Егіс науқанына дайын

Бүгінге дейін Тобыл өңірінде барлығы 57 мың гектарға дәнді дақылдар себілді. Ендігі жұмыстар тек ауа-райына байланысты. Тиісінше, «Қазгидромет» орталығының мамандары мамыр айының соңына дейін жауын-шашын түспейтінін болжап отыр. Өз кезегінде облыс әкімі осы сәтті ретімен пайдалануды тапсырды. Егер табиғат тосын мінез танытпаса, көктемгі дала жұмыстары 3 маусымға дейін аяқталуы мүмкін. Өткен жылы толассыз жауған жаңбырдың салдарынан егіс науқаны маусым басында әзер біткен еді.егіс
— Әр аудан дала жұмыстарына жұмыла кіріссін. Тез арада егіп бітіру қажет. 15 мамырда егіс жұмыстары басталып, 3 маусымда аяқталуы тиіс. Агроөндіріс кешені субъектілерін қолдау бойынша шараларды жылдамдатыңыздар. Несиелеу Аграрлы кредиттік корпорациясы арқылы жүргізіледі. Осы мақсатта біздің облысқа 10 млрд 600 миллион теңге қарастырылды. Бұған қоса жанар-жағар майды тасып алу жағынан іркіліс бар. Өңірге 71 мың тонна дизельдік отын бөлінгенін білесіздер. Әзірге оның 48 мыңы ғана жеткізілді. Жанар-жағар майды сатып алу жөнінен Арқалық қаласы, Науырзым, Амангелді, Қарабалық, Таран аудандарының көрсеткіштері төмен. Аталған аудандар дәл уақытында сатып алмаса, кейін баға өсіп кетуі мүмкін. Осыны да ескеріңіздер, — деді Архимед Мұхамбетов аппарат мәжілісінде.
Айта кетейік, биыл облыс бойынша майлы дақылдарды өсіруді 26,5%-ға арттыру көзделген. Сол себепті, егіс алқаптарын әртараптандыру процесі жалғасады. 2017 жылы бидай алқаптарының көлемі 2,8%-ға қысқарып, майлы дақылдардың егістік көлемі 30,5%-ға артқан. Сондықтан да былтыр ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім 3,5% -ға өсті. Мұндай үрдіс ағымдағы жылы да жалғасатын болады. Бидай алқаптарын 5,9%-ға қысқартып, есесіне майлы дақылдар өсіру үшін алқап көлемі көбеймек.
Дала жұмыстарына барлығы 20 мыңға тарта трактор, 840 егін себетін комплекстер, 1 мың бүріккіш, 22 мың тұқым сепкіш қатыстырылады. Науқандық жұмыстарға техникалар дайын.
 
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓