ЖЕТПІС ЖЫЛ БОЙЫ САҚТАЛҒАН ХАТ немесе әженің аманаты

Жылап жатыр. Өбісуде еріндер,
Жыламаған — жалғыз ғана кебір-жер…
Боздақтарын аттандырған шақтарда,
Боздап еді-ау боркемік боп қарттар да, — деп Мұқағали Мақатаев жырлағандай, Ұлы Отан соғысы адам баласына өлшеусіз қайғы-қасірет әкелді. Осынау зұлмат тақсіретін тартқан, соғыстың лебі шарпыған отбасының бірі Қариндер еді.
Қара Қаратышқанов 1899 жылы қазіргі Аманкелді ауданына қарасты Жаңатұрмыс елді мекенінде өмірге келеді. Оның шын есімі – Нұрғали, себебі жас күнінде қараторы болғандықтан, жеңгелері «Қара» деп атап кеткен екен.
Аманкелдідегі қазіргі Ақташы әулетінің үлкені, ауыл ақсақалы Науан Меңдібайұлының айтуынша, Қара соғысқа дейін орта білім алған. Оқуын аяқтап, Қызылордадағы бір училищеге түсіп, заңгер мамандығына ие болады. Отызыншы жылдардың соңында сол өңірде тергеуші қызметін атқарады. 1934-1935 жылдары Қызылордадан Батпаққараға қоныс аударып, осы жақта басқа жұмыстармен айналысқан. Құлан руынан шыққан (кей деректерде Құлмағанбет) Дәметкен есімді қызға үйленеіп, 1936 жылы олардың тұңғышы – Берік өмірге келеді.20091108212608
— Ол кезде, бізге түсініксіз себептермен, лауазымды қызметте жүрген қазақтарды жазықсыз ұстап әкете беретін. Бірде ауыл ақсақалдары бастап жиналып, Қараның үйіне бас қосады. Ондағы мақсат совет үкіметіне, империяның солақай саясатына қарсы тұру мәселелерін талқылау-тын. Сол түні бұл басқосуды біліп қалған милициялар үйге баса-көктеп кіріп, барлығын қамап тастайды. Олардың бәрі «Халық жауы» деп танылды кейін,- дейді Науан әкеміз.
Бұл 1938 жылдың 11-наурызы болатын. Қара Қаратышқановқа совет үкіметіне қарсы астыртын шаралар ұйымдастырды деген айып тағылып, 15 жылға түрмеге тоғытылады. Соғыс басталардың алдында, 1940 жылдың тамыз айында Қостанай облыстық сотының шешімімен босап шығады.
1941 жылы Дәметкен әжеміз екінші ұлы Қайыркенді өмірге әкеледі. Екі жыл өткен соң Қара өз еркімен әскерге кетеді. Ары қарай Ұлы Отан соғысына аттанады.
Осыдан соң атамыздан ешқандай хабар келмейді….
Есейе келе ұлдары әкелерін іздей бастайды. Дегенмен, жауынгер әкенің не суреті, не жеке құжаты сақталмапты.
Дегенмен, немересі Ұлжан бұл істі қолға алады. Атасын сонау Мәскеу мұрағатынан іздей бастайды.  
 
IMG-20160428-WA0003Ұлжан Берікқызы, жауынгердің немересі:
  «Бұл күннің менің ішкі жан-дүниемді алай-дүлей еткені соншалықты,  орта жасты алқымдадым деген шағымда бар өткен өмірімді алдыма дөңгелетіп әкеп, балалықтың ауылына қайта оралтқандай. Ол менің кішкене кезден жүрегімнің түкпірінен орын алған бала арманым, жеткізбес қиялымдай көрінген, осы уақытқа дейін сағымдай жетелеген бар үмітім атам Қаратышқанұлы Қара-Нұрғали жайында болушы еді. Мен әжеме жақын өстім. Ол тіпті, ұршық иіріп отырса да қасына мені алып, бірдеңелерді айтып отыратын. Бала көңілім ауып, кейде қайта сұрай қалсам «өзіммен өзім сөйлесіп отырмын» дей салатын. Оған қоятын сұрақтарымның ауқымды бөлігі атам жайлы еді. Сондағы бар білгенім – қысқа ғана мәліметтер.
… Сұрапыл да суық, талай кінәсіз жандарды жұтқан, нешеме ұрпақтың тамырына балта шапқан репрессия жылдары еді. Совет дәуірінде ол жылдар ашық айтылмайтын. Шындықтың шеті, міне, Егемендік алып, етек-жеңімізді жиған соң көрінді. Рас, сол жылдардағы алапат оттың жалыны шарпыған жанұяның бірі біз едік. Күні бүгінге дейін атамның жазықсыз «Халық жауы» деп ұсталып, одан соң Ұлы Отан соғысына кеткенін, хабар-ошарсыз жоғалғандардың санатында екенін ғана білуші едік. Бала болсам да әкем Берік пен ағам Қайыркеннің саясат, билік жайында айтқан әңгімелерінің шет жағасын түсінетінмін. Ал, атам турасында бірдеңе ести қалсам, елеңдеп отырушы едім. Жұрттың балалары аталарының түрлі ерліктерін айтып, мақтанып отыратын. Ал, мен атамның хабар-ошарсыз кеткенімен тоқтап, одан ары аса алмайтынмын. Ауыл үлкендері сұрағанда «Дәметкеннің баласымын» десем: «Қараның қызымын десейші, шіркін, атаң керемет адам еді ғой»,- деп, бала жүрегімді одан сайын лүпілдетіп қоятын-ды. Әжем, одан қалды, әкем дүниеден озғаннан соң атам жайлы бір парақ дерек болса да табамын деп өзіме серт берген едім. Енді, міне, сол күн де туды».
Иә, немересі сертін орындады. Әкесі Берік Қараұлының айтуы бойынша, II дүниежүзілік соғыста  қаза болғандардың санатына енгізіп, жауап күтті. Осы жылдың 15-сәуірі күні Ұлжанның қызы Айнұр іздестіру тобынан жаңа мәліметтерді табады. Сөйтіп, Ресейдің «Память народа» жобасы бойынша Қаратышқанов Қара-Нұрғали туралы деректер табылады. Ол жобада 425 мыңнан астам мұрағат, Қызыл Әскер құрамында болған 18 миллион адам жайында деректер сақталған екен.Ата 3
Қара Қаратышқанов 1943 жылы, 22 қыркүйекте қазіргі Қостанай облысының Заречный елді мекенінен әскерге шақыртылады. Біршама уақыт Челябідегі пулеметшілер даярлайтын оқу-жаттығу жиындарында болады. Ал 1944 жылдың 22 қаңтарында 382 атқыштар дивизиясына қарасты 1269 әскери полкке келіп қосылады. Пулеметші Қаратышқановтың әсери ұрыс қимылдары 16 ақпанда басталыпты. Ол Фин шығанағынан асып, Ленинград бағытында болған ұрысқа қатысады. Сол уақытта дұшпанның 50-ге тарта дивизиясы талқандалды. Осымен бір мезетте фин әскерлері Карель мойнағында Петрозаводскіге қарай шабуылға шықты. Жау шабуылына тосқауыл ретінде қаланы қоршай салынған қорғаныс шептерінің жалпы ұзындығы 900 км-ге жетті. Содан кейін ол Атлант мұхитының бір сағасы Ильмен өзенінен өтіп, Теребутица, Вешка, Косицкое бойында шайқасады. Қатардағы атқыш Қара Қаратышқанов фин жеріндегі Кямполь және Репола ауылдарының маңында ерлік көрсеткен. Жау шабуылына қарсы шығып, өз пулеметімен үш «Кукушканы» құлатады. Жарақат алып қалса да, жау әскері кейін шегінгенше ұрысты тоқтатпайды.
Тарихты парақтасақ, Екінші дүние жүзілік соғыста фашистік Германия әскеріне Францияны басып алу үшін 44 тәулік, Голландия мен Белгияны басып алу үшін бар жоғы 19 тәулік жеткілікті болса, Ленинград түбіндегі шайқас 900 тәулікке созылып, ақыры фашистік Герман мен Финляндия агрессорлары ойсырай жеңіліп, шегінуге мәжбүр болды. Осының нәтижесінде Ленинградтық фронт (қолбасшысы – Армия генералы, маршал Л. А. Говоров) Қ.Қаратышқановты «Ерлігі үшін» медалімен марапаттайды.
Ондағы мәліметтерге сүйенсек, атамыз Қарамен бірге радист, кіші сержант Яков Криворучко, 1-ші батальон атқышы Владимир Казанов та осы медальмен мадақталған.
22 маусым 1944 жыл. Ленинград майданының әскері Выборгты толықтай азат етті. Атамыз осы шайқаста қаза табады. Ленинград облысына қарасты Рикала-Вуари бөлімшесінің шығыс бағытында жерленген.
АТА 2
«Қара қағаз» деген атпен ел есінде қалған жансыз парақтағы ақпарат аядай ауылға лезде таралып үлгеретін. Тіпті, сол кездерде «қара қағаз» келіп, кейін еліне аман-есен оралған майдангерлер де аз емес. Қариндер әулеті осыған үміттенді. 1944 жылы елге жіберілген «қара қағаз» белгісіз себептермен Дәметкен әжемізге жетпейді.
Дегенмен, ұлдары Берік пен Қайыркеннің аманатын немере-шөберелері орындады. Қара Қаратышқанов жайындағы деректер 70 жыл бойы сақталған екен. Ендігі міндет қаншама жыл бойғы сақталған арман – ата қабірінің басына барып, топырақ салу болмақ.
 
Қасқырбай Боранбайұлы
СУРЕТТЕ: пулеметші Қара Қаратышқанов (бас киімсіз), 1944 ж;
            70 жыл сақталған «қара қағаз»;
            Жауынгердің соғыстағы іс-қимылдары; 
Суреттер мен мәліметтер https://pamyat-naroda.ru/ сайтынан алынды.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓