«Наз» бишілері – Қостанайда

Халқымыздың арғы-бергі тарихына зер салсақ, би өнерінің сонау ықылым заманның өзінде-ақ қазақтың ұлттық өнерінің бір бұтағына айналғанын айқын аңғарамыз. Сондай-ақ, қазақ биінің бірнеше дәуірді бастан кешкені баршаға аян. Бұл өнердің түп тамыры ғасырлар қойнауынан нәр алып, бүгінде еліміздегі кәсіби бишілер, би ансамбльдері мен би студияларымен жалғасып отыр.  MAR_1449Бүгіндері осындай ұлт құндылығына Қостанай облысы ерекше көңіл бөліп келеді. Рухани байлықты өңірімізде дамыту үшін және біліктілікті арттыру мақсатында халықаралық деңгейдегі бишілермен тәжірибе алмасу шарасы ұйымдастырылып отыр. Облыстық Мәдениет басқармасының қолдауымен Қостанай жеріне Астана қаласынан «Наз» мемлекеттік би театыры келді. Бұл ұжым елімізге, сондай-ақ, ТМД төңірегіндегі мемлекеттерге де белгілі. Бірталай халықаралық бәсекелерде топ жарып, ел мерейін асқататып жүрген бишілер. Танымал өнерпаздар Қостанайға ат басын бұрып, аудандық хореографиялық ұжымдардың жетекшілеріне  тәжірибелік сабақтарын өткізуде._MG_6720Елордадан келген «Наз» би театырының көркемдік жетекшісі әрі балетмейстері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Хадиша Ағымбаева Қостанайдағы шеберлік сабақтары туралы ой бөлісті.
— Әуелде, 1997 жылы би ансамблі ретінде құрылған едік. Кейін мәртебеміз көтеріліп, 2007 жылдан бастап бөлек шаңырақ болдық. 17 жыл уақыт ішінде Тәуелсіз Қазақстанның би өнеріне біршама үлес қостық деп ойлаймын. Еліміздің барлық облысын аралап, шет елдерден көрген-білгенімізді бөлісіп, үйретіп келеміз. Басты мақсатымыз – қазақ халқына тән ұлттық, ұмыт болып бара жатқан билерді қайта жаңғырту. Жаңа бастап жатқан талапкерлерге би өнерінің құдыретін сезінуді, оны көреремен қауымға жеткізе білуді үйрету. Оның үстіне, біз тек концерттік нөмірлер ғана емес, мән-мағынаға толы театрландырылған қойылымдар қоямыз. Бұл біздің елде, әсіресе, шалғайдағы өңірлерде әлі дамымаған. Мамыр айында Қостанай қаласына келіп, «Мың бір түннің бір түні» атты би спектаклін көрерменге ұсынған едік. Ол туындымыз қостанайлықтарға ұнады, жұртшылық жылы қабылдады. Себебі, қойылым жеңіл, қызықты. Мұнда халық биді жақсы көреді, сондықтан бастаған ісіміз оң нәтижесін береді деп үміттенеміз,-дейді Хадиша Ермекбайқызы.MAR_1394Астаналық өнерпаздар Қостанайда үш күн аялдады. Оларға алғаш ұсыныс тастап, бізге шақырған Қостанай облыстық Мәдениет басқармасы екенін айта кету керек.
-Бізді шақырып, барлық жағдайды жасап, осындай мүмкіндік сыйлаған басқарма басшысы Ерлан Болатұлына алғысым шексіз. Үш күн бойы облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығы орталығымен қоян-қолтық жұмыс істеудеміз. Үлкен стадиондар мен ауқымды іс-шараларда орындайтын «Самғау» биін үйрендік. Оған Жітіқара мен Лисаков қалаларынан келген екі би ұжымын біріктірдік. Бишілер тез игеріп кетті. Алдағы уақытта қостанайлық бишілердің бұл туындысын тамашалайтын боласыздар деп сенемін. Кейін шеберлік сабағына қатысқан әр бишіге сертификаттар берілетін болады.
 
Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓