Сүндет Байғожин Италияның солисі атанбақ

Рим опера театры «Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жерлесіміз Сүндет Байғожинмен келісімшарт жасасуға ниетті. Танымал опера әншісі шарттары қатаң іріктеуден өтіп, Еуропаның ең атақты театрларының біріндегі тұңғыш қазақстандық солист атанбақ, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі елордалық театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. байгожин
Тыңдау кезеңіне түрлі елден көптеген талантты баритон-әншілер қатысқан. Ақтық сынға жеңіске үмітті үздік бестік өткен. Нәтижесінде, екі жылдық келісімшарт қазақстандық вокалист Сүндет Байғожинге ұсынылды. Қатаң комиссия құрамына Рим опера театрының шығармашылық басшылығы мен әйгілі опера әншілері мен ұстаздар енген. Әділқазы мүшесі, танымал баритон Доменико Колаянни атап өткендей, Сүндет Байғожиннің шеберлігі аты аңызға айналған миландық Ла Скала әншілерінен еш кем емес. Керемет вокалдық мүмкіндігін көрсеткен Сүндет Байғожин В.А.Моцарттың «Фигароның үйлену тойы» операсынан граф Альмавива ариясын, Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз» операсынан Фигаро ариясын, П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсынан Онегин ариясын орындаған.
«Мен өз елімнің патриотымын. Театрымды жақсы көремін және болашақтағы барлық жетістіктерімді Отанымның игілігіне арнасам  деймін. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға үлесімді қосу мен үшін аса маңызды. Президенттің жолдауында қазақстандық өнерді әлемдік мәдени кеңістікте танымал ету, дәріптеу қажеттігі айтылған. ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне алғыс білдіремін, сонымен қатар әріптестерім мен театр басшылығына көрсеткен қолдауы, артқан сенімі және отандық әрі шетелдік сахнада жарқын қойылымдар мен концерттік бағдарламаларда өнер көрсету мүмкіндігін бергені үшін зор алғысымды айтамын», — дейді Сүндет Байғожин.
Әнші алдағы екі жылда Римде қыруар еңбек пен жұмыстың күтіп тұрғанын атап өтті.
«Өзімді жақсы жағымнан көрсетуім қажет. Осынау баға жетпес тәжірибе шығармашылық өсуім үшін аса маңызды кезең. Болашақта классикалық өнер сүйер қауымды жаңа партиялармен, спектакльдермен қуантуға үміттенемін. Атақты баритон Ермек Серкебаевтың арманы Еуропаның үздік сахналарында Қазақстан мәдениетін асқақтату болған еді. Пір тұтқан тұлғамның арманын іске асыруды қалаймын, себебі қазақстандық опера өнері барша әлемге танылуға әбден лайықты», — деп қосты солист.
Айта кетсек, Сүндет Байғожин — көптеген мәртебелі халықаралық байқаулардың лауреаты, соның ішінде Б.Төлегенова атындағы Халықаралық вокалистер байқауының Бас жүлдегері, Италиядағы Toti dal Monte (Трэвизо қ.) халықаралық байқауының және  Arena di Verona қорының опера әншілер байқауының және т.б. сайыстардың жеңімпазы. Әртіс Нью-Йорктегі (АҚШ) Карнеги-Холл, Берлин филармониясы (Германия), Париждегі Елисей алаңдары театры (Франция), Вена Концертхаус (Австрия) сынды әлемге танымал саханаларда, сонымен қатар Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, Иордания, Түркіменстан, Ресей, Беларусь және т.б. елдерде орасан зор жетістікпен өнер көрсеткен.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓