Журналистиканың алғашқы қарлығашы       

«Қостанай таңы» газетінің шыққанына ғасырға жуықтаса да, баспасөз қарашаңырағында қызмет етіп, бұған дейін көпшілікке беймәлім болып келген азаматтар әлі де баршылық екен. Соның ішінде арнайы журналист мамандығының жоғары білімін алған жерлесіміз Әміржан Есжанов жайында не білеміз?Амиржан1
Әміржан Есжанұлы 1939 жылы сол кездегі «Большевиктік жол» – бүгінгі «Қостанай таңы» газетінде небары 5 айға жетер-жетпес уақыт еңбек еткен кәсіби жорналшының бірегейі. Біз Әміржанның өмірбаяны жайындағы ескі құжаттарды ол кісінің ағасы Ерғазыдан туған, қазіргі облыстық мәслихат хатшысы Сайлаубек Ерғазыұлы Ещановтың (Есжанов) қолынан алып отырмыз.хат
Әңгімеміздің кейіпкері өзінің латын қарпымен жазылған анкетасында бұрынғы Торғай уезінің Үлкен Дәмді елінде 1914 жылы дүниеге келгенін жазады. «Шылаусай деген жерден бірінші рет оқу оқыдым… 1930 жылы Науырзым дейтін жерде қазақ мектебінде оқыдым» деген жолдар бар. Онжылдықты өте жақсы бағамен бітірген. 1932 жылы Әулиекөлдегі балалар үйінің меңгерушісі қызметін атқарыпты. Әміржанның 1933 жылы Қостанай педагогикалық техникумы даярлық курсының «Б» тобында оқып жүріп, ағасы Ерғазының сырқаттануына байланысты қыс мезгілінде сабақтан аз уақытқа босатылғанын айғақтайтын анықтамасы бар. Сол жылы даярлық курсын тамамдаған ол Батпаққара (қазіргі Аманкелді) аудандық комсомол ұйымының атынан ауылдарға шығып, партияның тапсырмасымен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізгені жайында құжаттар сақтаулы. Оны Батпаққара аудандық комсомол комитетінің бастығы Қасен ұлы қол қойған сарғайған анықтамадан аңғаруға болады:
«Осы анықтама берілді Есжан ұлы Әміржанға. Себебі: жолдас Есжан ұлы Батпаққара аудандық комсомол комитетінің пионер бөлімінің бастығы болып 1934 жылдың 1 авгусынан 1 ноябрьге дейін және бюро мүшесі болып 1934 жылдың 1 авгусынан 1395 жылдың 17 январына дейін қызмет атқарды. Батпаққара аудандық партия комитетінің 1934 жылғы 25 октябріндегі 45 №1 бұйрығының қаулысы бойынша ауатком жалпы бөлімінің ауысқандықтан қызметтен босатылсын» делінген.хат1
Есжанның төрт ұлының тұңғышы Ерғазы жасынан сауатты, көзі ашық өскен азамат. Ол кісі кезінде облысымыздың аудандарында партия комитеті хатшылығы, бөлім басшылығы қызметтері қатарлы талай лауазымдар атқарған. Өзінен кейінгі інілерінің де оқу оқып, білім алуына зор үлес қосқан жан. Әсіресе, жастай алғыр өскен інісі Әміржанға жол ашып, Алматыдағы Қазақ Коммунистік журналистика институтына түсуге жәрдем етеді. Әміржан Есжанұлының кәсіби журналистік білім алғанын Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Асқарбек Бектемісов те өзінің Ғабду-Жәлел Қарабалаұлы жайында «Қайнекей қадір тұтқан тұлға» атты мақаласында келтірген. «Осы институтта ол Амангелді батырдың ұлы Рамазан, кезінде «Коммунизм таңы» (қазіргі «Қостанай таңы») газетінің редакторы болып істеген Беген Байсақалов, Аманкелді ауданынан Әміржан Есжанов деген азаматтармен бірге оқиды» депті қаламгер.
Айтпақшы, Есжанов журналистика институтының толық курсын бітіргенде, дипломының тіркеу нөмірінде «№4» деп белгіленіп тұр. Демек, сол кәсіби оқу орнын тамамдаған алғашқы ондықтың қатарында тұр деген сөз. 1939 жылы шілде айында Әміржан оқуын бітіріп Қостанайға келеді. Келген бетте «Социалды ауыл» газетіне үгіт-насихат бөлімінің бастығы қызметіне тағайындалыпты. Кәсіби еңбек жолын енді ғана бастап келе жатқанда, 1939 жылы КСРО мен Фин арасындағы соғысқа алынады. Сол кеткеннен 1941 босап келе жатқан кезде Ұлы Отан соғысы басталып кетеді де, оны үйге қайтармастан, қайтадан майданға алып қалады. Мәскеу түбіндегі ірі шайқастарға қатысып, сол маңда қаза тапқан екен.хат2
Міне, қаламын қаруға айырбастаған жасындай жарқ еткен есіл ердің небары 27 жасында ғұмыры үзіліпті. Аз бол, көп бол, бірақ отызыншы жылдары газетімізде кәсіби журналистің еңбек еткенінің өзі зор мақтаныш емеп пе! Ал Әміржан Есжанов соғыстан аман-есен оралғанында, сөз жоқ, үлкен қайраткер тұлғаға айналар ма еді.
 
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ

Читайте также:

1 комментарий

  1. Ещанов Азамат:

    Қате 1395 кетіп қалыпты

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓