ЖЕГЕНІНЕН ҚАЛҒАНЫН ЖЕЛГЕ ҰШЫРМАЙ . . .

Бізде бәрі бар, бірақ…
Шетелге шығарылатын отандық өнімдеріміздің көлемі ұлғайғанымен, Қазақстанның сырт мемлекеттерге ұсынар тауар түрлері әлі күнге дейін саусақпен санарлықтай ғана. Жаһандық саудада қазақ елі ең алдымен,  мұнай экспорттаушы мемлекет есебінде танымал. Одан кейін, түрлі-түсті және қара металл, тау-кен шикізатын экспорттайды. Басты ас мәзіріміз осы тізімнің соңын тұйықтайды.
Қостанай облысының өзінде ғана, жыл сайын 5 млн тоннадан астам астық өндіріледі. Жер емген жамағат оның басым бөлігін (нақтылап айтқанда, ішкі нарыққа қажетті бөлігін) «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясына» өткізеді. Күші жеткендер шет мемлекеттермен байланыс жасап жатқанда, ондай таныс-тамыры жоқтар алыпсатарлардың арзан бағасын місе тұтуға мәжбүр. Ал шыққан несібесін жинауға, я болмаса тасуға, сақтауға шамасы жетпеген шаруалардың алтын дәнінің қыста қар астында, көктемде су бетінде қалқып қалғанын талай рет көз көрді. Бұған – өсірілуі қолға алынғанымен, игерілуі әлі де жетілдірілмеген майлы дақылдарды қосыңыз. Оның да шикі тұстары жетіп артылады. бидай
Дастарханымыздағы басты асымызды өндіру жүйесін жан-жақты жетілдірген жағдайда, жер көлемінің кеңдігі жағынан әлемдегі тоғызыншы мемлекет саналатын қазақ елінің ауылшаруашылығымен экономикасын түзеуіне, инвестиция тартып, ішкі ахуалын жақсартуына болар еді. Өкінішке орай, түрлі себептерге байланысты, Қазақстан өзінің бидай өндірісін жетілдіріп, экспорттық мүмкіндігін кеңейте алмай келеді.
Елімізде бірнеше жылдан бері дәнді-дақылдарды диверсификациялау шаралары қарқынды жүргізіліп жатқанымен, сұранысқа ие өнімді кең көлемде сыртқа жөнелту мүмкін болмай отыр. Түрлендіріліп, тыңайтылған дәнді-дақылдарымыздың сапасы сын көтермейді деуге ауыз бармайды. Басты ас мәзіріміздің жалпы стандартқа сай келетінін біздің бидайымызға қызығушылардың көптігінен-ақ аңғаруға болады. Бағасы да басқа мемлекеттермен салыстырғанда анағұрлым арзан. Тек, мұхит асар мүмкіндіктің жоқтығы, ыңғайлы логистикалық байланыстың болмауы – біздің бидайымызды қол жетпестей қылып отыр.
 
Нарық бар, жол жоқ
ТМД көлеміндегі елдерден Беларус пен Украина анағұрлым жақын болса да, Италия Қазақстан бидайын тұрақты тұтынатын мемлекеттердің бірі.   Қазақстандық  бидайдың қатты сорты итальяндықтардың дәстүрлі макароны — пастаны дайындауға дөп келетін таптырмас шикізат. Қатты бидайдан өндірілген макарон суға қайнатқанда  қалыпты формасын сақтайтын көрінеді. «Дәмі де ерекшелене түседі,» — дейді білетіндер. Отандық өнімге қызығушылардың қатары көп-ақ. Бірақ, шетелдік тұтынушылардың саны ішкі өнімнің үштен бір бөлігіне де жетпейді. Оның өзінде, тек бидайымыз ғана өтімді болып отыр. Арпаға сұраныс бар болғанымен, көлемі жағынан саудаға шығарылатын бидайдың 8/1 бөлігін ғана құрайтын көрінеді.
Kapital.kz порталында келтірілген ақпаратқа жүгінер болсақ, Қазақстанда өндірілетін бидай мен арпаны көп жағдайда Орта Азия елдері – Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ауғанстан тұтынады. Елімізге іргелес жатқан мемлекеттерге дәстүрлі құрлықты логистиканы пайдалана отырып, қарапайым көлікпен, теміржолмен жетуге болады. Осы себептерге байланысты, аталған мемлекеттерде қазақстандық өніммен әлемнің ешбір елі бәсекеге түсе алмайды. Олар тек бидаймен ғана шектелмей арпа, майлы дақылдар, ұнды да қазақ елінен алдыртады. 
 
Шикізаттан – өнім өтімді
Соңғы кездері дайын өнімнің қымбатқа шығарын ескерген Орта Азия елдері қазақстандық ұннан бас тарта бастады. Аты аталған мемлекеттердің барлығы да өз елдерінде диірмен кешендерін жетілдіріп, біздің жақтан тек шикізат алып, дайын өнімдердің көлемін аздап болса да қысқартуға кіріскен. Мәселен, дайын өнімнің құнын арзандату мақсатында, Өзбекстан мемлекеті Қазақстаннан алынатын жоғары сұрыпты бидайға өз өсімдіктерін араластырып, орташа сұрыпты ұнды тұтына бастады. Сапасы сәл төмен демесеңіз, жергілікті өнім бағасы, қазақстандықтан анағұрлым арзан. Өзбек елі заманауи технологияларды игеруге барынша мән берген. Оларға  сапасы төмен шикізаттан – сапалы өнім алатын күн де алыс емес.  Ендеше, қазақстандық диқандарға алтын астығымызды тұтынар өзге де нарықты қарастыра берген жөн.
Қазақстан-Түркменстан-Иран халықаралық темір жолының салынып, Ақтау порты қалпына келтірілгелі қазақстандық дәнді аз-аздап болса да, Каспий теңізі арқылы  Әзербайжан мен Иранға жеткізу мүмкіндігі туды.  Аталған елдер арпаны ғана жақсы алуда. Ал, ұн өнімдері үшін ресейлік дәнді кәделеріне жаратады.Ұн экспорты
 
Икемге келсе, игеру керек
Қазақстандық өнімді Қытайға экспорттауға мүмкіндік зор. Адам санының өсіп, жер телімдерінің қысқаруына байланысты көршілес мемлекеттегі көптеген компаниялар импортпен жұмыс істеуге көшкен. Ғаламтордағы ашық ақпараттарға жүгінер болсақ, ҚХР бас-аяғы 100 млн гектар егіс алқабынан жылына екі, кейде үш реттен өнім алатын көрінеді. Жердің құнарсызданып, құмға айналу қаупінің қоюлануына байланысты аталған мемлекет өзге елдерге шекарасын ашуға мәжбүр.
Қазіргі таңда көрші мемлекетте 1,38 млрд адам тұрады. Тек, бір жылдың ішінде қытайлықтардың саны 5,7 млн-ға өсіпті. Қатарлары жылдам қалыңдап, табиғи ресурсы түгесіле бастаған Қытайдың өзге мемлекеттерден әзір өнім алудан өзге амалы қалмай барады. Соңғы 3-4 жылдың көлемінде ҚХР өзге елдердің табиғи ресурстарын жалға алып, қажетті шикізатын өндіріп келген болатын. Ал оны өңдеп, кәдеге жарату ел ішінде жүзеге асырылып келді. Шет мемлекеттердің табиғи ресурстарға, өндіріліп алынар шикізатқа салынар салықтарына тасымал құны қосылып, әжептәуір шығынға батса да, қытайлықтар қыңқ демейтін. Тек, әлемдегі саяси тұрақсыздық пен алпауыт елдердің бірін-бірі қаржылай бұғаттауы – қажетті  шикізатын сырт елдерден өндіріп отырған Қытайдың азық мәселесін қайта қарауына түрткі болды. Енді, қытайлықтар шет елдерде өсірілетін шикізатын сол елде өндіріп, өңдеп, өз елдеріне дайын ас есебінде өткізуге кірісті. Таяу жылдары Тобыл өңірінде ашылуы тиіс Әмбебап ұн зауыты осының айғағы.Ұн бағасы
 
 
Аймақ астығына жол ашыла ма?
 
Естеріңізге сала кетсек, «Bio Grain» компаниясы қолға алуы тиіс көп салалы әрі өндірістік қуаты аса жоғары жаңа кәсіпорын құруды қолға алған еді. Онда ұн, кеспе, крахмал, глютен, қоспажем және майлы дақыл өнімдерін өңдеп шығаратын болады.  Ұн зауытын салу үшін 90 млрд теңге жұмсалады. Зауыт 500 адамға жұмыс береді. Зауытты қажетті шикізатпен жергілікті шаруашылықтар қамтамасыз етеді. Кәсіпорын жер емген жамағаттан жылына 600 мың тонна 3 класты бидай, 120 мың тонна майлы дақыл және 750 мың тонна 4,5 класты бидай сатып алуды жоспарлаған. Дайын өнімнің бір парасы зауыт иелерінің еліне аттандырылуы тиіс.
Қазақстан мен Қытайдың бірлескен өнімі Ұлы Жібек жолымен: екі елді байланыстырып отырған теміржол желісі Дружба-Алашенькоу және Түркменстан мен Иранды байланыстырып отырған Серахс-Мешхед теміржолымен Азияға бойлай енбек.
Қазақстандық астық аздап болса да Еуропалық Одақ елдерінде де сұранысқа ие. Қамырлығы жоғары бидайды тіпті, Ресей де алдыртады. Мұның сыртында Мысыр, Алжир, Түркия және ОАР, Бангладеш, Филиппин елдері де сұратып жатады. Ресей жағында биылғы жаз қуаң болып, бидайы шықпай қалды. Осыған байланысты, қазақстандық өнімге деген сұраныс әлі де арта түсуі тиіс. Логистика мәселесі  дұрыс жолға қойылмаса,  бұл мүмкіндікті де  мүлт жіберуіміз мүмкін. Жегеннен қалғанының желге ұшқаны сонда көресіз…
 
Жұматай КӘКІМЖАНОВ

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓