Сарғайған суреттің сыры

          Соңғы барғанымда жатын бөлмедегі айнада қыстырулы тұрған көне суретті тағы көрдім… Рысты жеңгем мақтанып айтатын  Ізтілеу атамыздың атымен басталып тізілген 16 совет жауынгерінің Жапон соғысынан қайтып келе жатқандағы Солтүстік Корея жерінде түскен суреті. Жетпіс жылдан астам уақыт бұрынғы сурет-қастерлі жәдігерді үй иелерінің рұқсатымен қолыма алып, сыртындағы жазуға үңілдім.  Иә, ап-анық жазылыпты: Байғуатов, Бондарь, Ярошенко, Гришин, Сизов деп, тізілген есімдер…1945 жыл, 10-шы қараша. Яндок станциясы делінген. Өздері азат еткен жерлер…
         -Бала кезімнен сабырлылық, төзімділікке үйреткен әкемнің соғыс туралы әңгімелерін мұқият, асқан ыждаһаттылықпен тыңдаушы едім. 1941 жылы соғыс басталысымен-ақ қазіргі Алтынсарин ауданы Темірқазық ауылынан әскерге алынып, төрт жыл мұз жастанып, қар жамылды. Неше мәрте жараланса да, госпитальда емделіп, ұрысқа қайта оралыпты. Соғыс аяқтала сала, 1945-жылдың мамырының ортасында-ақ, Жапониямен арадағы шиеленісіп тұрған саяси жағдайға байланысты бізді шығыс шекараға қарай аттандырды, деп отыратын әкем, — дейді Ерден аға әкесінің суреттеріне қарап отырып. Бұрындары анасы Күләйшаның да осы сарғайған суреттерге телміре қарап, тарамыс саусақтарымен ептеп қана сипап отырғанын талай көрген едім…Ерден
         Қайдауыл болысының Жыланшық өзені бойындағы Рахмет ауылынан 15 шақырым солтүстікке қарай орналасқан Өгізкөк ауылы Ұзын Қыпшақтан тараған бір тармақ ел – Шоқанайлардың қалың қоныстанған жері көрінеді. Түгін тартса майы көрінетін, қалың қамыс, қоғалы қопа, көкорай шалғынды, Жыланшықтай сулы-нулы жер – біздің ата қонысымыз еді деген әкесі Ізтілеудің ертеден санасында қалған сөзін, жақын туысы, әкесінің немере ағасы Құтжан әкесі де бертін келе талай қайталап отыратыны есінде. Құтжан Қанжығалыұлы Батпаққара табанының белсендісі болған, өз заманында айтыстың ақтаңгері Нұрхан Ахметбековпен иықтаса бір жүрген, суырып салма ақын еді. 1904 жылы туған Ізтілеу де әкесі Байғуаттан жалғыз тұяқ, бес жасында шешеден, сәл кейінірек әкеден айрылғанда Жүніс деген туысы бауырына басып, Құтжанға, басқа панасыз қалғандарға да жетімдік көрсетпей, қамқор болған екен. Өткен ғасыр басындағы Өгізкөкте ғана қоныстанған 60 үйлі шоқанайдан ашаршылыққа ұшырағаны, қудаланғаны бар, соғыстың алдында 9-ақ үй қалыпты, осындай ағайынның бір-біріне деген қамқорлығы, ұйымшылдығы арқасында мүлде жойылып кетпегеніне шүкіршілік еткен.Ол кезеңдегі қазақы тірліктің негізі мал болғандықтан, қорадағы төрт түлік малды бағысып өскен Ізтілеу, әсіресе жылқы малына үйірсек болады:
        «Әкем өзін жылқышымын дейтін. Өте малжанды кісі болатын. Кейін мына Қонай, Краснопартизан ауылдары аймағында болған Ақсу деген колхоздың жылқысын баққанда да жылқыны күтіп-баптау,оны шығыр айналдыруға, жегуге, колхоздың толып жатқан шаруаларына үйрету, тәрбиелеу жұмыстарына асқан жауапкершілікпен қарады. Әсіресе, асауға тұсау салу, жылқыны бағындырып, қолға үйрету дегенде делебесі қозатын. Аспанға тіп-тік шаншыла атылған асаудың үстіндегі әкем әлі көз алдыма келеді, кеудемді мақтаныш кернеп, қызыға қарап тұрғанда, шешем қорқып, шыдамай үйге еніп кететін. Соғысқа дейін де айналысқан шаруасы болғандықтан,  жылқы өсіру, баптаудың кәсіби маманы ретінде Қазақстанның ауыл шаруашылығы делегациясының құрамында Мәскеудегі халық шаруашылығы көрмесі – ВДНХ-ға да қатысып қайтқан».
       Ізтілеу Байғуатұлы Темірқазық ауылынан 1941 жылы әскерге аттанғанынан елге 1947-ші жылы бір-ақ оралған. 1945-тің көктемінде түбегейлі Жеңіске көзі жеткен соң-ақ Одақ басшылығы бұрыннан ашынып тұрған кеңес-жапон ара-қатынасын бейбіт түрде реттеу мүмкін болмайтынын аңғарып, батыста босаған әскерлерді шығыс шекараға қарай топтастыру ісін бастап кеткені тарихтан белгілі. 1940-шы жылы құрылған Қиыр Шығыс майданына, 2-ші Қиыр Шығыс және Забайкалье майдандары қосылып, шығыс шекараларға әскерлер мен соғыс техникасы шоғырландырылды. Ізтілеу Байғуатов та неміс-фашист басқыншыларынан елімізді азат етіп, енді Отанымыздың шығысына қауіп төндірген жапон милитаристерімен күресуге аттанған 400-дей кеңес жауынгерлерімен бірге, 2-ші Қиыр Шығыс майданы әскерінің құрамында белсене ат салысты.
         -Немістермен соғыс біткеніне тура үш ай толғанда екінші соғыс басталды дейтін әкем. Тамыздың 8-де басталып, қыркүйектің 2-де Квантун әскерлерінің тізе бүгуімен аяқталды ғой. Бірақ, жау тізе бүгуін мәлімдегенімен, ұсақ-түйек қақтығыстар қыркүйектің ортасына дейін болып тұрды. Әуеден, теңізден және жерден бір мезетте басталған мықты ұрысқа Квантун тойтарыс бере алмады, біз төрт жылда машықтанып алдық қой деп, мақтанып алушы еді, марқұм, — дейді Ерден аға.
          Маньчжурияны жапон басқыншыларынан азат етуге қатысқан Ізтілеу Байғуатұлы 1945-тің күзінде соғыста қираған шаруашылықтарды қалпына келтіру мақсатында өз майдандастарымен бірге елдің батысына қарай жол тартады. Арып-ашып, қанша қиыншылық көріп қажыса да, дұшпанын тізе бүктіргенге көңілдері тоқ кеңес әскерлері барған ізімен, яғни сол кездегі Кеңес Одағымен экономикалық-саяси жағынан жақсы қарым-қатынастар орнаған Қытайдың, Солтүстік Кореяның аумағындағы теміржолмен кері қайтады. Қайтар жолында өздері азат еткен Солтүстік Кореяның Хамхын-Сортировочная (Хамгён-Пукто) провинциясының Яндок станциясында суретке түскен екен… Германияны жеңгені үшін, Жапонияны жеңгені үшін медальдарының иегері, екі соғыста қаһармандық танытқан Қостанайдың тумасы, аяғында киіз байпақ, үстінде жылы тоны, құлағына тірелген бас киімі бар жауынгер, бір топ қандыкөйлек достарының қасында күлімсіреп тұр, «мына бейбіт өмір енді сендерге аманат, ұрпағым» деп тұрғандай…
         -Әкем соғыстан оралған соң, елдегі бейбіт өмірге араласты. Сол келген жылы анам Күләйша Сыздыққызымен көңіл қосып, келесі жылы мен тудым.
— Қыпшақта Кенебайдай биелі бол,
Жаппаста Жарасбайдай түйелі бол, — деген баталы сөздегі Кенебайдың алты ұлының бірі Байнияздың Сыздығының қызы, сонда Кенебайға шөбере болып тұр ғой менің шешем. Байдың тұқымы болғандықтан көп қудалауға ұшыраған шешем де: жалаңаяқ қар бастым, жалаңаш етіме шапан кидім деп, көрген теперішін айтып отырғанымен, өмірге ызаланбаған, ақжарқын қалпында бес баламызды да көріп, тәрбиелеуге ат салысып кетті, — деп анасын да айтып өтті Ерден аға. Ол кісіні өзім де көргенмін. Талдырмаш, шағын болғанымен дауысы зор, сыпайы, бипаз кісі болатын. Сыны кетпеген сырлы аяқтай, жастығының астында жататын дөңгелек қол айнасына ара-тұра қарап қоятынын аңғарушы едім…Әкем мен шешем өте тату тұрды, әкем өзі жетім өскен соң ба, өте мейірбан, бауырмал еді. Әскерде бір мезет асханада жұмыс істегенде ауылдастарына бір бөлке нанды тығып беретінін айтып отырушы еді… Қолы боста көршінің де шаруасын арланбай істеп кететін. Көптің шөбін түсіруге, тіпті тезегін қаласып, отынын үйісуге шақырмай-ақ араласып кете беретін.
Соғыс салған жарақаттары асқынып әкем қайтқанда мен 9-дан асқан бала едім. Әкесі жоқ әлжуаз бала болмаймын деп, 16 жасымнан ерте еңбекке араласып, шешеме қолқабыс еттім. Бір әттеген-айым, 1965 жылдары үй-қорамыз өртеніп өзіміз аман қалсақ та, біраз құжаттарымыз, оның ішінде әкемнің құжаттары, суреттері, медаль куәліктері, хаттары жанып кетті, тірілердікін қайта қалыпқа келтірудің өзі біраз қиындықтармен атқарылды, өліні айтпағанда… Кейінірек Подольскідегі әскери мұрағатқа хат жаздым, олар әскери бөлімін сұрайды, ол қағаздармен бірге жанып кетті, қайдан болсын?.. Әйтеуір, аман қалғаны осы екі сурет қана, — деп осыдан 73 жыл бұрын түсіріліп, бүгін өшпес тарихымыздың меншігіне, алтын қорына айналған әкесі Ізтілеудің суретіне ырзашылықпен қайта үңілді Ерден аға.
 
Рәзия Бикенова,
Қостанай ауданы.
Суреттерде: екі соғыс ардагері Ізтілеу Байғуатов бір топ майдастарымен,
кеңес-жапон соғысынан қайтқан беті.
Яндок станциясы, Солтүстік Корея.
Қостанай қаласының тұрғыны Ерден Ізтілеуов әке суретімен.

Читайте также:

1 комментарий

  1. Бақытгүл Ерденқызы:

    Разия апайға мың да бір алғыс! Қостанай таңы әкімшілігіне жариялаған мақала үшін рахмет!

Добавить комментарий для Бақытгүл Ерденқызы Отменить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓