Қағазбастылық қағажуы

    "Мектеп – мұғалімдердің қағаз жазуына оқушылар кедергі келтіретін мекеме", — депті бір жазғыш әлеуметтік желіде. Автор – мұғалім немесе мұғалімнің отбасынан-ау, дәу де болса. Әйтпесе, былайғы жұрт бұлай жаза қоймайды. Не де болса, мырс еттім де, басымды изедім. Рас, әзіл де болса, біздің көп күңкілімізге қарағанда, өтімді, өткір айтылған екен. Бұл – шыңғырған шындық.кагазбастылык
     Бала тәрбиелеу ісімен 30 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан адам ретінде айтайын: жыл санап емес, ай сайын емес, күннен-күнге қағаз-құжат көбейіп барады. Бітпейтін есеп, таусылмайтын талдау, адым сайын тапсырма… бас әбден қатады енді. Кейінгі жастар сияқты компьютерге де анау айтқандай епсек емеспіз. Түні бойы көз майын тауысып қолмен жазып, оны күнұзаққа пернетақта алдында митыңдап отырып тергенің. Әлгі, ақ парақтың бір бумасын (пачка) екі-ақ апта ішінде "кеміріп" тастайсың. Не деген масқара деңіз! Ол ол ма, қағаздарың қолма-қол болмаса, уақытылы тапсырылмаса, сөгістің астында қалдым дей беріңіз. Оқушыңның үлгерімінің нашарлығына дәл олай алаңдап жатпайды. Қағаздың айтқаны дұрыс, қағаз құдіретті қазір. Қағазсыз "сабаз" атана алмайсың. Мықты, білікті мұғалім екендігіңнің көрсеткіші толтырған қағаздарыңның уақытылылығымен өлшенеді ме деп қаласың кейде. Негізгі қызметімізді шатастыра бастадық өзі: іс-қағаз жүргізушіміз бе, әлде оқытушымыз ба? Мұның ақыры қайда алып барады? Ал оқыту үрдісіне дамылсыз кірігіп жатқан реформалардың бұл түйткілді шешер түрі көрінбейді. Керісінше, шиелей түспесе… Анда-санда бір айқайлап айтып қояды (дұрысы, айтады да қояды). Құр бекер толып жатқан "бүйту керек" пен "сөйту қажеттер"… Құдай-ау, сонда еш алаңсыз, артық уайым-толғаныссыз, көлденең кедергілерсіз бала оқытатын уақыт қашан бұйырады жазған мұғалімдерге?! Тұтас елдің кемел келешегін тәрбиелеушілердің беделі қай кезде, қайтсе артады?! Қағазбастылықтан қашанғы қағажу көреміз?!
     Әлде, сіздің мектепте жағдай басқаша ма, әріптес?   
 
Еркін Айдар

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓