Тұрақтылық қадағалауда

Биыл өңірдің ветеринарлық саласына облыстық бюджеттен 277 млн, аудандардан 95 млн теңге қаржы қарастырылған. Бұл қаражат эпизоотиялық тұрақтылықты сақтауға, энзоотиялық препараттар сатып алуға, цифрландыру жұмыстарын ілгерілетуге және көптеген міндетті шараны іске асыруға жұмсалады. Бұл туралы былтырғы жұмыстарды қорытындылап, биылғы жоспарларды бөліскен облыстық ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Бекет БАҚ өкілдерімен өткен брифингте баяндады.WhatsApp Image 2019-05-22 at 11.40.31
"Бүгінгі таңда облыс аумағы жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларынан таза, яғни эпизоотиялық жағдай тұрақты. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерін еліміздің басқа өңірлеріне, шетел нарығына еш кедергісіз шығаруға мүмкіндік бар, — деп бастады баяндамасын Бауыржан Ғалымжанұлы. — Айталық, аса қауіпті жұқпалы аурулардың 11 түріне, энзоотиялық аурулардың 5 түріне қарсы вакцина егіледі. Дерттің 32 түріне диагностикалық зерттеулер жүргізіледі, яғни жергілікті атқарушы органдардың ветеринарлық дәрігерлері жыл ішінде 5 млн- ға жуық манипуляция жасайды. Нәтижесінде, ІҚМ бруцеллезінің таралу көрсеткіші былтыр 2 есеге азайды".
Маманның сөзінше, былтыр ІҚМ бруцеллезі бойынша 10 елді-мекен мен шаруашылық ауру ошағы деп жарияланған. Жыл соңында оның 9-ы індеттен толық сауықтырылыпты. Қалған 1 ошақта және биыл ашылған 3 ошақта сауықтыру жұмыстары жалғасуда. Мұның сыртында, өткен жылы мекендері ауыстырылған 33 440 бас мал мен 824 мың бас құс диагностикалық зерттеулерден, карантиндеуден өткен. Аса қауіпті саналатын 5 түрлі ауру анықталып, олар дер кезінде басқа малдардан оқшауланып, одан әрі таралуына тосқауыл қойылған. images"Қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бір жолы – дезинфекция. Былтыр 2169 нысан, 1  млн 244 мың шаршы метрлік аудан залалсыздандырудан өтті. Ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тағы бір тетігі – мал өлекселерін дер кезінде жою. Бүгінгі таңда облысымызда мал өлекселерін өртейтін 26 арнайы пеш-инсинератор бар. Олардың жұмысын жүргізу үшін жыл сайын жергілікті бюджеттен қаражат бөлінеді. 2018 жылы 9700 тарта мал өлексесі, 69 тонна басқа да биоқалдықтар өртелді" — дейді Б.Бекет.
Эпизоотиялық шараларды тұрақты әрі сапалы атқарудың пайдасы зор. Ол қауіпсіздікті қамсыздандырып қана қоймай, мал басының көбеюіне де кепіл. Мәселен, дәрі-дәрмектерді тиімді қолдану нәтижесінде облыста соңғы 5 жыл ішінде тек қана жылқы жануары 20 %-ке немесе 23 мың басқа көбейген. Б.Ғалымжанұлы мұндай шараны іске асыру жөнінен ерекшеленетін шаруашылықтарды мысалға келтірді. Айтуынша, Қостанай ауданының «Карл Маркс» серіктестігі, Меңдіқара ауданының «Заря» АҚ өз қаражаттарына препараттар сатып алып, 10 жыл бойы үзбей қолдану нәтижесінде, осы шаруашылықтар бруцеллез, туберкулез ауруларынан толық айыққан. Малдың орташа салмағы және сүт өнімділігі жөнінен де басқа шаруашылықтармен салыстырғанда жоғары көрінеді. Керісінше, былтыр кейбір заңға қайшы әрекеттерге барған кәсіпкерліктер айыппұл арқалапты.
"Тексеріс шаралары кезінде 262 әкімшілік материал қаралып, жалпы сомасы 8,5 млн теңге айыппұл салынды. Белгіленген ережеге сәйкес келмейтін 4 мал сою алаңының жұмысы тоқтатылды. Олар Таран, Қостанай аудандарына тиесілі. Иелері 20-25 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Мұның сыртында, жануарларды және мал шаруашылығы өнімдерін заңсыз басқа жерге апару әрекеттерінің жолы кесілді. Былтыр мұндай 56 әкімшілік материал бойынша жалпы сомасы 1 800,0 теңге айыппұл салынды. Жұмыстар әлі жалғасып жатыр", — деп тәптіштеді басқарма өкілі.
Облыстың ветеринария қызметі цифрландыру үрдісінен де қалыс емес. "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясында "Электронды эпизоотиялық карта" және "Жылқыны чиптеу" жобалары енгізілді. Осы кезге дейін өңірде 2265 бас жылқыға чип орнатылыпты. Бұл, естеріңізге салсақ, қылқұйрықтың ішкі жай-күйін анықтап отыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, былтыр жылқы малын GPS-бақылаумен қамту да сәтті жүргізілген. Облыстың 4 аймағында 22 жылқыға жерсеріктік бақылау жүйесі орнатылыпты. Мұның арқасында 1000-нан астам тақ тұяқтының қозғалыс бағытын бағып отыруға болады. Ал биыл 50 жылқыны GPS-пен ендеу жоспарланып отыр. Осынша құрылғы арқылы 2500 бас жануарды қадағалауға алу мүмкіндік бар.1484893954_1426249210_gps_horse4
Б.Ғалымжанұлы ветеринария саласына мамандар тарту мәселесіне де тоқтала өтті. Келтірген деректеріне сүйенсек, 2016-2018 жылдар аралығында 97 жас маман "Дипломмен – ауылға!" бағдарламасы бойынша елді мекендерге қызметкер болып барыпты. Оларға, ұзын-ырғасы, 92 млн теңге көлемінде әлеуметтік қолдау көрсетілген. Талапкерлердің осы мамандықты таңдауына да ылғи ынталандыру жасалып отырады. Атап айтқанда, 2016-18 жылдары барлығы 229 білім гранты бөлінген. Осы жылы  50 түлекке тегін оқу мүмкіндігі ұсынылмақ.
 
Ж.Балғынбекұлы

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓