Облыс мектептері толықтай интернетке қосылды

Қостанай мектептерінің 100 пайызы ғаламтор желісіне қосылды. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында облыстық білім басқармасының басшысы Бәтима Даумова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.20180605135622Биыл Қостанай облысы мектептерін интернетке қосу үшін жергілікті бюджеттен қосымша 210 млн теңге бағытталды.
«Бүгінде өңірдегі 514 мектептің барлығы интернет желісіне қосылды. Оның ішінде 509 мектепке кеңжолақ интернет жүргізілген. Оңтүстік аудандардағы 5 мектеп техникалық мүмкіндіктерге байланысты бұл қызметке тіркелмеген. Мұнымен қатар 445 мектеп мультимедиялық құрылғылармен жабдықталды. 2018 жылы барлық білім беру мекемелеріне заманауи жабдықтар тарту жоспарланған. Бұл мақсатта 267,8 млн теңге жұмсалады», — деді Б.Даумова өз баяндамасында.
Қазіргі уақытта облыстағы білім мекемелеріне 14024 компьютер қажет. Оның 2165-і — колледждерге. Басқарманың мәліметінше, компьютер паркін толығымен жаңартуға 300 млн теңге қаржы керек.
Облыс мектептерінің барлығы «Күнделік» және BilimLand білім платформасына тіркелді. Бұл көрсеткіш бойынша Қостанай облысы елімізде 2-орында тұр. Нақтырақ айтқанда, 85 мыңнан астам ата-ана оқушылардың бағаларын онлайн түрде қарайды.
Жиында айтылғандай, жаңа оқу жылынан бастап мектепке дейінгі балалар ұйымдарына жолдама беру және бірінші сыныпқа қабылдау үшін арнайы автоматтандырылған жүйе енгізіледі. Мектепке дейінгі балалар ұйымдарына жолдама беруді автоматтандыруды Қостанай, Лисаков және Рудный қалалары іске асырады. Қалған өңірлер бұл жобаны жыл аяғына дейін енгізбек. Аталмыш автоматтандырылған жүйені облыста іске асыру үшін 282 млн теңге жұмсалады. Жаңа жобаның артықшылығы — балабақшалар мен мектептерге кезек тәртібі ретке келеді.
Еске салсақ, ҚР Білім және ғылым министрлігі балаларды бірінші сыныпқа қабылдау ережесіндегі толықтырулар мен өзгертулерді жариялаған болатын.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓