Ауыл баласы кім болуды армандайды?

  Кеңес кезіндегідей он жылдықты бітіре салып, жоғарылатып оқысаң оқы, оқымасаң екі қолыңа бір күрек дайын тұратын заман емес қазір. Үлкендердің әңгімесіне құлақ түрсек, сол кезде ел басқарғандарға қарағанда, қарапайым қара жұмыста озат атанғандар өте сыйлы болған. Себебі, заман жастарды еңбек етуге, қатардағы мамандықты таңдауға, тіпті, соны армандауға үйретті. Қазір қалай? Қара жұмыста қара үзіп, озат атанып, атағы дүйім елге дүркіреп шығып жатқан кімді білесіз? IMG_6732касипМіне, осы сұрақ қоғамда өзекті тақырыпқа айналды. Әрине, кешегі мен бүгінгіні салыстыруға келмес. Бүгін жоғары білім алуға, соңғы технологияны меңгеруге, жаңалық ашуға мәжбүр еткен заман. Дегенмен адамның бала жастан қандай да бір мамандық таңдауына еркі бар. Бұл, әсіресе, ауыл жастары үшін үлкен проблема.
 
 
Сұранысқа сай мамандықтар – дәнекерлеуші, краншы…
 
Сонау 90 жылдардағы тоқырау білім саласын да айналып өткен жоқ. Сол кезеңде ең көп салмақ түскен сала кәсіби білім беру жүйесі еді. Жыл сайын мыңдаған маман даярлаған көптеген оқу орындары жабылып қалды. Оған бір шетінен өндіріс орындарының өз жұмысын тоқтатуы да ықпал етті. Сұраныс болмаған соң ол сала да назардан тыс қалды. Оған бір шетінен нарық жүйесі де салқынын тигізбей қоймады. Өйткені гуманитарлық саладан гөрі техникалық білім беру қымбат-қа түсіп кетті. Сондықтан балаларын болашағы зор білім ордасында оқытатындар көбейді. Бұл өз кезегінде елімізді экономистер мен заңгерлердің отанына айналдырып жіберді. Осы екі мамандықты тізгіндегендер дипломын құшақтап, жұмыссыздар қатарын көбейтті. Алайда соңғы жылдары өндіріс орындарының көптеп ашылуына байланысты таразы басы теңескен сыңайлы, себебі орта кәсіби білімі бар мамандарға сұраныс артып келеді. Жыл сайын елімізде техникалық және кәсіптік оқу орындарын бітірген түлектердің 85 пайыздан астамы бірден тұрақты жұмысқа орналасады екен.
Қазіргі күннің сұранысына сай мамандықтардың қатарында дәнекерлеуші, краншы, аспазшы, құрылысшы, сантехниктер бар екені рас. Дегенмен ата-ана баласының қолын қара майға малып жүргенін қаламайды. Баласының шенеу-нік болғанын, галстук тағып креслода отырғанын жақсы көреді. Соңғы малын сатып, несие алса да, жоғары оқу орындарында оқытқысы бар. Қаншама ақша құйып оқытқанда ертеңгі күні оның қайтарымы бола ма?
 
Бейнеті көп,  жалақысы жоғары…
 
Бүгінде Үкімет тарапы кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіруде. Кезінде құрдым-ға кеткен оқу орындары қайтадан жанданып, қатар-ға қосылып жатыр. Бүгінгі таңда Қостанай облысы бойынша кәсіптік және бі-лім беретін оқу орындарының саны 44-ке жеткен. Қос-танай облысы білім басқармасының техникалық және кәсіптік  білім беру бөлімінің жетекшісі Римма Исмагилованың айтуынша, облыс бойынша техникалық және кәсіптік білім ошақтарында 27 538 студент білім алуда, оның 60,2 пайызы мемлекеттік тапсырыс есебінен оқып келеді. Қазіргі таңда өңір-дегі кәсіпорын басшыларының көмегімен 8 мың шәкірт тегін білім алып отыр. Осылардың 28 пайызы оқу аяқталысымен өз мамандығы бойынша жұмысқа тұра алады.
Өңірімізде аспазшы, құбыр монтаждау-шы, сантехник, кран машинисі, бетоншы, арматурашы, дәнекерлеуші мамандықтарына сұраныс жоғары. Қазіргі уақытта дәнекерлеушінің жалақысы 150 мыңнан 400 мыңға дейін барады. Ал мамандар, керісінше, құрылысшы болғысы келетіндердің қатары сирек дейді.  
 
Сан түрлі мамандық
 
Соңғы кезде ірі өндіріс орындары да маман мәселесіне көңіл бөле бастады. Өндіріс орындарының басшылары кәсіби мектептермен біріге отырып, оқушыларды өз өндіріс орындарында тәжірибеден өткізіп, білім ошағын бітірген соң жұмыспен қамтуда.  Осы орайда Арқалық қаласындағы Торғай аграрлық-техникалық колледжінің директоры Арман Шамшиннің пікірін білген едік:
– Біздің оқу орнымыз жылда мемлекеттік тапсырысты орындап келеді. Техник-механик, электрмеханик, фермер, менеджер мамандықтары бойынша мамандарды даярлаймыз. Былтыр бірінші курсқа 135 студент бюджеттік топқа қабылданды. Жалпы бізден бітірген мамандардың 60-70 пайызы жұмысқа орналасып кетіп жатыр. Кейбіреулері  білімдерін жоғарылату мақсатында жоғары оқу орындарына оқуға түседі. Былтыр 5 түлегіміз ЖОО-ларға грантқа түсті. Арқалық қаласындағы ірі кәсіпорындарымен әлеуметтік серіктестік орнаттық. Торғай боксит кен байыту басқармасы, "Алюминстрой" ЖШС, Арқалық жылу электр компаниясы, Қостанай оңтүстік электр сервис кәсіпорындарында студенттеріміз тәжірибеден өтіп жүр.
Жалпы біздің колледж мамандықтары бүгінгі күннің сұранысына ие. Елбасы да үлкен талап қойып отыр. Қазір біз дуальды жүйеге көшіп жатырмыз. Алдағы уақытта Шұбаркөл-Арқалық бағытындағы темір жол іске қосылатын болса, біздің электр-механик  мамандықтарына  сұраныс  бұрынғыдан да арта түседі. Айтайын дегенім, әрбір жасөспірім қоғам сұранысына сай мамандықтарды таңдаса екен.
Нұрбота Орынбай,  Қостанай автомобиль көлік колледжінің 3 курс студенті:
– Өзім техник-механик мамандығын оқып жүрмін. Елімізде техник, механик ма-мандықтарына сұраныс жоғары. Жұмыс табу да оңай. Жалақылары да жақсы екен. Өз  ойымша, техникалық-кәсіптік білім алған мамандарға сұраныс еш уақытта жоғалмайды.
Ажар Қалиахмет,  Қостанай политехникалық колледжінің нан пісіру, макарон және кондитер өндірісі мамандығының 3 курс студенті:
– Өте қызықты мамандық. Түрлі тағамдар дайындауды ұнатамын. Мектепті бітір-геннен кейін аспазшы мамандығын таңдадым. Жақында екі апталық өндірістік тәжірибеден өту кезінде Қостанайдағы "Баян Сұлу" кондитерлік фабрикасында, "Корона" нан дайындау цехында болдық. Тәттілердің қалай жасалатын, тоқаштардың қалай пісірілетінін көрдік. Бізге оқуды аяқтағаннан кейін фабрикаға жұмысқа келуге ұсыныс жасады. Тегін оқимын. Қа-зір осындай мамандықтарға сұраныс көп. Үкімет осындай кәсіптік мамандықтарға бюджеттік топтарды көптеп бөлуде. Сондықтан өз замандастарыма қарапайым мамандықты таңдасаңыздар еш өкінбейсіздер дер едім. 
Айдын Ақдәулетов, 2014 жылғы мектеп түлегі:
– Қазіргі уақытта менің ағам қаладағы серіктестіктердің бірінде дәнекерлеуші болып жұмыс істеп жүр. Жалақысы жоғары. Сол себепті, мен ЖОО-ға емтихан тапсыруға талпынбай, ағамның жолымен кә-сіптік білім алуға келдім. Оқуды бітіргесін, біраз жыл жұмыс істеп, ақша қорын жинасам, кейін ЖОО-ға оқуға тапсырармын деген ойым бар. Бір жағы, кәсіптік білім алуға бюджеттен орындары қарастырылған әрі шәкіртақыға да қол жеткізесің.
 
Шұға  Қоңқабай
Коллажды жасаған Бағдат Ахметбеков

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓