Кейкі батырдың қасында…

Тәуелсіздігімізді алған жылдардан бастап халқымыздың азаттығы үшін қанын төгіп, шыбын жанын елі үшін құрбан еткен халық батырының бірі Кейкі Көкембайұлы жайлы аз айтылып та, аз жазылып та жүрген жоқ.кейка
Батыр аты туған еліне қайта оралғаннан бері біршама тіршіліктер де жасалып жатқаны ақиқат. Жергілікті ұлтсүйер қауым Кейкі батырды республика деңгейіне дейін насихаттап, оған Арқалық қаласында ескерткіш орнатуға мұрындық болды. Осы ескерткіштің ашылу салтанатында бір қария тебірене сөз сөйлеп, жиынға қатынасушылардың жанарларына жас ұялатты. Бұл қария Торғай елінің ақын-журналисі Әубәкір Қылышбайұлы болатын. Бұл кісінің әкесі – Бекішұлы Қылышбай (1889-1982) Торғай өңірінде орын алған ұлт-азаттық көтерілісіне қоян-қолтық араласып, Амангелді сардардың сенімді серігі болған адам. Осы жан алысып, жан беріскен көтерілісте ол 500-ге тарта жасақ сардары болған Кейкі батырдың жақын туысы ретінде үнемі оның жанында болып, кескілескен талай шайқастың куәгері болған. Көтерілістен кейін кеңестік жүйеге қарсы шыққан батырдың ет жақын туысы деп қызылдар Қылышбай ақсақалдың ауылын тонап, түрмеге жауып қуғындаған. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің, – дегендей, Әубәкір Қылышбайұлы (1925-2011) жас шағынан Кейкі батыр туралы айтылған әңгімелерге құлағын түріп жүрген. Өзінің «Құлан қыпшақ Кейкі батырдан соң» атты кітабында (Арқалық қаласы, 1997 жыл) жазушы Ақан Нұрмановпен бір мектепте бірге оқығандарын айтып: «Ақан маған қымбат еді. Өйткені, ол менімен бір жыл туған төл болатын. Біз бір мектепте, бір класта бірге оқып, оны бірге тәмамдаған, мына батыр атындағы (А. Иманов атындағы мектепті айтып отыр. Авт.) орта мектептің 1951 жылғы түлегі едік. Ол қазақ қаламгерлерінің шын Кейкі батыры болды. Кейкі батыр – батырлардың қашанғы әдетіндей жаудың санын, шайқастың уақыты мен мезгілін сұрамайтын. Сол сияқты, Ақан да заман өзіне қарсы қоятын жойқын күшпен «мен Кейкі туралы қандай уақытта жазып тұрмын» дегендей, тіпті, мезгілмен де есептескен жоқ» деп өз пікірін білдірген Әубәкір қария ескерткіш алдындағы сөзін:
«Азаттықтың, бостандықтың туын осыдан сексен жыл бұрын көтеріп шыққан ерлердің даңқы арта берсін! Осы батырлар алаңының кем-кетігін хан иеміз – Әбдіғапар Жанбосынұлының мүсіні толықтырар күні осы жерде тағы да қауышатын болайық, халқым! Сол күн, ылайым да жақын болғай!», — деп аяқтаған еді. Сол Кейкі мінез қаламгер қария: «Кейкінің бас сүйегін іздейтін қазақтан бір ұл тумады ма?» деп боздап жүріп, Тасты өзенінің бойындағы ата қорымдарына өз қаражатына, бір грузин тасқалаушысын жалдап, жаяу жүріп, көрікті кесене тұрғызды. Әйтсе де..
Тәуелсіздігімізді алған ширек ғасырдан астам уақыт өтседе, санамызды әлі толық сілкілеп болмағанымыз қынжылтады. Олай дейтінім, Арқалық қаласының «Дала өлкесі» мұражайының алдындағы мына бір келеңсіз көрініс, көрген жанның көңіл күйін желге ұшырары хақ. Фото суреттен кешегі кеңес үкіметінің құрушысы, көсемі В. И. Ленинді, қазіргі таңда әлі толық таныла алмай жатқан халық батыры Кейкі Көкембайұлының «күзетіп» тұрғанын анық көруге болады. «Ақтар келіп ағымды төкті, қызылдар келіп қанымды төкті» деген алашапқын заманда жауларымен жағаласып өткен жаужүрек Кейкі батыр туған халқынан тап мұндай «құрметті» үш ұйықтасатүсінде де көрмеген шығар?!
Торғай өңірінің танымал ақыны – Молдатай Жапаров ағамыз «Кейкі батыр ескерткіші алдындағы ой» атты өлеңінде:
…Тас мүсінге қараймында таңданам,
Қыран кейпің қанаттарын қомдаған.
Әубәкірдің қаламынан төгіліп,
Әділбектің алтын қолы сомдаған.
Ұран салдың Ұлытаудың басында.
Қыран салдың Тасты-Талды тасында.
Ендігі орның Қызылқозы төрінде,
Әліби мен Аманкелді қасында.
Азаттық үнін естірткен бүкіл ғаламға,
Дүбірі өшпес Хан Кенелердің даламда.
Ақаңдар тұрса, Ғафулар тұрса айып па?!
«Күн көсем» тұрған мұражайдағы алаңда.
Торғайыңа тамырыңнан байланған,
Шөлдегенде қанып ішкен қайнардан.
Ендігі орның мұражайдың алдында,
«Азаттықтың алаңына» айналған, – деп тебіреніп, ішіндегі ащы запыранын сыртқа шығарыпты.
90-жылдардың басынан бастап халық батырына Торғай өңірінен лайықты елді-мекендердің, көшелер мен мектеп аттарын беру және ескерткіштер орнату жөнінде ұсыныстар көптеп айтыла бастады. 90-жылдардың ортасында Кейкі батырдың ата қонысы саналатын бұрынғы Амантоғай ауданында оған арнап ескерткіш орнатылды.
Өткен жылдың қараша айында мәлім болғандай, қазақтың қаһарман батыры – Кейкі Көкембайұлының сүйегінің бас-аяғы толық жиналып болған соң, оны ұлықтап жер қойнына тапсыру, сол жерге көрікті кесене салу, мемлекеттік деңгейде ағымдағы жылдың қыркүйек айына жоспарланып, Арқалық қаласы мен Амангелді даласында үлкен шара өткізілмекші екен. Соған орай күні бүгінге дейін Арқалық қаласындағы мұражайдың алдында ел иесі, жер иесі Кейкі батырдың ғана мүсіні қалдырылса, нұр үстіне нұр болар еді.
 
Асқарбек Бектемісов,
журналист-жазушы

Читайте также:

1 комментарий

  1. Руслан:

    Кітапты қайдан алуға болады? 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓