Ерекше шаштараз

Рудный қаласының қызмет көрсету саласы тағы бір шаштаразбен толықты. Енді шашты қию және жинау қызметін ерікті мүгедектер қоғамында алуға болады. Ерекше шаштараздың ашылу салтанатында қаламыздың танымал сән шебері Гүлнара Цветкова келушілерге шеберлік сағатын өткізді.шаштараш
– Салонға бірінші рет кіргенде таңданысымды жасыра алмадым. Мұндағы қызметкерлер ұсақ-түйекке дейін барлығын жан-жақты ойластырып, өте жарасымды интерьер жасапты. Ең бастысы, бұл жерде жарық жеткілікті және жайлылықты сезінесің. Сол себепті ұйымның бастамасын толығымен қолдаймын және олар үшін қуаныштымын, – дейді маман.
Сұлулық салонын ашу ерікті мүгедектер қоғамының жетекшісі Санаш Есжановтың ойында бұрыннан бері жүрді. Алайда оны жүзеге асыру үшін қаржы жинау оңайға соқпады. Осы тұста Германия елшілігі қол ұшын созып, 1 миллион теңге көлемінде қаржы ұсыныпты. Сол сәттен бастап бірлестік орналасқан ғимараттан арнайы кабинет бөлініп, әрлеу жұмыстары қолға алынды. Ол үшін дизайнер шақырылып, кәсіби құрал-жабдықтар Астанадан алдыртылды. Атап айтсақ, клиенттің бойына қарай бапталатын жайлы орындық, заман талаптарына сай шаш жуу құралы, айна мен тағысын тағылар салонның сәнін аша түсті.шаштараз
– Біз өз шаштаразымыз болса деп баяғыдан армандадық. Адам бір нәрсені қатты қалап, сол ойынан қайтпай нақты жолдарын қарастырса, алынбайтын асу жоқ екен. Енді салон арқылы орталықтың өрісі де, табысы да кеңейе түсетініне сенімдімін, – дейді Санаш Сағындықұлы.
Бүгінде шаштаразда «Лик» оқыту орталығының үздік түлектері жұмыс істеп жатыр. Олар сағат 10.00-18.00-ге дейін үзіліссіз және демалыссыз тұрғындарға шаштараз қызметінің барлық түрлерін көрсетеді. Қызмет құнына келсек, қаладағы орташа бағадан қымбат емес. Ал мүмкіндігі шектеулі жандарға көп жеңілдік қарастырылған. Жобаның түпкі көздеген мақсаты да осы.
Алдағы уақытта сұлулық салонында маникюр және педикюр жасаймын деушілер үшін арнайы орынды жабдықтау жоспарда бар. Ал қалалық ерікті мүгедектер қоғамы қандай жоспар қойса да, соған жетпей қоймайтыны анық. Ендеше, іске сәт!
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓