«3+1» немесе Ресей қарсы, қазақтың құшағы кең…

Ресей Федерациясының Еуразиялық одақтың күшімен Украина мемлекетін тағы бір тізгіндемек болғанын батыстың басты басылымдары жарыса жазған болатын.
3+1
Ресми деректерге жүгінер болсақ, Еуразиялық одақтың экономикалық комиссиясында Ресей жағы Беларусь және Қазақстан мемлекеттеріне украиналық импортты шектеуді ұсынған. Онсыз да ауыс-түйіспен бас қатырып, әлеуметтік-экономикалық жағдайы ширыға түскен ел үшін көрші тұтынушыларынан қағылу жығылғанға жұдырықтай тиері анық. Осыны ескерген тараптар Ресейдің украиндық тауарға салынар салық мөлшерін көтеру ұсынысын қолдамай тастады. Одақ болғандықтан, халықаралық кез-келген шешім үш жақтың да көңіл қалауынан шығуы тиіс. Ресейдің діттегені — біз үшін неге томпақ? Осыны саралап көрелік…
Маусымның соңғы күндері Украина президенті Петр Порошенко Еуразиялық одақпен экономикалық байланыс орнату жөніндегі келісімге қол қойды. Игі бастама осы елдің алдыңғы басшысының тұсында қолға алынған еді. Десек те, батысқа жалтақтаған кейінгі билік келісімнің соңын сиыр құйымшақтатып жіберді. Батысқа қол бұлғаймын деп, көршісінің қолын қысудан қалған ел — енді ғана есін жия бастағандай. Бұлай деп тон пішуімізге — украиндықтардың одақпен келісімге келуге айрықша ынта білдіруі себеп. Еуразиялық экономикалық одақ пен Украина арасындағы жаңа келісім еркін тауар айналымын қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар, импортқа салынар салық мөлшері де реттеледі.
Қазақстан және Беларусь тараптары украиндық тауардың нарыққа енгізілуіне қарсы емес. Ресейліктер болса, "украиндық бренд" деген желеумен еуропалық арзан тауарлардың одаққа еніп кетерін алға тартуда. Отанының өндірістік саласына серпін бергенін сөз еткен ресейлік "Ведомости" басылымы — арзан тауарлар кәсіпкерлердің бағын бай-айды — деп қауіптенеді. Осындай уәж келтірген Ресей тарабы одақтастарын Украина мемлекетіне шектеу қоюға шақырды. Десек те, тараптардың қарсылығына тап болған еді.
Украинамен 600 шақырым шектесіп жатқан Беларусь көршісімен қарым-қатынасты қайтсе де үзе алмайды. Бағзыдан рухани байланысып қалған елдің экономикалары да бір-біріне тәуелді. Қазақ елі үшін де, Украинадан бас тарту тиімсіз. ҚР Украина елшілігінің ресми деректеріне сүйенер болсақ, 2012 жылы ТМД көлемінде Украинаның экономикалық серіктесі есебінде Қазақстан Республикасы үшінші орынды иемденген. Сол жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 4 млрд. 180 млн. АҚІІІ долларын құрады. Екі ел көлік құрастыру, металлургия, ауылшаруашылық және химиялық өндіріс бойынша тығыз байланыста. Іргелес елдегі саяси келеңсіздікке орай, 2013 жылы Украина және Қазақстан арасындағы экономикалық байланыс 2 млрд. 486 млн. АҚШ долларына дейін төмендеді. Ал, Қазақстан Республикасына Украина тарапынан құйылған инвестиция 24,8 млн. АҚШ долларын құрады. Украинаның қазіргі билігі екі жақты қарым-қатынасты жандандыруға барынша ынталы екендігін білдіріп отыр.
Ресейлік сарапшылардың уәжіне құлақ асар болсақ, Еуропаның сапасыз әрі арзан тауары Еуразиялық экономикалық одақтан Украина арқылы саңылау табады. Ал, сол тауарлардың сапасыз боларына үштіктің екеуі күмән келтіруде. Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ тәртібіне сай, еншілестерімен келісе алмаған ел — өз қалауына сай шешім шығара алады. Ресей Федерациясы әзірге осындай ұстанымда. Қалай десек те, келісім жасалды, батысшыл елге одақтың есігі айқара ашылды. Алдағы жылдан бастап, одақ және Украина тауарларын еркін айналдыра бастайды. Еркін сауда — елге жаға ма? Мұны уақытында білетін боламыз . . .
Жұматай КӘКІМЖАНОВ

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓