ЖАЗБА АЙТЫС: Еркеғали мен Злиха

"Құтты мекен – Қостанай" республикалық ашық жазба айтыстың төртінші жұбымен таныс болыңыздар. Бүгін өлең сайысына астаналық Еркеғали Бейсенов пен Злиха Кенжеғозина түседі. Құрметті жырсүйер қауым, сіздердің кезекті бір тамаша айтысқа куә болатындарыңызға уәде береміз. Қос ақынға қолдау білдіріп, қай мықтысына бүйрегіңіз бұрса, жеке пікірлеріңізді қалдырыңыздар! Әуелі өнерпаздар туралы қысқаша мәлімет бере кетейік:Еркегали-Злиха
Еркеғали Бейсенов 1984 жылы Қостанай облысының Аманкелді ауданына қарасты Сарыторғай елді мекенінде дүниеге келген. Оқушы кезінен-ақ аудандық, облыстық айтыстарға, мүшайраларға қатысып, жүлделі орындар иеленді. «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры» ұйымдастырған республикалық «Алтын тобылғы» байқауының «Ең үздік поэзия» номинациясы бойынша жеңімпазы. Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін  журналист мамандығы бойынша аяқтаған. Көптеген республикалық газет-журналдарда, радиода студент шағынан жұмыс істеген. Қазір Ішкі істер министрлігіне қарасты республикалық «Полиция.kz» журналының бас редакторы. 2006 жылы өткен кезекті Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің «Журналистика» номинациясы бойынша 1-орын иеленді. 2011 жылы «Қайран, құндылық!..» атты алғашқы жыр жинағы жарық көрген. Поэзия ғана емес, публицистика, детектив, сатира жанрларына да қалам тербеп жүр.
Ал Злиха Кенжеғозина Задыгерейқызы  1987  жылы Қостанай облысы,  Жанкелдин ауданы Тентексай ауылында дүниеге келген. Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің, Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының түлегі. 2008 жылы өткен "Жырлаймын тəуелсіздігімді" атты ақындар айтысының бас жүлдегері. 2010 жылы "Ұлт көсемі — Ахмет" ақындар айтысы мен мүшəйрасының жеңімпазы атанған. 2017 жылы өткен "Алашордаға 100 жыл" аймақтық ақындар айтысының  II орын иегері. 2018 жылы "Қостанай таңы" газеті ұйымдастырған жазба ақындар айтысының қатысушысы.
Қош. Сөз кезегін ақындарға берейік!
 
Еркеғали:
Ассалаумағалейкум, туған өлкем!
Ұлтымның ұлылары қылған мекен.
Ақыны Алты Алаштың сөзін ұстап,
Батыры белін әркез буған бекем.
Ұшырған қырандарды, қайран, Торғай,
Ішіңе бүккен қанша сыр бар екен?!
(Ақ таңы азаттықтың атқанынша,
Батпады саған жаудың тырнағы кем).
Тарихқа тұлғаларың енсе көптеп,
Мендей бір Злиха да жұрнақ екен.
Орнына домбыраның қалам алып,
Айтыссақ, өнер емес бұл да бөтен…
Тек бүгін сарнамайтын текті ұлыңмын,
Сондықтан сені өлгенше жырлап өтем!
 
Армысың, Злихажан! Халің қалай?
Алаңсыз атып жүр ме, таңың арай?
Ағаңа қарсылас боп келіп қапсың,
Қаламың айтар ойдан жаңылмағай!
Елдегі қос мерейтой құтты болсын!
(Сенемін жасалмас деп дабыра жай).
Бұл сәтке бастамашы боп отырған,
Айналайын «Қостанай таңынан»-ай!..
Жасайық жақсы айтысты енді екеуміз,
Көңілмен көтеріңкі, мамыражай.
Бейімбет қаламының ұшындағы
Мөлт еткен мінсіз әрбір мағынадай.
Омардың от-жырының ұшқынынша,
Салмақты сын да айтылсын, жалынға бай!
 
Сөз баста, пенделіктен биік тұрып,
Зор мәнін оқырманға жиі ұқтырып!
Табаның тиіп жүрген жерде осы,
Жыл сайын жүргендер кім киік қырып?
«Қаскөйлер суды улаған», – дейді әкімдер,
Аңшыны көзімізге күйік қылып.
Еді ғой Жыланшық пен Қабырғамыз
Удан да, шудан да аман, тұйық, тұнық?!
Тарқатып түсіндірші осы жағын,
Дерегін көкейіңе түйіп, біліп!
 
Злиха:
Айтыста арғымақтай арындармын,
Алаштың аманатын орындармын. 
Өсер елдей бір-бірін батыр көрген, 
Қарсыласты жерлес деп қабылдармын.
Онсыз да қызыл кектің кесірінен,
Қайысқаны аз ба еді қабырғамның.
Санамды саясаттың сызы кернеп, 
Санымды өкініштен сан ұрғанмын. 
Қанымды қақпан қапқан көк бөрідей,
Үстінде сорғалатқам қалың қардың. 
Есімде тәуелсіздік алып кеше,
Қарыны ақ түйенің жарылған күн. 
Ал, бүгін бүршік жарған  қайыңдай боп, 
Бір түп болып бір жерге шоғырландым.
Қостанай, атың – дара, затың – дана, 
Əз көркің келбетіндей ханымдардың. 
Кіндігінің қаны алғаш сен де тамған,
Омар, Шоқан, Бейімбет нар ұлдардың. 
Кешегі Нұрхан, Нұржан жағып кеткен, 
Шырақтай сөнбей мəңгі жалындармын.
Армысың, Қостанайдай құтты қалам, 
Мекені ақын,  батыр, ғалымдардың.
 
Қостанай қасқалардың отаны едің,
Шешен мен шайырлардың шаһары едің.
Жангелдиннің ерлігін мойындаған,
Момышұлы Бауыржан батальоның.
Қостанай бар қазақтың құт мекені,
Ел үшін шығаратын сапалы өнім. 
Əр ақын туған жерін мақтан тұтса, 
Аңсайды жігіт елін, бақа көлін.
Білімнің бал бұлағын ішемін деп, 
Ыбырай аралаған сахара елін.
Биік еткен Торғайдың мәртебесін, 
Сүйіп өткен Ахаң мен Жақаң елін.
Отызға толмай жатып орда бұзып,
Ғаламды мойындатқан Шоқан ерің.
Торғайдың төсін емген ақын қыз ем,
Арқаның оймен шолған жота, белін.
 
"Айтысты сен  баста" деп  қашқақтап ең, 
Айтысып отырсаң да ватсаппенен.
Сөз бастау қол бастаудан өте қиын,
Сондықтан тұлпарымды рас баптап ем.
Жігіт тұрып сын болар қыз бастаған,
Əйтпесе жыр майданын бастап берем.
Армысың, ақын ағам. Туған жерді
Жасыңнан жырға қосып, рас мақтап ем.
"Киікті кімдер қырды?" деп сұрайсың,
Сұрадың бұны қандай мақсатпенен? 
Арналардан анықтап айтқан жоқ па?
Естіді адамдар да ақсақ, керең. 
Билікке қарсы шығып не қыласың?
Одан да қоя салсай жақсы атпенен.
 
Сермейін бүгін кеңге құлашты ұрып,
Қойған соң ағамменен сынастырып. 
Ватсаптан мені іздеп жатыр едің,
Көз таныс ақындардан сұрастырып. 
Алдын ала сақтандың Злихадан,
Бойыңды билегендей рас, күдік. 
Тілшілік екен сенің қызметің,
Қараушы ед тілшілерге кім осқырып. 
Тілші мен тілмаштар да айтысып жүр, 
Көр-жерді өлең қылып құрастырып. 
Соққыма шыдамаған талай ақын,
Жалынып Жаратқанға дұға, іс қылып.
Сен де менің соққыма шыдай алмай, 
Қызуыңыз кетпесін тым асқынып. 
Айтыскер ақындарды бездіргендей, 
Сені де жіберейін қыр астырып!
 
Еркеғали:
Көп қате жіберіп сен әп дегенде,
Неліктен бой алдырдың "әттегенге"?
«Көр-жерді өлең қылар тілші» дейсің,
Қарап қалман дәл бұндай сәтте мен де.
Гуглден шала-шарпы шола салып,
Бойға сырттан пішкен тон шақ келмеуде.
Еңбек қып жүргендіктен біздей ақын,
Ие болды көптеген БАҚ беделге.
Бейімбет, Ахаң, Жақаң арыстар да
Баспасөз арқылы көп жаққан елге.
Оң-солың бір ғой біздей балуанға,
Злиха-ау, болмас сөзді шаттың неге?
«Менен талай айтыскер безген» дейсің,
Е, өңкей түк білместер тап келген де!
Әлде, қазы жағынан көкең болып,
Жүлдені белден басып ап берген бе?
 
Мен сенен алдын ала сақтанбадым,
Жөн болмас оңды-солды мақтанғаның.
«Айтысты сен баста!» деп жолды берсем,
Әрине, емес қой ол нақ талабым.
«Қыздың жолы – жіңішке» болғандықтан,
Беттен алмай, жөніңді тап, қарағым!
 
«Қостанай қасқалардың отаны едің», –
Дегенің ұят емес пе, ботам менің?
Осыған ұйқас үшін айта салдың
Дегенді «Момышұлы – батальоның».
«Кім» емес, «не» боп қалды ер Баукеміз,
Басы сол сендегі көп қателердің.
Ал қатар айтылмаса қасқа-жайсаң,
Жып-жылтыр құр «қасқаңды» нақ елер кім?
Гептилден шашы түсіп қалған жоқ па,
Елдегі аналар мен әкелердің?
«Қостанай бар қазақтың құт мекені,
Ел үшін шығаратын сапалы өнім», –
Деген де жалаң айтқан мақтан болды,
Бұзғандай келбеттінің сақал өңін.
Кәмпит пен наннан басқа тағы не бар?
Білсең, сол өнімдерді атар едің…
 
Деп саған бұл айтысты бастап берем,
Алдым ғой жөнсіз жауап ватсаптан мен.
«Арналардан анықтап айтқан жоқ па?
Естіді адамдар да ақсақ, керең», –
Деп неге кемсітесің мүгедекті?
Мен сені деп ойлағам асқақ, терең…
Иә, көрдім ол өтірік ақпаратты,
«Жалған!» деп содан әлі қақсап келем.
«Билікке қарсы шығып, не қыласың?
Одан да қоя салсай жақсы атпенен», –
Дегенге қалдым тағы ренжіңкіреп,
Бұл ару осылайша қашпақ неден?..
Демек, билік қырған ғой киіктерді?
Біз өйтпейміз далада атсақ берен.
 
Жарайды, салғыласып не қыламыз?!
Белгілі құрамасың сенің аңыз.
Сондықтан шындығыма шырт етпей-ақ,
Злиха, нөсер  жырдың селін ағыз!
Сөзбен қайрап алуым – шыңдау ғана,
«Өкпелеп қалар, – демей, – е, мына қыз…».
Енді біз тақырыпқа ойысайық,
Деп қалмай тұрғаныңда мені жауыз.
Бағасын сәл арттырып бұрынғыдан,
Омар ата, Би-ағаңды дедім абыз.
Қанша жыр арнасаң да артық етпес,
Асылдан қос ердің де тегі нағыз!
 
Злиха:
Болмай ма аруларға аттандауға,
Сайыста серт бергенмін тоқталмауға. 
"Беттен алмай тапсай, — деп, — өз жөніңді", 
Бұл ағам өз жағдайын көп қамдауда. 
Əлия, Мәншүк сынды батыр қыздар,
Қолына қару алып шапқан жауға. 
Əсия, Жадыраның жолын қусам,
Дəл маған неге болмас мақтанбауға?
 
Арғынның Ожан деген руынанмын,
Болғанда қаным қазақ, руым Арғын. 
Кешегі Ахаң, Жақаң қадап кеткен,
Қолыма қара өлеңнің туын алдым. 
Бес бірдей қаруымды сайлап алып,
Белдессем, белді бекем буынармын.
Біздің рудан Айбектей ақын шыққан,
Анадан ақтаңгер боп туылар кім?
Сейіттей сатирик те күйеу бізге,
Сөзіне бір ысып, бір суынармын. 
Естеков Ерлан ағам түйе палуан,
Есілге жүрген жүзін жуып əр күн.
Құланның шапқандағы күшін алсам, 
Жыланның тіліндегі уын алдым.
Қарсыласты құр босқа қылжақтатпай,
Қазанға салып алып қуырармын. 
 
Көп сөйлеп оқырманға сыйың кетті,
Жалықтырып жібердің дүйім көпті.
Мен бұны ағам ғой деп сыйлап отсам,
Ойларын оғаш бүгін түйіндепті.
Сый білмейтін сыйсызды біздің қазақ,
"Сипағанды сезбейтін сиыр" депті. 
Торғайда туылған соң бұл Злиха, 
Асығын бекер алшы иірмепті. 
Кешегі Кейкі сынды бабасындай,
Өр басы кез келгенге иілмепті. 
Өзімнің ұйқасымды өзіме айтпай,
Сөздеріңді айтсаңшы тиімді, епті.
Бірді бастап кеткен соң келесіге,
Дұрыс ілмей жатырсың кей ілгекті. 
Мін тағудан əріге аспаған соң,
Тақырып қозғалынбай кейіндепті. 
Сен айтпай-ақ өлеңге қосам бүгін,
От тілді Омар менен Бейімбетті. 
 
Мықтылығы аумаған нар, атаннан,
Басына бақтың құсы дара қонған.
Омар атам жасынан жетім өсіп, 
Бала боп қорықпаған жар, апаннан. 
Бай еді рухани дүниеге,
Мал-мүлкі болмағанмен қора толған.
Амангелді батырды жырлап бізге,
Қазақтың басындағы бағы атанған.
Бейімбет орақ тілді жазушы еді,
Үстеліне отырған ала таңнан.
Халықтың болашағын сезе білген,
Бақсыдай бəрін көрген алақаннан. 
"Азамат Азаматычтай " еңбек жазып,
Тұрғызған прозаға жаңа қорған.
"Шұғаның белгісімен" белігілі боп,
"Раушан-коммунистпен" дара атанған. 
 
Өзіңе қарай бағыттап ұшқан бақты,
Басыңа қондырыпсың дұшпан бақты.
"Бақыт" деген қонбаушы ед шамалыға,
Бұл жігіт тағдырын да күшті алдапты.
Сан газетте істепсің тілші болып,
Байқасам, сен қылмаған іс қалмапты.
"Полиция " журналында редакторсың,
Жырыңа оқырманың құштар бопты.
Ішкі істердің  тарихында ешқашан да,
Қанды қол қылмыскерлер ұсталмапты.
Керісінше жазықсыздар жазаланып, 
Қуантып жүрсіңдер ғой дұшпан жақты.
Билікпен алысам деп өн-бойыңда, 
Қызбен қағысуға да күш қалмапты.
 
Еркеғали:
Күн күліп қарамаған түндігіне,
Түңілген қарашадай бұл түрің не?
Болса тек Сейіт, Айбек саған жақын,
Қазақтың бәрі туыс бір-біріне.
Қарындас, сен де Арғын, мен де Арғын,
Бір жерде кесіліпті кіндігің де.
Ағаңды жарамады «сиыр» деуің,
Тарпаң десең, кедергі кім тіліңе?
«Ұсталмады елде еш қылмыскер», – деп,
Әйтеуір, соғып жатсың бірді бірге.
Қай заман құрығалы «серкелері»?!
Оны сенен басқалар жүрді біле.
 
Жырыңнан су атты ма, сел ақты ма…
Қойдың ғой бір көздемей сен-ақ тура!
Немкетті қарай салып қарсыласқа,
Босқа сөз шығындағың кеп-ақ тұр ма?..
Екінші мына қате жауабыңа
Жасағым келмей отыр редактура.
 
Шап-шағын, әсем қала Қостанайды
Сүйсем, ол – көңілдегі хош талайғы.
Нарқы жақсы екенін бағаласа,
Халқы жақсы қонағын дос санайды.
Парқы жақсы пырақсың сен сондағы,
Жырласаң, шаттығыңа қоспа қайғы!
 
Сынаса екеумізден басқа қулар,
Сөзімнен мына жалғыз астарды ұғар:
Туған ғой Тобыл, Торғай жағасында,
Сауатын бар қазақтың ашқан ұлдар!
 
Сондықтан айтсын олар рахметті!
Бұндайда сөз қолданар ақын епті.
Болғанның несі жақсы осы күні,
Дарвиннің теориясы тақылетті?!
Өткен ғасыр ішінде бізден шыққан
Білімпаздар алысты жақын етті.
Айтсам да жетіп жатыр құбылмай мен,
Әліппенің атасы Ыбырай мен
Әліпбидің авторы Ахметті.
 
Арыстар бұл жақтағы мықты кілең!
Өлкесі – «жасыл жайлау, түкті кілем»…
Анығында біздің «Үш бәйтеректің»
Тамыры санамызға нық бекіген.
Соның бірі – жерлесім Би-ағаңның
Артында қалған мұра – құт деп білем.
Сықақтың шын сардары еді ғой ол,
Тозаңды үрлей салар шық бетінен.
 
Қарымы үлгі болар кейінгіге,
Бейімбет – руханият биігінде!
Жанрды талғамайтын кең тынысты
Таланты ұрынбады жиі мінге.
Ұшымен қаламының кестелеген
Қанған ғой әр жазбаның иі күнде.
 
«Су шыққан жерді белден қазған» ағам
Жан емес заманында маздамаған.
Алаштың бақыты үшін аласұрып,
Жарасы көп қанаса, аз жалаған.
Жоям деп сауатсыздық мәселесін,
Сол үшін төрт оқулық жазған адам.
 
Бөрінің сәті туса жорта қалар,
Кез болған оны қаптап қорқау қабар.
Тарихқа мұртты көсем басқан бірақ,
Көмескі тартып жатыр зор таңбалар.
Біздің тұңғыш фильм ғой «Амангелді»,
Онда да Би-ағаңнан қолтаңба бар.
Осылай ақтарылған ақтаңдақтан
Иншалла, ұлтты ұйытар қор қаланар!
 
Злиха-ау, сондай, міне, ұлы тұлғаң!
Бір арыс еді бұрын ұмытылған…
Сен мына сәйкестікті қарасаңшы:
Би-ағаң 1894 жылғы болса,
Мен кейін 1984 жылы туғам.
Б.Майлин атындағы мектепте оқып,
Жүрегім есімімен жылытылған.
Жазарда мен де жанр талғамаймын,
Себебі, көкейде оның сыры тұнған.
Ауданға тастадыңдар атын беріп,
Айналдым елдігіңнен бұны қылған!
Ал енді Омар атам жайын айтсақ,
Суырған алдаспандай жыры қыннан!
Қос майдан куәгері ол баһадүр,
Алдында әркез елдің мұңы тұрған.
 
Сенімді серігі боп «көзмергеннің»,
Ажалын ойға алдырды ол кердеңнің.
Халықтың ақыны боп мерейі өсті,
Сыртында талай медаль, ордендердің.
Омар сөз, Амангелді қол бастаған
Жасаққа жаулары да жол берген мың…
 
Жә, енді бұл кезекті көп созбайын!
Әйтпесе, қыжыртпаңа дөп сөз дайын.
Айтыста артық кетіп жатсақ-тағы,
Өмірде бұдан былай доспыз дәйім.
Түйінсөз беріп тұрып осы сәтте,
Десе де жарасады дос қызды «айым».
 
Злиха:
Орыстар қазақ жерін сатам деп ед,
Қарсы келген қазақты атам деп ед.
Өмірде өлмейтұғын тірі жан жоқ, 
Ажал жетсе ат та өлед,  атан да өлед.
Жеріміз жау қолында кетер еді,
Сол кезде бермегенде Ахаң көмек. 
Майлинге аудан атын бергендерге,
Менің де беретұғын батам бөлек.
Бабалардың ерлігі жайлы айтылған,
Қазақта қазыналы мақал көп ед. 
Кез келген бір ауданын Қостанайдың,
Ахаңның атыменен атау керек.
 
Білсе де ауырлығын арқам жүктің,
Сеземін мəңгілігін шалқар құттың. 
Өлеңнің киесі мен қасиетін, 
Ағайын, тек өзіңнің арқаңда ұқтым.
Бағасын нар бақыт пен бостандықтың,
Тəңірге тəубе қылып əр таңда ұқтым.
Тəуелсіздік алған соң, төрім кеңіп,
Ұмыттым қиындығын жалтаңдықтың.
Елімнің пейілі мен ықыласын, 
Қорғайтын қиындықтан қалқан қыппын. 
Ақындар сүйейтұғын арқаларын, 
Қостанай, қазығысың қамқорлықтың.
 
Сен маған ақыл айтып, қазы болдың,
Мен де сенің мініңді жазып алдым. 
Сөзіңнің көрерменге жақпасы анық,
Шықса да көңілінен қазылардың. 
"Сиырға теңемесей" деп айтасың, 
Қарашы көп болуын базынаңның.
Тарпаң деуге ауызым бармай отыр,
Бүгінгі теңеуіме разы болғын.
 
Сөзіңе оқырманың күлер мынау,
Оқып ап жауабымды түнердің-ау.
"Кезекті көп созбайық" деп қипақтап,
Жігерің құм болды ғой, жігерлім-ау.
Сенімге селкеу түсіп сын сағатта,
Көңілге осындайдан кірер қырау. 
Сен менен безесің деп кеше айтып ем,
Түсінбей сол сөзіме тірелдің-ау.
Қысқа-қысқа жазыпсың жырларыңды, 
Мұныңды міншіл халқың мінер мынау.
Айтқаным айдай келіп екі-ақ сөзбен,
Сені де қыр астырып жібердім-ау.
 
Еркеғали:
Дей берер сөйттім-бүйттім, өйтем-бүйтем,
Болмысың бос мақтанға икемді екен.
Жаралы қаз да қатты қаңқылдайды,
Құтылып алғаннан соң ителгіден…
Байбалам салмай енді кешіргейсің,
Жіберсем жүндей түтіп жүйкеңді мен!
 
Екеуміз алғаш бірге сынға түстік,
Бетпе-бет айтыспадық, жыр жазыстық.
Деймісің «қыр асырдым»? Біз онсыз да
Астынан алты қырдың үн қатыстық.
 
Ұстазың кім? Өткізсін шындап сабақ!
Жеткізіп үйренгейсің сынды астарлап.
«Сипағанды білмейтін сиыр» дегенді
Қайталаудан қарымың тұрды ақсап-ақ.
«Бездің» дейсің, айтыстың шартын ұқпай,
Кім саған «төрт кезек» деп мың қақсамақ?!
Мен айтсам айтарымды қысқа-нұсқа,
Қалдың сен саусақ сорып, шумақ санап.
 
Бұл ретте болмады, рас, ағаңда айып,
Жай ғана өлең жаздым саған лайық.
Біз үшін айтыссын ал әділқазы,
Екеуміз осы тұстан тәмамдайық!
 
Злиха:
Ұқсамай сөйлесе егер ұлың нарға,
Өспейсің бойыңда көп мінің барда.
Мені қаз деп, ал өзін ителгі қып,
Қыздар десе ұстайтын жының бар ма ?
Қарындасың болам ба деп ойлап ем?
Қолтығыңнан демейтін жығылғанда.
Қарсылас боп қағыстық қақтығысып,
Шын талантты қолдайды түбінде Алла.
"Ұстазың кім?" деп маған елересің, 
Əрине, кешірсе екен бұныңды Алла.
Айбектей ақтаңгердің шəкіртімін, 
Айтатын ұстазыма сының бар ма? 
 
Осымен сау болғайсың,  ақын аға,
Кір келтірме ақындық атыңа да. 
Қазақтай қайсар елді қадір тұтқан,
Қыз едім аты — ақын, заты — дана.
Қазақ саны көбейіп  жылдан-жылға, 
Көп болсын елімізде батыр ана. 
Жүрегі Злиханың əлсіз болса,
Жасқанбай сені айқасқа шақыра ма?
Арынымды егер де көргің келсе, 
Менімен айтысқайсың сахнада.
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓