Қаланы көркейту бағдарламасы жасалмақ

Қостанайда тұңғыш рет 20 қабатты тұрғын үй салынады. Бұл туралы Қостанай қаласын көркейтуге арналған кеңесте мәлім етілді. Жиынды облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жүргізіп отырды. Алдымен, Қостанай қаласының аумағын санитариялық тазарту және күтіп ұстау, көлік инфрақұрылымды дамыту және инвестицияларды тарту мәселелері бойынша қала әкімі Базыл Жақыпов баяндама жасады.OTK_2330Оның сөзінше, қала аумағын санитариялық тазарту және күтіп ұстауға «Таза-Жол АТ» ЖШС, «АБЗ плюс» ЖШС, «Вескор» ЖШС, «Капитал групп Союз» ЖШС сияқты мердігерлік кәсіпорындар қатысады. Бұған қоса қала әкімдігінің және оның құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері де сенбілікке белсене қатысады. Олар санитарлық тазарту бойынша бекітілген Байтұрсынов көшесінде тұрмыстық қоқыс пен былтырғы жапырақтардан тазарту жұмыстарын жүргізеді. Айтпақшы, алғашқы айда сенбіліктер екі рет, бейсенбі мен жұма күндері өткізілмек. Одан әрі тазалықты сақтау үшін, әдеттегідей тек бейсенбіде ұйымдастырылады. Өз кезегінде «Тазалық-2012» ЖШС Солтүстік полигонда қоқыстарды қабылдайды. ТҮКШ бөлімімен қоқыс шығару бойынша талондар беру жүйесі белгіленді. Сенбіліктер жүргізілетін күндері қоқыс қабылдау тегін.
— Тазалық айлығында қоғамдық орындарды, атап айтқанда, саябақтар, скверлер, көшелер, бульварлар, тротуарларды абаттандыру баса назарға алынады. Барлық кәсіпорын мен ұйымның, әлеуметтік, мәдени және тұрмыстық нысандардың, көпқабатты салымдар мен жеке тұрғын үйлер аулалары мен аумақтары тазартылады. Облыс әкімі жариялаған қала аумағын санитарлық тазарту бойынша екі айлығы 12 сәуір мен 12 маусым аралығында өтеді. Қаламызды абаттандыруға кіші, орта және ірі бизнес өкілдері атсалысады. Санитарлық іс-шараларға белсене қатысуларыңызды сұраймын, — деді қала әкімі өз сөзінде.     
Жиында айтылғандай, «Қостанай аулалары» бағдарламасы аясында, биылғы жылы қаланың 28 ауласы абаттандырылады, сонымен қатар 15 көпсалалы хоккей алаңы, 13 футбол алаңы және жаттығу алаңқайлары орнатылады. Соған байланысты Тобыл өзенінің оң және сол жағалауларын абаттандыру бойынша екі жоба өз мәресіне жетті. Сол жағалауды абаттандыру бойынша 2-кезеңнің жобасы бүгінгі күні мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған. Құрылыс-монтаждау жұмыстары ауа-райының жылынған уақытынан бастап жүзеге асырыла бастайды. Сол сияқты, абаттандыру аясында, биыл Сити-орталығы аумағындағы орталық көшенің және Байтұрсынов көшесінің Тәуелсіздік көшесі мен Гоголь көшелері аралығындағы 40 375 шаршы метр аумақта тас төсеуіштерді ауыстыру жоспарланып отыр.
«ПромСтройПроект» ЖШС-мен Әуежай ауданындағы «Тарелочка» көлінің жағалауын көгалдандыру және «Береке» саябағы құрылысы» бойынша жобалық-сметалық құжат дайындалып, бүгінгі күні конкурстар жарияланып, жеке сараптамадан өтуде.
2018 жылы жол кешені бойынша 39 көше, соның ішінде квартал ішілік аумақтар, жөнделуден өтеді.OTK_2324— 10 көше қалыпқа келтіріледі. Оған 4,2 млрд теңге жұмсалады. Олардың ішінде, жоғарыда атап өткенімдей, былтыр аяқсыз қалған 3 нысан осы жылы аяқталады. Олар: Гоголь-Амангелді көшелерімен шектесетін Набережная көшесі; Қайырбеков-Бородин көшелерімен шектесетін Лермонтов көшесі; Уральский-Войн-интернационалистер көшелерімен шектесетін Тәуелсіздік көшесі. Баймағамбетов көшесінен Үлкен көпір аралығындағы Тәуелсіздік көшесі, Гагарин-Орджоникидзе көшелері аралығындағы Алтынсарин көшесі, Рудный тас жолы мен Амангелді ауылына шығатын Абай даңғылы  аралығындағы Энергетиктер көшесі. Қалыпқа келтірілетін көшелердің үшеуінің жұмысы екі жылға жалғасады. Бұл Қайырбеков-Чехов көшелері аралығындағы Павлов көшесі, Тәуелсіздік-Лермонтов көшелері аралығындағы Абай даңғылы, Съянов көшесі мен өтпежол аралығындағы Гагарин көшесі. 750 млн теңгеге тағы 5 көше орташа жөндеуден өтеді. Олар: Әл-Фараби даңғылы, Мәуленов, Бородин, Волынов, М.Хакімжанова көшелері. Ресайклинг әдісімен орташа жөндеу 23 көшеге жүргізіледі (Фролов, Строительная, Соколовская, К.Маркс, Элеваторная, Шипина, Железнодорожная, Жамбыл, Свобода, Летунов, Транспортная, Лесная, Сибирская, Лиза Чайкина, Қозыбаев, Гастелло, 4-шағын аудан, 5 сәуір, Парковая, Пушкин, Кооперативная, Байтұрсынов, 5 желтоқсан көшелері). Оған 660 млн теңге шығындалмақ, — деп толықтырды Б.Жақыпов.
Қайта жаңғыртуға 10 көше, оның ішінде 2017 жылы басталған 3 нысан биыл аяқталады. Бүгінде жол-құрылыс және жанар-жағар май сияқты қажетті материалдар дайындалып жатыр.
2017 жылы қала көшелерінде 51 аялдама бекеті орнатылған. Ағымдағы жылы бұл жұмыстар жалғасып, тағы да 40 аялдама бекеті орнатылмақ.OTK_2191Қала дамуына арналған кеңесте «Базис Бест» компаниясының атқарушы директоры Марат Молмұхамедов биыл бірнеше құрылыс жұмысының басталатынын айтты. Ол бизнес-орталық пен мейрамханалар бар қонақүй, сонымен қатар силикат кірпіші, темір-бетон бұйымдары мен керамзит блоктарын өндіру бойынша зауыт құрылыстарының жоспарымен таныстырды.
— Осы жылы Тобыл өзенінің жағасында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін тұңғыш қонақ үй тұрғызылады. Қонақ үй Ramada Encore компаниялар тобына тиесілі болмақ. Жаңа нысан 163 бөлмені қамтитын 6 қабаттан тұрады. Мұнда заманауи мейрамхана, салтанат залы және фитнес бөлмесі болады, — деді ол.
Сондай-ақ, аталған компания қалада тұңғыш рет 20 қабатты тұрғын үй салуды жоспарлап отыр.
— Бастапқыда 16 қабатты үй саламыз деп жоспарлағанбыз. Жақында тағы 4 қабат қосатын болып шешілді. Мұнда барлығы 100 пәтер болады. Жаңа тұрғын үй «Береке» шағынауданында бой көтереді. Құрылыс жұмыстары жақында басталады. Жалпы, «Базис Бест» компаниясы өңірге 10-15 млрд теңге инвестиция салады, — деді Марат Молмұхамедов.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бұл идеяны қолдайтынын жеткізді. Оның сөзінше, қаладағы биік үйлер 13 қабаттан аспайды. Сондықтан, көпқабатты үйлер санын көбейту керек. Қала әкіміне қаланы көркейту бойынша аймақтық бағдарлама жасауды тапсырды. Алдағы уақытта «Береке» шағынауданында 370 пәтерлі 28 төртқабатты үй салынады.
Архимед Мұхамбетовтің айтуынша, 2019 жылы Қостанайдағы халықаралық әуежайдың терминалдары көбейеді.
— Биыл әуежайдың ұшу-қону жолағын жөндеуді бастаймыз. Қайта жөндеуден өткен соң ұзындығы 2,8 шақырым жолаққа ие боламыз. Бұл кез келген рейстерді қабылдауға мүмкіндік береді. Яғни, қалаға келетін туристер мен инвесторлар көбейеді. Сондықтан да терминалдарды дұрыс қалыпқа келтіруді тапсырамын. Жаңа жоба қажет. Әуежай ішінен бірнеше VIP, СИП бөлмелер, фудзал мен тұрақжай ашыңыздар. Қысқасы, әуежай туристік нысанға айналуы тиіс. Келушілер қызығатын орын жасауымыз керек, — деді өңір басшысы.
Айта кетейік, аталған нысан Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің иелігінде. Ол Қостанай қаласы төңірегінің оңтүстік-батыс жағынан 2 шақырым жерде және әкімшілік орталығынан 5,6 шақырым қашықтықта орналасқан. Әуежай халықаралық мәртебеге ие. Бір жылдағы рейс саны — 1 700. Жеткізілетін жүктердің, поштаның көлемі — 250 тоннадан асады.
 
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ,
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓