ПРЕЗИДЕНТ АТАҒАН БЕС МЕГАТРЕНД

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астана экономикалық форумында (Global Challenges Summit) сөз сөйлеп, бес жаһандық тренд туралы сөз қозғады. 
«Әлем күн өткен сайын ерекше жылдамдықпен өзгеріп жатыр. Ғалам жаһандық өзгерістерге алып келетін үлкен бетбұрыстың алдында тұр. Болатын өзгерістер арқылы әлем өркендеу дәуіріне немесе бір орыннан тапжылмау кезеңіне аяқ басатыны белгілі болмақ. Бақылаудағы процесстердің сипаты белгілі. Мұның бәрі ғаламдық өзгерістерге алып келеді. Аталған процестерді әлем дамуының бес мегатрендімен сипаттауға болады», — деді Елбасы форумда.20180517142941652_big
Бірінші мегатренд
Адам қызметінің барлық аспектілерінің цифрлануы
Президент өз сөзінде баршамыздың көз алымызда экономиканың  тек бизнес саласы емес қоғам өмірінің де цифрланған жаңа моделі қалыптасып келе жатқанын атап өтті. Жаңа технологиялар осыған дейін әлем елдерінің бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын базалық факторларды өзгертіп жатыр. Өнеркәсіпті жандандыратын және бақылауда ұстайтын интелектуалды жүйелер ерекше құбылысқа айналды.
 «2030 жылға дейін жасанды интеллект әлемдік экономиканың қаржысын 16 триллион долларға дейін көбейтеді. Криптовалюта феномені, блокчейн технологиясы қаржылық нарықты банктермен қосып үлкен өзгерістерге алып келеді. Эскперттердің пайымдауынша алдағы он жылдықта 500 ірі компанияның 200-і жойылып кетеді», — деді Елбасы.
Өз кезегінде цифрлану процесі киберқылмыстың көбеюіне әкеліп соқтырады. Жылдар бойы түрлі қылмыстардың қатарында бесінші орында тұрған киберқылмыс 2017 жылы бизнеске айтарлықтай қауіп төндірді. Бұл құбылыс әлем елдері цифрлық қауіп ошағында қалмауға барынша талпынатынын білдіреді.
«Осылайша біз жаңа үрдістерге бой үйретеміз. Қазіргі таңда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарламаның жүзеге асуы еліміздегі инфрақұрылымның, IT экожүйесінің дамуына әсер етеді. Сонымен қатар қазақстандықтардың цифрлық сауаттылығы 85 пайызға артады. Жаңа технологияларды пайдалану арқылы біз өңдеу саласында бес жылдың ішінде еңбек өнімін жарты есеге көбейтуді жоспарлап отырмыз»,-деп жалғастырды мемлекет басшысы.
 
Екінші мегатренд
Энергетикалық революция, таза энергетика бағытына қадам
Президент өз сөзінде бар болғаны 30 жылдың ішінде баламалы энергия көздерінен алынатын энергияның 13 есеге көбейгенін атады. Күн панельдерінің бағасы соңғы бес жылдың ішінде екі есеге арзандаған. Электромобильдер күрт көбейді. Мамандар барлық автопарктерді электрокарларға ауыстыратын болсақ, жердегі ауа 200 жыл бұрынғыдай таза қалыпқа түсер еді деген пайым айтады.
«Табиғи ресурстарға деген сұраныстың сақталуына қарамастан онымен күн көріп отырған елдер үшін ресурстың мол екендігінің маңызы төмендеп барады. Дәстүрлі энергетикалық нарықтың беделді тұлғалары, корпорациялар мен мемлекеттер жаңа энергетикаға ірі көлемде инвестиция тартумен айналысып жатқанын көзіміз көріп отыр»,— деп алып қосты Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан бұл процестен шет қалып отырған жоқ. Президенттің айтуы бойынша «Болашақ энергиясы» тақырыбымен өткен ЭКСПО – 2017 көрмесі еліміздегі жасыл экономиканың дамуына ықпал етті. Жалпылай алғанда 2030 жылға қарай альтернативті энергия мен энергиялық баланстың үлесі 30 пайызға дейін жететін болады.
 
Үшінші мегатренд
Жер шарындағы адам санының жылдам көбеюі
Назарбаевтың айтуы бойынша ғылыми-техникалық процестердегі жетістіктер соңғы онжылдықта адамның орташа өмір сүру ұзақтығына елеулі әсерін тигізді.
«Соңғы 70 жылда орташа өмір сүру ұзақтығы 23 жылға, 48 жастан 71 жасқа ұлғайды. Қазақстанда бұл көрсеткіш тәуелсіздік жылдарының өзінде жеті жылға 65 жастан 72,5 жасқа өсіп, қазір әлемдік деңгейдің орта межесіне жетіп отыр», — деді Президент
Ұзақ өмір индустриясы әлемдік экономиканың маңызды бөлігіне айналды. Бірақ демографиялық өзгерістер өздігінен туындайтын көптеген мәселердің шешімін іздеуге әкеледі. Дәуір ортасында 10 миллиард адамды асырау үшін бүгінгіден 60 пайызға көп тамақ өндіру керек. Бұл мәселе базалық ресурстардың аздығын есепке алғанда, тұщы су дефицитінің көбеюіне байланысты оңай шешіле қоймайды.
«Қазақстан алдағы уақытқа заманауи жетістіктерді пайдалану арқылы, соңғы бес жылда агрокешендегі еңбек өнімділігін екі жарым есеге көбейту керек деген мақсат қойып отыр»,-деді Елбасы.
Халық санының көбеюіне байланысты туындаған тағы бір мәселе зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін түбегейлі өзгерту болып отыр.
 
Төртінші мегатренд
Урбанизация қарқыны мен сипатының өзгеруі
БҰҰ-ның бағалауы бойынша, ғасырдың орта тұсында қалалық жерде өмір сүретін халық саны жеті миллиард адамды құрап отыр. Мегополистер дәуірі келе жатыр. Бұл үрдіс инвестиция тартуға, технологиялар мен ақылды адамдарға сұранысты жоғарылатады.
«Бұл үрдісті есепке ала отырып, Қазақстан агломерацияның даму стратегиясын жүзеге асыруды қолға алды.  Егер бұрын бізде миллион тұрғыны бар жалғыз Алматы болса, қазір бұл қалалардың қатарына Астана мен Шымкент қосылды. Бұл үрдіс ары қарай жалғасатын болады»,- деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
 
Бесінші мегатренд
Еңбек нарығының жаһандық трансформациясы
Назарбаев өз сөзінде алдағы жылдары физикалық еңбектің 80 пайызы роботтандырылған жүйемен араласуы мүмкін.
«Заманауи кәсіпорындар үшін жұмыс күшінің арзандауы емес, маманданған қызметкерлердің болуы маңызды. Қазір байқап отырғанымыздай дамыған елдердің өнімдерін дамушы елдерге немесе керісінше орналастыруға бағытталған экономикалық нысана пайда болды. Бұл ұлттық экономика үшін үлкен сын», — деді мемлекет басшысы.
Негізгі бағыт — білім саласын реформалау. Бұл білім беруде шығармашылық ойлау қабілетін қалыптастыруға, қажетті ақпаратты тауып, мақсатты түрде пайдалануға мүмкіндік беру тәжірибесінен өтуді білдіреді.
Технологиялық прогрестің жылдамдығы адамның өмірінде бірнеше мамандықты игеруге және «Өмір бойы білім алу» қағидасын ұстануға заманауи адамның дайын болуын талап етеді.
Назарбаев Қазақстанда жастарға  әлемдегі үздік университеттерде оқуға мүмкіндік бар екенін айтты. Сонымен қатар, елімізде халықаралық деңгейдегі Назарбаев, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Қазақстан менеджмент, экономика және жоспарлау институтын, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті құрылды.
«Мектеп реформасы белсенді түрде жүргізілуде. Қазақстанда ең жоғары стандарттарға сәйкес келетін әлемдік деңгейдегі интеллектуалды мектептер жұмыс жасап жатыр»,-деді президент.
17-19 мамырда он бірінші Астана экономикалық форумы өтеді. Форумда әлемнің 24 елінен 450 баяндамашы сөз сөйлейді.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓