Затобол қала болса…

Өткен аптада Қостанай облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясында аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов Қостанайдың іргесіндегі Затобол кентіне қала статусын беру туралы ұсынысы министрлікте талқыланып жатқандығын айтты.zatobol
Құптарлық бастама. Елімізде қала саны артып жатса, ұтпасақ, ұтылмасымыз рас. Ендеше, Затобол қала атануы мүмкін бе? Сол жағын қарастырып көрелік.
ҚР әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы Заңында «аудандық маңызы бар қала санатына аумағында өнеркәсiп орындары, коммуналдық шаруашылық, мемлекеттiк тұрғын үй қоры, оқу және мәдени-ағарту, емдеу мен сауда объектiлерiнiң дамыған желісi бар, халқының саны кемiнде 10 мың адам болатын, халқының жалпы санының үштен екiсiнен астамын жұмысшылар, қызметшiлер және олардың отбасы мүшелерi құрайтын елдi мекендер жатады» делінген.
2018 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметке сәйкес, Затобол кентіндегі халық саны 26 402 адам. Бұл көрсеткіш бойынша Затобол еліміздегі 87 қаланың ішінде 30 қаланы, атап айтсақ Ақкөл, Алға, Булаево, Державинск, Ембі, Ерейментау, Есіл, Жаңатас, Жем, Зайсан, Қазалы, Қаражал, Қарқаралы, Курчатов, Ленгер, Макинск, Мамлют, Приозер, Сарқант, Сергеев, Серебрянск, Степняк, Тайынша, Темір, Үшарал, Үштөбе, Форт-Шевченко, Хромтау, Шар, Шемонаиханы артқа тастайды.
Бір жағынан көп қалаларға қарағанда Затоболдың экономикалық даму қарқыны жоғары, болашағы зор. Өйткені, жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп келе жатқан Заречный, Мичурин елді мекендерін қосатын болса, 88-ші қаланың халқы 60 мыңға жуықтап, облыста халық саны бойынша Қостанай, Рудныйдан кейінгі үшінші орынға жайғаспақ.
Әрине қала статусы беріліп жатса, заңнамалық тұрғыдан үлкен жұмысты атқару қажет. Осы тұста ауылдық елді мекенді қызмет еткені үшін жалақысына пайыз үстемақы алатын ұстаздар не ойлайды екен. Сол жағын білгім келеді.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓