Батыр мұражайына лайықты орын керек

Қазір ғаламтор арқылы ақпарат алмасудың дамығаны соншалық, әлеуметтік желілерде жұртты жаңылыстыратын жалған ақпараттар көбейіп кетті. Белгілі бір мәселелер төңірегінде түрлі өсек-аяң, айтыс-тартыс, тарихты бұрмалайтын негізсіз деректердің жиі кездесіп жатқаны да жасырын емес. Мәселен, 1916 жылғы Ұлт-азаттық қозғалысы мен оған қатысты деректерге байланысты біраз дүние жазылды. Менің айтпағым, халық батыры Аманкелдінің жерленуі жайлы болмақ. Бұған қатысты  ел ішінде алып-қашпа әңгімелер мен түрлі дерек нұсқалары айтылады.№-8.-Место-захоронения-Амангельды-Иманова-1
Баспа бетіне жарияланған деректерде Аманкелдіні біреулер 3 рет, енді бірі 4 рет жерленді деген пікір білдіреді. Осы әңгімелерге нүкте қою мақсатымен батырдың жерленуіне қатысты нақты деректер іздеуге тура келді. Осыған орай, архив құжаттарына негізделген еңбектермен танысып, сол уақыттағы оқиғаларға қатысты қалам тербеп жүрген азаматтармен байланыстым.
1919 жылдың мамырында батырмен бірге өлтірілген 17 кісінің мәйіті Торғайдағы «Партизан сайына»  жасырылған. Бізге жеткен деректер бойынша, Аманкелдінің кіші әйелі Балымның  (Шын есімі-Балбике, 1904-1933ж. Мақтарал) айтуымен батырдың мәйіті киіміне салған өрнегінен анықталған. Сүйегін анасы Қалампырдың өтінішімен Бегімбеттің Алакөлі деген жердегі қорымға әкеліп, 1920 жылы қайтыс болған Аманкелдінің бәйбішесінің (Рәш Сайдалықызы-1886 ж. туған, руы-арғын, тағышы) жанына жерлейді.1921 жылы төртқұлақ там орнатылып, құлпытас қойылған. Құлпытас бедерінде арабша «1919 ж. 18 майда Қыпшақ руы, Кедел-Бегімбет тайпасы, Амангелді Иманов, дарыл панидан дарылпакияға рахал еттім» (Бұлдүниетіршілігінен о дүние тіршілігіне көшті» деген мағына береді) деген жазу бар. Ол құлпытасты қазір де Аманкелді Иманов ескерткішінің басынан көруге болады. Ұлытаудан әкелінген бұл құлпытастың биіктігі — 55 см, ені – 30 см, қалыңдығы — 7 см болады. Тасқа жазуды беруші – Сейдахметұлы Сүлекей, ойып жазушы – Төлегенұлы Баязит.
1936 жылдың қыркүйегінде Батпаққара ауданының атауы өзгертіліп, Амангелді есімі беріледі.Ұлт-азаттық көтерілісінің 20 жылдығымен тұспа-тұс келген бұл оқиғаға орай батырдың сүйегін аудан орталығына әкеліп жерлеу туралы мәселе туындайды. Сөзім дәлелді болу үшін, бұрын аудандық газетте жарияланған оқиға куәгерлерінің жазбаларынан үзінді беруді жөн санаймын.1983 жылы 2 сәуірдегі «Тыңшұғыласы» газетінің №39 санында Іздей Мұханбетжанов «Батырдың ұлағатты жолы» аталатын естелігінде: «А.Имановтың сүйегін басындағы ескерткіш тасын Бегімбеттің Алакөлінен аудан орталығына, осы күнгі Аманкелді ескерткішінің астына әкеліп қойды. Батырдың сүйегін әкелуге баласы Рамазан, Иманов Бақыт, үзеңгілес сарбаздары Ыбырай Атамбеков, Әлжан Қарабаев, Әбжан Құндызбаев қатынасты»  — дейді. Аудандық газетке жарияланған тағы бір мақала батырға туыстық жағынан жиен боп келетін Сейіткамал Сейтеновтің (1906-1997) естелігі.  «Аудан басшылары Амангелдінің сүйегін әкелуге 7 адамды бекітті. Олар – басшы ретінде Атамбеков Ыбырай бастап, Дәуітбаев Байназар, Байтөрин Қожабек, Жантасов Сыздық, Байтасов Төлен,  Байсалов Қуантай және мен болдым. Ауданнан бізге екі түйе, бір ат, екі арба, жер қазатын құралдар мен азық-түлік берілді. Қазан айының аяқ кезі еді,  ақ жаңбыр үзбей жауып тұрған болатын»  — деп, сүйекті әкелу сапарын егжей-тегжей баяндап береді. Екі автор да жерлеу рәсімінен кейін митинг болғанын, аудандық газет редакторы Бақыт Имановтың баяндама жасап, біраз кісілердің сөз сөйлеп, Әбжан Құндызбаевтың өлең оқығанын тілге тиек етеді. Кейін басына қызыл кірпіштен ескерткіш белгі орнатылып, ол қазіргі мүсін қойыларда ғана бұзылған. Бұдан соң да батырдың туған және қайтыс болған жылдарына сәйкес, республикалық көлемде ауқымды іс-шаралар өткен. Әр жылдары —  А.Имановтың қайтыс болғанына 25 жыл толуына орай 1944 жылы, туғанына 90 жыл толуына орай 1963 жылы,100 жылдығына орай 1973 жылы т.б. мерейтойлық шаралар өткізілгені белгілі.1958 жылы 138,6 мың сом қаражатқа батыр мүсінінің жобалық-сметалық құжаттары әзірленеді. Архитектор — Токарь, мүсінші — Х. Наурызбаев болып бекітіледі. Ал 1959 жылы ақпанда 1-ші хатшы болып сайланған Оразалы Әбілұлы Қозыбаев мүсінші Х.Наурызбаевты алдырып, батырға ескерткіш қояды. Атақты мүсінші өзінің жазбасында баян еткендей, Алматыға келген бір сапарында Орекең әдейі соғып, Торғайға шақырады. Шаршаған елді ояту керек, олай болмай ерлік тумайды, — деп қолдау жасаған соң, сыйластықтан аттай алмай,атақты мүсінші елге келіп, Амангелді батыр мен еңбек ерлерінің мүсіндерін жасайды. Бұл жайында Х.Наурызбаев: Амангелді мүсінін жасаған кезде «Батыр адам жерге қарамайды, оған қыран сияқты көзқарас керек» деп, сыншы бола жүріп, бар жанын салды. Тұғырдағы батырдың: «Соғыс бітті»,- деп қылышын қынабына салып жатқан бейнесіне барынша толғанып, ризашылығын білдіріп еді» деп еске алады. Айта кететінім, осы сапарында елде жүргізуші болып жұмыс жасап жүрген  Әбілбек Ұзақовтың талабын танып, талантын бағалап, өзіне көмекші еткен, болашақта ел таныған көрнекті тұлғаға айналуына бірден-бір шапағатын тигізген де Наурызбаев болатын. Мүсін дайын болғаннан кейін, елдегі азаматтар ақылдаса келіп, батырдың соңғы жерленген қабірінің үстіне қоюға келіседі.Салтанатты жиын ұйымдастырылып, ескерткіш ашылады. Бұл жиынға облыс көлемінен, көршілес Ұлытау өңірінен қонақтар шақырылып, сардардың серіктері Х. Байкемелов, Ы. Атамбеков, Б.Төлегенов арнайы келіп қатысады. Бұл туралы республикалық «Сельская жизнь» газетінің 1960 жылдың 21 маусымдағы нөмірінде К.Әйтекеновтің мақаласы жарық көреді. Кей кісілер айтып жүргендей, халық батырының сүйегі 1940 жылы аудан орталығындағы Сатыбалды ишан жатқан қорымға немесе ескі әуежай маңайына жерленді деген сөздер қисынға келе қоймайды. Өйткені, сүйек алғаш жерленді деген орын қазіргі орыннан әрі кетсе 200 метр ғана қашықтықта. Әрі, сүйекті әкелерде сол кезеңдегі басшылар ауданның бас жоспарына сүйенгені анық. Қылышынан қан тамып тұрған кеңестік кезеңде, әсіресе 37-ші жылы батыр сүйегін қорымнан қорымға көшірудегі мақсат идеологиялық тұрғыда болған деп нақты айтуға болады.Тағы бір дәлел: негізгі куәгер С.Сейтенов оқиға желісін нақты уақытымен баяндап, сүйектің осы күнгі орынға жерленіп, ескерткішті тұрғызуға өзінің қатысқанын айтады (Ғалым Т.Рсаев та С.Сейтеновтің негізгі кауәгер екенін растайды). Қалай болғанда да батырдың сүйегінің қазіргі уақытта «Шұғыла» балаларға қосымша білім беру орталығындағы ескерткіштің астында жатқаны ақиқат.
 
Р/S: Кезінде Ғафу ақын айтқандай: «Аманкелді Иманов – қазақтың ұзақ тарихи керуенінде сайраған даңғыл жолы бар, самсаған қыран қолы бар, сардар деген аты бар үлкен ерлік көшінің басшысы».Осы бейнесінде халық жадында мәңгі сақталған ұлы тұлға қасиетті Торғай елінің рухын асқақтатып тұрған батырларымыздың заңды жалғасы іспеттес кейінгі толқынға да шапағатын тигізері сөзсіз.
Сөз түйіні ретінде айтарым, тарихы тым тереңде жатқан туған еліміздің талай мақтанышын дүниеге әкелген, кең даласы тылсым құпиясын ішіне сақтаған өңірге бір тарихи-өлкетану мұражайы қажет-ақ. Ел болып рухани жаңғырып жатқан уақытта, қазіргі «Шұғыланы» Аманкелді атамыздың мұражайына лайықтап (Жамбыл ақынның сүйегі ауласына жерленіп, үйі мұражайға айналдырылған), А.Иманов мұражайын тарихи-өлкетану мұражайына айналдырса, келер ұрпақ алдында жүзіміз жарқын болар еді.
 
Сахан Оңжанұлы,
А.Иманов мемориалдық мұражайының директоры

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓