйымдастырған жазба айтыста,
Жөн көрдім жерлесінің бастағанын.
"Қонақ" деп сөз ұсынбақ ойың болды,
Алайда сөзді жерге тастамадың.
Қонағы жақсы жердің билемеген,
Бұл сөзім – баба сөзін растағаным.
Ұрпағы бола тұра ұсақталма,
Кешегі Кейкі, Омар – қас бабаның.
 
Ол рас, бірлік керек бүгінгі елге,
Айтыпсың қашқын жайлы шыныңды елге.
Халықты арандатып, айдап салмақ,
Сатқынның былығына үңілгенде.
Қай кезде іштен шыққан жау қауіпті,
Тарихқа кез боларсың жүгінгенде.
Алашым ақиқатын ажыратар,
Ешкім ірткі сала алмас түбінде елге.
Өткен жолы айтып ем, тағы да айтам,
Бақ қонбас ел бірлігі бүлінгенге.
 
Қызы – палуан, батыр-ау жас баласы,
Жебесе Алла қолдап қас бабасы.
Жалаңтөс, Жаңқожаны туған өлке,
Қорқыттан алған жырдың бастамасы.
Би-ағаңның табаны тиген Сыр бұл,
Осында туындысын баспа басты.
Сыр – Алаштың анасы, біле жүрші,
Ақмешіт болған қазақ астанасы.
 
Ау, Асылан, Асылан,
Өзің айтқандай туыстас,
Қыр менен Сырым – бір бесік,
Сан алыпты тудырған,
Қос аймақ — құтты шын бесік.
Айтпақшы, сенің қалаңда
Бар екенін білесің,
Ақмешіт атты бір мешіт.
Хан Кененің тұсында,
Пір болған Марал ишанның,
Атында бүгін тұр мешіт.
Билігің көңіл бөлмекші,
Жөндеуді енді көрмекші,
Алланың үйі, пірлі есік.
Игі істеріңді қолдаймын,
Отырғанда жырмен тілдесіп.
Білесің бе, Асылан,
Қырда туған бабама,
"Мəңгілік мекен" Сыр бесік.
Біз жақта бабам жерленген,
Өмірден өтті деседі,
Хақ жолымен күн кешіп.
Жаңалықтарыңмен бөліс бір,
Қандай істерді бастамақ,
Сен туған өлке — Қыр бесік?
 
Жыр қуған жансың жасынан,
Қостанайлық қас ұлан.
Достық пейілің болса егер,
Мерейіңді асырам.
Жырыңды төкші жүректен,
Теңіздей тулап, тасыған.
Əбілязовке "ешкі" айдатып,
Алматқа "қой" бақтырған,
Кезегіңді бердім, Асылан.
 
Аслан:
Мән іздесін деп едім ойлы ақпардан,
Көріп тұрсың адамды қай мақтанған?
Бұл қоғамда ойлының құны бар ма?
Мәнісіне жөн шығар бойлап барған.
«Жұлдыздардың» дәурені жүріп тұр ғой,
Жылтырағын жапсырып тойға аттанған.
Ақшалылар өмірін аңыз қылдық,
Қалай аман өткенін тайғақтардан.
Шөкім ақыл жұқпаған шекесіне,
Шаршамайсың қалайша жайдақтардан.
"Тез баюдың тәсілін үйретем" деп,
Пысықтар жүр тіл-жағы сайрап қалған.
Осы жайттар жаныңды ауыртпай ма?
Ойыңды айтшы осыған оймақталған.
"Қойым жоқ" деп тулапсың, бар кәсіптің
Айырмасы шамалы қой баққаннан.
Қандай іспен жүрсең де айналысып,
Жақсы емес пе, әйтеуір, жай жатқаннан.
Жеңгемнің өкпелеуін айтыпсың ғой,
Әділдік болмады деп ойлап қалған.
Қайтесің қайдағыны әңгіме ғып,
Өткен күн – өлген жаудай жайрап қалған.
Қазылар бұра тартты дегің келсе,
Сөздері сайтқа салған айғақ болған.
Өткенді сұрағанға қарағанда,
Өкпеңді отырсың-ау сайлап қолдан.
Айтыста алыссақ та, жұлыссақ та,
Түспесін достық дейтін байрақ қолдан.
 
Қазақтың Алла берген сыйы мықты,
Басқа кім паң даланың күйін ұқты?!
Мысалы, Сыр деп бекер айтпаған-ау,
Сырына талай қазақ сүйініпті.
Сен айтқан Марал Ишан атамыздың,
Бойына кие нұры құйылыпты.
От ауыз, орақ тілді Шеген бабам,
Сөйлесе жұртты алдына үйіріпті.
Патшаның жендеттері аясын ба,
Қапыда бидің жаны қиылыпты.
Сүйегін Түркістанға жеткізе алмай,
Қиналып, халық әбден күйініпті.
Солайша шен қумаған Шеген биге
Топырақ Сыр бойынан бұйырыпты.
 
Шежіре шерте берсек шерге толы,
Жеткізу бізге парыз елге соны.
Ауылдың жаңалығын сұрапсың ғой,
Айтқалы отыр едім мен де соны.
Бүгінде «Еңбек» атты бағдарлама,
Көмектің сол болып тұр елде зоры.
Шақырып оңтүстіктен жұмыс күшін
Өңірде кіре түспек еңбек өңі.
Келсеңші квота алып Қостанайға,
Шығарар жұмыс беріп, төрге бәрі.
«Кәсіпкер ақын» деген атағың бар,
Ақынның ашиды ғой елге жаны.
Қаражат құям десең, мынау жұрттың
Жарар ед кәдесіне сенде бары.
 
Ал, қане, қамшыңды бас, ер соңыма,
Кеп тұрсың сен де мендей дер шағыңа,
Тамызда Би-ағаңның тойы өтеді,
Жаңалық жеткізейін мен тағы да.
Аймақта бес жыл сайын аталады,
Күтетін бұл да бір той ел сағына.
«Көремін, келем» десең апарайын,
Би-ағаң өзі туған жер жағына.
 
Өмірден өзгеше бір мән табылар,
Тобылдың тамсанғанда әр таңына.
Әйетке қармақ салып, демаларсың,
Қалдырма қасыңдағы қалқаны да.
Орманын Қостанайдың аралатам,
Апарам алтын астық алқабына.
Ұнатып, бәлкім, мұнда қап қоярсың,
Сапардың кіріс енді, ал, қамына.
 
Алмат:
Рас айтасың, "жұлдыздың" көп қатары,
Біреуінен бірінің асар атағы.
Мағыналы əн айтушы тым сирек,
Сол осалдық жанға бүгін батады.
Жылтыраған дүниеге тым құмар,
Жұрт ойымен олардың жоқ шатағы.
Сен соны ойлап-толғаныпсың, ақыным,
Ақылдының басы соған қатады.
Асылан-ау, бір мен үшін тек қымбат,
Ата-баба айтып кеткен мақалы:
"Біреулердің көкіректегі ойлары
Ақындардың бақайында жатады".
 
Арманыңды деуші еді ел алдан күт,
Асығыспен, рас, талайға алдандық.
Өз жыртығын жамай алмай жүргендер,
Ақша берем десе болды, таң қалдық.
"Ойсыздарды" жаратқан ба Алдар қып,
Халық тонар Алдарларға арбалдық.
Ақырында көмек сұрап шығуда,
Абайсызда "қарық" болып қалған жұрт.
Жаратқаннан қорықпайтын болды көп,
Ақылдылар аттамайды ардан түк.
Түбінде олар жауап барын ұмытты,
Ешқашанда опа бермес жалғандық.
 
Ақын едің көп жырлайтын ел қамын,
Түсінетін жансың жұрттың сен жанын.
Өлген жауға өткен күнді теңепсің,
Түсінбедім бұл сөзіңнің мен мəнін.
Өткен əр күн тарих болып қалады,
Тарихымның "өлтірдің-ау" сен бəрін.
 
Кəне, досым, болшы сөзге шын ұста,
Сен ойымды шығарсаң да бұрысқа.
Достық туын түсірмеймін төбемнен,
Мен өзіңмен түскенім жоқ ұрысқа.
Қазыға да айтар өкпем жоқ менің,
Сыннан бұрын сен мініңді дұрыста.
 
Жыр теңізге салсаң ойдың қайығын,
Ақиқатқа жүгінсе екен пайымың.
Өзің жақтан желдей хабар естілді,
Түсіне алмай жүрміз соның байыбын.
Златоуст ауылында халыққа,
Жетпей жатыр деп естідік жайылым.
Елдің жерін қайтармауға бекініп,
Кəсіпкерің жимай жүр дейді айылын.
Осы жайлы өзің берші бір ақпар,
Əлде сенің жоқ па оған уайымың?!
 
Елге соқса бай-серкештер ызғары,
Ақын жүрек алаңдады, сыздады.
Тамыздағы Би-ағаңның тойына,
Шақырыпсыз, досым, бізді сіз тағы.
"Шақырғаннан қалма" деген, барамыз,
Бұйырса егер Қостанайдың тұз-дəмі.
 
Сен сырыңды көп айтпадың шешіле,
Көмейіңе қыстың сөзді несіне?!
Жыр тұлпарын тізгіндедің, Асеке,
Бауыр жазып шаппайсың ба көсіле?!
Игі істерден қандай хабар бар деп ем,
Ілессеңші ой-жүйріктің көшіне.
Екі мəрте "Еңбек Ері" жұлдызын,
Кəмшат ана тағып еді төсіне.
Ескерткішін орнатыпсың, айтпадың,
Батыр қызын алыпты елің есіне.
 
Жақсы ісіңді халқың жатса қолға алып,
Жан емессің жүрген бекер жан бағып.
Жырларыңнан барлық қазақ оқыған,
Қалар еді игі ісіңе таң қалып.
Суық тері алынбаған бəйге аттай,
Көсілмейсің…
      …Жазбайсың ба толғанып?!
 
Асып-таспай, анық сөйле ақырын,
Жыр-тұлпардан суымасын тақымың.
Сөз патшасын тек сөйлетші сабырмен,
Кезегіңді, ал, берейін, ақыным.
 
Аслан:
Дос болсаң, биһұдалық білдір мендей,
Ішіңде үн бар сынды «кім бұл?» дердей.
«Өйтіп айт, бүйтіп айт» деп «ақыл» бердің,
Өлеңді менен артық бір білгендей.
Қуаты жырларыңның қайда кеткен,
Қалғандай қиялдағы гүл бүрленбей.
Шабатұғын жерлерде шоқытыпсың,
Шоқытатын жерлерде тұрдың желмей.
Тарихты өлтірдің деп «қатырыпсың»,
Сәулесін жүрген жандай тілдің көрмей.
Өзіңе бұрайыншы осы арнаны,
Ал, айтшы, кімге енді кім күлгендей?
«Пірлі есік» деп жазыпсың жоғарыда,
Есікке қатысы бар пірдің нендей?
«Ақындардың бақайы» дегеніңде
Ойды айтқың келіп тұр бұлдыр нендей?
Ұйқасты жанға жайлы тауып алдың,
Аяқты аңдап басып түн жүргендей.
Әйтеуір көңіл шөлін қандырмадың,
Түсіне сусағанның су кіргендей.
 
Жырлайын қайсыбірін жаңалықтың,
Қостанай – құт мекені сан алыптың.
Сен айтқан Кәмшат апам еткен еңбек
Даңғылы деп білемін даралықтың.
Өлгенше ақ жаулығын тастамаған,
Үлгісі сол емес пе даналықтың!
Ел оны ұмытпайды ешқашан да,
Бірі осы мен білетін нақ анықтың.
 
Әңгіме – таусылмайтын жердің ісі,
Толғандай қамырыққа шер күбісі.
Златоуст ауылында ши шығыпты,
Деген бар «даусыз болмас елдің іші».
Кезінде оңды-солды үлестіріп,
Биліктің сол болып тұр ендігі ісі.
Ресейдің зымыранын «қағып алар»,
Жер бөлді біздің елдің шенді, ірісі.
Торғайға қалдықтарын құлатпақшы,
Мол қаржы төлейді екен, белгілісі.
Уынан төрт түлігі қырылса егер,
Алапат қиянат қой, беу, мұнысы.
Осыған алаңдайды торғайлықтар,
Болған соң ата кәсіп ел жұмысы.
Көкесі мәселенің Қызылордада,
Бақша егіп, жайқалғанмен мол күріші.
Жайылымның дерлігі тозып біткен,
Жазылмаған кәрідей бел құрысы.
Ауылға алыстағы бас қатырмай,
Сол жерге назарды бұр, ең дұрысы.
 
Көркейткен көкейдегі сан арманды,
Ыстық боп қалады ауыл маған мәңгі.
Кешегі нарық қысқан қиындықта
Үдере ауыл көшті, далам қалды.
Көбеев мектеп ашқан Ақсуат та
Әбіржіп, нарыққа әбден таланған-ды.
Мектебінде оқиды алты-ақ бала,
Жергілікті жұртшылық алаңдаулы.
Түйткілдің оң шешімін тапқандаймын,
Сендіре алар ма екем жарандарды.
Кәсіпкер Алматжанның көмегімен
Сыр жақтан әкелейік адамдарды.
Көп емес, 20 отбасы көшіріссең,
Батасы жауар жұрттың саған мәңгі.
Экраннан еңбегіңді көрсетеміз,
Шақырып «Қазақстан», «Хабарларды».
 
Тарихты зерделесек тарауланған,
Қаншама аман өттік зауалдардан.
Әлі де алақабдал күйде жүрміз,
Сақтасын ел бүлдірер жамандардан.
Өреміз жеткенінше өлең еттік,
Асырып айта алдық па Омарлардан?!
Мәнісін мәселенің қозғап көрдік:
Түріміз Би-ағаңша алаң болған.
Бұл арман артық еді көп арманнан,
Биікке біз жете алсақ, солар қонған.
Алматжан, сен де енді көсіліп көр,
Айтпағым осыменен тәмәмдалған.
 
Алмат:
Ақынсың иыққа артар білген жүгін,
Таңсəрі хатпен келді өрген жырың.
"Өлеңді менен артық білмейсің", — деп,
Менмендігің сезілді желден бұрын.
"Бақайда жатқан ойды" түсінбепсің,
Бірі деп сені жүрсем көргендінің.
 
Шықсаң да əр төбеге, əр асуға,
Болады біз жақпен де санасуға.
Ақындар ешбір сөзбен жар салмайды,
Елден бұрын шықса да дара шыңға.
Өлең деген берілген бір қасиет,
Əркімнің-ақ хақы бар таласуға.
"Дұшпан күліп айтады", — деген сөз бар,
Өз ұйқасым өзіме жарасуда.
 
Маралдың кереметі ел есінде,
Тəубесіне келтірген төресін де.
Қазақта "шаңырақ биік болар" деген,
"Босаға берік болса", көнесің бе?!
Кезінде ишан бабам пір атанған,
Аңызда елде жүрген сенесің бе?!
"Марал ишан мешіті" деп жазулы,
Есіктің маңдайында, төбесінде.
Қақпадан кірер кезде аларың шын,
Пірімнің атын оқып сен есіңе.
Ендеше неге айтпасқа "пірлі есік" деп,
Сен өзі сол есікпен кіресің бе?!
 
Байқасам, сүріндірмек айлаң бұл шын,
Бұл Алмат жауап сөзбен байлам қылсын.
Ақындық ауылына кеше келіп,
Өзіңе баға беріп қойған ұлсың.
Ене сала есіктен төрді аңсаушы,
Босағаның қадірін қайдан білсін?!
 
Жансың ғой жұрттан бұрын жайды аңғарған,
Орақ тілін ақынсың "қайрап" алған.
"Жайылымның дерлігі тозды", — депті,
Бұл досым мына ақпарды қайдан алған?!
Аралым тартылғанда айдынынан,
Рас, ондай жайттар пайда болған.
Алайда бүгінгі күн ол түзелді,
Орындалып келеді жайлап арман.
Кіші Арал арнасына толды бүгін,
Ешқашан еш кеткен жоқ пайда қолдан.
Біздің жақтың жағдайы түзелген соң,
Бұл "Серпін" көшіруді "айла" қылған.
Ауылдың адамдары аз депсің-ау,
Өзіңдей ойлы азамат қайда қалған?!
Түтіні түзу болып шығу үшін,
Өзіңсің өзге ақылын пайда қылған.
Сын ешқашан түзелмес, білші, досым,
Біреуді кінəлі қып сайрағаннан.
 
Беу, Қостанай, Қостанай,
Қазаққа берер сыйың көп.
Жазба айтысыңнан табылдық,
Өлеңді қосқан жиын деп.
Тек Алла болған тірегі,
Мұқалмаған жігері,
Əз халқым сенен айналдым,
Өтсе де күндер қиын көп.
Ұлықталып жатыр ұлылар,
Ел-жұрттың кеткен күйін жеп.
Ғасырда бір-ақ туылар,
Омар менен Бейімбет.
Солардан қалған жалған бұл,
Солардан бізге қалған жыр,
Сөзімді айтам түйіндеп.
 
Ей, Асылан, Асылан,
Бекерге сыннан қашпағай.
"Қазақ пен қазақ дос бол" деп,
Алаңдамаған босқа Абай.
Көшіп кел деп қоймайсың,
Жырыңмен сөзді бастап-ай.
Сырымда ғұмыр кешемін,
Өз үйім — өлең төсегім,
Шаба берме босқа олай.
Қонақ болып барайын,
Тұлғалардың тойына,
Ниетім жоқ басқалай.
Дəстүріменен бұрынғы,
Тойыңда төгем жырымды,
Сөзіңді жерге тастамай.
Аяқтайын айтысты,
Қош-есен бол көргенше,
Құтты мекен – Қостанай!

Читайте также:

комментария 4

  1. Маншук:

    Тамаша екен. Жарайсың Алмат???? тек қана алға

  2. Ерик:

    Алмат мыкты акын екен молодец 

  3. Гаухар:

    Пах шіркін, қос ақынның сөздері керемет, дегенменде сыр ақыны Алмат жарадың, алға!

    • Нұрқанат Омарұлы:

      …"Қой көрмесек те, ешкілі байдың қызы едік", — депті ғой кезінде біреу. Том-том кітап, сала құлаш өлең жазбасақ та, ақындықтың әліппесімен таныстығымыз бар. Біреумен біреу ауыз жаласса, үшіншісін қаңғытып жіберетіні — қашаннан бергі ақиқат. Жоғарыда пікір білдірген азаматтар, Алматты демей отырып, шындық сөз демегендеріңіз қайран қалдырады. Қысқасы, Аслан алып ұрды!

Добавить комментарий для Ерик Отменить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓