Алғашқы айналым аяқталды

«Қостанай таңы» газетіндегі «Құтты мекен – Қостанай» республикалық ашық жазба айтысының бірінші айналымы қорытындыланды. Айтыс Қостанай қаласының және халық ақыны Омар Шипиннің 140 жылдығы мен Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына орай ұйымдастырып отырғанын естеріңізге сала кетейік.айтыс
Ақпанның аяғында басталған айтысқа қатысуға о баста әр өңірден 22 ақын ынта білдірген. Кейін 4 ақын белгісіз себеппен айтысудан бас тартты. Айтыскерлердің алғашқы жұбы қостанайлық Тоба Өтепбаев пен көкшетаулық Табысбек Үсен еді. Қарсыласы жауап бермеген соң, Тоба қазылар шешімімен бірден екінші айналымға өтті. Жұпсыз қалған Жауынбай Жылқыбайұлы да екінші айналымда. Сонымен, айтысқа 8 жұп түскен:
1-жұп. Батырлан Сағынтаев (Арқалық) – Ақгүл Тұрсынбай (Қызылорда)
2-жұп. Бауыржан Ерман (Қарағанды)– Дания Сәтбекқызы (Қостанай)
3-жұп. Аслан Қанғожин (Қостанай) – Сәнді Ақылай (Нұр-Сұлтан)
4-жұп. Еркеғали Бейсенов (Нұр-Сұлтан) -Злиха Кенжеғозина
5-жұп. Серікжан Қажытай (Нұр-Сұлтан) – Ержан Сәндібек (Қостанай)
6-жұп. Асылхан Сәлімжан (Қостанай) – Алтынай Қанапия (Алматы)
7-жұп. Мамай Ізтілеу (Қостанай) – Алмат Кенжебеков (Қызылорда)
8-жұп. Абылай Мауданов (Қостанай) – Таңжарық Ержан (Нұр-Сұлтан).
 
Екінші айналымға өткен ақындар:
  1. Батырлан Сағынтаев (Қостанай)
  2. Бауыржан Ерман (Қарағанды)
  3.  Дания Сәтбекқызы (Қостанай)
  4.  Аслан Қанғожин (Қостанай)
  5.  Еркеғали Бейсенов (Нұр-Сұлтан)
  6. Злиха Кенжеғозина (Қостанай)
  7. Серікжан Қажытай (Нұр-Сұлтан)
  8.  Алтынай Қанапия (Алматы)
  9. Алмат Кенжебеков (Қызылорда)
  10.  Абылай Мауданов (Қостанай)
  11. Таңжарық Ержан (Нұр-Сұлтан)
  12. Тоба Өтепбаев (Қостанай)
  13. Жауынбай Жылқыбайұлы (Қостанай).
Енді алғашқы айналым туралы бір-екі ауыз сөз айталық. Айтыс болған соң ұту мен ұтылу бар. Десе де кейбір ақын додадан кейінгі қазылар шешімімен келіспей жатады. Сондықтан әр жұпқа қысқаша тоқталып, өз таңдауымды негіздей кеткенді жөн көрдім.
1-жұп. Батырлан Сағынтаев (Арқалық) – Ақгүл Тұрсынбай (Қызылорда)
Батырлан мен Ақгүлдің екеуі де осал емес. Екеуі де көркем  айтысқан. Ақгүл қарсыласын олай да, былай да сынап, сілкілеп көреді. Анау-мынауға былқ етпес Батырланға ақыры:
"Еркелікті көтерген Арқалықтың
Қоя аламын қалайша еріне мін?
Бас салсам да байсалды жауап беріп,
Қызбалыққа бір сәт те берілмедің.  
Қанатыммен қоймастан сабаладым,
Дүрсе қояр қазір деп шамаладым.
Міз бақпастан мыңқиып тұра бердің,
Мәрттігіңді бойдағы бағаладым", –
деп өз бағасын береді. Екі ақынның да деңгейі шамалас. Бірақ Ақгүлдің жазба айтыс пен сахналық айтысты шатастырып алған тұстары болды. Бұған "Опмай-опмай, Батырлан қайтеді?» деп, "Опмай" атты "әнге" пародия жазуға талпынғаны дәлел. Ал сахналық сөз саптау психологиясы жазба айтыстың көркемдігін кемітеді. Батырланның сәл басымдау түскені де осыдан.
2-жұп. Бауыржан Ерман (Қарағанды)– Дания Сәтбекқызы (Арқалық)
Бірінші айналымдағы шоқтығы биік айтыс осы болды. Екі қазы Данияны басымырақ деп есептесе, қалған екі сарапшы қос ақынды тең деп бағалады. Ақырында екі ақынды да келесі кезеңге өткізу ұйғарылды.
3-жұп. Аслан Қанғожин (Қостанай) – Сәнді Ақылай (Нұр-Сұлтан)
Қайны мен жеңге айтысының әдемі үлгісі деуге болады. Алайда, жазба айтысқа қойылатын басты шарт – көркемдік. Бұл тұрғыдан келгенде Асылан озық тұр. Сәнді:
"Бөгденің қаламасаң кіріккенін,
Шекарада күзетте жүріп пе едің?
Жеңгеңді жерден алып, жерге салдың,
Шырағым-ай, шамданып жілікпегін", –
— деп қазақтың әп-әдемі «желікпегін» сөзін ұйқасқа құрбан ғып, «жілікпегінге» айналдырып жібереді. Онысын Асылан:
"Ұқпай тұрмын «жілікпе» дегеніңді,
Желбіретпе дейсің бе желегіңді?" – деп ұтымды қағытқан.
Сондай-ақ, Сәндінің:
             "Қостанай – қалың орыс,Торғай – қазақ,
Сужорға, жаңылмаған мақамынан.
Егер Торғай болмаса, Қостанайың
Шүлдірлеп жаңылды ғой мақалынан.
Қыс бойы табан майын жалап шыққан
Аюдай жаңа тұрдың апаныңнан", –
дейтін жері бар. Кеңестік кезеңнен қалған таптаурын түсініктен аспайтын, ел ішіне жік салатын мұндай тайыз ой, тобырлық топшылау өрелі ақынның сиясынан тамбаса керек. Айтыс – қоғамдық мінбер. Ол мінберге шыққан соң, ақын әр сөзін мың ойланып, жүз толғанып барып хаттауы қажет. Сәндінің сүрінген тұстары осы болды. Небір дүлдүлдер сүрінетін сөз додасы бұл. Асланның құраған өлеңіне қазылар бір ауыздан таңдау жасады.
4-жұп. Еркеғали Бейсенов (Нұр-Сұлтан) – Злиха Кенжеғозина (Қостанай)
Екі ақын да кезекті айналымда. Екеуі де көркем айтысқан.
5-жұп. Серікжан Қажытай (Нұр-Сұлтан) – Ержан Сәндібек (Қостанай)
Серікжан қарсыласынан гөрі бір бас жоғары болды. Шабуылмен төпеп, қалсыласын тұқыртқаны, мысын басқаны айқын аңғарылды. Ержан ашылып жырлай алмады. Қазылар шешімімен нұрсұлтандық ақын келесі айналымға өтті.
6-жұп. Асылхан Сәлімжан (Арқалық) – Алтынай Қанапия (Алматы)
Айтысты бастаған Асылханның әп дегеннен-ақ олқылықтары байқалып қалды:
«Ассалаумағалейкүм, қазақ жұрты,
Басында батпандайын бақ тұнғандар (Батпан – салмақ өлшемі. Басып, жаншып, езіп еңсені көтертпей тұратын ауырлықты білдіреді. "Батпан қайғы", "батпан сор" деген сияқты. Баққа анықтауыш бола алмайды).
"Төл өнерді жылына сирек жасап,
Ақындардың аранын аш қылғандар.
Жазба айтысқа əу баста сенбеп едім,
Көз жеткізіп, сенімді рас қылғандар.
Айтысыңда ақындар басты қосты,
Азулары ақсиған қасқыр жандар.
Біздің қазақ болса да аңғал халық,
Аңғалдықпен береке қос қылғандар"
 
Немесе
 
"Бейімбет атамызды бір толғайын,
Жан болса ақын жырын рас ұғарлық.
Жастайынан жетімдік күнді кешкен,
Жаутаң қағып, өзгеге асыралып" ("асыралып" деген не сөз?) –
деген қабыспайтын мәнсіз тіркес, әлсіз ұйқасқа құрылған өлең жолдары кездеседі.
Жеңіс – Алтынайдікі.
 
7-жұп. Мамай Ізтілеу (Қостанай) – Алмат Кенжебеков (Қызылорда)
Бұған дейін талай бәйгелерде жарқырап көрініп жүрген Мамай осы айтысқа салғырт қараған сияқты. Мамайдың:
"Қостанай бетерден де бетер еді,
              Ұлықтап ұлыларын көтереді" (Бұл не сөз?!)
немесе
 
            "Жүзіңнен айналайын күлімдеген,
Ел едік жүзі игіден түңілмеген.
Мен сені балуанға ұқсатамын,
Белдессе, қос тізесі бүгілмеген", —
дейтін жолдары "әттеген-ай" дегізеді. Мамай Алматтың тақ бір жанында отырғандай жырлайды. Одан кейін алдағы маңызды саяси науқан туралы ел аузындағы әңгімені жүйесіз теріп келіп:
            "Мына жұрт алыпқашпа сөз айтады,
Сайлау жайлы қандай сіздің пікіріңіз?"
– дейді. Бұған берген Алматтың жауабы ұтымды:
"Алыпқашпа сөз деген өсекке тең,
Арттырмайық күнə мен күпіріңді.
Əділ сайлау өтер деп үміттенем,
Ешкім бірақ қаламас ұтылуды.
Ағажан, онан басты мəселе бар,
Ойға алайық гептильден құтылуды.
Менен ұшқан зымыран сенде құлап,
Улайтыны анық қой тұқымымды".
            Алматтың бұл уәжін Мамай жауапсыз қалдырған. Қазылар алқасы қызылордалық ақынға басым дауыс берді.
 
8-жұп. Абылай Мауданов (Қостанай) – Таңжарық Ержан (Нұр-Сұлтан).
Екі ақын да осал емес. Бірақ екеуі де «сіз-бізден» аса алмаған. Абылай – поэзияның қаламы қалыптасқан өкілі. Дей тұрғанмен, Таңжарық Абылайға лайықты өнер көрсете білген. Тілі шұрайлы. «Қалады қуанышқа орын қалмай, ренішке толса егер жүрегіңіз», — деген секілді көңілге қонымды тіркестері бар. Таңжарық кейде сөзді дұрыс қолданбайды. Мәселен: "Додада шағылмайтын тауым болсын", "Мен енді тақырыпқа бұрылармын, Ақын ем жыры жарқын, тілі балғын", "Айтармын сыйған сөзді өңешіме" деген тармақтар кездесті. «Тауы шағылды» –бұталауға келмейтін тұрақты сөз тіркесі. Сондықтан Таңжарықтың «Шағылмайтын тауым болсын» деуі – қателік.  Сондай-ақ, сөз өңешке емес, көкірекке, жүрекке сияды. Өңеш пен өлең қабыспайды. Әйткенмен, қазылар айтысты таразылай келе, екі ақынды да келесі айналымға өткізді.Айтыс рубрика1
            Құрметті ақындар! Қазылар шешіміне қатысты өкпе-наз, реніш, ұсыныс-тілектеріңіз болса, дәйекті түрде, дәлелмен негіздеп, ойларыңызды ашық айтуларыңызды сұраймыз. Іште қалған қыжыл сырттағы өсек-аяң, жел сөзді қоздатады. Сондықтан бетіміз әуелден ашық болсын.
 
Нұрқанат Құлабаев,
қазылар алқасының мүшесі

Читайте также:

комментария 2

  1. Қанағат:

    Нұрқанат Құлабаев ақты ақ, қараны қара деп айтыпты. Ризамыз. Мен – Қызылорданың Қарақыстақ ауылы, С.Аронұлы атындағы орта мектептің мұғалімімін. Айтыстардың бәрін оқып шықтым. Рас, жазба айтыс мінсіз болуы тиіс. Ақындарға мін де, сын да айтыла жатар.Бірақ ұйымдастырушыларға сұрақтар бар. Әуелі, қазылар алқасының тізімін неге жарияланбады? Мұнда бір-екі адам шешіп отыруы ғажап емес қой. Бетіміз ашық болсын десек, сөйтейік. Көрейік шешім шығарып отырғандарды. Нұрқанат Құлабаев деген ақынның қостанайлық екенін енді есітіп жатырмын. Мұхтар Нияздың айтуынша, мықты ақын. Басқа төрешілер кімдер?

    Екіншіден, Тобаға қарсыласы жауап бермепті, Жауынбай қарсылассыз. Екеуін келесіге өткізгенше неге бір-бірімен айтыстырмадыңыздар. Тағы да мүдделер қақтығысы ма деп қаласың. Мен Алматқа жанкүйерлік етіп едім, ол сенімді ақтады. Әуелгі қадамы нық. Аслан, Дәния, Абылай, Злиха – фавариттер. Сөз жоқ. Осылардың біреуі үздік шығады ау.

    • Qostanaı tańy:

      Сіздің пікіріңіз бен сыныңыз әбден орынды. Жасырып-жабары жоқ, қазылардың әуел баста жалпы оқырманға таныстырылмай қалуына, қарсылассыз қалған ақынның бір емес, екеу екенінің айналым аяқталған соң айқындалуына сәл аңдаусыздыққа жол берілгені ғана себеп. Бірақ, о баста жан-жақтан айтыскерлер жиналған соң, вацап желісінде «Жазба айтыс» тобы ашылып, қазылық мүшелері сол жерде барлық ақынға таныстырылған болатын. Ереже ішіне қандай да бір себеппен енбей қалыпты. Таныстыра кетуге әлі кеш емес:

      1. Айбек ҚАЛИЕВ – қазылар төрағасы, Айтыстың ақтаңгері

      2. Жанұзақ АЯЗБЕКОВ – «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы, қаламгер-журналист, әдебиет сыншысы

      3. Нұрқанат ҚҰЛАБАЕВ – танымал ақын, журналист, филолог

      4. Жандос ЖҮСІПБЕК – жазба ақын

      Басты айтарымыз, аталған кісілер ақынның өзіне емес, сөзіне қарап қана баға береді. Бөтен мүдде, бұра тарту деген атауымен жоқ. Айтыс енді қыза түседі. Енді ешқандай олқылыққа жол берілмейтініне уәде етеміз!

        

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓