ЖАЗБА АЙТЫС: Асылхан мен Алтынай

Құрметті оқырман, жазба айтыстың кезекті жұбымен таныс болыңыздар! Бүгін арқалықтық ақын Асылхан Сәлімжан мен Алматының аруы Алтынай Қанапияның сөз сайысын назарларыңызға ұсынамыз. Қос ақынның қайсысы көрікті сөз, кестелі ой айта алды екен? Бірге оқиық, бағалап көрелік!Асылхан-Алтынай
Асылхан Рамазанұлы Сəлімжан Қостанай облысының Жангелдин ауданына қарасты Қызбел ауылында туған. Қазіргі таңда Арқалық қаласында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Асылхан қалалық, облыстық айтыстарға сан мәрте қатысып, әр деңгейдегі жүлделерді еншілеп жүр. Былтыр Тәуелсіздік қарсаңындағы қалалық айтыста 1-орын иеленді.
Ал алматылық Алтынай Серікжанқызы Қанапия Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта 10-сыныпта оқиды. Жас та болса жетістіктері аз емес: «Жыр алыбы – Жамбыл» атты республикалық оқушылар айтысының жүлдегері; облыстық Сарқанд оқушылар айтысында І орын алған; «Тәуелсіздік тартуы» атты Жүрсін Ерман ұйымдастырған оқушылар арасындағы ІІ республикалық айтыстың арнайы жүлдесін; Жамбыл ауданы бойынша ұйымдастырылған оқушылар айтысының Бас жүлдесін жеңіп алған; «Бөбек» олимпиадасының, сондай-ақ республикалық ғылыми жоба конкурсының І орын иегері.
Естеріңізге сала кетейік, "Құтты мекен – Қостанай" республикалық жазба айтысы Қостанай қаласының, сондай-ақ Халық ақыны Омар Шипиннің 140 жылдығына, көрнекті жазушы Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына арналып отыр.
Олай болса, сөзді жас ақындар жалғасын!
 
Асылхан:
Тоғысқан бұл көктемде тасқын-жандар,
Бойымдағы шабыт пен тасқынды аңғар.
Ассалаумағалейкүм, қазақ жұрты,
Басында батпандайын бақ тұнғандар.
Төл өнерді жылына сирек жасап,
Ақындардың аранын аш қылғандар.
Жазба айтысқа əу баста сенбеп едім,
Көз жеткізіп, сенімді рас қылғандар.
Айтысыңда ақындар басты қосты,
Азулары ақсиған қасқыр жандар.
Біздің қазақ болса да аңғал халық,
Аңғалдықпен береке қос қылғандар.
"Ашу -дұшпан, ақыл -дос"  ұстаныммен,
Таспен ұрған дұшпанға ас қылғандар.
Дос болғанға айқара құшақ ашып,
Қас болғанды қылышпен қаштырғандар.
Қауымның аталы сөзін айтар,
Ауылдың ақсақалын бас қылғандар.
Алыстан ат арытып қонақ келсе,
Жайлаудан бар жылқысын астырғандар.
Қызарғаннан құдаға атан сойып,
Атан құнды шапаннан жаптырғандар.
Бірлігін бес күн дүние бекем қылып,
Тірлігін ниеттеніп, тас қылғандар.
Қазақтың ғажап күнін жыр қылсын деп,
Баспаға жазба айтысты аштырғандар.
Домбыраның пернесін баспасақ та,
Пернетақта пернесін бастырғандар.
 
Қостанайым,алқабың қалай қанық,
Өзіңнен нəр татқанбыз талай қанып.
Егістіктің егіні былай тұрсын,
Топырағыңнан жан шыққан талай дарып.
Қостанайдың қамбасы аты мəлім,
"Арқалықтың ақ таңы" талайға анық.
Бұл күнгі сұлулығың айнадайын,
Əсемдікте шырқалар əн айналып.
Сұлулық пен тазалықтың мекені деп,
Тамсанып қала берген талай барып.
Шың басындай құшағың айқара ашып,
Қимасыңдай алаңдар қарайланып.
"Қостанай таңында" біз жырлатайық,
Қостанайдың  таңы тұрсын арайланып.
 
Жырлағанда тосылып, жасымалық,
Тақырыптың тарихын ашып алып.
Бейімбет атамызды бір толғайын,
Жан болса ақын жырын рас ұғарлық.
Жастайынан жетімдік күнді кешкен,
Жаутаң қағып,өзгеге асыралып.
Өзектің өртенуі өжет қылды,
Өмірдің сынағында өші қалып.
Мұң-шерін жыр кеніне сəйкес қылды,
Шешімін шырмауықтан шешіп алып.
"Мырқымбаймен" қазақ халқын сипаттады,
Мұң-мұқтаждың көрсетіп көшін анық.
Шұғаның  көрген күні ащы ғұмыр,
Тауқыметі тас тескен жасы жарып.
Өз өімірін өрнегі баян етіп,
Тірісінде қонбаған басына құт.
 "Би аға" деп  атаған қара халық,
Əлемге мәшһүр болып есімі анық,
Би ағамыз бір аунап тұрмайды ма,
Кей көкелер жатса егер есіне алып.
 
Тұлпарың озып шықса топты бестен,
Жүйрік біздер болармыз көк тірескен.
Қазақта Омар сынды бабалар бар,
Өлшеулі өмірінде өксіп өскен.
Тағдырдың тауқыметін қоса артып,
Заманның күштісімен көп күрескен.
"Ақын үні" қазаққа жігер беріп,
Батырлығы тайсалмас еш күрестен.
"Арман" жырын жеткізіп келер күнге,
Армандап кетті ма екен естіместен.
Амангелді батырға серік болған,
Ақпарат ед жасымнан естіп өскен.
Толқыны кері ағысқа толқытатын,
Тізе түріп,ілгері көшті ескен.
Биыл, міне, қарт Омарға 140 жыл,
Бейнетің ұмыттырмас бекті естен.
Қазағымның кескінін құраймын деп,
Сөзбен сілкіп, күрмеуді кескілескен.
Екінің бірі істемес бір ерлігі –
Екі майдан жолында отты кешкен.
 
Айтыста орындалып мендегі арман,           
Ақындарың орынын төрден алған.
Алматылық қарындасқа сөзді бұрам,
Жан болмайын əдейі көрмей қалған.
Сымбаттымен сыпайы сырласайын,
Тергеушіге ұқсамай тергей салған.
Қарсыласым болсаң да бұл дода,
Қарсыласпай кетейін теңдей жаннан.
Бұрын-сонды қыз баламен шықпағасын,
Кезіккенде қуандым сендей алдан.
Мен сенің суретіңнен ғана білем,
Батырып бейтанысқа сөйлей де алман.
Бет жүзің, қара көзің, қас, жанарың,
Жаратты екен сұлу қып нендей жалған.
Халық əні сұлуларын біз білеміз,
Бұрымдылар болған да елге арман.
Ажарыңыз сол жандарға ұқсағанмен,
Əттеген-ай, есіміңіз келмей қалған.
Он алты жасар Алтынай, аманбысың,
"Он алтық ыз"  əніне енбей қалған?
 
Алтынай:
Аламанда отырмыз мен де, сен де,
Жауабымды айтайын ермесең де.
Бұл әнге талай сұлу енбей қалған,
Олардан басқа ару көрмесең де.
Баяндар мен Ханшалар тариxта бар,
Он алты қыздан көркің кем десең де.
Әлия мен Мәншүктер,Томиристер,
Ерлігің сұлулықпен теңдесем де.
Оған бола ештеңем кемімейді,
Мың жерден ән сөзіне енбесем де.
Жібектей аруларды елемей кеп,
"Зұлқиялар қайда?" деп терлесең де.
 
Қалайша бұл додада асыға алам,
Ел едік қиындықта жасымаған.
Атымыздың жоқтығы мәселе ме,
Суалған көл емессіз, тасымаған.
Он алты қызды жырлап жазды емес пе,
Ән қылып дидарына ғашық адам.
Сіз де сондай серілер сынығысыз,
Көкейден ән,жаннан нұр шашыраған.
Біреудің жазғанынан іздемей-ақ,
Ән арнау қиын боп па рас ұнаған.
Қостанайдай киелі мекенненсіз,
Сал-сері би, жыраулар көші болған.
Ендеше, сәлемімді қабыл алғай,
Әдептен қай сөзімді асыра алам.
Асылдардың елінен бола тұрып,
Бір әнге жарамаған Асыл ағам.
 
Арайлап азаттықтың таңы атқалы,
Еліміз нендей күндер парақтады.
Біз, қазақ ұлы жұртпыз, көкбөріміз,
Ержүрекпіз сұм тағдыр оқ атқалы.
Қанша қилы заманды кешкенменен,
Руxымыз әлсіздікке жолатпады.
Қой үстінде бозторғай жұмыртқалап,
Тыныштық айдыныма қонақтады.
Ал бүгін қос ақынның сөздеріне,
Отыр ғой не жазар деп қарап бәрі.
Ендеше, құрметпенен сәлем бердім,
Түйісті жолымыздың тораптары.
Айтысты оқиық деп кіріп отқан,
Қостанай сайтының қонақтары.
 
Тұрғанда ақындарым деген елім,
Сәуірдің жаңбырындай себеледім.
Қостанайды жақсылап жырламасам,
Ақын деген атым бар неге менің?!
Барақ батыр, Шоқайлар, Асаубайлар,
Жауға қарсы сілтеген жебем едің.
Ыбырай мен Аxметтер "жастар" деген,
Айдындағы бұзылмас кемем едің.
Міржақыптар, Сәбиттер, Бейімбеттер,
Қазақ үшін қашан да ерен едің.
Қостанай, алтын құрсақ мекенсің ғой,
Даңқыңды көтерейін деген едім.
Отанына айналып мың асқардың,
Шоқандарды тербеткен кемел елім!
 
Отырсақ ақындардың жолын бағып,
Сөйлейік жалын сөздің шоғын қарып.
Қарсылас ағамызға бұрылайын,
Үлгерген оңы менен солын танып.
Әдебиет пәнінен мұғалімсіз,
Шәкірттің отыратын оғын қағып.
Мен болсам он оқитын оқушы едім,
Болашақ жастарымның қолында анық.
"Ұстаздан шәкірт озар" деген бар ғой,
Кетпесек те айтыстың тобын жарып.
Көрегендік танытып әрбір сөзін,
Тегін айта салмаған момын xалық,
Жүрегіме тым жақын осы мақал,
Дәл бүгін кететіндей орындалып.
 
Асылхан:
Не десең де ақ көңіл түнек түріп,
Жылы сөзбен кетейін гүл ектіріп.
"Он алты қыз" есіміне енбегенмен,
Сұлулыққа жазып ем тілек тұнық.
Томиристі ,Баянды мысал етіп,
 Қазақ қызын жырладың білек түріп.
Түбіңізді қозғардай не көрінді,
Түріңізді ұқсатып ем тірек қылып.
Жібектей аруларды елемес деп,
Ұстазға көрсетті ғой түлек қылық.
Кім кімді елейтінін халық көрер,
Елемеске керек-ау жүректілік.
Теңеймін сізді қалай басқаға мен,
Қыз Жібекті жазсаңыз Жібек қылып?
 
Жырласақ, жыр патшаның құмарымыз,
Беймəлім дүйім жұртқа  ұнарымыз.
"Бір əнге жарамаған Асыл ағам",
Деп жазған қызық екен сұрағыңыз.
Есімін əрбір əнге мақсат қылмас,
Торғайлық ақындар ек қырағы біз.
Торғайлықтың мақсаты бір "Елім" деген,
Қарындас, осы болсын ұғарыңыз.
Əн емес сүре сөзін жатқа біліп,
Аузымыздан құралған құранымыз.
Əнге арналып, сəнге айналып кетпесек те,
Біз-дағы көпшіліктің ұранымыз.
Ахаң, Жахаң бастаған бұл Торғайдың
Болашақ жолын салар тұмарымыз.
Қонысбай, Айбектердің ізін жалғар,
Сүлейдің сарқытымыз, сыңарымыз.
Бізге бақыт  "Торғайым" əні боп тұр,
Себебі құт мекеннің ұланымыз.
Еліміздің аты Торғай болғанымен,
Сол елдің бүркітіміз, қыранымыз!
 
Ұстаздан асам десең, шын алыбым,
Арманың орындалар, шыда, күнім.
"Ұстаздан шəкірт озар" деген сөзің,
Қарағым, ол да сенің сыңар үнің.
Ұстаздан озады да ұмытатын,
Шəкірттер көбейді ғой, сірə, бүгін.
Билік тағы еске түсер жауап боп тұр,
Бұл мақалға еріксіз шығар үнім.
Биліктегі көкелер де оқушы еді,
Озат болған мектепте тұмар үлгің.
Білімменен дəрежесі ұлғайғанмен,
Көңілі тоқ болмай тұр құмарымның.
Ұстаздан сауат ашар күн тумаса,
Өздігімен биікке шығады кім?
Сол көкелер ұстазға назар салса,
Иленген топырақтың құнарымын.
"Білімді өлсе қағазда аты қалар",
Бұл мақалдың мəн-жайын ұғады кім?
Билікке көтергенмен білім теңіз,
Жалақысын көтермей тұр мұғалімнің.
 
Жырласам жақсы жырды ең көнелі,
Бағасын шабытымның ел береді.
Ел үшін жанын қиған ақындар бар,
Сол жандар жігеріме дем береді.
Еліміздің еңсесін көтерем деп,
Өр намысты аталарым өрлеп еді.
Соның бірі Ахметті кім білмейді,
Мəлім жұртқа теңсіздік деп терлегені.
Міржақыптар ұйқыдағы қазағымды 
оятқаны – елеулі еңбегі еді.
Бейімбеттің есімі есте қалар,
Қазақ үшін белгілі ерлегені.
Сол жандардың келешекте арманы еді,
Өткеннің қайта оралып келмегені.
Найзадағы үкілі үміті еді,
Біздер үшін қылыш-тіл сермегені.
Бабамыздың елеулі еңбектерін,
Бүгінгі дəріптесін кенжелері.
Беделі бес атанға жүк болып тұр,
Кезінде болса-дағы кем беделі.
Халық дауын бір жақты қылғанымен,
"Халық жауын" жамылып өлген еді.
Айымыз нақ оңынан туады деп,
Қазақтың шоқ жұлдызы сөнген еді.
Ғұмырымыз ұзағынан  күн кешсін деп,
Қамшыдай қысқа ғұмыр көрген еді.
 
Басымызды қосқан соң көне мекен,
Жырымды өрнегімен өрелі етем.
Көзқарасың, қарындас, өзгеше деп,
Өз сөзіңе еріксіз төне кетем.
"Сен" деп бастап ағаңа, соңын "сіз" ғып,
Жырлатар  өлең-жырың бөлек екен.
Ағаңнан жасың төмен болғасын ба,
Сөзіңіздің сыйластығы төмен екен.
Булығып, ызаланып жазған жырдай,
Ашуланып отырдың неге, көкем?
Қазақтың əрбір қызы – қарындасым,
Қарындас ақыл сөзге көне ме екен?
Ғабит Мүсіреповтің бір сөзі бар,
Жырласам Алтынайым сенеме екен:
"Қыз егер ашуланса жеңіледі,
Ер жігітке еркелесе жеңеді екен".
 
Алтынай:
Өлеңмен берекеміз қонады екен,
Қыздарға бұлай деуге бола ма екен?
,,Ашуланып отырсың,,  деп айтасыз,
Ішіңіз өкпе-назға тола ма екен?
Экраннан көңілімді біле берер,
Ағатай, сезгіштігің жоғары екен.
 
Өлеңмен көңілдерге сан гүл ектік,
Жай сөзге жан бітіріп, алғыр еттік.
,,Қыз ерге еркелесе, жеңеді,, дейд,
Ағамды елестетем жаужүрек қып.
Мен сіздің бұныңызды түсінбедім,
Түсінбеген шығар-ау барлық ел түк.
"Қызбен алғаш айтыстым" деп едіңіз,
Осыған көз де жетіп, ал, күнелттік.
Бұл сөздің қарсыласқа қатысы не?
Ақын боп, жырымызды балғын еттік.
Ондай-ондай сөздерді жарыңызбен
Ұрысысқанда айтасыз аргумент қып.
 
Ағам енді сөзіме сан шыдай ма,
Қарындастан жылы сөз-бал сұрай ма?
"Ән емес жаттағаным" деп ағамыз,
Намыстанып кетті ғой жай шырайға.
Балуан Шолақ кешегі "Ғалия" деп,
Жырлады ғой енгізіп сан шырайға.
Естай да "Қорланым" деп өтті емес пе,
Әндері жанымызды жаншымай ма.
Ақан сері әні бар "Балxадиша",
Сұлу қызға сөз айтқан әр сыңайда.
Сондықтан онда тұрған ештеңе жоқ,
Әйтпесе өзін жырмен қамшылай ма?
Серілердің жұрнағы келсін деп ем,
Әйтпесе қаптап кетті әнші майда.
"Маxаббатқа арнап бір ән шығарсын,
Шәміл-ау, Шәмші қайда, Шәмшіқайда?.."
 
Тақырыпты айтайын қостай дерек,
Қайтейін осы жақтан тоспай көмек?
Омар менен Бейімбет ұлылардың,
Ұлағатын көрмесе жас қайтер ед?
Мәңгі өшпес мұрасын қалдырды ғой,
Сондықтан ел жаманға баспай келед.
Ұлы күн құтты болсын, арда қазақ,
Ұлы көшті қырандар бастай келед.
Бар қазаққа мәуелі жеміс берер,
Мәңгілік құламайтын қос бәйтерек!
 
Ау, ағайым, расында,
Жырларыңыз жасын ба?
"ҚыранымынТорғайдың"
Деп тым қатты тасынба.
Қазақтың жері киелі,
Толы ғой жақұт, асылға.
"Елімнің аты – Торғай" деп,
Қателестің жасыңда.
Еліңнің аты – Қазақстан,
Әр қазақ сенің қасыңда.
Айтатын енді сөзіңді,
Аталы сөзден асырма!
Қамы жақсы жігіттің –
Ауылының басында,
Қамы жаман жігітің –
Ошағының қасында.
 
Асылхан:
 Қолдаса бұл додада ұлыңды Алла,
Жүрегім жетелейді жырымды алға.
"Елің  сенің Торғай емес, Қазақстан" деп,
Жұдырық болғың келер жығылғанға.
Туған жер топырағынан жаралғасын,
Ел бесік емес пе еді  ұғынғанға.
Жер-жерге бөлінді деп ойлап қалма,
Тек қазақ көтереді тұғырларға.
"Бөлінгенді бөрі жейді" дегенімен,
Топ болып бөлініп жүр шыбын жанда.
Ел түгелі бұл жағдайға не айтасыз,
Жеті атадан бөлінетін ұлың барда.
Ел дегенім – торғайлық ер беделі,
Төтеден қол созбадық шырын-балға.
Қазанат мінген жерім бір елмен тең,
Азаматы сүйресе туыңды алға.
Торғайды ел дегенім дұрыс шығар,
Қазіргілер бөлінгенде руларға.
 
Жалғасын тапсын енді дерек кенет,
Шынымен неге руға бөлектенед?
Ақының бар қазаққа құлағдар ғып,
Жанашыр сөзін айтып дедектемек.
Бауырлар, бірлігіміз бекем болмай,
 Құлауы да қас қағым кенет терек.
Берекеміз мерекелі болсын десең,
Əр қазақтан қамқорлық, көмек керек.
Себебі өз елінің бақыты үшін,
Басынан қиындықты ер өткеред.
Ерлердің ерлігіне жері мұқтаж,
Ал,ері сол елінен қоректенед.
Қияметке бірігіп біз жетейік,
Сауапты жинау үшін себеп керек.
Бірлігіміз сүрсінші ұзақ ғұмыр,
Түбірі нық, тамыр жайған терек демеп.
Тірімізде бірлікпен бір болайық,
Өлгеннен соң жатамыз ғой бөлек-бөлек.
 
Айтысқа қанық болса БАҚ басылым,
Тізгінін тартайын мен ат басының.
Бақталасың болсам да сөз майданда,
Қарындастың қашанда жақтасымын.
Тілейтінім – екі дүниенің зор бақыты,
Қаламаймын жүрегіңді дақ басуын.
Асылдан тəтті жыр ғып толқытайын,
Ағысы ұшқыр басыңнан бақ тасуын.
Жасыңнан ақындықтың жолын қуып,
Ақиқат боп жетсінші хаққа шының.
Өзіңдей қарындасқа қамқор болар,
Ақ ниетті ағалардың нақ басымын.
Жиғаның жақсылықтың нышаны боп,
Беймəлім болып қалсын жатқа сырың.
Бала шақта от басып қателеспей,
Болашақта ұйтқысы бол отбасының!
 
Асудан əрі өтсе белес үнім –
Ол менің жақсы жанмен кеңесуім.
Осымен жобалайын мен жырымды,
Жөн болмас енді бекер егесуім.
Аман бол, инабатты қарындасым,
Қашанда биік қойған ер есімін.
Қазақ үшін мəңгілік қызмет етіп,
Өнеріңмен танытшы ел есімін.
Тарихта "Алтын ақын" атың қалсын,
"Алтынай" болып қалмай тек есімің!
 
 Алтынай:
Бұлбұл – бұлбұл емес қой сайрамаса,
Мен емес ем өзін биік қойған аса.
"Тарихта атың қалсын" деп жатырсың,
Атағың шықсын деумен айдан аса.
Өзіңе де, ағатай, тілерім көп,
Қарындас ем құшағын жайған аса.
Алты Алаштың әйдігі өзің болғын,
Аламанда айтпастан ойды аласа.
Қарындастар қалар ма ед аласарып,
Өзіңіздей ағалар ойламаса.
Қатты айтты деп сөкпеңіз,
Айтыс деген –
айтыс емес қарсыласты сайламаса.
Шабытың шырқау шепке жетсін дедім,
Ойыңды басқа күдік жайламаса.
Не дегенмен, ағасы, білесіз ғой,
Өткір қанжар кеспейді қайрамаса.
 
Қоштасуға айтыстың қалпын бұрсақ,
Сіздерменен өтті ғой жарқын бір шақ.
Осындағы ел-жұртқа мың раxмет,
Арамызды жарамас салқын қылсақ.
Төгілсінші жырлары бар ақынның,
Ақ алмас жырдың жүзін жарқыл құрсап.
Өзің туған топырақтың киесі ғой,
Өзіңізге бет бұрса халқым бір сәт.
Сан алыпты әлі-ақ та тудырады,
Қостанайдай мекенім алтын құрсақ!

Читайте также:

комментариев 6

  1. Аноним:

    Жарайсың, Асылхан!тек қана алға

  2. Аноним:

    Алтынай,жарадың!

  3. Aya:

    Алтынай жаксы айтысыпты! ЖАРАЙСЫН! Тек алға!

  4. Ғалия:

    Алтынай жарайсын ! Керемет айтыс ! 

     

  5. Аноним:

    Жарайсын Асылхан 

  6. Нурторе:

    Асылхан жарайсың! Онерин алға бассын! 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓