Қарасай Сайжан: «Күй – тәңірдің күбірі»

Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда елімізге белгілі дирижер, күйші, сазгер, өнер зерттеушісі, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі Қарасай Сайжан бастап келген үлкен концерт өтетінін естіп, кеш иесімен алдын ала аз-кем әңгіме құрудың сәті түсті. Концерттің басталуына жарты сағат қалғанға дейін өңіріміздің қазақ ұлт аспаптар оркестрімен соңғы дайындығын өткізіп болған Қарасай Ахметұлын киім ауыстыратын бөлмеде жолықтырдық. Уақыттың аздығына қарамастан, өнер жолындағы үлкен сапарының бір парасынан ақтарып жатыр.IMG_2900
Дирижерлығынан бөлек, «Менің бабам Бәйдібек», «Домалақ Ана», «Қайран Арал, Аралым!», «Арал тағдыры», «Аңсау», «Сағыныш сазы», «Әке толғауы» атты ән, күй-толғауларымен танымал өнер иесінің киелі топырағымызға келуі тегін емес. Шығармашылық жолының 49 жылдығы, өзі еңбек ететін Қазақ Ұлттық өнер университетінің 20 жылдығына арналған «Бабалар аманаты» атты авторлық кешін аймағымыздың мәдениет басқармасы ұйымдастырып беріп отыр.
Бізді қызықтырғаны – Қарасай ағамыздың қазақтың біртуар дарынды күйшісі, атақты дирижер, КСРО Халық әртісі, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевпен еңбек жолының түйісіп, аңыз адамның батасын алғаны.IMG_2872
— Аға, сіз Нұрғиса атамызбен бертін – 1994 жылдан бастап, 4-5 жыл ғана бірге қызмет етіпсіз. Ішіңізде ұлы дарын иесімен кеш жолықтым-ау деген өкініш жоқ па?
—  Өкініш жоқ, дер кезінде жолықтым. Дегенмен оған дейін де Нұрағаммен бір-екі концертте кезіккенім бар. Мен 1991-1994 жылдар аралығында Қарағанды облыстық филармониясы «Тәттімбет» атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болдым. Сол кезде Нұрғиса Тілендиевті екі рет концертке шақырып, екіншісінде Қарағандыға келді. Бұл 1993 жыл болатын. Концерт бітті, Нұрағам қалғандарына «сендер бара беріңдер, ал сен қал» деді маған. Менің өнеріме тәнті болғанын айтып, Алматыда бірге еңбек етуге шақырды. Келесі жылында Қарағанды филармониясы директорының атына Нұрғиса ағамыздан мені жұмыс бабымен қазіргі оңтүстік астанаға ауыстыру жөнінде шақыру хаты келіп тұр. Міне, содан бастап, «Отырар сазы» оркестріне дирижер (бас дирижері Нұрағаның өзі) болып орналастым.
— Дирижердің қызметі өте ауыр жүк емес пе. Тек қуалап келген табиғи дарын, алған білімің бір бөлек, мұндай жауапкершілікті көтеріп жүруге үлкен жүрек әрі мінез керек. Оның үстіне Нұрғиса атамыздың бір өзі алапат дауыл іспеттес. Жалпы, ол кісімен мінез жағынан қалай жарасым таптыңыздар?
— Мен Алматының П.И.Чайковский атындағы музыка училищесін және Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваториясын (домбыра және оркестр дирижері) бітірген жанмын. Халық әртісі, күйші Қали Жантілеуовтің және профессор Хабидолла Тастановтың шәкіртімін, белгілі өнер тарландары Батыр Әбдіхалықов, Мәлғаждар Әубәкіров, Кенжебек Күмісбековтердің алдынан дәріс алғам. Сол себепті, Нұрғисадай ұлы адаммен жолығып, ол кісінің батасын алу мен үшін зор бақыт еді. Төрт-бес жылдай қасында жүрдім. Ол кісі ақылды «тентек» қой, өмірі маған қатты сөз айтып көрген емес. Оның да себептері бар. Біріншіден, менің есімін – Қарасай. Қарасай – Нұрғисаның арғы батыр бабасының сойы. Сол себепті, ол кісі мені «Қареке» деп еркелетеді (күліп алды). Екіншіден, «Менің бабам Бәйдібек» деген шығармам бар. Бәйдібек – бар қазақ пір тұтатын тұлға. Жалпы, ол кісі менің өнерімді зор бағалады. Ұлы адамдар өнерің тасып тұрса, беталды мазаңды ала бермейді. Керісінше, Нұрағам шіреніп жүретін шенеуніктерді жек көрді.IMG_2987
— 1995 жылы Нұрғиса Тілендиевтің 70 жылдығы мен ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойларына арналған үлкен концерттерде «Отырар сазы» мен «Тәттімбет» оркестрлеріне дирижерлық еттіңіз. Жалпы, Нұрағаның алдында өнер ұжымына жетекшілік етуге қобалжыған боларсыз?
— Әрине, біртуар тұлғаның алдында бір де кемшілік жібермей, бүкіл оркестрді бір деммен басқарып шығу зор жауапкершілік. Бірақ мен Нұрғиса ағамен етене жақын танысып, бір ұжымда қызмет ете бастағаннан-ақ, ол кісі менің ішкі дүниемді оятты десем болады. Мықты психолог қой, өзінің бойындағы өнерін саған әкеліп құйып тұратын дара қасиеті бар еді. Абырой болып, әлгі айтылған концерттерді жоғары деммен алып шықтық. Ағам маған қатты разы болды.
— Аға, байқаймын, сіз де Нұрғиса атамыз секілді қолыңызға дирижер таяқшасмын ұстамайды екенсіз…
— Ол да Нұрағадан жұққан «әдет». Бастапқыда «Отырар сазына» дирижер болып, таяқшамен былай да былай нұсқап тұрсам, ағам келіп әлгі таяқшаны алып ортасынан бөліп сындырды да, лақтырып жіберді. «Аға, оның не, неге лақтырып жібердіңіз?» деп сұраймын ғой. «Сен қызықсың, нағыз талантты дирижердің алақанында биоток болады. Ондай құдірет сенің де қолыңда бар» деді. Міне, содан бастап дирижер таяқшасын ұстамаймын.  
— Аға, біздің қазақ ұлт аспаптар оркестрімен аз күн ғана дайындалдыңыздар. Бұрын басқарып көрмеген үлкен ұжымды ұршықша иіріп, қаншама жаңа шығармалар дайындап жатырсыздар. Шаршаған жоқсыз ба?
— Менің қостанайлық оркестрге разы болғаным, бұл ұжым дирижердің басқаруына өте ыңғайлы екен. Орындаушылары өте сауатты, менімен бұрыннан бірге еңбек етіп келе жатқандай әсер алып отырмын. Сол себепті, бұл оркестрдің негізін қалаған қазіргі филармони я директоры Назымбек Молдахметов ініме, оркестрдің бас дирижері Берік Оразалинге, барлық орындаушыларға зор алғысымды айтамын.IMG_2981
 
IMG_3012— Шығармаларыңыздың ішінде өзіңіз туып-өскен қасиетті Арал жайында бірқатар толғамдарыңыз бар. Жоғарыда айтқан Бәйдібек баба, Нұрила ана жайындағы күй-дастандарыныз бар. Өте әсерлі, жаныңды тітіркентіп, жүрек тебірентерлік. Осы күй, ән әуені бойыңызға қайдан қонады?
—  Өзім Арал өңірінің тумасымын. Әкем Ахмет – жырау болған, оның замандастары Кәрібоз, Жәмет жырауларды бала күннен тыңдап өстік. Жалпы, менің шығармаларымда Сыр өңірінің жыраулық сарыны бар. Ал күй – тәңірдің күбірі. Сол себепті, бұрынғы бабаларым жайлы толғамдарымды жазарда әлгі адамдардың түсімнен кетпейтіні бар. Одан қалды, сексенінші жылдардан бастап бала кезден көз алдымызда толқып жатқан Арал теңізіміз суала бастады. Талай балығын аулап, айдынына шомылған Аралымыз ғой. Күн санап жағасы жалаңаштанып, суы алыстай берді. Міне, сол қатты әсер етті. Осы менің қос шығармамның дүниеге келуіне себеп болды. Ал енді өнер ұрпақтан ұрпаққа берілетін дүние. Ұлым Алмат Сайжан – белгілі қыл қобызшы, дирижер, халықарылқ байқаулардың лауреаты, бірқатар күй-дастандардың авторы.
— Аға сіз күй орындаушылығыңыз, дирижерлығыңыз бір төбе, ондаған күй-поэма, ән, жиырмаға жуық кітаптың авторы болсаңыз да, атақ жағына «жұтаң» екенсіз – ҚР Мәдениет қайраткерісіз.
— Жоғары атаққа екі рет ұсынып еді, өтпей қалдым. Бірақ одан болып төмендеп қалған жоқпын. Осы күніме разымын. Ең бастысы, халықтың ықыласы – ең үлкен атақ.
— Қостанай жұртшылығына айтар алғыс-тілегіңіз болса.
— Осы кешті ұйымдастырып, оған тікелей мұрындық болған, барлық жағдайымызды жасап берген облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовқа, филармония жетекшісі Назымбек бауырыма, оркестр ұжымына зор алғысымды білдіремін. Алла амандығын берсе, Тобыл-Торғайдың талғампаз өнерсүйер қауымымен әлі талай жолығамыз деген сенімін зор.IMG_2975
     
ӨНЕРПАЗ ЖАЙЛЫ ЛЕБІЗДЕР:
 
Рымхан Әбілханұлы, күйші, Қазақ Ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы:
Қарасай ағамызбен сонау 1974 жылдан бері таныспыз.  Сол жылы Жезқазған мәдени-ағару училищесіне оқуға түскенімде, консерваторияны енді ғана бітіріп келген Ермұрат Үсенов пен Қарасай Сайжан аталған білім ордасына жұмысқа орналасты. Бұлар Ұлытау-Жезқазған өңірінің кәсіби домбырашылық өнеріне зор серпін әкелген азаматтар. Оркестрін де ұршықша иіріп әкетті. Әнін де, күйін де дамытуға үлесін қосты.
Қарасай ағамыздың шығармашылығы жан-жақты. Тек оркестрге ғана емес, жеке орындауға да, әншілерге де, қобызға да арнап талай шығарма жазды. Бұл кісінің бар еңбегін бір ғана концертте көрсетіп шығу мүмкін емес.
 
Қалибек Деріпсалдин, әнші-сазгер, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі:
Осы кешті ұйымдастырушылардың бірімін. Қарасай ағамыз кезінде консерваторияда менен бір курс жоғары оқыды, екеуіміз бір бөлмеде тұрдық. Бұған дейін ол кісі менің де концертімді Алматыда, Астанада өткізуге көмектесті. Сол себепті, өңіріміздің мәдениет басқармасы, филармония басшыларымен келісіп, Қарасай ағамыздың концертін өткізейік деп әдейі шақырдық. Ағамыз Қазақстандағы мықты дирижерлердің бірі. Өте күшті өнер иесі. Тума талант. Өнер тарихында аты қалған азамат.
 
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓