Жеті жаста…

Мұндайды  кім күткен.  Бір танысымның есігінің алдына жақындай бере жіпсіз байланып, тұрып қалдым. Ұзын ­бойлы, ата сақалы аузына түскен, бет-аузын әжім торлаған, бір қатпа қартты көріп шошыдым.  Сондағы естіген сөздерді ауызма алу тұрмақ, еске түсіру сондай  жиіркенішті еді.  Қарт үйінің сыртқы шарбағының бір қадасын  көршісі, танысым  көлігімен байқаусызда қағып өтіп, шамалы қисайтып  қойған  екен. Соған бола қатпа шал  соқталдай жігітті әйелі мен бала-шағасының көзінше аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып шабалана балағаттамасы бар ма.  Бір уақытта  қалш-қалш етіп, қолындағы таяғын шошаң-шошаң еткізіп түкірігі шашырағанда түңіліп, кері бұрылдым.  Апыр-ай, ана тұрған келініндей  келіншек пен  немерелеріндей  балалардың жүрегі шайлығып, көңілі қараяды-ау демеді. Жігіттің ар-намысына тидім-ау  демеді.  Жетпіске келген жасым бар деп өзін де сыйламады. «Бір ашуыңызды беріңіз» дегім келіп, ыңғайлана бергенде,  өрт сөндіргендей әлпетін көріп ойымнан айныдым.
Бұрылып, асыға басып келемін. Келе жатып, оқыған бір әфсананың сүреңі есіме түсті:
Бір жас жігіт қажыған,  қартайған  шалды көріп:
– Ата , жасыңыз нешеде? – деп сұрайды. Сонда шал күліп тұрып:
– Биыл  бар болғаны жетіге ғана толдым, – депті. Бозбала қапелімде сасып қалып, сәлден соң қайта сұрайды:
– Ататай, қалжыңды қойыңызшы, шашыңыз да  ұп-­ұзын, сақалыңыз да әппақ, жеті  жасыңыз не?
Шал  сәл үнсіз қалып барып, байыппен ғана былай деген екен:
– Жоқ, шырағым, менің жасым жетіде.  Мен ғұмыр  бойы  бей-берекет  күн  кештім,  қара басымнан басқаны ойламадым,  кісіге  титтей де  пайдам тиген жоқ. Тірі жүргенім болмаса,  кісі қарарлық  қылығым болмады.
Осыдан жеті жыл бұрын, күндердің күнінде түс көрдім. Түсімде Қызыр әулие  аян берді: «Сен мына тіршілігіңді өзгерт, сілкін. Кеңірдегіңе дейін  кесірлі кесел екен. Сараңдықты, арамдықты таста, тазар,  жаман  әдеттерден арыл. Әлі кеш емес. Адамдарға тек жақсылық тіле!» – деді.  Әлгі сөздер құлағымда жаңғырып, кереметтілігі сол, түс көрген күннен бастап, бойымды біразға дейін  әлдебір жылы қуат дендеп жүрді. Мен өзгере бастадым. Адамдармен  шын  көңілмен, ақ пейілмен  қарым-қатынас жасауға тырыстым. Кәдімгідей   пенделерге пайдалы іспен айналысуға кірістім. Сөйтіп, адамдықтың   ақ жолына түстім. Байқаймын, енді  үлкен-кіші мені елеп, сыйлайтындай халім бар.  Бүткіл ғұмырымда өзімді шын адам сияқты  сезініп өмір сүре бастағаныма  небәрі жеті-ақ  жыл болды,  балам.   Сенсең, мен өзімді  7 жастамын деп есептеймін, сырым осы.
…Әлгі қатпа шал газет оқиды дейтін, бәлкім көзіне түсер. Әй, бірақ…

 

 

 

Читайте также:

1 комментарий

  1. Өмірден. "Жалпы ашуы қатты болғанымен, жүрегі жұмсақ, тез қайтар кісі еді жарықтық. Қарлы боран мен қара дауыл орнатып жіберіп артынан түк болмағандай шай ішіп күліп жақсы сөйлеп отырушы еді. Мінез ғой. Тілі ащылау болса да қайырымды, жамандығы жоқ, жақсы кісі еді". Осылай деп жатады. Меніңше, бұл біріншіден мінез, екіншіден қыршаңқылыққа қандай да бір себептер болады.Бұл өткен өмірдің өкініші, зар-қайғысы, қасіреттер. Бұл әбден жұқарған жүйукенің сыр беруі (нервный срыв).Бірақ, дұрыс емес, әрине. Адам олай сөйлемеуі үшін қандай психологиялық амалдар қолдануы қажет? меніңше, жеңуге болады. Мысалы жұдырықты түйіп алу, мүлдем керағар мінез көрсету.(ашуланбақ түгіл мәз болып күлу, барып құшақтау, билей жөнелу т.с.с.)Тек бір кісіге дін уағызы, біреуіне заманауи тәсілдер ал біріне төзімділікпен өзін жеңу дұрысырақ секілді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓