Жүрекке жара салған Ауғанстан

ау5анстанБүгінде соғыс аяқталып, Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылған 15-ақпанды отандастарымыз жыл сайын Жеңіс мерекесі ретінде атап өтеді. Осыған орай Рудный қалалық тарихи-өлкетану мұражайында интернационалист жауынгерлер, олардың отбасы мүшелері мен жастардың қатысуымен кездесу өтті.
Алдымен ардагерлер мен қала тұрғындары Ауған жауынгерлеріне арналған ескерткіштің басына жиналып, соғыс жайлы естеліктер мен өлең шумақтарын тыңдады. Одан кейін жиналған жұртты қалалық ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Петр Бурцев құттықтады.
– Біздің кеңес әскерлері осыдан тура 28 жыл бұрын Ауған жерінен кетіп, 10 жылдай уақытқа созылған соғыс аяқталды. Кеншілер қаласынан аттанған 246 өрімдей жас жігіттің 5-і сол жерде қаза тапты. Сондықтан әр жылы осы жерде даңқты жерлестерімізді еске аламыз. Баршаңызды жеңіс күнімен құттықтап, зор денсаулық, отбасында бақыт, ал елімізге бейбітшілік пен тоқшылық тілеймін, – деді ол.
Ескерткішке гүл шоқтарын қойғаннан кейін жиылған жұрт мұражайға қарай беттеді. Мұнда ұйымдастырылған салтанатты шарада дәстүрге сай жиналған қауымды қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Фархат Балашов, қорғаныс бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Қанат Құрманов құттықтап, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Сондай-ақ, бір топ ардагер соғыста өз басынан өткен оқиғаларды әңгімелеп, бейбіт күннің қадірін бағалай білуге шақырды. Кезек музыкалық нөмірлерге берілгенде Рудный политехникалық колледжінің жанында құрылған «Арлан» әскери-патриоттық клубының жастары қолына домбыра мен гитараларын алып, кездесуді әрлендіре түсті. Шара барысында Ауған соғысының ардагерлері мен жастар еркін әңгіме-дүкен құрды. Тағылымы мол кездесу қала тұрғындарының көпке дейін есінде қалары сөзсіз.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ
Рудный қаласы

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓