Жұмекен Нәжімеденов – «Тобыл» (БЕЙНЕ)

Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, әйгілі ақын Жұмекен Нәжімеденовтің Тобыл өзеніне арнаған өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.
 
 
ТОБЫЛ
 
Қару ғып қайсарлық пен қоңырлықты,
қара су қазып апты-ау жолын мықты.
Әдейі көзін алдау үшін көптің
табиғат қайратты ұлын момын қыпты.
 
Шалдардың әзіліндей епті, астарлы,
толқындар қажайды еппен көк тастарды.
Жағаны жаймен сипап аймалайды,
орнына жалғыз қарпып жеп тастаудың.
 
Сыр, мұңын көрсете алмай жайып бекер,
бәрін жайып көрсетсе — байып кетер…
Тайыз боп танылғысы келеді оның,
сонда осы… терең болу айып па екен?!
 
Аяйсың.
Сүйінесің, жүгінесің,
құмартып тереңдіктің түбіне осы.
Неғұрлым терең болса өзен деген,
соғұрлым үңілесің!
 
Құбылып, қыртыстанып, не түрге еніп
жатпайды ол;
болмаса аздап көпіргені.
Сабырлы, салмақты оймен ағад Тобыл
қазақтың қара өлеңі секілденіп.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓