ЖАЗБА АЙТЫС: Батырлан мен Ақгүл

Құрметті жырсүйер қауым! Көптен күткен жазба айтыс басталды. Қостанай қаласы мен халық ақыны Омар Шипиннің 140, көрнекті жазушы Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына арналған өлең бәсекесіне Қостанай, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда, Қарағанды қалаларынан 22 ақын қатысып отыр. Бүгін сіздердің назарларыңызға Арқалық қаласының арқалы ақыны Батырлан Сағынтаев пен қызылордалық өнерпаз Ақгүл Тұрсынбайдың айтысын ұсынамыз. Оқып, бағаларыңызды бере отырыңыздар! Без имени-1
Айта кету керек, айтысты қостанайлық Тоба Өтепбаев пен көкшетаулық Табысбек Үсен бастауы керек болған. Алайда қарсыласының орта жолда сөз сайысынан бас тартқаны үшін жеңіс Тобаға берілді. Ал бүгінгі жұптың жеңімпазы бірінші айналым қорытындысында айтылады.
 
АҚГҮЛ:
Армысың, ардақты елім, алты алашым,
Иіліп баршаңызға сәлем бердім.
Өлеңге менің-дағы бар таласым,
Жырменен жабырқаған жан емдермін.
Шабыт ап толқынынан ерке Сырдың,
Өлеңнен таңғажайып әлем көрдім.
Шайырлар қашап кеткен көркем жырдың,
Ханшасы екенімді дәлелдермін.
 
Мекенім – алты алаштың анасы Сыр,
Дария жағалауы, даласы – гүл.
Қорқыттың қобызының үні қалған,
Зейнолла, Тұрмағамбет бабасы – жыр.
Тәлім беріп жаулықты анасы жүр,
Әке көріп, оқ жонған бала – шымыр,
Қазақылық тәрбиенің иісі аңқыған,
Туған жерім Қызылорда қаласы – гүл.
 
Топырағын Қостанайдың құт санаймын,
Келтірген дүниеге батырларды.
Сөзіме дәлел – Кейкі, Аманкелді,
Шайқаста алдаспандай жарқылдады.
«Жасасын Алашым» деп атойлаған,
Ахмет пен Міржақыптай алтындары.
Көзінде өжеттіктің оты ойнаған,
Арыстардың «қазақ» деп шарқ ұрғаны –
Бәріне куәгерсің, Қостанайым,
Мәпелеп құшағыңда сан тұлғаны.
Өзіңмен әрқашанда мақтанамын,
Тарихта ойып тұрып атың қалды.
Баянды болсын мына бастамасы,
Жинады айтысуға ақындарды.
Дүлдүлі жазба айтыстың, хас дарасы,
Жұп қылып қосты маған Батырланды.
 
Бармысың, сәлем бердік, қарсыласым,
Жұмыстан шаршап кешке келдіңіз бе?
«Мұражай, мұражай» деп жүре бермей,
Бір көз тастап қойсаңшы енді бізге.
Айтысуға үш күнді аздау дейсіз,
Онда маған жолымды беріңіз де.
Қарсыласы Үсеннің Тоба құсап,
Жеңіспенен қайтайық елімізге.
 
Ақыны Қостанайдың қарсыласым,
Болғанда мен аққу, сен қаршығасың.
Аққуды іліп алып құсбегіңнің,
Майлағың кеп отыр ғой қанжығасын.
 
Жүзеге аса қоймас бұл тілегің,
О, тоба, неткен сондай күлкілі едің?!
Аққуды аламын деп алысқанша,
Іле бер қырдың қоян, түлкілерін.
Аққуды қазақ халқы құрметтеген,
Ақ мамық қауырсындай үлбіредім.
Ескертіп алдын ала жатқаным ғой,
Ауырып қалар босқа құр жүрегің.
 
Сен – бидайдың жерінен, мен – күріштің,
Кілтін тапқан бұлардан ел ырыстың.
Дастарқанда молшылық, бейбітшілік,
Шүкір, қазір елімде ең тыныш күн.
 
Ұл дала атанды Мәңгілік Ел,
Жеті қырмен рухани жаңғырып ел
Өрлеуде.
Батыр ақын, өз ойыңды,
Көркем сөзбен кестелеп, сәнді қып бер.
 
БАТЫРЛАН:
Фәни ғұмыр болғасын пенде өткелі,
Татар дәмі тағдырда кермек пе еді.
Баяны жоқ бес күндік жалған дүние,
Қай заманда қазақты шерлі етпеді.
Ғасырлардың жатқандай шертіп сырын,
Шежірелі даламның бел, бөктері.
Шерін жазсын халықтың енді бүгін,
Шын асыл сөз өлеңнің өрнектері.
 
Ақындарға тұратын кең боп төрі.
Адастырмас бетке алдым ел-Меккені.
Тәжім етер, туған ел, құбыламсың,
Темірқазық жұлдыздай сен көктегі.
Көл-көсірім мейірі нұрға толы,
Ел-бесігім, аялап тербет мені.
Жыр жазғанда ақын да кіршіксіз ғой,
Жаны таза сәбидей жөргектегі.
 
Көргеннің көзі құмар, көркі мақтан,
Қостанай – абат мекен ел құмартқан.
Ғасырдан ғасырларға барады озып,
Садақтан сұр жебедей серпіп атқан.
Дәуірлер жылнамасын жазғанында,
Тарихтың тамырында толқын атқан,
Тобылдың әр тамшысы сыр шертеді,
Тағдырдың арнасында толқып аққан.
 
Хан Кене қаршығадай ақиық, паң,
Ерлік пен еркіндік деп ел ұйытқан.
Сазды Әйет Сарыарқада орда тіккен,
Қол бастап, қосын тартып «Көкиықтан».
Қайыңын Қостанайдың найза қылса,
Тамаша аңыз қалған тарихтан.
Бабалар қанын төгіп қорғаған жер,
Кем емес ұрпағына жерұйықтан.
 
Өлместей шежіреде аты қалған,
Өшпестей шірнеуіште хаты қалған.
Шоқанның сенде тамған кіндік қаны,
Зар жұтқан замандағы запыраннан.
Қазақтың көзін ашып Ыбырайым,
Санамда сәулелі ойдың оты жанған.
Ахаң мен Жақаңдардан қалған мұра,
Жанымда менің қанша жатыр арман.
 
Өнердің төріне ашқан серпе есікті,
Елімнен Елубай мен Серке шықты.
Нұржан мен Нұрхан қолға домбыра алса,
Көмейден көк бұлақ жыр сел көшіпті.
«Әй, қап» деп Мұхамеджан мұңыңды айтып,
Өзектен өкініштің өрті өшіпті.
Мұхамеджан жалғасы Майлин болып,
Бейімбеттің жазғанын ел тосыпты…
 
Өнерде болғандықтан өз үлесі,
Өлеңге арналған бар сезімі, есі.
Қарт Омар қазағымның қазынасы ед,
Дәуірдің ділмәр туған шежіресі.
Шешіліп шешен сөйлеп кеткен кезде,
Болмаған ешкімнің де әзілі, өші…
…Тай болып тарланбоздың ізін басқан,
Менің де талаптанған кезім осы.
 
Ал енді қыз Ақгүлге бұрылайын,
Ақынның абзалы едің жыры дайын.
Тап келген таланыма жайсаңым сен,
Тұрғанда күнім туып, күліп айым.
Айтыста «жеңемін» деп араздасып,
Бұзбастан арамызды ұры-уайым,
Уылжып піскен жеңсік жеміс сынды,
Таңдайды тамылжытсын шырын-ойың.
 
Ол рас, қаршыға едім аққу ілген,
Кез келген көріктіме сәтті күнмен.
«Жүрегің босқа ауырар» деп жазғанмен,
Байқаймын, байсалдысың бапты білген.
«Мен – аққу, сен – қаршыға» дегеннен-ақ,
Бәсіміз биіктеді бақ-тұғырмен.
Өзіңіз жарастырып сөз тапқасын,
Өзгеден бола қоймас шаттығым кем.
 
Үш күнді айтысқа аз деп ұйғарамын,
Мұны айтып, Ақгүл, бізді қинағаның.
Өлеңді жаза алман деп қашқаным жоқ,
Өзіңмен сұхбатымды қимағаным.
Үсенді мысал етіп не қыламыз,
Үлгісін үйренбейік мейлі-ақ оның.
Жеңіс тек қарсыласты тұқырту ма,
Жұртыңның алсаң болды сый, бағамын.
 
Ақгүлім, енді бізге бағытты ұста.
Қалдырсаң қара өлеңнен қалып, нұсқа.
Шөлдеген халық қансын сөз нұрына,
Сендегі шалқар демді шабытты ұқса.
Ойыңның кәусарына құнығармыз,
Мөлт етсе таңда тұнған тамып шықша.
…Жанымды  жұпар шашып жадыратшы,
Жауқазын жыр кеудеңді жарып шықса.
 
АҚГҮЛ:
Ойыңыздан түсінгенім, ағасы,
Жүрегіңіз нәзіктеу-ау, шамасы.
Сүйінбай да қарсыласын ықтырған,
Айтыс деген ұлы өнердің сәні осы.
Екі жақтың бәсеке мен таласын,
Қаламайсың, ұғынғаным, ағасы.
Құс төресі Қаршыға деп жүргенім
Қарғадай боп қылымсуын қарашы.
 
Түйресем бе деп ем сөзбен шаншылап,
Сүйресем бе деп ем сені қамшылап.
«Арамызды араздасу бұзбасын»
Дегеніңе қалай тұрар жан шыдап?
 
Татулықта айтысайық, жарайды,
Жауһар жырмен тамсандырып талайды.
Түніменен шабытыңды шалқытып,
Жырға қостың мекенің Қостанайды.
 
Сан мәрте оқып жауап жазған жырыңды,
Аңғарғаным – азаматсың білімді.
Туған жердің тұлғаларын тізбектеп,
Сүбелі сөз айттың ойға сіңімді.
Тек, Батырлан, қанша оқып таппадым,
Үндемесем, қышытасың тілімді.
22 шумағыңның құрыса,
Біреуінде айтпадың ғой Сырымды.
Сырдариям – керіле аққан өзенім,
Оны қоспай сөзіңе, не бүлінді?
Қызылорда – алты алаштың анасы,
Астанасы қазағымның бұрынғы.
Бір ауыз тіл қатпағаның жөн емес,
Ақтарайын мөлдіреген мұңымды.
Құлагері деп ем сені айтыстың,
Құлагерім қапияда сүрінді.
Аққу ілем деп жүргенде қаршығам,
Өзі келіп тұзағыма ілінді.
 
Айтыс деген барымтаның әдебі –
Түзу болып мақтауы мен сәлемі,
Қарсыласқа ілтипатын білдіріп,
Ел-жұртын да жырлау керек әдемі.
 
Жырламасаң, Батырланым, жырлама,
Қызылорда – ырысы мол, нұр қала.
Сырдария сұлу, сылқым өзеннің,
Толқындары тербетілер ырғала.
 
Татулықты тірегіне баласқан,
Халқымыз бар ынтымағы жарасқан.
Мақтанышым — жер кіндігі Байқоңыр,
Көк аспанның әлеміне жол ашқан.
 
Алқабында ақ маржаны жайқалған,
Тас атқанды аспен сыйлап қайтарған.
Қасиетті топырағында ордамның,
Ғұмыр кешті саңлақтар мен майталман.
Сүлейің мен шайырларың кім десең,
Тұрмағамбет, Нұртуғанды айта алам.
Балқы Базар жырау, Нартай ақыннан
Ұрпағына көшелі сөз, ой қалған.
Әдебиеттің тарландары кім десең,
Зейнолла, Асқар, Әбділданы айта алам.
Шашасына шаң жұқпаған тұлпардай,
Сара жол сап, жыр күймесін айдаған.
Спорттың саңлақтары кім десең,
Элизабет, Ильяны айта алам.
Зілтемір мен сырғанаудан мәнерлеп,
Бақталасын бәсекеде жайпаған.
Сахнаның сандуғашы кім десең,
Роза менен Мәдинаны айта алам.
Ел баласын еркелетіп өсірген,
Қызылордам – мәдениетке бай қалам!
 
Енді басты тақырыпқа келейін,
Күңіреніп күйін жазған кедейдің,
Бейімбеттей қара сөздің шеберін,
Ақиқаттың ақ туына теңеймін.
Кедейлердің аянышты хал-жайын,
Ашаршылық, елдің тұрмыс-жағдайын,
Күлпаш, Айша, Шұға арқылы жеткізіп,
Шыншылдықпен сипаттады әрдайым.
 
Кедейліктің көк көйлегін кигесін,
Жоқшылыққа кімдер басын имесін?
Кедей жігіт Мырқымбайды суреттеп,
Жасады оның Майлин типтік бейнесін.
Өсу, өрбу, даму жолы сомдалып,
Мінез-құлқы сәтті тапқан үйлесім.
Не жазса да қармай жазған түбінен,
Бейімбетті ел қалайша сүймесін?!
 
Торғай маңын торып халық қамы үшін,
Биік қойған өлімнен ар-намысын.
Омар Шипин қарсы шықты патшаға,
Маусымдағы жариялаған заң үшін:
«Он тоғыздан қырық үшке дейінгі
Ерлер түгел қара жұмысқа алынсын.
Кең далаға қоныстансын орыстар,
Қазақтардың шүйгін жері тарылсын.
Артық малы тәркіленіп байлардың,
Еселенген алым-салық салынсын».
Бодандыққа бағынбаған нар ұлдар
Көтерілді бостандықтың таңы үшін.
 
Сонда Омар жалындаған үнімен,
Сарбаздарды рухтандырды жырымен.
Амангелді Имановпен бірігіп,
Шайқасады ұйқы көрмей түнімен.
 
Қазағымның егеменді елдігін,
Бостандығын, азаттығын, теңдігін.
Арман етіп пида еткен жандарын,
Ұмытпайық бабалардың ерлігін.
 
Ал, Батырлан, бізден сізге жыр дайын,
Сыңғырлатып сезіміңнің сырнайын,
Жыр-пернеңді басып-басып жіберші,
Тыныштықта сылдыр үнді тыңдайын.
 
БАТЫРЛАН:
Жыр етсем елім ие иен жерді,
Қазақтың қарыс жері кием болды.
Сыр елін айтпады деп бір шумақта,
Ақгүл қыз, төмпештеуге түйер қолды.
Қостанай бұл айтыстың тақырыбы ед,
Әйтпесе мен алалап сүйем бе елді?
Көңілім жыр, көкірегім нұрға оранар,
Сен де айтсаң ұлтыма ортақ ұямды енді.
Қанындай қасқалдақтың қастерле, Ақгүл,
Қазақтың ізі бар әр қиян белді.
 
Өзгеден қалмас үшін ел кейінге,
Ойлай біл, тұтас ұлттың деңгейінде.
Сыр – Алаш анасы еді әлімсақтан,
Мен оған махаббатым кем дейін бе?!
Қуансаң шаттығыңды бөліскенмін,
Мұңдансаң көңілімді бөлмейін бе?!
Сондықтан айып артпай, кінә тақпай,
Бітіммен келмеймісің сен бейімге.
Мен үшін Қостанай мен Байқоңыр бір,
Жатқанмен аспан көздің дәргейінде.
 
Еңкейіп еңсе түсіп күн батқанда,
Еркіндік деп ұмтылған нұрлы ақ таңға.
От ойнап жанарында жалын атқан,
Зымыстан заман елді мұздатқанда.
Ер Омар Аманкелді жыршысы боп,
Атойлап азаттық деп тіл қатқанда,
Жұбатса жырыменен жылағанды,
Жұртының жүрегінде мұң жатқанда,
Ерлігі теңіздей қан төккенде емес,
Ерлігі тамшы жасты құрғатқанда.
 
Сынаптай өтсе уақыт, сырғып ғұмыр,
Қалмайды қалтарыста шындық шымыр.
Жарғы айтып, жарлық берген патша да өтіп,
Тас-талқан болмап па еді құлдық шығыр.
Байқасақ қозғалғанда халық орнынан,
Болмайды хан тағында билік тұғыр.
Омарлар бүтіндігін жырлап өткен,
Бұхара елге берсін бірлікті бұл.
Ерліктің ең ұлысы – егемендік,
Елдіктің ең жақсысы – бейбіт ғұмыр…
 
Тұрмаса қалам тоқтап, ой тіреліп,
Тіл барда біз де айтарды айтып едік.
Безбүйрек заманда да Бейімбеттер,
Кетпеп пе ед айтар сөзін айтып өліп.
Күңгірт ой бітегенде мидың көзін,
Мырқымбай «мырза» алады қайтып ерік.
Шұғылалы заман болса қалар ма еді,
Шұғаның белгісі қыз бейіті болып.
Күрсініп жатыр Майлин жазғандары,
Күлпаштың күңіренген кейпіне еніп…
 
Көркімді келтіргенмен «қаршығам» деп,
Көңілің тұр «қамшылап, шаншып ал» деп.
Таласпай ой-танымды жарыстырдым,
Ақгүлім өзі нәзік жан шығар деп.
Үлбіреп жұп болғасын үкілі қыз,
Мен сенің жігеріңді жаншығам жоқ.
Аруға айтыстым деп кім қатты айтар,
Атадан туғанменен аршылан боп.
Жанардан мөлт етіп бір жас үзілсе,
Жүрекке тамбайды ма ол тамшы қан боп.
 
Жырменен таныстырып Сырдың елін,
Үкілі үмітіндей үлбіредің.
Ұстаңыз кемелдікке қарап бағыт,
Тұтсаңыз Тұрмағамбет үлгі, жолын.
Қарғадай қылымсыды деп  біздерді,
Жанымды қылдың неге мұңлы менің?
Кертолғау, кесір сөзді жазған болсаң,
Кемдігі көрінеді бір күні оның…
Кіршіксіз болсын, қарғам, қаяуы жоқ,
Кеудеңде лүпіл қаққан жыр-жүрегің.
 
АҚГҮЛ:
Бұла өскен ен даланың елігі едім,
Өлеңге бала күннен серік едім.
Қардай аппақ көңілім алдамапты,
Өзіңді қаршығаға теліп едім.
Еркелікті көтерген Арқалықтың
Қоя аламын қалайша еріне мін?
Бас салсам да байсалды жауап беріп,
Қызбалыққа бір сәт те берілмедің.
 
Қанатыммен қоймастан сабаладым,
Дүрсе қояр қазір деп шамаладым.
Міз бақпастан мыңқиып тұра бердің,
Мәрттігіңді бойдағы бағаладым.
 
Таппайтын ол қасиет мың кісіден,
Түңілмес жан екенсің түр-түсіңнен.
Татулықта тілдесіп тарқасайық,
Қыз бен жігіт айтысы үлгісімен.
 
Қыран құстай биікте қалқытып жыр,
Сіз-біз десіп, өлеңнен шалқытып нұр,
Сөз кестелеп, өрейік жырдан шашбау,
Оқырманды айтысқа балқытып бір.
 
Жері жазық, қара-сұр құмы аралас,
Үкісі бар басында шұбар ағаш.
Қостанай аталуы тарихының
Нұсқасы көп аңыз бен шыны аралас.
 
Бір кедейдің қос қызы болған екен,
Екеуі де мезгілсіз солған екен.
Танай атты қыздарын әке жоқтап,
Анасы гөй-гөйіне салған екен.
«Қос Танайым» деп байғұс әке егіліп,
Бейітіне күн сайын барған екен.
Уақыт өте осылай бейіт аты
Қалаға атау болып қалған екен.
 
Құтты мекен, иегер бар асылға,
Жеңіл өнеркәсіптің бәрі осында.
Ұн, ет, кірпіш, құрылыс, көлік зауыт,
Фабрикалар Қостанай қаласында.
Ыбырай, Ахмет, Омар, Бейімбет пен
Міржақыптар – мызғымас дара шыңдар.
Ұлыларын құрметтеп ұлықтайтын,
Ұрпақтары күн кешкен жарасымда.
 
Мерейтойы құтты болсын Қостанайдың,
Қостанайдың ерлерін от санаймын.
Аруларын балаймын қырмызыға,
Шаттық күнде тәтті үнмен ән салайын.
 
(Опмай әнімен)
Опмай-опмай, Батырлан қайтеді?
 
Көрерменді қуанышқа бөлеген,
Айтыс – мұра келе жатқан көнеден.
Білім мен ой, ақындықтан сыналып,
3 күн бойы шашу шаштық өнерден.
 
Қостанайдың қаршығасы сен едің,
Қызылорданың қарлығашы мен едім.
Ойымызды, сөзімізді сараптап,
Оқып, әділ төрелігін беретін
Әділ қазылар қайда?
 
Жарық боп күніміз,
Тыныш боп түніміз,
Елім аман болсын!
Отаным егемен,
Кең болып керегең,
Бейбіт заман болсын!
 
БАТЫРЛАН:
Өнерде арымастан арда күшім,
Өлеңде болғанменен бар дауысым,
Өзімнің мерейімді көтерем деп,
Өзгенің кірлетпеспін ар-намысын.
 
(Жетсе елге хатқа салған толғанысым,
Жіберу намысымды – ол-дағы сын.
Жанымды жүдетуге жол бермейді,
Жыр деген жолақ жонды жолбарысым).
 
Ақгүлім, арулардың ардағысың,
Теңіздің тереңінің маржанысың.
Қайырып қанатыңды не табамын,
Қаймықпай өз көгіңде самға, құсым.
 
Сөзімнің саған батса салмағы шын,
Жанаспас жақсылыққа жанжал ісім.
Елеңдеп тұрды мендік көңіл бүгін,
Еліктей сізді үркітіп алмау үшін.
 
Қанша жөн қызбалықпен дүрсе қойған,
Орын бар әркімге де жыр-сарайдан.
Ақын боп жүрсең бірақ түк пайда жоқ,
Азамат қалпы жырақ тұрса бойдан.
 
Жаныңда болғанменен өлмес үміт,
Жансебіл ғұмыр кешу пендешілік.
Көрмесек татулықтың тартқан сыйын,
Кетерміз бір-ақ күнде жерге сіңіп.
 
Алтындай дәні алқаптан ақтарылған,
Қырманы қызыл бидай қапқа құйған.
Қостанай – қазаққа енші ел ырысы,
Басынан мызғымаған бақ табылған.
 
Көргенде көркем тартқан көңілім нұр,
Сайраған орманында сері-бұлбұл.
Тәңірдің тартуындай дархан елге,
Көркіне көз тоймаған өңірім бұл.
 
Сыйлаған сұлулықпен сый өмірге,
Міні жоқ сұңғақ біткен сүйегінде,
Балтырын түрген аппақ ару-қайың,
Тобылдың тербеледі жиегінде.
 
Түзетіп қыз-қарағай сәнді қатар,
Тамылжып жастар салған әнді ұнатар.
Әрі асқан ғасыр жастан Қостанайым,
Салтанаты жарасқан болды шаһар.
 
Бағасын ел бергесін бас бармақтан,
Қашанда өз мерейін аспандатқан,
Сарқылмас Сарыбайдың қазынасы бар,
Кен болып жер қойнында тастан қатқан.
 
Бөленіп өмір жырға, өңір гүлге,
Кенеліп шаттығына көңіл мүлде,
Жыр қылып ақындары біз секілді,
Жайнауда жерімменен елім бірге.
 
Ақгүл қыз, жақсы жұртты жырға қосқан,
Сен гүлсің өз қауызын бүрлеп ашқан.
Жайсаңсың жырың шәрбат, жаның мөлдір,
Секілді нұрын төгіп тұрған аспан.
 
Ғажапсың ғазалыңды айтуменен,
Өзіңнен мен Мәриям кейпін көрем.
Айтыстың Ақсұлуы сен екенсің,
Ажарың теңдескендей ай, күнменен.
 
Өмірде болғаннан соң еншің қалам,
Көрсеттім кестелі сөз көркін саған.
Орнатқан жырдан тұғыр, ақ періштем,
Осымен айтысымыз болсын тәмам.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓