Ширек финалда – Абылай мен Марғұлан (ЖАҢАРТЫЛДЫ)

"Ел мерейі – Елорда" облыстық жазба айтысының ширек финалында Абылай Мауданов пен Марғұлан Оспанов өнер көрсетеді. Қарсылас шыдатпай келген қос ақынға қолдау көрсетуден қапы қалмаңыз, құрметті оқырман!Абылай-Марғұлан
Мұның алдындағы құрдастар айтысында Нұрқанат Құлабаев Бағила Балмашевадан басымырақ түсті. Осылайша, қазылар жеңіске жазба ақын лайық деп тапты. 
 
АБЫЛАЙ:
"Құдайым құт берген соң қаламыма,
Тілеулес қалың елім талабыма.
Ассалаумағалейкүм, сәлем бердім,
Жыр десе жанып түсер жараныма.
«Қостанай таңы» дабыл қаққаннан соң,
Шыдамай шықтым айтыс алаңына.
Мәреге тақағанда Марғұланға
Кездестім, ғажайыпқа қара, мына.
Мен сені Марғұланжан, түсірмеспін,
Тағыдай тыпырлатып араныма.
Өкіндім өткен жолы айтысыңда,
«Бәлелер» жармасқанда балағыңа.
«Қорқамын кейінгі жас балалардан»,
Ой салар Абай сөзі саналыға.
Соларша шатылмассың деп сенемін,
Шабыттың шала мас боп шалабына.
…Бауырым жазылатын шақ туғанда
Бауырым тап келді ғой таланыма.
 
Дос едік бейне құстың қанатындай,
Дауға да, жауға бірге баратындай.
Айтыста Айбектен соң сені туды,
Торғайға кеткен шақта «бала тұрмай».
Мен сені «майқұйрық» деп бағаладым,
Таратсам бұл ойымды шала қылмай:
Ізіңнен жас дарындар қаулап шығып,
Бәрі де бәйге атындай жаратылды-ай.
Екеуміз Қостанайда табысқанбыз,
Көңілді ала қылмай, нала қылмай.
Алыссақ достық ғана жеңетұғын,
Жарыссақ тынбаушы едік таң атырмай.
Жүруші ең кейде озып, кейде қалып,
Бәйгеге түссең-дағы жаратылмай.
«Есімнің күреңіне серік болған,
Әлімнің Самарский қара атындай».
(Еске алсам Нұрхан жырын бекер деме,
Рухани ұстаз көрдім нар-ақынды-ай).
Сондықтан бұл айтысты болжау қиын,
Тұрғанда жанартау-жыр әлі атылмай.
Дүлдүлдер дүр сілкініп топқа түссе,
Дүбірін қалмайды ма, дала тыңдай.
Біздерге көзін тіккен ағайынның,
Сөз айтқын, құмары бір қанатындай.
 
Жан едім жалғанға жау, расты құндар,
Кемшілік, өтірікке қас тілім бар.
Өзіңе тиісер ем, Марғұланжан,
Ініні сынау ұят, жастығың бар.
Қызмет, мансабыңды мінер едім,
Ерландай әр жағыңда бастығың бар.
Сыныма дұрыс жауап бере алмасаң,
Бастығың көмейіңе «тас тығындар».
Ежелден елдің мұңын ақын білген,
Кем еді ақындығың, затың кімнен?!
Астана – айтыстың бас тақырыбы
Келбетін кестелейік ақық жырмен.
Бір мезгіл Ақмолаға кетіп едің,
Соқпаққа түсіп алып әкім жүрген.
Шындықты ел білмеген, сен білерсің,
Билік пен Елордаға жақын жүрген.
Шайыр деп шындық уын татып жүрген,
Өзіңе кезек беріп жатырмын мен.
 
МАРҒҰЛАН:

"Айырма абыройдан, ардан да, Алла.
Мың шүкір бойымда өнер бар болғанға!
Абылай, біздер бар да айтыс өлмес,
Халықтан қара өлеңге талғам бар да.
Кешегі айтысыма пікір қосып,
Ернұрдай өкпелепсің "тарландарға". 
Ол рас, кейінгі жас "бәле" боп тұр,
Бұл үлгі болмаса екен қалғандарға.
Шынымен інілерден көңілің қалар,
Ағасын ардақтаудан арланғанда.
Ізетті інісі бар Абылайдай
Мамай мен Нұрқанат та арман бар ма?!
Осындай ізеттілік қасиеттер 
Жақсы еді-ау бізден кейін жалғанғанда.
Ағайын, аман-есен бар болсаңдар,
Қағарсың таңдайыңды таңданғанда. 

Жіберсем домбырамды қағып-қағып,
Беретін шапалақпен халық бағыт.
Ал, қазір домбыра жоқ, халық та жоқ,
Мен қалай айтысамын шабыттанып. 
Жазба айтыс Абылайдың қолы боп тұр,
Айтысып үйренген ғой жазып салып.
Бұл жігіт ақын әрі сатирик қой
Және көп өлеңдері қағытпалық.
Жастайынан поэма, дастан жазып,
Талабын тай күнінен танытты анық.
Бүгін де қос кітаптың авторы бұл,
Алған жан қаламына бағыт тауып.
Сондықтан домбырасыз Марғұланды,
Кетеді-ау қаламымен қағып салып.
Боксшы балуанмен белдескендей,
Жықпасақ аяғынан шалып қалып.
Әйтпесе Абылайға тең емеспін,
Қазылар, осы жағын анықталық.
Исаны мойындаған Нұрхан атам,
Тұрса да шын дүлділді халық танып.
"Әркімдер өз теңімен айтысады"
Судың сыры белгілі балыққа анық.
Дегенмен Абылай да "үйренген жау",
"Атысуға" келгенде жалықпадық.
"Батырға оңды-солы бір" дегендей,
Шабысымнан шабандық танытпалық.

Тай күннен қатар өстік тайталасып,
Есігін ұлы өнердің байқап ашып.
Келеміз содан бері бірге жүріп,
Естіліп есіміміз қайталасып.
Білімің көп болған соң бізден гөрі,
Өзіңмен жүруші едім жай санасып.
Мен үшін қуана алар, қайғыра алар,
Досымсың, мінезің де жайсаң, ашық.
Айтысып келеміз ғой өмір бойы,
Көрейік атқа қамшы қайта басып.
Болса да қандай жағдай, біліп қойғын,
Құшағым сен деген де айқара ашық.

Жүрдің деп соқпақ жолмен әкім жүрген,
Шымшып қалып жатыр ғой ақын бірден. 
Астананың жанында жүрдің ғой деп,
Атүсті тақырыпты тақымға ілген.
Жиырма жыл журналист боп жүрген кезде,
Тек қана Астананың атын білген.
Абылай, сен емес пе тілшілікпен
Тіршіліктің бал дәмін татып жүрген.
Сондықтан тереңінен толғағайсың,
Әрненің басын болмас шатып жүрген.
"Хабардың" Қостанайда тілшісісің,
Бізден гөрі хабарды басым білген.
Әлде сенің айтарың таусылған ба,
Айтысып Нұрекеңдей ақылдыммен?
"Сөз бостандығы болмай қор болған соң",
Деп жүруші ең "су сөзді сапырдым мен".
Бар білерің – билікті мақтай беру,
Осы ма тапқан сенің асыл жүлдең?
Сондықтан да мен емес, сен екен ғой
Жағынып әкімдерге жақын жүрген.

АБЫЛАЙ:

Жан досым, қуат берсін жырыңа Алла,
Деп сенем жарқырайтын күнің алда.
Үлгісін сыйластықтың біз көрсетсек,
Қалмайды өгіз өліп, сынып арба.
Сен бірақ тәтті сөзбен елтіп келіп,
Байқатпай, біз-тіліңді сұғып алма.
«Боксерді балуанша шаламын» деп,
Өзінше айла қылар түрі бар ма?!
Қағынып қызметіме ауыз салдың,
Жүргендей қара таппай ұрынарға.
Қайтеді басшыларға басын шұлғып,
Тілшінің тіліп түсер тілі барда.
Өмірі әкім мақтап көргенім жоқ,
Сондықтан көңіліңе күдік алма.
Жағынған жоғарыға адам болсам,
Белсеніп жүрер ем ғой бүгін «алда».
Шәниіп осы күні отырмас па ем,
Музейге директор боп құрығанда.
 
Марғұлан, «айға шапқан арыстаным»,
Келді ме «жанды жерден» дәл ұстағың?
Екі мың үшінші жыл есіңде ме,
«Алғада» жас тілші боп танысқаным.
Абылай содан бері әлі тілші,
Сен болсаң біраз жерге қарыштадың.
Жап-жақсы меңгеріпсің жалтаруды,
«Бәлелі сөзден» бойды әрі ұстадың.
«Бірінші жұдырықтап» Абылайды,
Бірталай сыныңды да бағыштадың.
Ал енді өзіңе сөз тиген кезде,
Байқастап «бас жағына барыспадың».
Шамасы, өн-бойыңа дендеп алған,
«Бір шоқып, екі қарар» бар ұстаным.
«Қимылға кезек беріп мені бақсаң»,
Ақын ем алып ұрар алысқанын.
 
Марғұлан алғыр ма екен, даңғыл ма екен,
Ол қалай аламанды шаң қылды екен?
Тақырып Астана ғой, ұмытпағын,
Өрмедің Елордаға тән жыр, «көкем».
Бұл ретте сені, досым, түсінемін,
Шалдықсаң, тыныстап ат шалдыр, «көкем».
«Таба алмай Сталинге лайық теңеу»,
Сен түгіл, қиналған ғой Жамбыл-Жәкем.
«Бастығың көмейіңе тас тығындар», – 
деген соң қорқып әлде қалдың ба екен?
 
Жандармыз жүрген өнер көшіндегі,
Оқталдық көк дөнендей көсілгелі.
Зуылдап жиырма жеті жыл өтіпті,
Кеңестің тас құрсауы шешілгелі.
Бағасын азаттықтың біле алдық па,
Бұл күнде мазалап жүр осы үн мені.
Шынайы өмірменен сай келе ме,
Экономикамыздың өсімдері?
Әйтеуір, мақтанудан жан салмаймыз,
Кеттік деп өзгелерден көш ілгері.
Жағалай жалаң ұран, құрғақ мақтан,
Шаршатты көзбояу мен бөсу мені.
Жемқорлық деген індет жұттан жаман,
Бұл кесел қоғамды алға өсірмеді.
Жемқор да кемедегі көртышқандай,
Апатқа ұрындырар кесірлері.
Кемені тышқан тескен теңіз жұтар,
Осы ой шошынтып жүр, досым, мені.
Қоғамды түзеу – бізге бүгін міндет,
Замана кешіккенді кешірмеді.
Қылышты жау кеткен соң қиға шауып,
Уақыттың бұра алмаспыз көшін кері.
Сараптар ұрпақ ертең оң-терісін,
Тарихтың шықты талай шешімдері.
Қазақтың болса жалғыз дұрыс ісі –
Ордасын Сарыарқаға көшіргені.
Астана – алтын алқа тарихқа таққан,
АЛАШ атты анамның төсіндегі.
 
Маргошым, мұңдасым да, сырласым да,
Мәңгілік тірегім боп жүр қасымда.
Саңлағы сахынаның сазгер, әнші,
Қаншама өнер жатыр бір басыңда.
Кезінде кеңес керек ағамдайсың,
Айналдың қалжыңдассам құрдасыма.
Иса мен Нұрханды айттың сөз басында,
Тәнтімін тектілердің тұлғасына.
Мен саған бата берсем үлкен болып,
Бабадан көрген үлгім бұл да, сірә.
Қазақтың әнінен әр кеткен шақта,
Сырлы саз сыйлап жүрсің тыңдаушыңа.
Атамның Әбілахат жолын берсін,
Өлмейтін өнер тудыр мың ғасырда.
Киелі байрақтағы қыранымдай,
Шабытың шарықтасын шың басында!
 
МАРҒҰЛАН:

Сыртынан жүріп аттың сырын білдім,
Болмасын деп тілеуші ем бұлыңғыр күн.
Шабыстың шаңын жұтып қалғың келсе,
Тізгінін босатайын құлын-жырдың.
"Көрмеп ем әкім мақтап" деп, астарлап,
Байқасам, тұзағыңды бүгін құрдың.
Жағынып бастық болдың деген оймен,
Сөзіңді бекер, досым, шығын қылдың.
"Музейге директор боп алар ем" деп,
Ойыңды маған деген ұғындырдың.
Мен жайлы көзқарасың бұлай болса,
Жатпайды сыйластыққа мұның, құрбым.
Қадалған Төлегеннің арқасына,
Оғындай өткір еді тілің мірдің.
Қылығын Бекежанның қайталама,
Досыңды келмесе егер сүріндіргің.

Жырла деп Астананы бұйым қылдың,
Құйрығын былғаңдатып құйын-жырдың.
Тілші боп республикалық телеарнада,
Сол жақтан алып жүрсің тиын бұл күн.
Сондықтан сенен асып жырламайын,
Зиян боп табысына зейінді ұлдың.
Қостанай деңгейіме лайық шығар,
Жырласам жағдайы мен күйін білдім.
Онысыз да Астананы асыраймын деп,
Жағдайы қалалардың қиын бұл күн.

Айтыста Астананың тойындағы,
Ақындар жырдан шашу дайындады.
Абылай: "Астананы жырламасам,
жалақым қысқарар", – деп уайымдады.
Жақсының жақсылығын айту парыз,
Міндетің журналистік бойыңдағы.
Бас шұлғып басшыларға қайтейін деп,
Абылай өр екенін мойындады.
"Мен әлі әкім мақтап көргем жоқ" деп,
Хабарды жеткізді ғой ойындағы.
…Облыс әкімдерін менсінбесең,
Датыңды айт депутаттар жайындағы.

Ашылып ақындардың тынысы бар,
Ақтарса, ақиқатты ел дұрыс ұғар.
Біздің елде миы аздау министр мен
Депутат толып жатыр тілі шұбар.
Қарағұсова сияқты адамдарды
Мәжіліске депутат қып кім ұсынар?
Әлеуметтік желіде мазақ болған
апаңның қазақшылық түрі шығар.
"Түсінер мылқау тілін шеше" деуші ед,
Шешедей билік бар ма мұны сынар?
Өз тілін енді үйреніп жатқан болды-ау,
Кенжелеп кей баланың тілі шығар.
Тілдері түсініксіз ұқсайды екен,
МС Сайлаубек бұған іні шығар.
Халықтың қалаулысы осылар ғой,
Ағайын, тілін біліп ұғысып ал.
Бюджетті үнемдеу деп бұл кісінің 
Шулатып есте қалған бір ісі бар.
"10 тауықтан асырап, жұмыртқа же",
деп айтар жұртта қандай жұмысы бар?
Азайсын жәрдемақы депті осылай,
Түсінген біреу бар ма мұнысын ал?!
Халықты қанап отыр, болса дағы
өзінің миллиондаған кірісі бар. 
Осындай ойлампаздар отырғанда,
Ертеңгі қапа болам күн үшін әр.
Халық қалаулысы деп айтылғандар,
Халық қанаушысының бірі шығар.

Биік жоқ бұл дүниеде ардан асқан,
Түспесін арың төмен аңдамастан.
Естелік еске салар көп қой бізде,
Созылар айта берсек таңға дастан.
Ол рас, кезіндегі жастар едік,
"Алғаның" арқасында алға басқан.
Кезім жоқ содан бері артқа кеткен.
Жаратқан жолымды өзі жар боп ашқан.

Абылай, сен біздерге арман едің,
Үзілген үмітімді жалғап едің.
Өткізіп ұлттық арна шоу айтыстар,
Қатысып мен де біраз шарлап едім.
Сол кезде есіңде ме ұстаз болып,
Менімен Алматыға барған едің.
Қаншама ұстаздарым тұрған кезде
Өзіңді жетекшім қып алған едім.
Сен бірақ айтысыма көңіл бөлмей,
Қызыққа уақытыңды арнап едің.
"Басына Көктөбенің шығайық" деп,
Жаяулап төтеден жол салған едің.
Көрінген таудың жоқ деп алыстығы,
Үмітті жетеледің алға менің.
Сол кезде ақымақ боп саған еріп,
Баса алмай аяғымды, талған едім.
Ақыры орта жолдан қайттық-ау біз,
(Жазығым саған ерген бар ма менің?)
Пойызға қайтатұғын үлгіре алмай,
Амалсыз қымбат такси жалдап едің.
Ойынның баласындай ойнақшыған,
Ойыңның аңғалдығын аңдап едім.
Жетекші керек болып жетекшіме,
Өзіңе ие болмай қалған едім.
Келгенде Астанаға түсіп қалып,
Жолдасым бола алмадың жолда менің.
Қараусыз шәкіртіңді тастап кетіп,
Сыныптас достарыңды таңдап едің. 
Мен жүрсем жетекшіме арқа сүйеп,
Бұл тентек балаға ұқсап салды әлегін.

АБЫЛАЙ:
Жастықтың бірге өткіздік дүрмегін көп,
Содан да маған ілер «ілмегің» көп.
Естелік не бір ғажап көкейде тұр,
Бірақ та жұртқа жайып күлгенім жоқ.
«Қылығын Бекежанның қайталардай»,
Таласып Қыз Жібекке жүргенім жоқ.
Ал, енді мансап жайлы «нұқып» өтсем,
Есебім тұрсын деп ем бірде-бір боп.
 
Марғұлан, айға азу білегенім,
Жөн айтсаң, тілектес боп жүрер елің.
Иә, рас, «Аламанда» ұстаз көрдің,
Деп санап арқасүйер бір еменім.
Ол кезде сен сарыауыз балапан ең,
«Айналып тастүлекке, түле» дедім.
Көрсетіп Көктөбені, Алатауды,
«Шәкіртім, шығар шыңың, міне!» дедім.
Қалғаным орта жолда бекер емес,
Байқасаң ниетімді білер едің.
Тазы да сүйреп қосқан түлкі алмайды,
Өзің жол табуыңды тілегенім.  
Сол кезде жетегімнен айрылмасаң,
Әлі күн тілші болып жүрер едің. 
 
«Депутат жайлы айт, – дейсің, – тіл білмеген,
Қақалып қазақшаға, міңгірлеген.
Алпыстан асқан шақта «тілі шығып»,
Сәбидей екі жасар шүлдірлеген».
Шүкір ғой олар бірақ, салыстырсаң,
Өзге ұлт өкілінен дым білмеген.
"Он тауық, ит қырылған жылғы жыр" ғой,  
Олардың кезі бар ма күлдірмеген?
Қазақша «қақпайтұғын» «қалаулыға»
Қарағым, дат айтуға ділгір де емен.
Ал, енді әлгі МС Сайлаубегің,
Бұл күнде тең болып тұр дүлдүлменен.
 
Шетінен «саясатшыл» ел бүгінгі,
Ел түгіл таулар жылжып, жер құбылды.
Тәу етер – Тәуелсіздік – кием үшін,
Кемшінді "елемеймін" кемді-күнгі. 
Жолында азаттықтың, ау, ағайын,
Қаншама бас еңкейіп, бел бүгілді?
Қадірлеп, қолда барды бағалауға,
Еске алу керек бір сәт шерлі күнді.
Дәмінен бостандықтың тәтті не бар,
Бәрінен артық көрем Елдігімді!
 
Сөйлесін жақ жаңылмай, тіл қысылмай,
Шертейік көңілдегі түрлі сырды-ай.
Суық сөз жүрегіңді қалтыратар,
Мылтықтың құлбырмамай ұңғысындай.
Тойында Елорданың жиырма жылдық,
Не бопты ақ қанатты жырды ұшырмай! 
«Қостанай таңы» басқан туындымыз,
Жетпей ме қалың елге жыл құсындай.
Елордам  – азаттықтың алтын тәжі,
Жайнасын әр дәуірдің құрбысындай.     
Астана – зарыққанда қазағымның,
Құдайдан тілеп алған тұңғышындай. 
 
Лаулайды ұлтым десем оттай жаным,
Намысқа мақсатым жүр боп қайрағым.
Жырымның құлагерін жаратып кеп,
Тұсына тойлы ауылдың көп байладым.
Шабыста шаң жұтқанға шылбыр берем,
Жастардан жүйрік шықса, жоқ қайраным.
Кісімсіп, кеуде керген жан емеспін,
Өзімнен басқа елде жоқтай дарын.
Өзіңмен тайталасып, Марғұланжан,
Келмеді талабыңды қақпайлағым.
Айтыста артық кетсем, айып етпе,
Өмірде сыйластықтан жоқ тайғаным.
Асанның жүзеге асқан арманындай,
Астанам – барша Алаш ат байларым.
Тілегім – күн сөнгенше құламасын
Тігілген Ақордама көк байрағым!

МАРҒҰЛАН:

Үстінде нық отырған жыр-атының, 
Өзіңсің үлгі тұтқан бір ақыным. 
Қайтер деп қасақана сынап едім, 
Сынаққа сен емессің «сынатұғын». 
Жібердің әзілменен жуып-шайып, 
Жігітсің судан құрғақ шығатұғын. 
Жемқорлар жайлы айтылған жанайқайды, 
Жақсы еді жан табылса ұғатұғын. 
Сынасам депутатты, министрді, 
Тасығаннан емес ол тым ақылым. 
Жақсарсын деген ниет, жанашырлық, 
Бірақ та тыңдап жатыр кім ақынын? 
Тумасын енді қайтып Бекежандар, 
Қит етсе қару кезеп тұратұғын. 
Сыйласып, «сіз-біз» десіп сөз сайысқан, 
Бақыттың базары екен мына күнім. 
Біріңді бірің сүйеу, тіреу көрсең, 
Ешқашан болмас, қазақ, мұратың мұң.

Абылай, арта берсін бақ-таланың.
Өзіңдей аға, доспен мақтанамын.
Жансың ғой ниетің адал, көңілің пәк,
Тап-таза жүрегіндей жас баланың.
Ал, енді біреуменен тайталассаң,
Тығындап тамағына тас қаладың.
Символы Астананың Бәйтеректей,
Ақындардың ішінде асқаралым.
Кеудең бар қазыналы мұраға бай,
Ұлттық музейі іспеттес бас қаланың.
Шалдардай шежірені шерткен кезде,
Секілді архивтегі таспадағы үн.
Ауа райы сияқты Елорданың
Бір де ашық, бірде тұйық қас-қабағың.
Түрің бар сәл көнелеу жас болсаң да,
Оң жағалауы секілді Астананың.

Жоқ еді өнеріңе таласарым,
Жаныңда інілікке жараса інің.
Бірге кеп мәресіне жыр-бәйгенің,
Батасын бірге алайық қарашаның.
"Домбыра күні", досым, құтты болсын,
Болмаған бұрын мұндай тамаша күн!
Қоңыр үн домбырадан күмбірлеген –
Бағзыдан жеткен бізге баба-сарын.
Сүрленген сол сарынға түсіп алып,
Шырқайық, кел, екеуміз Алаш әнін.
Бірақ, әттең, қолымда домбыра жоқ,
Сондықтан болып тұр ғой шала сәнім.
Домбыра мерекесі қарсаңында,
Айтысу домбырасыз – жаңа сарын.
Осының арқасында жазба ақындар,
Білеміз, жыр-тұлпарын жаратарын.
Дегдар өнер болған соң дүлдүлге сай,
Айтыстан бас тартады жараса кім?
Жалғасы «жазба айтыстың» болса тағы,
Абылай, сенің алда болашағың.
Сондықтан да бағыңды байлап қоймай,
Жол беріп саған, алға жол ашамын!

Жігіт емес едік ғой жолдан шығар,
Қызығып жалғандағы алдамшыға әр. 
Маусымның аяғында келіп жеткен
Мерекең құтты болсын жорналшылар.
Абылай сенің бұл да төл мерекең
Еленген еңбегіңіз зор болсын әр.
Ұнаса айтысымыз көпшілікке,
Көп болсын екеумізді қолдаушылар.
Бір айып менен кетсе, сен де кешір
Осымен айтысымыз болған шығар.

You may also like...

11 Responses

  1. Жалын айтты:

    Абылай керемет, создеры сойкан

  2. Дос айтты:

    Екеуінің де ойы, сөз ұйқастары керемет. Мықтысы жеңсін! 

  3. Талғат айтты:

    Марғұлан басым осы айтыста

  4. Ердас айтты:

    Марғұлан қолынан келгенше айтысуда, Абыдайдың сөз саптауы ерекше. Жеңіс Абылайдікі

     

  5. Роза Каратаевна айтты:

    Əдемі ақ! 

  6. Жеңіс айтты:

    Марғұлан мырза мықты зың айтыскер екен!  Жеіңс тілеймін Марғұлан бауырым! ?

  7. Жеңіс айтты:

    Марғұлан мырза мықты зың айтыскер екен!  Жеіңс тілеймін Марғұлан бауырым! 

  8. Серікжан айтты:

    Марғұлан жүйрік.,сөз қадірін білетін зиялы,тереңнен ойлайтын адам болса Марғұланның сөз саптауын, ұйқасын дөп басып айтқанын түсінеді.Марғұлан маған ұнады,қарсылас та мықты екен,бірақ Марғұлан басым,алда! 

  9. Ақерке айтты:

    Марғұлан Бақытбекұлы! Керемет! Алға! Сіздің жай айтқан сөзіңіздің өзі терең ойға салады! Мағыналы, тəрбиелі! Өте тамаша! Шабытыңыз шарықтай берсін!

  10. Мархабат айтты:

    Марғұлан Бақытбекұлының сөз саптасы ерекше, мағыналы.Қарсыласынан басым деп ойлаймын. 

  11. Марғұлан айтты:

    Құрметті оқырман асыра сілтеуге жол бермейік. Басым болсам, қайсы шумағым қалай ұнағанын талдап, дәлелдеп көрсетіңіздер. Болмаса ағайыншылыққа салып, әділдікті белден басуға болмайды. Абылай жазбаға келгенде Қостанай обылысы бойынша теңдессіз ақын. Иық тіресіп қатар келгенімнің өзі мен үшін жеңіс.

Серікжан үшін пікір үстеу Жауапты болдырмау

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓