Келер жылдың қамы үшін…

«ССКӨБ» АҚ жылу-электр орталығында 2018-2019 жылу беру маусымына дайындық басталды. Биыл жөндеу мен жабдықтарды ауыстыруға 4 миллиард теңгеден артық қаражат бөлініп отыр.1
Рудныйда 27 сәуір күні жылу беру маусымы аяқталды. Қыс мерзімінде жабдықтардың жұмысында ақау болмады, температуралық кесте сақталып, жоспардан тыс тоқтап қалулар орын алған жоқ. Жылу беру аяқталмай тұрып-ақ бірлестіктің жылуэлектр орталығының қызметкерлері жабдықтарды жөндеуге кірісіп кетті.
– Алғашқы жөндеу жұмыстарын 20 наурызда бастадық. Жөндеулер №4 бу қазандығында, №5 су жылытқыш қазандықта, №1 бу турбинасында жүріп жатыр. Бұл жабдықтардың барлығы қаланы жылумен қамтамасыз етуге қатысады, – дейді «ССКӨБ» АҚ ЖЭО директоры Олег Әбілқайыров.3
Жазғы айларда бес су жылытқыш қазандығы да қайта қалпына келтірілмек. Мұның барлығы қала мен Горняцк кентіне жылу мен ыстық су берудің сапасы мен сенімділігін арттыру үшін жасалып отыр. Негізгі, жабдықтардан бөлек ЖЭО ұжымы құбырларды да назардан тыс қалдырмайды.
Аталған жұмыстардың барлығы қала тұрғындарына еш жайсыздық тудырмайды. Гидравликалық сынақтар үшін ыстық суды уақытша тоқтату 2018 жылдың 14 мамырында және 22 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында жүргізіледі.
Келесі жылу беру маусымына дайындықпен бір мезгілде ЖЭО-да ұзақ мерзімді іс-шаралар жалғаса береді. Павлодар машина жасау зауытымен көмірді жинау үшін пайдаланылатын ауырлату кранын жасау жөнінде келісім-шарт жасалған. Қысқы кезеңде станцияның үздіксіз қызметін қамтамасыз ететін осы жабдық арқылы орта есеппен 2,5 мың тонна көмір өтеді.2
Орталықта №3 турбина цилиндрін әзірлеу бойынша да жұмыстар атқарылып жатыр. Ол Рудный мен өнеркәсіптік аумақты жылытуға арнаған. Жаңа бұйымды Қарағанды турбомеханикалық зауыты дайындап жатыр.
– ЖЭО-ны жылу беру маусымына дайындау мәселесіне жыл сайын ерекше көңіл бөлеміз. Соңғы жылдары орталықта көп жаңарулар болды және мұның барлығы қаланы жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етуді жақсарта түсті. Біз өз тұтынушыларымызға тек сапалы қызмет көрсетуге тырысамыз. Сондықтан Рудный үшін әлеуметтік маңызы зор нысанды жаңғыртуға қомақты қаражат бөлудеміз, – дейді «ССКӨБ» АҚ президенті Береке Мұхаметқалиев.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓