Көрсеткіштер көңіл көншітеді

Облыстық мәслихаттың алтыншы шақырылымның жетінші кезекті сессиясында облыс әкімі А.Мұхамбетов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі мәселелеріне, халықтың әл-ауқатын одан әрі көтеру мақсатында қандай жұмыстардың атқарылып жатқандығы туралы баяндады. IMG_1204Әкімнің айтуынша, ағымдағы жылы облыстың жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру мақсатында белсенді жұмыс жүргізуде. Нәтижесінде, өңірде тау-кен өнеркәсібі, қайта өңдеу саласы, ауыл шаруашылығы, құрылыс саласында ілгерілеушілік айқын байқалады. Сондай-ақ, әкім облыстың қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі инвестициялық жобалардың іске асырылуы оң әсерін тигізіп жатқандығын жеткізді. Мәселен, 2010 жылдан бері өңірде индустрияландыру картасы бойынша жалпы сомасы 124,7 млрд теңге тұратын 84 жоба пайдалануға берілген. Осының арқасында бес мың адам жұмыспен қамтылған. Жаңа кәсіпорындар қазірдің өзінде 421,4 млрд теңгенің өнімін өндірсе, оның 66,5 млрд теңгесі ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығына тиесілі.IMG_1222Бүгінгі таңда облыста алдағы уақыттарда 4,2 мың адамды жұмыспен қамтитын 11 жоба даму үстінде. Бұл жобалардың құны 309,6 млрд теңгені құрайды. Соның ішінде 4 жоба биыл аяқталып, нәтижесінде 317 жұмыс орны пайда болады. Мәселен, Федоров ауданындағы “Промбаза-7” ЖШС өсімдік өндіретін зауытты іске қосуды жоспарлап отыр. Жақын арада зауытқа италяндық жабдықтар орнатылып, жоба қараша айында іске қосылады деп күтілуде. “Баян сұлу” фабрикасы да көрші мемлекеттен ынтымақтастық байланыс негізінде сникерс, марс шоколадттарын шығаратын болады. Қуаттылығы тәулігіне 700 тонна өнім өндіретін диірмен кешені де қараша айында ашылады. Оған 2,8 млрд. теңге қаржы құйылмақ. Сондай-ақ, “Милх” серіктестігі де сүт өнімдерін сақтау қоймасы мен балмұздақ өндірісін қолға алмақ. Тартылатын инвестиция көлемі 1,3 млрд. теңге. Келер жылы облыс орталығында нан шығаратын зауыт салынады, оның қуаттылығы тәулігіне 25 тонна. Құны 1,9 млрд. теңге болатын бұл жобаның арқасында 120 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сонымен қатар, Арқалық қаласында да ет өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр. Бүгінде нысанға инженерлік желілер тартылған, бұл ауқымды жоба болашақта өңірде мал басының артып, жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына да оң септігін тигізбек.
-Облыс орталығында индустриялдық аймақтың құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Биылғы жылға бөлінген 2,3 млрд. теңгенің бүгінге дейін 622,2 млн теңгесі немесе 32,1 пайызға жуығы игерілді. Инженерлік жүйе, газ, су құбыры мен байланыс желісі тарту жұмыстары да аяқталды. Ал, электр желісі мен кәріз жүйелерін тарту жұмыстары жыл аяғына дейін аяқталмақ, — дейді облыс әкімі А.Мұхамбетов.
Әкім ауыл шаруашылығы саласында алдағы жылы атқарылатын жұмыстар барысы жайлы да тілге тиек етті. 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы аясында өңірге биыл 39 млрд. теңге бөлінген. Соның бүгінге дейін 15 млрд. теңгесі, яғни 39 пайызы игерілген. Аймақта жиырма ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, жоспар артығымен орындалды. “Сыбаға”, “Құлан”, “Алтын асық” бағдарламалары бойынша да мал басын көбейту жұмыстары жоспардағыдай орындалуда. Биыл 112 мың гектарға бидай алқабы қысқартылып, есесіне майлы дақылдар алқабы ұлғайтылған.  Дегенмен, 2019 жылға дейін майлы дақылдар алқабы көлемін 700 мың гектарға дейін арттыру жоспарланып отырған көрінеді. Өңірде нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы облысқа 2,1 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау ұйымы” арқылы тоқсан адамға жалпы көлемі 244 млн. теңге несие берілген.
Облыс әкімі екі жылдың ішінде облыс орталығындағы барлық жолдардың да қалыпқа келтіріліп болатындығын жеткізді. Жалпы, бұл мақсатқа республика бюджетінен 25,5 млрд. теңге қарастырылған көрінеді әрі қаржыландыру көлемі 60 пайызға өскен. Жыл басынан бері республикалық маңызы бар жолдардың 85,8 шақырымына күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жыл соңына дейін 793 шақырым  көлік жолдары мен бірқатар көшелерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Ал, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 51,8 шақырымы жөнделіп, қайта қалыпқа келтірілген. Сондай-ақ, Қостанай қаласында да көлік жолдарын жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінде облыс орталығындағы Лермонтов, Набережный, Майлин көшелері қайта қалыпқа келтірілуде. Сондай-ақ, Абай даңғылы, Уральск көшелеріне де күрделі жөндеу жүргізілуде. Жоспардағы 43 көшенің 22-не орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Облыста тұрғын үй шаруашылығын жаңғыртуға бағытталған жобалар да сәтті жүзеге асырылуда. Мемлекеттік “Нұрлы жол” бағдарламасы бойынша да жыл аяғына дейін 12 жоба пайдалануға беріледі. Қостанай, Жітіқара, Лисаков қаласындағы Октябрь ауылында барлығы 143 шақырым су құбыры қалпына келтіріледі. Жітіқара ауданындағы Ақсай ауылы орталықтандырылған су желісіне қосылады. Жеті инфрақұрылымдық жобаға 4 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінген.
Баспана құрылысы да қарқынды. Бірінші тоқсанда 114 мың шаршы метр тұрғын .үй ел игілігіне тапсырылды. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда өсім 6 пайыз, жылдың соңына дейін 220 мың шаршы метр үй тұрғызылады. Пәтер кезегінде тұрған отбасылардың сексен пайызы Қостанай, Рудный және Затобол ауылына тиесілі. Жалпы, әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыру үшін қомақты қаржы жұмсалған. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік негізінде Рудный қаласындағы Қашар ауылы мен Лисаков қаласындағы Октябрь елді мекенінің тұрғындары көгілдір отынмен қамтылды. Алдағы уақытта Денисов, Федоров, Қарабалық, Әулиекөл ауданына қарасты бірқатар елді мекендерге де газ тартылады.
 
Қарлығаш ОСПАНОВА
Суреттерді түсірген А.ЖҮЗБАЙ

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓