Қырымға жету қияметі

Бүгінде елімізде төрт құбыласы тең, алаңсыз, уайымсыз күн кешкен ауылды табу қиын. «Әр кәллада – бір қиял» демекші, әр ауылда жоқ дегенде бір мәселе бар. Мысалы, Денисов ауданына қарасты Қырым ауылдық округінің тұрғындарын ауылға тартылған жолдың әбден істен шыққаны мазалайды.жол
Округ әкімі Ғабиден Шахайдари маған осыдай бір ай бұрын хабарласты. Ол өзі басқаратын елді мекенде жол мәселесі шешімін таппаған соң, халықпен ақылдаса келе «Қостанай таңы» газетінің көмегіне жүгініпті. Біз де халқына жақын болған әкімнің сөзін жерге тастамадық. Мән-жайды толық сұрап-білген соң, жексенбіні желеу қылып, Рудныйдан 120 шақырым жерде орналасқан ауылға қарай аттандық. Рудный-Денисов бағытындағы трассаның мәз еместігін осы аралықта қатынайтын жолаушылар мен такси жүргізушілері жақсы біледі. Әсіресе, биылғы қыстан кейін 4 ай бойы мұз басып жатқан асфальт шұрық тесік болды. Жазда сол тесіктер жамалғанымен жағдай түзелді деп айту қиын. Сондықтан «әсте-секін» деп екі сағат дегенде әрең Перелески ауылына жеттік. Асфальт та таусылды. Одан әрі жаңағы әкім жырлаған жол басталады.Мынадай асфальт кординиздер ме
Перелескиде мені ауыл басшысының өзі күтіп алды. Себебі әрі қарай анау-мынау мәшинамен жету «тар жол, тайғақ кешкенмен» тең екен. Сөйтіп, шаң-тозаң мен батпақ-лайдан алдыңғы әйнегі ғана көрінетін әкімнің «семеркасына» отырып, Қырымға қарай аттандық. Жолдың қашықтығы 20 шақырым болғанымен, жазда жаңбыр жауып, қыста қар бораған кездері бұл жақты «Барсакелмес» деп атайды. Шынымен де, жолдың жаңбырсыз күннің өзінде бес батпан лай болып жатқанын көріп, жағамды ұстадым.
– Ойдым-ойдым жолдарды темір тұлпарым «бес саусағындай» жаттап алған. Отырсам болды, өздігінен жүре береді, – дейді әзілі шындықпен араласқан Ғабиден Фазылұлы. — Қанша жыл болды, сенімді серігім жолда қалдырған емес. Асфальті бар өзге ауылдың әкімдері төрт аяғы да қозғалатын «Нива» мініп жүргенде, біздің жағдайымызды ескеріп жатқан жанды жолықтырмадым.
Әкім сөзіне ісі сәйкес келетін білікті басшы көрінді. Мінезі тік, шындықты бетке айтатын қасиетін көпшілік, әсіресе, басшылары мен әріптестері жақтыра қоймаса керек.
– Мен әкім қызметіне келген соң «Қырым» серіктестігіне заңсыз өтіп кеткен жер телімдерін қайтарып алдым. Кейін бұл жерге жем-шөп егіп, зейнеткерлер мен тұрмысы төмен отбасыларға 2-3 есе арзан бағамен, яғни 5 мың теңгемен саттық. Кейбір отбасыларға тегін шөбін түсіріп берген кездер де болды. Мақсатым пайда табу емес, халықтың жерін халықтың игілігіне пайдалану, – дейді ол.
Жол бойы әңгіме-дүкен құрып, округке де жеттік. Алдымен Қырымға қарасты Озерная ауылына ат басын тіредік. 44 түтіні бар елді мекенге биыл «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша ауыз су тартылған. Алайда жобалық-сметалық құжаттар әзірленгенде басты мәселе ескерілмепті. Яғни су құбырлары көшенің бір бетін ғана жағалай орналасқан. Сондықтан жолдың арғы бетіндегі тұрғындар суды үйге кіргізгісі келсе, кемінде 120 мың теңге қаражатын жұмсауы қажет. Ал жолдың бергі бетінде орналасқандар бұл соммадан 3 есе аз төлейді екен.
Жергілікті тұрғындардың уәжін тыңдап болған соң кезек Қырым ауылына да келіп жеттік. Елді мекенде мыңға тарта халық тұрады екен. Басты табыс көзі – «Арай-Холдинг» компаниясына қарасты «Қырым» ЖШС. Қазақтың етті ақбас тұқымды сиыры мен бидай өсірумен айналысатын шаруа қожалығы 100 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ауылда өтетін барлық іс-шараларға да демеушілік көрсетіп, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға белсенді атсалысып келеді. Бірақ бір ғана «бірақ» бар. Ол – тұрғындардың, әсіресе, жастардың өнері мен шығармашылығын шыңдап, көңіл көтеретін мәдениет ошағының жоқтығы. Осыдан біраз жыл бұрын қараусыз қалған ескі мәдениет үйін компания басшылығы жөндеп беруге уәде берген. Алайда барлығы уәде күйінде қалыпты. Бүгінде бұл ғимарат мүлдем апатты жағдайға жеткен. Сол себепті оны қиратып, орнын тегістемесе ойын қуған балалардың үстіне опырылып түспесіне кім кепіл? кырымОсындайда биыл Тәуелсіздікпен бірге 25 жылдығын атап өткелі отырған «Арай холдинг» басшысы Виктор Соложенковтың «Костанайские новости» газетіне берген сұхбаты ойымызға еріксіз оралады. Компания басшысы мемлекет ауыл шаруашылығын тағы да 50 жыл инвестициялау қажеттігін айта келе: «Бізде қаражат бар, бірақ оны қайда жұмсау қажеттігін іздестіріп жатырмыз» деген-ді. Осыған орай:
– Соложенков мырзаның сұхбатын бастан-аяқ оқып шықтым. Қаражат бар болса, мәдениет үйін салып, жолдарды жөндеп берсе екен. Өйткені, о баста, Қырымға апарар жолдың істен шығуына осы серіктестіктің әрі-бері қатынаған техникасы мен жүк көліктері себепкер, – дейді ашынған ауыл ақсақалы, жергілікті өзін-өзі басқару кеңесінің төрағасы Амангелді Айдосов.айдосовАмангелді Хангерейұлы ауыл тұрғындарымен бірге осы мәселені көтеріп, жазбаған жері қалмаған. Себебі адам науқастанса немесе жүкті әйелдерді шұғыл перзентханаға жеткізу қажет болса, қиындықтар туындайтын көрінеді. Демалысқа келетін қонақтар мен студенттердің де келіп-кетуі қиямет. Тұрғындардың ат шаптырым ауылға он сағатта әрең жеткен кездері де болған.
Осы мәселеге қатысты аудан басшылығы берген түсініктеменің үзіндісін келтірсек:
«2015 жылдың 1 маусымында құрамында ауыл әкімі Шахайдари Ғ.Ф, тұрғын-үй шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімі мен жол құрылысымен айналысатын ұйым өкілдері бар комиссия жолды жан-жақты зерттей келе, техникалық регламентке орай жол төселіміне түсетін салмақ бірнеше есеге артқанын анықтады. Сондықтан жолды күрделі жөндеуден өткізуге 2 миллиард теңге, ал ағымдағы жөндеуге 17 миллион теңге қажет. Бірақ бюджетте қаржының жоқтығына байланысты қазіргі уақытта «Арай Холдинг» компаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Жақын арада жолға қиыршық тас төселіп, жол ұйымдары грейдерлеуге көшеді».
Былтырғы хаттан кейін бірнеше техника мен жұмыскерлер келіп, жолды жөндегендей болып, сылап-сипап кеткен. Алайда бірнеше күннің ішінде әлгі жол баяғы қалпына қайта келді.
Бұдан бөлек, ауылдың ішкі жолдары да мәз емес. Әсіресе «Ақбұлақ» бағдарламасын жүзеге асырған мердігер компания өкілдері жерді қазып, тым жақсы жолдардың быт-шытын шығарған. Ауылдықтардың шырылдаған үні жоғары жаққа естілгеннен кейін мердігерлер қалған-құтқан қалдық асфальтті төсеп, ауылдықтардың әбден ашу-ызасын келтірген. Акбулактан кейинги тоселген кургак асфальтБүгін осы мәселе бойынша ауыл әкімі мен белсенділері прокуратураға хат жолдап отыр. Олар қадағалаушы орган халықтың талап-тілегін ескеріп, мәселенің оң шешілуіне ықпал ететіндігіне сенімді.
Қазақта «жолына қарап әкімін таны» деп жатады. Әрине, бұл – қаржылық мүмкіндіктері шектеулі ауыл әкімі шеше алатын мәселе емес. Сондықтан ауылдықтар бұл мәселені көтеруден жалықпасы анық. Біз облыс және аудан билігінде отырған ағаларымыз қырымдықтардың жанайқайына құлақ асып, сөзбен емес, нақты ісімен көмек берсе деген тілегіміз бар.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓