Қостанайлықтар елорда құшағында

Биыл Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шаралар аз емес. Бұның бәрі қазақстандықтардың елордаға деген ыстық ықыласынан болып отыр. Бұл мерейлі дата Қазақстанның түкпір-түкіпірінде кең көлемде аталып өтті. Сондай-ақ, түрлі шығармашылық ұжым елорда төрінде өнер көрсеткен-ді.
Жуырда ғана Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары «Қазыналы Қостанайдан арайлы Астанаға» атты концерттік бағдарламасын елорда тұрғындарына ұсынып қайтқан болатын. Шара Астанадағы «Этноауыл» ұлттық мәдени кешенінде өтті. Тобыл-Торғайдың таланттары қойған концертті Астана жұрты жылы қабылдады.cf0ae282-e80b-4cf6-bd36-53008c865226Тек облыста ғана емес, еліміздің өзге де өңірлерінде тыңдармандары қалыптасып үлгерген «Ақжелең» фольклорлық-этнографиялық ансамблі айтулы концерттің шымылдығын түрді. Көркемдік жетекшісі – ҚР Мәдениет қайраткері Назымбек Молдахметов.
-Қостанай облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, Астананың 20 жылдығына арналған мерекелік концертіміз сәтті өтті. Елордада өз көрермендеріміз бар десек те болады. Ертеректе көшіп кеткен қостанайлықтар және Тобыл-Торғай өнеріне сүйсінетін жалпы өнер жанашырлары біздің ұжымның гастролін асыға күтеді. Бұл жолы да көрермен көп болды. Ұйымдастырушылар да жақсы қарсы алып, қызмет қылды. Біз өнер көрсеткен зал да тамаша. Өнерпаздардың арқалары қозып, шабыттана ән-күйден шашу шашты. Сол жақтағы өнерпаз бауырларымыз да келіп, бір сахнаға қатар шықты,-дейді облыстық Е.Өмірзақов атындағы филармония директорының қызметін атқарушы Дәмір Қалқаев.
Бұдан соң сахна төріне белгілі әнші Манапбек Қадыров көтерілді. Ол арнайы Астананың 20 жылдығына жазылған Абылай Маудановтың арнауын орындады. Сондай-ақ, қазақ халқының сүйікті әншісі Қалибек Деріпсалдин де әннен шашу шашты. Ол Серікбай Оспановтың сөзіне жазылған «Айлы түнде» әнін орындап, көрермен көңілінен орын тапты. Одан соң Е.Үсенов, Қадір-Майра Қаржауовтар және Талғат Молдағалиев сынды әншілер өнер көрсетті.
-Концерттік бағдарлама екі бөлімнен тұрады. Әуелгі бөлігінде дәстүрлі әндер шырқалса, екінші бөлігінде эстрадалық әуендер орындалды. Биыл Құрманғазы күйшінің туғанына 200 жыл. Сол себепті «Ақжелең» ансамблі бірінші бөлімді Құрманғазының «Адайы» мен Дәулеткерейдің «Көрғұлы» күйімен жапты. Одан кейінгі бөлікті қостанайлық «Нью-бойс» тобы «Қазақстан» әнімен ашып, біздің жерлесіміз, белгілі әнші Әмре жалғастырды,-дейді Д.Қалқаев.4e350866-fca2-4c52-ba14-58eeab374723
Жалпы, Қостанайдан 25 өнерпаз аттанған. Бас-аяғы отызға жуық ән мен күй орындалды. Өнер ұжымы Қостанйаға оралып, алдағы маусымның әзірлігіне кірісті. Назымбек Молдахметов бастаған оркестр Құрманғазының 200 жылдығына арналған концертке дайындалу үстінде.   
 
Кенже ҚОНЫСБАЙ

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓