Жоба жастарды қолдайды

Қазақстанда Zhas Progect жастар корпусын дамыту жобасы басталғалы бір жыл. Жұмыссыз және оқу-тоқуы жоқ жастардың өз ісін бастауына мүмкіндік беретін жоба Қостанайда биылдан бастап қолға алынды. Көп уақыт өтпесе де атқарылған жұмыс аз емес. Мұны аралық қорытынды жасаған спикерлер баспасөз мәслихатында айтты.1532778135_prozhekt
Негізі, бұл әлеуметтік жобаның авторлары – Бүкіләлемдік банк пен ҚР Білім және ғылым министрлігі. Алғашқы жылы 4 облыста – Алматы, Қарағанды, Павлодар және Оңтүстік Қазақстанда пилотты түрде жүзге асқан еді. Нәтижесінде, ел бойынша 2 мың адам қамтылып, 589 әлеуметтік жоба өмірге келді. Қостанай облысы қатарға биылдан бастап қосылып отыр.
– Бұл жоба 2020 жылға дейін жалғасып, бүкіл Қазақстанды қамтиды. Мақсаты – жастарды, әсіресе жағдайы төмен топ өкілдерін қоғам өміріне араластыру және қоғамға пайдалы істерге үйрететін бағдарлама арқылы оларды белсенді, табысты өмір сүруге талпындыру. Бұған 14-29 жас аралығындағы жастар қатыса алады, – деп түсіндірді жобаның облыс бойынша аймақтық үйлестірушісі Ерлан Төлетаев.
Өзінің көкейінде жүрген арман-мақсатын жүзеге асыруға демеу таппай жүрген жастарға бұл жақсы мүмкіндік. Әлеуметтік бастамасын алға жүргізу үшін гранттық конкурсқа қатысып жатқандар жоқ емес. Гранттың шекті сомасы – 1 млн теңге. Оның сыртында, жобаның әр қатысушысы ай сайын 60 000 теңге (ЖОО түлектері) және 40 000 теңге стипендия алып тұрады. Жобасын ілгері бастырудың қыр-сырын үйреніп, арнайы менторлардың ұдайы кеңесін алып отырады.
Қостанай облысында 429 қатысушы жүзеге асыратын 143 жоба гранттық қаржыландыруға ие болды. Олардан ендігі талап етілетіні – белді бекем буып, өз істерін жүргізу ғана. Олай болмаған жағдайда грант қаржысы кері қайтарып алынады. Әр қатысушының ортақ сайтта "жеке кабинеттері" бар. Сол жерде ай сайын жобаның жүзеге асу барысы жайында фотосымен бірге дәйекті есеп беріп отырулары тиіс. Ментор-жаттықтырушылар да оларды тоқсан сайын аралап тексеріп, қаржы бөлу, есеп толтыру, тәуекелдер мен нәтижелерді бағалау, іс жүргізу сынды қабілеттерге үйретіп, кеңес беріп тұрады. Спикерлердің айтуы бойынша, кез келген талап бірдірген жасқа жоба қатысушысына айналу мүмкіндігі бар. Ол үшін [email protected] сайтынан ақпарат алуға болады. 
 
Сурет интернеттен алынды

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓