Kundelik.kz жеңілдік пе, жүк пе?

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», — дейді Абай атамыз. Иә, ұстаздар ұрпаққа білім мен тәрбие беруден жалыққан емес. Өйткені, бұл қауымның мойнындағы жауапкершілік жүгі ауыр – елдің келешегін тәлімдейді. Дей тұрғанмен… мұғалімдікті мұрат тұтқан жандар көп нәрседен жалыққандай. Жауып-жасырары жоқ, оларды титықтататын жайттарды тізіп ала жөнелуге болады. Мәселен, жергілікті билік бұйрығымен сенбі сайын көше тазалауға мәжбүр болған ұстаздар жайлы материалдар ғаламторда талай жарық көрді. Бұны бір дейік… устазҚағазбастылық қағажуын менсіз де биік мінберлерден айтып жүргендер қаншама. Ғаламтор статистикасына сүйенсек, жыл сайын мұғалімдердің дода-дода қағаздары да өздерінің қалталарынан шығатын қаражатқа «қарап отырады». Мектептен оған ешқандай ақша қарастырылмаған. Ал, ұстаздар ата-анаға осы жағдайды түсіндірмек болса, кейбіреуі өре түрегеледі немесе «өзіңіздің проблемаңызға» салады. Айтпақшы, министрлік қағазбастылық деңгейін азайтамыз деген ниетпен бәрін электронды түрге көшіріп жатыр. Бұл, әрине, игілік қамы, заман талабы, сосын… "қағаз кеміру" "азабының" жалқы шешімі. "О, мәселе шешілді!" деп бір тарап тәубелеп қуанса, педагогтар қауымына екінші ауыртпалық «қол бұлғады». Ол – электронды журнал толтыру. "Күнделік.кз" ретінде танымал. Мәселе неде дейсіз ғой? Естігеніміз бен куә болғанымызды сөз қылайық.
Цифрландыру саясаты – сөзсіз, ең ұрымтал шешім. Даму даңғылына түскен мемлекеттің жаңашылдыққа бой ұруы –қуантатын, үміт отын үрмелейтін жағдай. Алайда, тұтас ел (қиырдағы ауылдар) интернет игілігін көрмей отырғанда, бұл осыншалықты мәз болатын да жаңалық емес.
"Электронды журнал" дедік қой… Шалғайдағы кей ауылдарда әлгі журналдың екі нұсқасын да толтыру керек деген тапсырма күн тәртібінен еш түскен емес. Бұл дегеніңіз, мұғалімдердің жұмысы жеңілдемек түгілі, екі еселенді деген сөз емес пе? Қағазбастылық "майданынан" енді шыққан мұғалім электронды журналмен жұмыс істеуді бірден меңгеріп үлгермегені бар. Әсіресе, 20-30 жыл маңдай тер төккен мамандар. Оны кім ойланды? Мынаны айтайық: «Күнделік.кз» сайтына кіріп, күн сайын әр оқушының бағаларын қойып, үй тапсырмаларын толтырып, оған қоса сайттың бірнеше талаптарын орындайтыны тағы бар. Сол сайтқа кіріп, берілген талаптарды толтырудың өзі бір машақат. Мұнан соң мәселені індете отырып, ауылдарда ғаламтордың дұрыс жұмыс істемеуіне келіп тірелеміз. Олай дейтінім, облыс көлемінде интернет желісі барып үлгермеген ауылдар жетерлік. Мысалы, Амангелді ауданына қарасты Ақсай ауылында мүлдем ғаламтор желісі тартылмаған. Ол жақтың мұғалімдері аудан орталығындағы бір мектептің үш «программисіне» қалталарынан ақша төлеп, журналды толтыртқызып отырмыз деп тауы шағылып жүр. Қосымша қаржы шығыны дегеніңіз осы емес пе! Әрі-беріден соң, педагогтар сол журналды толтырту үшін бағдарламашыларға неге ақша төлеуі керек? Қай заңда жазылыпты!.. Келесі бір ауылда интернет болғанымен, кіру жылдамдығы өте бәсең. Күнделік толтыратын бағдарламаға күндіз емін-еркін ену – азаптың азабы көрінеді. Тек түн ауған соң ғана жақсы ұстайды екен. Амалы таусылған соң оятқышты түнгі сағат үшке қойып, шырт ұйқыдан шырылмен ояна толтырып жүргендер көп. Ол ол ма – үйінде интернет болғыры жоқ мұғалімдер журнал толтыруға мүмкіндігі бар көршілерін жағалап кетеді екен. Әр адамның жеке өмірі, жеке шаруасы бар екенін ескерсек, бұл да еріккеннен істелетін ермек емес. Көнбегенде қайтеді енді? Оған бас қатырып жатқан басшысы бар ма? Бұл да бөлек әңгіме…20170228114704
Журналдың толтырылу деңгейі пайызбен есептеледі. Кейбір мұғалімдер мүмкіншіліктің болмағанынан үлгерте алмай қалып жатса, директордан сөгіс естиді. Онысыз да сынық көңіл маман "жығылып жатып жұдырық алады". Бұл ретте барлық талап көнбіс ұстаздарға емес, құрығы ұзын құзіреттілерге қойылуы керек емес пе! Мұғалім жұрты қашанғы соққы ала беруі керек? 
Айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиев айтқандай, қор ұстаздан зор шәкірт шықпайды! 
 
Сералы МЫРЗАБАЙ

Читайте также:

комментария 2

  1. Самал:

    Қостанай таңы соңғы жылдары кесек-песек мақалалар жазып, проблема көтеріп жүр. Молодцы! Бірақ сіздер жазған мәселе жоғарға жете ме, маселе сонда.Мұғалімдер таяқ жейді бәрібір. Авторға респект.

  2. Кунделіктің қиындығын ауылдағы ұстаз қауымы қиыншылығын көріп отыр,бізде Астанадагы ж/е қаладағы балалары толтырып жүр,баға мен тақырыпты ватсаппен жиберип жұр гой??

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓