БИЖАМАЛ кесапатқа куә кейуана

Адамзат басынан небір аумалы-төкпелі кезеңдер өтпеді емес пе! Әсіресе, қазақ халқы көрген нәубет жетерлік. Текті халқым жау жағадан алып, аштық қысқан кесапаты мол жылдарды бастан өткерді. Жер бетінен жойылып кете жаздап, қайта тірілген көрешегі бар ұлт. Жұбан Молдағалиевше айтсақ, «мың өліп, мың тірілген халық» бұл. 
Осы бір зар еңіреткен қияметтерді көзбен көріп, көкейге түйген бір жан бар. Ол сонау аштық пен Ұлы Отан соғысы жылдарына куә болған адам. Меңдіқара ауданының тумасы, батыр ана, тыл ардагері Бижамал Егізбаева 1924 жылы дүниеге келген. Жастайынан тағдырдың теперішін көріп, күйбең тіршіліктің қамын жеп өскен әжеміз бейбіт күннің қадір-қасиетін ерекше түсінеді.IMG_2357 - копия-1940 жылы, 16 жасымда тұңғышымды бауырыма бастым. Күйеуім майданға аттанып, содан оралмады. Кейін ағайынның араласуымен әскерден келген Мұқанәлі Егізбаев деген азаматқа тұрмысқа шықтым. Он екі құрсақ көтердім. Бірақ Алла өзі берген төрт ұл мен бір қызды қайта алды. Ол кезде жағдай тым қиын еді,-деп жастық шағын қайғырып еске алады.
Елді жаппай аштық жайлағанда апамыз небәрі 8 жаста болатын. Халықтың күйі кері тартқан уақытта адамдардың аштықтан жан тапсырғанын да көрген. Бала болса да заман ерте есейтті. Әке-шешенің өз аузынан жырып, ботасына ұсынған бір шөкім астықтың арқасында аман қалған.
-Мен туғанда әкем 49 жаста болатын. Есімі – Ахмет Шәукімбаев. 1928 жылы кәмпескіге ілікті. Анамыздың соңынан еріп, ол кезеңді де өткердік. Анамның аты – Қазима Шәукімбаева. Кеудеңнен жан шықпайынша мына жалған жалғаса береді екен. Қу жанды аман сақтап қалу үшін не істемедік. Ауылдастарымның өзегі үзіліп, өмірден өткеніне де куә болдым. Адам деген көнбіс екен,-дейді Бижамал әже.
Заманның зұлмат кезеңінде Бижамал әжеміз үш-ақ сыныптық білім алған. Латынша хат таниды. Кейін үш ай трактордың тілін үйреніп, колхозда еңбек етеді. Бұдан бөлек сауыншы болып, далада соқа салып тер төккен. Сонда әжеміз буыны қатаймаған 20 жастағы бойжеткен еді. Бұл фашизмге қарсы Кеңес әскерінің соғысқа беттеген кезі.
-Соғыс басталағанда Шиеліде қалдым. Таң рауандап, төңірек алакеуім тартқанда бір-бір аяқ көжемен оразамызды ашып, алқапқа аттанамыз. Бірыңғай әйелдер. Жас босанғаныңа қарамайды, бір жетіден соң үйде енең бар деп, жұмысқа әкетеді. Еркек біткеннің бәрі майданда. Бала-шағамыз кемпір-шалдың қолында қалады. Тек қараңғы түскенде қонуға ғана келеміз. Осы тірлік жалғаса береді. Дегенмен, бұл қиыншылқтан да өттік. Соның бәрінен адамзатты аман алып қалған – еңбек, айналайын. Түйгенім, пенде аянбай еңбек етіп, маңдай терін төккенде ғана аман болады екен. Өмір сүурге деген күрес осы еңбеккерліктен бастау алмақ.
 
 
Алтын алқалы анамыз бүгіндері он немере, жиырма шақты шөбере сүйген бақытты жан. Балалары өсіп-жетілген соң солармен бірге Қостанайға келген. Әжеміз әйтеуір тірлікпен тырмысып жүріп, ұл-қыздарына жақсы тәбрие бергеніне разы.
-Күйеуім 1983 жылы дүние салды. Балаларым алғыр, ақылды болып өсті. Бәрі оқу оқып, аңсаған қызметтеріне қол жеткізді, әрісі Мәскеуге барып білім алғандары бар. Қазір, міне, солардың ортасында, тамағым тоқ, көйлегім көк. Бірақ ертедегі бейнеттің зардабын әлі тартып келемін. Денсаулықтың оңып тұрғаны шамалы. Тұла бойым сырқырайды. Алланың әмірі ғой, көрешегім бар болар, 93 жасқа да жеттім. Бір қиыны, замандастар қалмады. Менімен бірге жұмыс істеген Бекмағанбет, Ақмәрия, Қарамәрия дейтін кісілер болып еді, қазір бәрі қайтты. Бүгіндері туған ағам да, інім де жоқ. Әкемнің бауыры болатын ол кісі де өмірден өтті. Тұқымымыздан жалғыз өзім қалдым,-дейді кейуана.IMG_2396 - копия-Бейбіт күннің әр минутын қадірлеймін. Біздің жастық шағымыз құрбан болды. Тыныштық пен тоқтыққа не жетсін? Жастар осының құнын білсе деймін. Әр күн – Тәңір берген сый болып тұр. Сондықтан мүмкіндікті құр жібермей, жақсы істерге ұмтылсын. Елімізде тыныштық мәңгі болса екен деймін.
Кенже ҚОНЫСБАЙ

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓